Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Абай ауылында Қоңыздың Құрман атануы

Ұлттың жоқшысы болған «Қазақ» газетін ақтарып отырып, Міржақып Дулатовтың Хазірет Сұлтан кесенесі туралы жазған мақаласы «ұйықтаған ойды түрткендей» сезім кештірді. «Көне қазан» мен «жаңа қазанның» (елу жылда — ел, жүз жылда — қазан жаңа) ернеуіне қатқан қақты жуып кетіретін ұлттың ішкі мәдениеті (иманы) туралы ойламайын десең де, ойландырады екен. «Қазақтар Хазірет Сұлтанның кесенесін жөндейміз деп елден жиған мал мен ақшаны қылғытып қойыпты». Аруақты сыйламаған елдің тірлігінен көңілі қалған Міржақыптың жүз жылдан кейінгі балалары — біз: «Бүгін кімбіз?» деп өзімізге-өзіміз үңілуге қақымыз бар шығар. Бірақ, айдың, күннің аманында қолды боп кеткен он миллиард долларға жарымаған жалақыдан ұсталатын бәжі-салық пен қуықтай бөлменің ай сайын үстемелеп келетін коммуналдық төлемақысы арқылы «бақа сисе көлге септей» үлесі бар бізді кім тыңдасын? Тым құрығанда «ешкінің сақалына қатқан мұздай» атақ-абыройың болса, бірсәрі. Әйтпесе, «мен де бір — жасын түскен терек те бір». Атаққа қарай іс қылып, дәрежеге қарай сөз тыңдайтын жүміле жұрт емеспіз бе?..

Кішкентай сөз айту үшін де (біздің түсінік бойынша) бірмұнша жұртты «қыраудан кешкен жылқыдай» атақ-абыроймен «састыратын» дәреже керек-ақ. «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері», болмаса «пәленбай сыйлықтың лауреаты». Түк жоқ дегенде күніне эфирден бір-екі жылтыңдап тұрмасаң, тамададай татымың болсын ба?! «Бес қаруың» сай болса, «сөйлеймін десең, өзің біл». Құдай бермегенді адамнан алғанның борышы көп, тілемсектік жолға түсіретінін ескеру қайда? Ал кеп дәлелдейсің «данышпандығыңды». Сандуғаштай сайрайсың. Газеттің табақтай беттерінде «ұлы еңбектерің» жөнінде заказбен мақала жаздырып, кеудеңе салбыратып орден тағуға тура келеді. Радио мен теледидардан түспе. Сонда барып «кісі болар баланың кісесі белгілі». Өтірік мақтау мен қолпаштау — Құдайға сенгендей қуыс кеудеңді қос жұдырығыңмен төмпештетеді-ай келіп. Сойыл ұстағандардың «иманын сатып, бөз алмағандарға» ойнатқан әңгіртаяғын шын мінез санаған соң, сөз ұстағандардың «ескі бише бос мақалдағанын» «кемел адам» көрмеске ләж де жоқ. Ал ол «бағындырған биік» ұлт ұстазының алдында да ештеңеден ықпайтын...

Осы деректі шалекеңнен естідік. Ол кісі бұ хикаяны марқұм Асқар Татанайұлының жазбаларынан оқығанын айтады. Қысқасы, әңгіме былай. Арғы бетті жайлаған Бұтабай болыс қажыға баратын сапарында Қоңыз деген азаматты шақырып алып, қажы сапарына бірге баруға қолқа салады. Қоңыз қаржысының жоғын айтқанда Бұтабай болыс: «Менің сомам жетеді. Маған жиналған сома бүкіл Байжігіттен құралған, екеумізге ортақ», — деп ертіп алады. Ол кезде қажыға бару үшін Мәскеуге хат жолдап, солардың рұхсатымен аттанады екен. Осы шаруаны бітіру үшін Бұтабай болысқа ілескен Байжігіт қажышылары Семейге келіп, Құнанбай қажыға сәлем беріп, сапардың жол-жоралғысын, қажылықтың парызы мен қарызын ұғысады. Қонақ болып жатқан Бұтабай болыс орыстың заң-зәкүнін жетік меңгерген Абайға Мәскеуге жолдама жаздырып алу үшін арнайы барып жолығады. Абай әкесінің қасында танысқан Байжігіт ақсақалдарына төсек үстінде кітап оқып жатып, самарқау амандасса керек. Сонда тілді-жақты Қоңыз: «Бұтаке, бұл мұсылман десем сәлемі жоқ, орыс десем әдебі жоқ. Соншалықты жалбырақтап жатқаның кім?», — деп тиісе сөйлейді. «Құнекеңнің Абайы емес пе?! Әкесінің қасында Құнекеңнің Абайымен амандастым, өз үйінде Ибраһимның өзімен таныспаймын ба», — дейді Бұтабай болыс. Қоңыз тағы қыжырта: «Тәйір-ай, Арғынның ақ тобық атының бәйгесіне келген Тобықтының Құнанбайының ұлына сонша жалбырақтайтындай несі бар?», — дейді. Абай аспай-саспай: «Қоңыз мырза, ойың ұшқыр, тілің өткір екен. Тынысың кең болғай. Тарихқа тап бергенде менің де айтарым бар айтсам. Жақсылардың алдында жағадан алысып қайтеміз? Алда талай жерді аралайсың, көп жұртты көресің. Әр түрлі ұлтпен танысасың. Олардың алдында сөзден ұтылмассың. Бірақ Қоңыз деген атың ұлттың атына емес, жердің құртына қойылады. Мен жолдамахатқа «Құрман» деп жазайын, қайта келгенде «Құрман қажы» атан», — дейді...

Қоңызға сонша тіл бітірген, өзіне өте сенімді сөйлеткен қандай күш екен? Әй, ол жарықтықты да «шешенсің, көсемсің» деген жұрттың сөзі, таңған атағы құртқан ғой. Абай философиясының ұлылығы да осы — «сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап». Бұл құбылысты біздің қабылдауымыз тіптен қызық. «Ойбай, Абайға сөйткен бе? Қоңыздың жүрегінің түгі бар екен» дегендей. Өзіміз өмір сүрген қоғамның өкініші мен өксігін саралағаннан, өткен шаққа кіжініп қарағанның оңай жері осы. Тым ақылды бола саласың. «Жел сөзді сізден аяп» жатпайтын жалпақшешейліктің «жақсылығын» көрген соң, ауызды аяймыз ба? Баяғы өзгермеген «қазақы» өмір миымызға кіріп-шықпайды. Кімнің кімге не айтқанын, кімнің кім болғанын уақыт өзі таразылар. Заман озғанда тұлғатанудан бағы жанбаған тайқы маңдайымыздағы айқыш-ұйқыш әжім — «Абайды сабадық, сөзбен қағыттық. Біржанды арбаға байладық, Ақан серіні сенделттік» деп тебіреніп айтатын «ұлттық өкінішімізбен» қатпарын қалыңдата береді-ау. Қандай қызмет қылып, соған жарай бағасын алсақ та асып-тасып, аптығатын не жөніміз бар? Әкенің (ұлттың) алдындағы қарызымыздың қабырғасын да жаппайтын «күдірейген жал» — әлмисақтың бір нүктесіне де татымас...

Бағана сөздің басында айтып қалған «ешкінің сақалына қатқан мұз» дегеннен шығады, көршіміз Шайзаттың бірінің аяғын бірі басып қалған төрт-бес ұлы болды. Бүкіл ауылды шулататын тентектер еді. Алтайда қыстың күні суаттан мал суару деген бір азап. Азын-аулақ мал-сұлды айдап барып, суарып қайту үшін қыстың қысқа күнінің біразын жоғалтасың. Мал айдап, ауыл шетіндегі омбы қарды таптап, доп қуалайтын балалардың қасынан өтіп бара жатқанда шаруаға жеккен әкеңді, әй, жеккөресің-ай келіп. Доп майданы түс ауа қызады. Сол қызық қызар сәтке ертерек ілінбекші болған Шайзаттың ұлы бір күні ертерек малын суатқа айдады. Тіпті, түс болмай жатып шаруаларын тындырып, «үйіріне» ерте қосылып алған. Қызықтың көкесі түс ауған соң болды. Бар дүние есінен шығып, кезекті голын соғатын орайы туа берген ана жазғанды (Шайзаттың ұлы, допты жақсы ойнайтын) әкесі артынан келіп, майқұйрықтан жуан етігімен бір-ақ тепті. Доп-побымен қақпадан өтіп барып құлады байғұс. Әкесі оған да қараған жоқ, жатқан жерінен тұрғызып алып, желкеден нұқып, алдына салып, үйіне қуды. «Малды неге суармайсың», — деп боқтап барады. Ана сорлы ақталып, шыр-шыр етеді. «Суарғам, ерте суарып келгем...». «Сонша ерте қимылдаған бейшара неге таяқ жеді екен» деп біраз күн талқыладық. Өйтсек, бәрін құртқан допқа ертпей, үйге әлімжеттікпен қалдырып кеткен інісі екен. Қызықтан құр қалған інісі (өз аты Әлім, інісінің аты Ғалым) бұл «қорлықтың» кегін қайтаруға кіріседі де, әкесіне барып: «Әке, бүгін Әлім малды суармай, доп теуіп кетті. Сенбесеңіз, шөптің түбінде тұрған ешкілердің сақалын көріңізші. Су ішкен ешкінің сақалына мұз қатады. Ал мына ешкілердің бір де бірінің сақалында қатқан мұз жоқ. Демек, су ішпеген», — деп әкесінің ашуын түртеді. Ашуға булыққан Шайзаттың ақ-қарасын айырмай, Әлімді допша тепкені сол екен. Қанша ақталса да бұлтартпас дәлелден құтылып көрсін Әлім, жеді-ау таяқты. Күн көтерілгенде ешкінің сақалындағы мұзды қойып, тоңның өзі жіпси бастайтын Алтайдың ғажап қысы туралы ойламаса керек бейбақ әке...

Шайзат шал ебі келген өтірікке (біздің келетін, кететін атақ-абыройға сенгеніміздей, ешкінің сақалына қатқан мұзға) сеніп, бір рет қана құр ашуға бой алдырған жоқ-ты. Әке емес пе, ішіндегі бір қыжылы арылмайтын. Неге екенін кім білсін, ұлдарына көңілі толмайды. Балаға тән мақтанның өзін ол кісі қабылдап көрген емес. Ұлдары тау қопарып, тас көтеріп келсе де: «Не болды сендерге шіреніп?!», — деп үйге отырғызбайды. Қашан көрсең күйіп-пісіп, балаларын боқтап бара жатады. «Бұлар адам болмайды. Неменеге көсіледі, ей, тындырып тастағандай! Өзіміз де жас болдық. Тап бұлардай міндетсіп көрмеппіз ешкімге. Қолы жыбырласа, маған бұлданғысы кеп тұрады, түге! Пәтуа бар ма бұларда?..». Тіпті, Әлімді қосып атайтын «атақты» да өзі қойып берген...

Қыстың күні таудан ен қарағайды жығып, атпен сүйреп келу — жігіт сыны саналады Алтайда. Бір күні Шайзат көршіміз есейіп қалған Әлімді (7-8 сыныпта оқиды-ау сол кезде) жігіттермен қосып, отынға жіберді. Жігіттер жіңішкелеу екі қарағайды жығып, басын тесіп байлап, Әлімді атқа отырғызып, жолға салады. Өмірі әкесінің өзіне көңілі толмайтынын білетін Әлім бұл «ерлігіне» масаттанып, үйге жетуге асығады. Ел таңғы шайға отырған мезгілде Әлекең сүйреп келген ағашын дәл есіктің көзіне тақап, атын байлап, үйге кіреді. Төрде жамбастай шайды сораптап жатқан әкесіне қолын кеудесіне қоя: «Асса-а-алаумағалайку-у-ум!», — деп дауысын созып, тізесін ие сәлем береді. Ағаш сүйреп келгеніне кісімсініп, лапылдап тұрғанын жақтырмаған әкесі де дауысын созып: «Уа-а-ағалайкумассала-а-ам! Әй, Әлім, сәлеміңде де пәтуа жоқ қой», — деп теріс аунайды. Абыройыңды әке бермесе, шімірікпей шіренгенің шырқыңды алады екен. Кейін бүкіл ауыл Әлімді «пәтуа жоқ Әлім» атап кетті...

«Әке балаға сыншы». Ұлт әкесінің «өздеріңді ел болар дей алмаймын...» дегені жеті түнде ұйқыны бұзар үрей ұялатады. «Бізді емес анау заманның адамдарын айтты» дейін десең де, әкенің «қалған көңіл — шыққан жанын» ұмытар, ұлылық ұйыған уақыт көші керегесін керген кербез дала көзіңізге түсті ме?.. Өзіңіз бен өзіңіз шынайы жалғыздығыңызды (Құдайды) сезінген кезде имандай расын айтыңызшы...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама