Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 19 сағат бұрын)
Абыралыға
Мен жасымнан көп көрдім
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін1 оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді2.

Намазшамның3 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық4 берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы –
Бәрі желге кетеді.

«Иннатайына кәлкәусар»5,
Пашол дереу, күнәкар
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар».
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.

1 - Қираәт (арабша) – оқу, құран оқу.
2 - Нәпіл (арабша) – міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз.
3 - Намазшам (парсыша) – күн бата оқылатын намаз. Шам – кешкі, кеш.
4 - Жер ұшық – ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау.
5 - «Иннатайына кәлкәусар» - Кәусәр сүресі.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама