Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Алтын Орданың  750 жылдығы

Ел тарихын насихаттап, болашақ жас ұрпақтардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру біздің борышымыз деп білемін. Осы орайда Алтын Орда тарихына көз жүгіртсек… Алтын Орда – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының  ұлысы  аумағында  құрылған мемлекет. Осыдан тура 750 жыл бұрын Талас өзені бойында  Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-нояндары жиналып, ұлы құрылтай өткізген. Тарихта оны «Талас құрылтайы» деп атайды. Жошы ханның баласы Бату ханның кезінде Орда  Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр  жерді алып жатқан үлкен мемлекеттің орталығы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Беркеге көші­рілген. 1227-1502 жылдар аралығында, үш жүз жылға жуық салтанат құрған сәулетті-сәулелі қағанат тарих көшінде Қазақ хандығының билігіне ұласа отырып, табиғи-тарихи тұрғыда мұрагерлік құқығын иемденген.Түрік деректерінде Бату ханның  әскерлері  «қыпшақтар» деп аталды. Себебі ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын. Алтын Орда мемлекеті-тарихи әдебиетте «Қыпшақ ұлысы» деп те аталды. Сондай-ақ палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан қазақтар ғана жақын деген болжам айтты. Биыл Алтын Орданың құрылғанына-750 жыл толып отыр. Кейбір ғалымдар Бату ханның (1227-1255 ж.ж.) хроникасын дәлел түрінде негіз етіп, 2027 жылы «Алтын Орда империясының 800 жылдық мерейтойын» атап өту заңды дегенді айтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі  этнографиялық  туризм орталығы  ретінде насихаттап, Жошы ханның  есімін  ұлықтауды ерекше атап өтті. Алтын Орданың 750 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Атап айтар болсақ Парижде өтіп жатқан Халықаралық Түркі Академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра  жәнеәлем тарихындағы рөлі» атты форумда Алтын Орданың  750 жылдығы  аталды.  Аталған шараға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Голландия және Мажарстан сынды елден жетпіске  жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері қатысты.

Қазақ тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толды, бірақ оның өткені тұғырлы. Отыз жылда етек-жеңімізді жинап, жаңа елорда тұрғызып, жаңа ұрпақ дәуірі бастау алды. Иә, біз тарих туралы жиі айтамыз, ой қозғаймыз, дауласамыз. Бірақ өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдің әр секунды белгілі бір өмір тарихын, ұлт тарихын, әлем тарихын жасап жатқан жадымыздан шығарып аламыз. Қазір ғасыр тарихы мен тағдырын жасап, «технология» кемесіне мінген мемлекеттер бар. Оны бәрі онсыз да біледі. Ешкім де өз тарихы мен өткенін жаман демейді, одан сабақ пен өнеге алуға тырысады. Мүмкін біз көп дауласып, кейде көп кеуде керетін тарих – сол үшін де керек болар. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - деген Елбасының сөзі мұнда көп нәрсені айқындағандай. . Алдағы басты міндет өз-өзімізді ұмытпау, қазір әрекет ету дер едік. Ал болашақ соның жемісі мен айғағы ғана болып қала береді.

У.М.Джолдыбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Н.М.Тастеев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама