Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Александрия кітапханасы

Барша дүние уақытқа тәуелді.

Мистик философтардың жазуынша ең әуелде дүние дүние болып жаралғанда тіршілік үлкен әріппен жазылатын Айдың бетінде пайда болған деседі. Ол ай күндіз-түні қасымыздан қалмайтын, бірде толып туатын, келесіде қыздың күміс сырғасындай жіңішкеріп жаңаша көрініс табатын кәдуілгі жер серігі ме, әлде өзге әлемнен ұшып жеткен, кейінші тіршілік көзі суалған соң жоқтыққа жұтылып үлгерген мүлде бөтен ай ма, бұл арасы бізге беймәлім.

Әйтеуір әлгі тіршілік планетасында жасыл тоғай жайқалып, аң-құс өріп, ғылым-білім дамып, болып-толған милы адамдарды — алғаш өркениетке басқыш қойған ғажайыптар деп жазады. Ол басқыш әлденеше миллион жылдар өмір сүріпті, ақырында саналы тіршілік иелерінің өзді-өзі жауласқанынан... дауласқанынан... ашкөздігінен... күнәға батқанынан... өзге де теріс қылығынан, Ұлы ырғаққа қайшы келіп, текетірестен шілдің қиындай пышырап Ұлы ырғақтың қаһарына ұшырап күйреп кетіпті.

Ай өркениетінде ізі-тұзы жоғалып үлгерген милы адамдардан екі-ақ белгі қалыпты деп жазады Гималай тауынан табылған қыш кітапта. Әлгі айтқан белгіні болып-толған милы адамдар келешекте, өздерінен кейін өмір жалғасатын өзге планетаға әдейілеп әкеліп тастады ма, әлде кейінгі өмір пайда болған тіршілік иелері әлгі қос белгіні шұқынып жүріп өздері тауып алды ма, біз білмейміз. Бізден бұрын өркениет сатысына аяқ салған милы адамдардан қалған екі белгінің бірі — қыш кітап. Екінші белгі — бидай дақылы.

Перғауын табытынан, сақ патшасының тал бесігінен табылған бидай жер бетіндегі жеміс пен дақылдың түп атасы, ас-ауқаттың төресі. Жер бетіндегі тұқымнан-тұқымға түсін бермей, дәмін өзгертпей, қасиетін жоймай — Адам ата, Хауа ананың мың-миллион жылдар жансерігіне айналған ырзық-несібесі нан ғана. Небір ғажайып тіл үйірген ас-ауқаттан мезгіл өте бетіңіз қайтады, шығып қаласыз, жеріп тынасыз. Ас төресі наннан адам баласы ешқашан шықпайды. Өркениеті кемел қай-қай халық өзінің ұзына бойғы тарихында дақыл төресі — бидай еккен, нанды қасиет тұтып басына қойып жетілген. Алыс жолға нанды ғана серік еткен.

Енді айналып қыш кітапқа келейік. Осыдан бес мың жыл бұрынғы бабыл қыш тақтайшасы, Гималай монахтарының тасқашау үлгісі, Орхон-Енисей тас ұстынындағы жыр нақышы атам заманғы өркениеттің бізге жеткен еміс-еміс белгісі. Бабыл қыш тақтайшасындағы: «Ғұлама рухы көрінен тұрады, көрінген пенде кітап жазатын болды» деген гөй-гөйінің астарында бүгінгі күнді мегзеген терең сыр жатыр. Кейінгі кездегі мистик философтар осы тасқашау таңба — қыш кітаптағы: жан өлмейді, бір түрден келесі түрге ауысады дегенді көлденең тартып — осы ой өзге планетадағы өркениеттен, Ай өркениетінен ауысқан деген тұжырымға ат басын тірейді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар белесінде дүниелік мәдениеттің бас иесі — ЮНЕСКО ұйымы Египет елімен тізе қосып, ойласып, пәтуаласып, баяғы Юлий Цезарь әскері қиратқан, содан кейін христиан крестшілері екі мәрте өртеп күлін суырған Александрия кітапханасын қайта қалпына келтірейік десіп пәтуаласты. Шарқ ұрып қаржы көзін іздеді. Дүние жүзі байлары елп етіп, жәрдем қолын созуға әзір екенін білдірісті. «Бір кездерде шашын ұстарамен қырғызған Птоломей данышпандары тізе бүгіп, көз майын сарқып, білімге ұйыған ғажайып кітапхананы қалпына келтіріп, қайта құрысуға әзірміз!.. Одан түсетін өсімге, табыс көзіне иегіміз қышымайды!..» — десті әлем алпауыттары. Қаржы қалтасын қақты.

Ақырында үлкен әңгіменің аяғы жерге тиіп, кітапхананың нобай-нұсқасына, құрылысына қомақты қаржы құйылды. Болашақ кітапхананың нобай-нұсқасын сызу бәйгесіне үш жүздан астам саңлақ сәулетшілер атсалысты. Сарапшылар аяғынан сенделіп, «Е, кімнің бағы жанар!..» деп, бәйгеге қосқан аты бірінші келуін күні-түні жаббар иеден тілесіп қамын жеді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында дүниелік саңлақ сәулетшілердің көзді арбап, көңілді магнитше тартар небір ғажайып жұмыстары шаппай бер бәйгенің тізгінін үзіп, мәресіне жетті. Бірінші орынды норвег сәулетшісі Кристофер Капеллар жеңіп алған. Сызба нобай-нұсқадағы сарапшылар назарын арбаған нендей сыр дейсіз ғой.

Ең әуелі ғажайып ғимарат уақыттан тыспын... уақытқа бағынышты емеспін... мәңгілікке ұласамын... деген пәлсапаны мегзеуімен көңіл арбап, көз тартады. Көрген кісіні биік жоталы оқиға жетелейді.

Космостан, айдан қараған кісіге кітапхана жап-жасыл жұмыр жердің бейнесін елестетті.

Бас жағындағы арка диаметрі 166 метрлік әйнекті табақша, жыл бойына күн нұрын алғаш қабылдап, ең соңынан шығарып салып тұрады. Сол дөңгелек табақшадан оқу залдарына күн нұры жыл он екі ай құйылып тұрады. Алыстан... теңіз бетінен қараған көзге тау толқыннан ұзын денесін жартылай шығарған алып балық — кит көзге ұрады.

Әлгі алып балықтың басы толқыннан 37 метр биікке көтерілген, құйрық жағы толқынға 16 метр сіңіп кеткен.

Капитолиі лотос жапырағына ұқсайды. Пішімі цилиндр тәрізді. Жалпы ішкі сыйымдылығы 80 мың м².

Алып балық — кітапхананың сыртқы қабырғасы Асуан тас қазбасынан қиып алынған сұр, қоңыр гранитпен көмкерілген.

Гранит бетіне адамзат өркениеті пайда болғалы ойлап табылған иероглиф, араб вязі, латын таңбасы, нота, гендік код, қыш кітап, тас кітаптың нешеме үлгісі өрнектелген. Бейне өзге бір алыс әлемнен талмай жүзіп, әлгіде ғана Брухейон бұғазына кимелеп келіп кідірген китке ұқсайды. Қарап тұрсаң — қиялыңды байытады, ойыңды орнықтырады, дүниеауи даналыққа бір аттап, екі аттап тақай түскендей боласыз. Ғажайып дүние деген осы!

Әсіресе күн теңізге еңкейіп бара жатқанда ғой — әлгі жер беті бедерленген алып диск теңізге қосыла сіңіп, бақилыққа, мәңгілікке жүзіп бара жатқан алып балықты елестетуі — көрушіні айтып-болмас әсерге бөлейді. Желдің ызыңымен әлдилейді. Уақыттың өткіншілігін өрнектейді. Дүниенің ілім-білімін аңсаған нешебір ғұламалар Александрия кітапханасының есігінен енбей тұрып-ақ дүниелік ойға тізгін береді. Жер бетіне түскен мәңгіліктің көлеңкесі іспетті. Кешегі мен бүгінгінің алтын көпірі елестейді.

Пушкиннің «Құранға еліктеу» өлеңінде уақыт өлшемін — күннің батуы мен шығуынан емес, адам ойының басталуы мен тұжырымынан ізделік деген дәйек; Герман Меллвилдің «Ақ кит» романындағы адам көңіл-күйінің теңіз толқынымен салыстырыла суреттелуі — Александрия кітапханасының мәңгілікке берген арыз-шағымымен үндес шығып жатқандай, сірә. Кітапхананың табалдырығынан тұсаулы аттай митыңдап енген оқырман біраздасын арғымақ аттай аршындап шығатыны шындық. Баяғы Болған — Бумын қағанның бәдізшісі тасқа ойып жазған: «Биікте — Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстінде ата-тегім Бумын — Болған қаған, Істемі — Есті темір қаған отырған... Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған» деген сөздерді оқыған кезде жанарымды мөлдіреп жас жиектеген еді. Босамайтын-ақ едім, босатқан көп түріктің де, көк түріктің де бүгінгі қарашаңырақ иесі — Ұлы даланың перзенті екенімді әлгі сөздер сезінте түскені. Жер бетінде бар екенімді білдім; білгізген — ата тегімнің, әлгі Естітемір, Болған-қағаннан үзілмей жалғасып келе жатқан тек түзілімі, қуатты қанның қасиеті еді.

Кітапхана түгелдей жаңарып теңіз жағалауына қайта құрылды. Жеті жыл салынды. 2002 жылдың жазында мәртебелі ЮНЕСКО құзырымен мәрмәр қақпасы қайыра ашылып, көгілдір лентасы қиылды. Белгілі себептермен ашылу рәсіміне қатыса алмағам. Арада кітапты ашып-жапқандай жылдам зымырап үш жыл өтті... 2005 жылдың тамыз айы қыздың қаламқас қасындай жаңарып тұрған кезінде іссапар бұйырып, жол түсіп, атағы жер жиһанға жайылған әйгілі білім кәусарына бас иіп, тәуетіп шығудың сәті түсті.

Сабақты ине сәтімен, айым оңынан туып кітапхана кіреберісіне жазылған біраз сөзді сол жолы дәптеріме көшіріп алғам.

«Өмірдің мәні — әр күнгі, әр сағатта тіршілік ағысына қарсы жүзе білуде, Ұлы ырғақ пен өз өмірінің тыныс-тіршілігін ұштастырып, ықпалдастыра білген кісі бақытқа жетеді.

Бақыт — үлкен сөз.

Адам табиғаттағы қандастарынан екі қасиетімен ерекшеленеді. Бірі — өзімшілдік. Өзімшілдік иесінің басын тауға да, тасқа да ұрғызады, ұрындырып жүріп я жар басына алып шығады, я оңдырмай жарға жығады. Екінші қасиеті — жеткен табысына ешқашан місе тұтпайды. Осы місе тұтпаушылық адам баласын табанын жерден ажыратып, ғарышқа ұшырды; осы місе тұтпаушылық мезгіл өткен сайын табиғат-анадан ара-жігін алшақтатып, жатбауыр, қайырымсыз ете түседі.

Бәрі бақытқа жетуге құштар. Жетпеген күнде қай-қай пендені алыс жағалауға ұмтылдыруымен қызық. Бақытқа жетем деп пенделер өмірге қызығады, шаршайды, сөйтіп жүріп тіршілігін көрікті, көркем етіп құрастырады. «Е, түбінде қол жеткіздім ғой», — деп көңілі тыншып жүрген кісіні тағы таппайсыз.

Қанағатшыл, тәубасы мол адамдарға бұйыратын бақыт, өзімшіл кісілерге бұйыратын бақыт болады. Біріншісі шүкіршіліктен, екіншісі тағдырдан беріледі. Өзімшілдік мінезбен өліп-өшіп қол жеткізген бақыттың түбі опалы болмайды. Даңқ — өсектен, байлық — көреалмаушылықтан күйрейді. Тәубашыл кісінің бақытқа жетуі жеңіл, өзімшілдің жүрісі арпалыстан адасады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жан қинамай — май шелпекке шекем шылқ ете түседі деу бекершілік.

Кісінің жүзі айна. Бақыт кісінің қоғамдағы өз орнын айқындаушы барометр. Адамның қан қызуы, темпераменті көп жәйіттің кілті. Өз қадірін өзі сезіну, өзін-өзі бағалау қасиеті біреуде аз, келесіде көп. Өз пайымымен өмір сүру бақыттың бір қыры. Ортаға, өмірге қажет болу — бақыттың келесі қыры. Елдің көзінде жүру — бақыттың негізгі қыры.

Осы жұрт бақыт дегенді ауызға жиі алады, әйтсе де сол сөздің мән-мағынасына үңіле бермейді. Бақыттың бес түрлі басқышы төмендегіше: бірінші: ұзақ жасау, екінші: баршылық, үшінші: саушылық, төртінші: таза жүру, бесінші: бақиға жеңіл өту. Бақыт пен бақытсыздық шегарасы адам жүрегінен өтеді. Ақылды — азға риза, ақымақ — молға місе тұтпайды».

Алғашында жол түсіп Александрия кітапханасына барған кезімде соншалық мол қазынаның, рухани байлықтың үстінен түскенімді сол мезетте айқын сезіне алмаппын. Үлкен сезіну жүрегіме уақыт өте жетті. Кемелденуге бір аттап, екі аттап жақындай түскенімді сездім. Кітапхананың қоймасы мен сандығында қатталып жиналған нешеме тас тақта, қыш кітап, папирус, қамыс, қайыс, сақтиян қолжазбасына бір пәс көз жүгіртуді өмір бойына армандап, сол арманына жете алмай кеткен қаншама көзі ашық, көкірегі ояу ғұламаларды білеміз. Сол ғұламалардан қай жеріміз артық?! Артықшылығымыз — тірі жүргеніміз. Бақыт құсы болып басымызға қона қалған қызметтік іссапар, кітапханаға ат ізін салғызған жазмыш жазуы ғана! Сезіну дегеннен шығады: Юлий Цезарь бай кітапхананың үштен бірін тілсіз жау — өрт құшағына жіберген кезде өзін-өзі соншама көреген, ержүрек сезінді. Үлкен іс бітіріп, тауға шыққандай көкірек кере тыныстады.

Бірінші крест жорығының қолбасшысы 392 жылы кітапхананың жадын жойып, аяусыз қиратқан кезде иудей, бабыл, арамей қаріп белгілерін табанға салып, түкке алғысыз етіп, хрестиандар өркениетін биіктеттім деп ойлады. Өздерін әрі батыр, әрі бақытты сезінді. Иықтарынан ауыр жүк түскендей сол түні алаңсыз жатып тыныш ұйықтады.

Ай да сол қалпынша батты, таң да баяғыша атты. Дүние баяғыша тұра береді, бәрі ойлағандай бола береді деп жорыды. Әйтсе де жұмыр жердегі болмашыға мәз болғыш... болмашыдан пайда тапқыш... атақ іздеген ақындар, жеңіс іздеген қолбасылар, алтын іздеген патшалар, былайғы мың-миллион қарапайым пенделер жер үстіндегі тіршілік ырғағы мен жеті қат аспан шыңырауындағы Ұлы ырғақтың байланысын шіріген жіптей бырт-бырт үзіп ала жаздағанын кеш түсінді.

Жас кезімнен... жас дейтін жас та емеспін... жиырмадан жаңа асқан кезімде жадымда жатталып қалған шағын естелікті еске түсіре кетейін. Бәрі осы естеліктегі оқиғадан бастау алды десем болады. Ол қандай оқиға дейсіз ғой. Баяндап берейін.

1963 жылдың қараша айы. Дәлірек айтсам, қарашаның соңғы аптасы. Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетінің соңғы курсында оқып жүрген кезім. Қатарымның алды болып жақсы оқыдым. Енді сәтін салса жеті-сегіз айдан кейін еліміздің маңдайындағы жалғыз университетті тәмамдаймын. Ол уақытта жоғарғы оқуды бітірген кісіге қазіргідей дипломын ұстата салмайды. Шет аймақта, алыс ауылда маман жетіспей жататыны мәлім. Содан қай-қай маман оқу орнының жіберген жеріне барып бір жыл істейді, көзге түседі, өндірістік мінездеме алып келеді... сосын барып дипломын қолына береді. Арнайы үкімет қаулысы шыққан. Ал менің арманым мүлде басқа: жазушы болу. Жазушы боласың деп үкімет ешқандай қаулы шығармайды, жазушылықты тағдыр маңдайға жазады. Ерте қамданып Алматыдан аяқ іліктірер кішігірім қызмет тауып алмасам — шет аймаққа мұғалім боласың деп, қолыма бір жапырақ қағаз ұстатып, май құйрықтан тебеді де жібереді. Содан шәңбірек атып шаң мен топыраққа топ ете түсесің, жазу жайына қалады, көзіңе көк шыбын үймелеп, көрінген милау баланың соңынан сүркіл салып жүргенің. Қайтсем де амалын тауып жазғанымды басатын, шимай-шатпағымды оқитын қаламгер қауымы ығысқан көше жүзінде қалғаным жөн деп бекінем.

Қауіпті алдын-ала сезген жазған басым — ары-бері редакцияларға жүгіріп жұмыс іздей бастадым. Бас сұққан редакторларым шимайлап өлең, бірер әңгіме жазғанымды естіп шошып түседі. «Бала, бізге ақын-жазушының қажеті жоқ. Кеше ғана бір ақын қаламақыны төмен қоясыңдар деп боқтап кеткен... бізге мақала жазатын журналист керек», — деп қос қолын сермелеп шығарып салады. Бетім қайтып, тауым шағылады. Жатып ойланамын. Не істеуім керек? Жоғарыда таныстығы бар, қолдаушысын тапқан бірер жігіттің қызметке тұрып кеткенін білемін. Өзімде ондай таныс-туыс, ағайын жоқ, кандидаттық қорғаймын деп ғылым соңына шам алып түскен руластарым осылай-осылай деп алдына әдейілеп барсам: қай-қайдағы кодикус-куманикус мәтіні, бетіне тұзы шығып эрозияға айналып бара жатқан топырақтың мәселесін айтып қаңғымалап жайына кетеді. Бас жазып жайымызға жүрелік деседі.

Атағы жер жарып жүрген пәрмені күшті үлкен кісілердің алдынан өтсем деп ойладым.

Бала жастан бір мінезім: ойыма алған нәрсенің үдесіне жетпей тынбаймын. Нәтижесі кейде оң, кейде теріс шығып жатады.

Сол кезеңде есімі дүркіреп тұрған академик, Республика ғылым академиясының Президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің алдынан өтуге тәуекел еттім. Әлгі кісінің бір ауыз сөзі алдымнан даңғыл жол ашатындай болады да тұрады. Ол кезде ғылым академиясының кітапханасына жиі бас сұғатын едім. Таныс зал, таныс бөлме. Академиктің қызыл кілем төселген ат шаптырым айпара кабинетінің қабылдау бөліміне бас сұғамын. Алдында отыратын хатшы қыз, көмекшісі жүз сылтау айтып академикпен жолықтырмайды, телефон нөмірін бермейді. Бір күні о ғып, бұ ғып жүріп «09» анықтама бюросынан Қанекеңнің үй телефонын біліп алдым. Қараша айының бұлыңғырлау бір кешінде үлкен кісінің үйіне телефон шалдым. Өзі алды.

«Тыңдап тұрмын», — деді орнықты қоңыр дауыс.

«Аты-жөнім пәленше деген. Университетті бітіруге бет алдым. Аздап жазамын. Ақыл-кеңес алуға алдыңыздан өтсем деп едім».

«Ендеше ертеңгілік сағат тоғыз шамасынада үйге кел».

Көкірегіме қуаныш толды. Қайта айналып академияға бұрылып: «Қанекең үйге кел деп еді» деп, хатшы қыздан пәтер нөмірін сұрап алдым.

Ертесіне таң алакеуімнен тұрып, бар тәуірімді иығыма іліп, сол кездегі Виноградов пен Коммунист даңғылының қиылысындағы, консерваторияның батыс бетіне салынған орталық партия комитетіне тиесілі үйге жеттім. Аспан қабағы салыңқы. Дым бүркіп тұрды. Бес қабаттық үйдің төртінші қабатына көтеріліп, сол жақ айналмадағы дерматит қаптаған үлкен есіктің қоңырауын бастым. Жүрегім аблығып атша туласын.

Маңдайы жарқырап есікті Қаныш Имантайұлының өзі ашты. Қос қолымды ұсынып сәлемдесе салып тосырлатып аяқ киімімді шешіп, кепкемді іліп, үлкен кісінің соңынан ілестім. Үй иесі ас үйде, дөңгелек үстелінің төрінде ертеңгілік шайын ішіп отыр екен. Үстел жиегіне тізе бүктім. Аспаз әйел қызылкүрең үнді шайын өзіме де ұсынды. Қараймын: төр иесі қаймақ қатқан қызылкүрең шай сораптайды. Үстел үстінде тіреліп тұрған ас-ауқат жоқ: ұнтақталған ірімшік, құмшекер, қара нан ғана. Күні-түні басы оттағы қазандай қайнап, жойқын шаруа тындырып жүрген алпауыт кісінің сәрілік ас мәзірі ірімшік қана, көңіл көншітпейтіні несі деп іштей таңқаламын баяғы. Мәнісін кейінше түсіндім.

— Ал, бала, — деді жұмсақ үнмен, — шаруа жайыңды айта отыр.

Университеті бітірген соң алыс ауылға мұғалім етіп жібереді. Ал өзім астанада қалсам деймін. Жазып жүрмін... Алматыдан шығып кетсем жазғанымды ешқайда бастыра алмаймын, ешкімге керегім болмайды деп ойымдағыны асығыстау айта бастадым.

— Жазушы болсам деймін.

— Ендеше мені тыңда, — деп, шайын сораптай ішіп төр иесі сөзін сабақтады, — қайтсем де қалада қалсам деген тәуекеліңді ұмыт. Оқу орнының жіберген жеріне бар. Жұмыстан бойыңды тартпа. Жұрттың көзіне түс, көңілінен шығуға тырыс. Мына ағаң саналы өмірін, елден, ауылдан бастаған. Геолог керкесін, қапшығын иығыма асып алып жер кезіп, Қарсақпайда, Жездіде жұмыс жасадым, кен іздедік, ен байлықтың шетін аштық. Сөйтіп жүріп жұрттың көзіне түстік. Елдің көзі қырағы, жер түбіндегіні шалады, басқан қадамыңды қалт жібермейді.

Осы мезет ту сыртымнан ақ шашты, арықша келген орыс кейуанасы: «Ой, Андрюша!» — деп иығыма қолын салды. Кейуана теріс қарап отырған өзімнің жүзімді көрмеген. Ыңғайсызданып орнымнан көтеріле берген едім, төр иесі өзіме «отыра бергін» деп ишара жасады-дағы әлгі кейуана кісіге: «Таиса Илинична, это не Андрюша, другой молодой человек», — деді де әрі қарай әңгімесін жалғастыра берді.

— Жалпы жас адамға айтар ақылым: еңбегімен көрінген құп. Жығылып-сүрініп жасаған қызмет ешқашан текке кетпейді. Бір жерде еленбесе — келесі бір тұстан алып шығады.

— Жазушы болсам деп едім. Кітпаханадан шықпай жүріп біраз нәрсе жазып тастадым.

— Тәйірі, сенің барып жүргенің көп болса саябақ түбіндегі кітапхана шығар, — деді де басын оң иығына қондырып, сәлден соң қайта төгілдіріп жөнелді, — кітапхана деп дүниенің білім қазынасын жинаған Александрия кітапханасын айт. Египет еліне барған іссапарым болатын. Әлгі кітапхананы бір жарым күн аралап, шеті-шегіне жете алмадым. Папирус ширатпа, тас тақтайша, қыш кітаптың неше атасын көріп жағамды ұстадым. Адам атадан бергі тарих түгел жазылған сандықтай кітапты ашып қызықтадым, әр парағы кіле тартатын кереметті көрдім. Әттең-әттең баға жетпес сол қазынаның көпшілігі қараусыз, сарғайып күн жеген, тозығы жеткен қыш құжырада үйіліп жатыр. Египет президенті әлем қауымдастығына кітапхананы қайта құралық, келешек ұрпаққа әптиектей ғып сақтап қалайық деп үндеу таратып әлек. Біздің ел де халықаралық қауымдастықтың пәтуасына қосыламыз... қолдаймыз... деп тілек білдіріп, түйінді сөзін айтып, қайырымдылық қолын созбақшы.

— Көптің көзінде жүргенге жетпейді, — деп өз пікірімді қыстырып қоямын.

— Жазушы тақырыпты асфальттан алмайды, ел іші нешеме мінез кеніші. Қай жағынан алып сыйпаттасаң-дағы қаламың сүрінбейді, әсіресе ауыл адамдарының мінез қалыбы ауыз ашқаннан алақанға салғандай ашық-шашық, тымпи ойнаған кісідей тұмшаланып, ішімдегіні тап деп тұрмайды.

«Тұмшаланып» деген сөзді алғаш рет төр иесінің аузынан естідім. Іштей ойлап қоямын: мына кісіден қайыр болатын болды енді, телефон шалып: «Осындай бала барады, орналастыр», — деп өтініш жасаса ғой — төр иесінің бір ауыз сөзін ешкім жерге тастамас еді, жолым болып кетер еді. Өкінгеннен пайда жоқ, тегін ақылын айтып-айтып, ұзын сөзін иіп келтіріп: «Ал, бала, жолың болсын», — деп түрегеліп қолын ұсынды. Жылы қоштасып шығып кеттім.

Көшеге шықсам Алматының жылы жауыны сіркірей бастапты. Іншалла, үлкен кісінің алдын көрдім. Троллейбуске отырып, үйіме бет алған жолда «жолым болмады-ау» деп іштей сөгілгенім лезде жуылып үлгерді. Атағынан ат үріккендей, жер басып жүрген қатар — құрбыларым Сәтбаевтің алдын көрмек түгілі — жуықтап көзіне түсіп сәлемдесуге, қолын алуға мұғдары келмей жатқанда — өзім ғой мына сұрыммен, балағыммен шаң сыпырып, бес-алты дәптер шимай-шатпағымды бір газетке басқыза алмай дәруіштің күнін кешіп жүріп-ақ — қас ғұламаның қолын алдым... сөзін тыңдадым... Батасын алғандай алдынан арқаланып шықтым.

Өкініштісі: кейінгіге естелік болсын деп дәптеріме қолтаңба қойғызып алмаппын. Үлкен кісінің үйіне сопайып қалай кірдім — солай солбырайып шығып жүре беріппін.

Көп ұзамай, 1964 жылғы қаңтар айының орта шенінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Мәскеудің Куниева ауруханасында емделіп жатып бақи жалғанға озды. Мәйітін ұшақпен жеткізіп, Абай атындағы опера және балет театрынан қара орман қазағы — еңіреген ел етегі жасқа толып жүріп көз көрмес мәңгілік сапарға шығарып салды. Осыдан аттай екі ай бұрынғы академиктің үйіне барған кезімде әппақ дастарқанында ұнтақталған ақ ірімшіктен өзге нәрсеге қол созбай отырғанының мәнісін сонда барып түсіндім. Төр иесінің асқазаны ас батырмай жүр екен ғой.

Бір кездері ... сонау дүниеде өткен Қаныш Имантайұлы аңыз ғып тамсана айтқан, кейінше жол түсіп өз көзіммен көріп қайтқан әйгілі Александрия кітапханасы туралы қалың кітап жазуға болар еді. Ол ойымызды кейінге қалдыра тұралық-тағы көзімізбен көрген... білген... түйген жәйіттен иіп келтіріп, екі түрлі ойға айрықша тоқталып өткенді жөн көрдім.

Араб шөлінде өсетін қасиетті зәйтүн ағашының күнге кептірілген өзегін көргеніңіз бар ма. Ол өзек уақыт өте тамыры білеуленіп көрінген ұстаның тарамыс қолына ұқсайды, келе-келе қайыстай қатып кебеді. Бағзы ұсталар кепкен зәйтүннің өне бойына жылқының майын сіңіріп, күнге қақтап, үстінен үскілеп, параққа ұқсатып жонып, жапырақтап кеседі. Бір кездегі ағаш бойындағы бұтақ ізі, көз, тамыр-тармағы, бәрі-бәрі, баяғыша тақтай бетінде таңбаланып көз арбаған кілем кестесіне ұқсап өрнектеліп тұрады. Жылқы майына суарылған, күнде жатып кепкен зәйтүнге сына жазудың неше атасын өрнектеп жазып шыққанда... бейне, әлгі қаріп, әлгі көркем жазу — ағаштың өне бойғы бітім-болмысына, тамыр-тарамысына ұқсап түседі. Бейне, ағаш өсіп тұрған кезінде-ақ әлгі жазу өзегінен өніп шыққандай. Құданың құдіреті дейміз ғой! Әлгі сына қаріп ағаш діңіне табиғат шебердің күшімен жазылып қалғандай — тосын, әрі тұңғиық әсер қалдырады. Әлденеше мың жылдық зәйтүн ағашының діңіне табиғи қалыпта түсе қалған сымға тартқандай сына жазудың суреті әлі күнге көз алдымнан жуылып кетпейді.

Кітапханадан сезінген жәйіт төмендегіше: осындағы сезінген сөзі орнында тұрған жоқ деушілер табылар. Көрдім дегеннен гөрі сезіндім сөзі дәлірек болып елестейді. Бес мың жылдық бабылдың тас тақтайшасын әптиектей ғып жиегіне алтын жалатқан әйнек сандықшаға салып қойыпты. Астында латынша, арабша аудармасы жазылған. Өркениеттің алғашқы басқышы — осы тақтайшаны бәдізші тас қашаушы белін бүгіп, қабырғасын сөгіп бір жыл жазған деседі. Үш жыл бойына 30х100 см. тасқа осынша қадалып отырып түсірген неғылған қадым сөз деп сұраған едік.

Тәржімәшінің ежіктеп аударып хатқа түсіріп бергені: «Патшаға байлық тапшы, пақырға уақыт тапшы, ақынға сөз тапшы, сұлуға көз сұғы тапшы». Уақытпен салыса ойланып, уақыттан тыс тасқашаумен өрнектеп жазылған кемел ойдың тоқетері — өмір жетпейдімен өтеді, жетпейдіге — уақыт желі ғана жетеді. Билігін жүргізген патша да, сөзін өткізген ақын да дүниені жетпейдімен тәмамдайды. Тастағы пәлсапалық ой жан дүниеңді қозғайды. Қазір де жетістім... жеттім... толдым... болдым... деп кемелденіп, шарасына толып, мейманасы тасыған кісіні табу қиын. Бүгін де бір-бір жетпейді пырағының жалына жармасып, дүние шіркіннің соңына сүркіл сала құйғытып жүрген бір-бір пендеміз. Омақаса құлайтынымыз қаншама. Дүниенің ақыл қазынасын, мың-миллион данышпанның жан арпалысын бір ауыз сөзге түйіп берген бағзы бәдізшіге тәнтісің!

Тас кітап — ойың сыймаса сызып тастайтын, я бомаса жырта салатын қағаз емес. Бәдізші қолына балғасын алғаннан әр сөзді мың ойланып, жүз толғанып «осыным дұрыс, келер ұрпаққа қалсын» деген жүрек сөзін ғана тасқа түсіреді. Зәулім мұнара, салтанатты сарай уақыт желінен мүжіледі, құлайды, теңіз тартылады, көл ортаяды, құлпытас, кесене жерге сіңіп жоғалады. Бәрі сол баяғыдай көрінеді. Мәңгілікке ұласатын данышпанның тас кітапқа түскен — бізге дейін де болған, бізден кейін де бола береді, мәңгілікке — қарбалас қана қалады деген қадым сөзі.

Інжілде қарбаласты «суета — сует» деп алған.

Адам бойындағы жетсем... болсам... көрсем... деген ұмтылыс, қан құштарлығы құйын көтергендей қарбаласты туғызады. Қарбаластан тіршілік базары толады, тіршілік базары кісінің көңілін көншітеді, я керісінше таспен бастырғандай кері кетіреді. Көңіл тоқтығы — мейманасы тасып, күліп жүруге, отбасын құруға септеседі; өзіңе жаны ашитын жар табасың, ұрпақ өсіресің, бес-он күн тіршілікте бақыт кілтін табасың. Айналып келгенде дөңгеленген дүниенің ұзына бойғы тарихы құлашқа толар-толмас тас тақтаға сайып кеткені керемет!

Александрия кітапханасының бойында қырым еті жоқ, сыйдиған ұзын директоры есік аузына дейін шығарып салды.

— Жарық жалғаннан арттырып ештеме алғанымыз жоқ. Көргеніміз ойға азық, дәтке қуат. Жерлестеріміз осыншаны көрдік десек сенбеуі мүмкін, естелікке, ескерткішке не бересіз, директор мырза!

— Кісіге бермейміз, кісіден аламыз, — деп кітапхананың ұзынтұра директоры сойған түлкідей ыржиып үнсіз күледі. — Әйтсе де «Александрия кітапханасының құрметті оқырманы» деген арнайы жасалған Vip порталға есімдеріңізді тіркедік!

— Алла разы болсын, директор мырза, — деп жылы қоштасып шығып жөнелдік.

Уақыт желі үдей соғады, бас аман, бауыр бүтіндігіне мәзбіз. Неге қол жеткізсек те — ұрынып жүріп жеттік. Ешкімге қиянаты жоқ кісінің мұңын, шерін қозғаймын деп жүріп уәйімшіл болып алдық. Тұнжырап қалған кісіні көрсек — жадыратқымыз келеді, көңілді кісіден — шерлі, мұңлы кісілер дүниеде әлдеқайда көп екенін ішімізден сеземіз. Бәрі сол баяғыдай көрінеді, дүние жалған деген осы!

Ұмтылып жүріп үлкен кісінің алдын көрдік... талпынып жүріп көркем сөз түзіп кітап жаздық... сол кітабымның бірі 2005 жылы жоғары билікте отырған мәртебелі лауазым иесінің көзіне түсіпті... іші жылыпты... «Қой, болмас, ағылып жатқан шетедік іссапарға, «Мәдени мұраның» бір тармағына жазушының аты-жөнін тізе салыңдар, жол түсіп Александрия кітапханасын көріп тасынан тәуетіп қайтсын», — депті. Бұл да бір сәті түскен шаруа болды. Тілеуімді беріп 2005 жылдың шуақты тамыз айында бір топ «Мәдени мұра» сарапшыларының тізіміне ілігіп, жол тартып, дәм бұйырып бағзыдан келе жатқан ата тарих елі — Египетке ат ізін салып, ішкерідегі Александрия кітапханасын көріп қайттым.

Көңілім өсті, иығым биіктеді.

Айдан қарағанда — жер суреті түскен дөңгелек цилиндр пішімді, құба жон; теңізден қарағанда — толқыннан жон арқасы көрінген алып китке ұқсаған, шашын ұстарамен қырғызған тақырбас Птоломей данышпандары дөңгелене отырып мәжіліс құрған, жыл он екі ай шатырынан күн құйылып тұратын құба жонды алып ғимарат — қасиетті кітапхана көз алдымнан көпке дейін жуылмайды. Жаратқан ие, ләйім күн тұрғанда — тұратын ақыл-ойдың аралы болғайсың, қасиет қонған Александрия, әрдайым даңғыл ойдың темірқазығы болып қалғайсың!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама