Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әке

- Балалардың мінезі біріне бірі ұқсамайды, - дейді апасы.

- Бәрінің мінезі кіндік шешеге тартып кеткен. Ойпырм-ай, бұлар бір іштен шығып отырып...
Баланың мінезі кіндік шешеге тартады да тұрады. Айналайын, мына баламның кіндігін бір ақжайқау, мінезі жақсы әйел адам кесіп еді, содан ба осы балам тым бауырмалдау, - дейді апасы үлкен ұлын. - Мына қызымның кіндігін әжесі кескен еді, бұл да әжесі секілді бейнетқор, еңбекқор, - дейді хат тасушы болып істейтін қызы туралы.

- Жәнікенің де істемеген еңбегі, бейнеті қалмаған кемпір ғой. Бәйкеннің қызының сүйегі мықты ғой. Апасы осылай деп әр баланың мінезіне сипаттама береді. Апасының айтуынша, бірінің мінезі кіндігін кескен акушеркаға тартыпты, енді бірінің мінезі кіндігін кескен әйел адамға, кемпірге тартқан.
Баланың ең кішісі болғаннан кейін, бұған кезек келе қоймайды.
- Менің мінезім ше, - дейді сосын бұл өзі, - менің мінезім қандай?
- Өй, сенің мінезің бар болсын, - дейді апасы күліп. - Сенің мінезің айнымаған әкеңнің мінезі ғой. Өйткені кіндігіңді әкең кескен ғой.
- Әкем?! - дейді бұл таңданып. - Акушеркалар қайда?
- Өй, бұл ауылда небір сауатты акушеркалар істеген ауыл ғой. Осы акушерка "айың-күнің жетіп қалды, жатып босан" дегенде, "қой жатпаймын, - дедім, - бұдан бұрын да балдарымды үйде босанғанмын". "Сөйтіп шығасыңдар ғой қазақтың әйелдері, сендерді шағып алатындай көрініп тұрады". Содан әлгі акушерка кеш келді. Болмаса толғақ басталғаннан-ақ, әкең тызақтап жүгіріп кеткен еді. Жанымда әжең бар. Онымен акушерканың келуін күтіп жатпадың, "шар" етіп келе қалдың ғой. Содан әжең безектеді де қалды. Сыртта жүрген әкеңді шақырды: "Бері кел, мына балаңның кіндігін кес, менің көзім кіреуке тартып тұр" деді. Содан кіріп әкең кесті ғой кіндігіңді.

- Сен жаңа там салынып біткесін барып туылдың, - дейді апасы. - Әкеңді бірінші болып там салған, бірінші болып жеңіл көлік сатып алған кісі деп ел дабырайтып айтып жатады ғой. Ел айта береді ғой, болмаса осы тамды әрең салды, материалын жеткізе алмай. Кей жұмысын шешендер істеді. Шешен дегеннің өзі бір сөзі мен ісіне пісентті халық болады екен. Совхоздың мына тамдарының салынып жүргені кейін ғой. Жұрт бұрын мынадай, біздің есіктің алдындағы ескі тамдағыдай, қоржын тамдарда отырған. Оны да біреуден сатып алған едік, үй болғанда.
Жеңіл көлік сатып алғанда да, қаладан сау етіп тексерушілер жетіп келді. Солардың бәрі де әкеңнің өзін танитын жігіттер еді, сыйлап жүретін. Сол жігіттердің өздері қысылып тұрды дейтін әкең сонда. Олар да біреудің тапсырмасымен келген ғой. Әкең айтыпты: "Демек, мені қазынаның мүлкіне қол салып жіберіп, жеңіл көлік мініп алып отырған шығар деп отырған біреулер болып отыр ғой, сендерге қоятын не кінәм бар, жігіттер, тексеріңдер кеңсемді" дейді. Содан ол жігіттер кеңсесін тексеріп, аттанып кетті.

Үш ұлына да жазушының есімін қойды, қыздарға басқа есім. Ғабит Мүсірепов деген жазушының есімін елдің бәрі кеңінен біледі ғой, қазақта Ғабдол Сланов деген жазушы бар, сол кісінің шығармаларын оқығанмын деп, өзі соны айтып отыратын. Өзі кітапты көп оқушы еді. Қалаға жиылысқа барса да, облысқа барса да кітап дүкеніне соқпай келмейтін. Орыстың, қазақтың жазушыларының шығармаларын алып келіп, өзі соны оқитын, сосын оқығанын дастарқанның үстінде айтып отыратын. Балаларға тәлім болсын дейді ме екен? Әлгі Шолохов деген жазушының кітабының неше күн жырланып айтылғаны бар осы үйде. Кейін де соны айтып отырушы едік.

Ғылымға, білімге байланысты кітаптарды жинай беретін. Балаларға керегі болар деді ме екен?

Соғыста көргендерін айтып отыратын. Он сегізге толатын жылдың көктемінде-ақ әскерге шақырылып алындым дейтін. Онда соғыс болып жатқан кез ғой. 43-те. Соғысқа алынардың алдында 9 жасында әкеден, 17 жасында анасынан жетім қалған бала ғой. Екі інінің алдындағы
үлкені. Анасының шыққан руын қатты сыйлаушы еді. Кіші жүздің Қаракесегі ғой. Сол рудың бір адамы қалжың айтса, қалжыңын көтере беретін, анамның шығып отырған жері ғой деп. Анасын сыйлағаны ғой. Анасы бір есті адам болыпты дейді, Қаракесектің қызы.

"Сұрасаң руымды Қаракесек, досымнан дұшпаным көп қылған өсек" деп әкеңнің ыңылдап отыратыны бар болса, сол анасын есіне алып айтып отырғаны ғой. Болмаса бұл Мәдидің әні ғой. Мәдидің өзі де неше күн жырланып айтылған кісі ғой бұл үйде.

Кейде әкеңнің өзінің де "осы менің дұшпаным көп, бұлардың менде несі бар екен" деп қамырығып отырып қалатын да кездері бар еді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама