Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Алғашқы дүре

(Бұрынғы кездегі оқу үлгісінен көрініс)

Қатысушылар:

Сәбит – оқушы бала
Оразалы – оқушы бала
Жетпісбай – оқушы бала
Мұстафа – Сәбиттің ағасы
Ғаббас – Мұстафаның баласы
Хабиболла – татар молдасы
Тағы үш-төрт оқушы ұлдар мен қыздар және сабақ өтетін үйдің әйелі.

Рымбайдың үйі, төрде текемет төселіп тасталған. Жоғарыда екі-үш сандық, сандықтардың үстінде көрпе-жастықтар жиылған. Қақ төрдің ортасында осы үйдің кіндігіндей төрт қабатталып төселген көрпенің үстінде шіреніп Хабиболла молда отыр. Оның басында сәлде, көзінде көзілдірік, бір қолында дәпі, бір қолында шыбық, алдында жастыққа жайып тасталған Құран, тізесінің қасында үш-төрт шыбық және жатыр.

Шаяндай шикіл сары татар молдасы жеп жіберердей көзілдірігінің үстінен балаларға қарайды. Бес-алты бала молдаға бір, әптиекке бір қарап қойып, жандары қалмай шуылдап отыр.

Балалар: Әліпсін ә, ләмға сәкүн әл, мұмға сәкүн әлһам, далға үтір, әлһамду, ләмасле, ләмтащыла, лилла, есін һе, лиллаһе, Әлһамду Лиллаһе...

Хабиболла: Ей, хайуандары! Дұрыс оқыңдар! Сиңа нима булған? (шетте отырған бір баланы шыбықпен тартып жібереді).

Бала: Ойбай, молдеке, оқиын, оқиын... (Осы кезде Сәбитті жетектеп, ішке Мұстафа кіреді).

Мұстафа: Ассалаумағалейкум, молдеке!

Хабиболла: Уағалейкумуссалам! (Балаларға қарап, шуылдамаңдар деген ишарат білдіреді!)

Мұстафа: Молдеке, мына баланы танисыз ғой.Хабиболла: Билмәдим...

Мұстафа: Мұқаңның баласы ғой. Былтыр қайтыс болған менің ағайынымның баласы.

Хабиболла: Шулаймы ни? (Сәбитке тыжырына қарап қояды)

Мұстафа: Бұл баланы сізге сабақ оқысын, дәріс алсын деп әкелдім. Әне, көзі тұр. Қатты ұстаңыз, аямаңыз. Еті сіздікі, сүйегі менікі. Сабаққа салақ қараса, жанын шығар, жонынан таспа тіліп ал! ( Молда Сәбитке тағы да отты көзімен қарайды).
Кәне, қайда отырады бала?

Хабиболла: Тігі урынға (бұрыштағы бір баланың жанын нұсқайды. Бірақ, Сәбиттің онда барғысы келмей, Ғаббасқа жалтақтап қарай береді)

Мұстафа: Біздің Ғаббастың қасына отырса қайтеді, молдеке?

Хабиболла: Ғаббас Құранға түшкан бала иш, бірадар. Ұшы бұл балаға алиф-бидан башларға кирак.Рахимбайдың баласы алиф-бида, бирга оқысынлар ұлар. Бик зиһинсиз бала, уқу бірда кірми башына, сабағына қарами, ұйынны баға, қаһары сұққыры... (Оразалыға тесіле қарайды).

Мұстафа: Отыр ана жерге! (Оразлының жанын нұсқайды. Осыдан кейін Мұстафа молдаға бір сом күміс теңге ұстатады да, алдына бір тізерлеп отыра қалып, қолын жаяды) Иллаһи, аумин!

Хабиболла: Әмин, Аллаһу акбар! (бетін салқын сипай салады). Қайнаға, аш ауыз ти (асыға шығып бара жатқан Мұстафаны кес-кестей береді).
Мұстафа: Жай, асығыспын. Осы баладан бірдеме шыға ма деп әкеліп тұрмын.

Үй иесі әйел: (аянышпен) Көріп тұрмын, қайнаға, түсініп отырмын, әкесіне құран оқуға жарар ма екен деп әкеліп отырсыз ғой байқұс бұл баланы. Аман болса, әлі-ақ адам болып кетер... (Мұстафа шығып кетеді).

Хабиболла: Киләли мұнда! (Сәбит қозғала бергенде, Оразалыға да ақырады). Қара ит, син да киләлы! (Екеуі де молданың алдына барып, жүгініп отыра қалады. Сол кезде Сәбитке қарап): Күзіңә қара, ахмақ!

Хайуан, найсап! (Енді Оразалыға қарап): Биралі әлиф-биіңни! (Оразалы жырым-жырым әлиф-би жазылған алақандай қағазын ұстата береді).

Нәрсә булған бу алиф-биға? Нәрсага кемиргансиң наиң шитларын, ашасың килганми аны, нишки булай кирланган? (Оразалы дірілдеп отыр). Ник жауап бермисиң, қаһары сұққыры! (шыбықты қолына ала береді).

Оразалы: Молдеке-ай, молдеке-ай!.. (еңіреп жібереді)

Хабиболла: Мә сәйңа, муллака! (шыбықпен ұра берем дегенде, біреу пышақпен әдейі бунақтап қойған жерінен шыбық үш-төртке бөлініп түседі. Ашуға булыққан молда балалардың арасымен ары-бері жүреді де, бүрсиіп отырған Оразалыны арқасынан аяғымен теуіп жіберіп, етпетінен түсіреді. Тұра берем дегенде тағы да тебеді).

Оразалы: Моллаеке-ай, мен емес, моллаеке-ай!...

Хабиболла: Ким инді? (аяғын Оразалының желкесіне тіреп тұр).

Оразалы: Мен емес, мен емес!... (бір жамбасына ығыса түседі).

Хабиболла: Мә сиңа мен имәс! (тағы да тебе берем дегенде Оразалы бір жағына жылжып кетіп, молданың аяғы жерге тарс ете түседі де сәл ыңырсиды):

Һмм-м-м, қаһары сұққыры! (енді Оразалының құлағын бұрай бастайды)
Оразылы: Ойбай! Ойбай!..

Хабиболла: Аитимысын!?

Оразалы: Айтайын! Айтайын!...

Хабиболла: Ким шул!

Оразалы: Әне, анау. (Жетпісбайды көрсетеді. Молда оған тек ала көзімен қарайды да қояды. Әсті, одан сескенетін болу керек, таяқ жұсмаған жоқ. Осы кезде Сәбит мырс етіп күліп жібереді).

Хабиболла: Нишік күлің, хайуан!? (Сәбит тағы да мырс етеді). Мә сәңә күлкі! (тұмсықтын жұдырығымен салып жібереді, қан сау ете түседі, енді иығынан тебе бстайды).

Сәбит: Ойбай, басым, басым!...

Үй иесі әйел: Апыр-ай, молдеке-ай, өлтіресің бейшараны! (молданың қолынан ұстай алады). Молдеке-ай, тым болмаса сабағын бастаған соң, ұрсайшы. Қолына қағаз да ұстаған жоқ қой әлі. Обал ғой бейшараға... Үй иесі әйел бетін жуғалы Сәбитті далаға алып бара жатады Хабиболла артынан саусағын шошайтады.

Хабиболла: Саңа мә, сәңа!...

Балалар: (қайта шулай жөнеледі) Рә сірә, рә сри, Рә сірә, рә сри, Рә сірә, бесін би, Рабби, ләмға сәкүн, раббел, алифсин аһ, ләмсіле, алами, алиф сатин и, алами, рабел алами!...

Молда дәспісін қайтарып қойып, қалың көрпенің үстінде сәлдесі даңғырадай болып, қалғып отыра береді...

(Шымылдық)

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама