Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Әр дерттің өз иісі бар: ағзада түрлі өзгерістер орын алғанда денемізден қандай иіс шығады?

Адам денесінің иісі бірден сезіліп, мұрынды жаратындай сипатқа ие емес. Ал денеден белгілі бір иіс шығатын болса, ол тер бездерінің белсенділігінің артуынан, гигиена талаптарын сақтамаудан немесе түрлі инфекциялар салдарынан болуы мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, адам екінші жартысын таңдаған кезде бейсаналы түрде денесінің иісіне мән беріп, сол арқылы таңдайды екен. Демек біз геніміз ұқсас жандарды дәл осы иіс сезу қабілеті арқылы табамыз. Себебі адам ағзасы қарсы жынысты тартып, қызығушылығын тудыратын заттарды, яғни феромондарды бөле алады. Алайда денемізден шығатын иіс түрлі аурулар жөнінде белгі беруі мүмкін. Медицина саласы қызметкерлерінің пайымдауына сәйкес, кей аурулар өзіне тән иіске ие.

Иіс түйсігі арқылы диагноз қою

Дәрігерлер адам денесінен шығатын жағымсыз иіс арқылы түрлі аурулардың алғашқы диагнозын қоюды әлдеқашан бастап кеткен. Мысалы, адам денесінен балық иісі шықса, зат алмасу процесіндегі кінәратты білдіреді. Ол ағзадағы түрлі ауытқулар салдарынан орын алуы мүмкін.

Терімізде пайда болған бактериялар ондағы «сау» бактерияларды жойып жібереді. Ал жаңа бактериялар қоректенетін заттарының иісі өзгеше сипат алады.

Ацетонның иісі шыға ма?

Егер терден ацетонның иісі сезілсе, мынадай ауытқуларды аңғартуы ықтимал:

- Сусамырмен байланысты түрлі эндокриндік ауытқулар;

- Ас қорыту жүйесіндегі қиындықтар;

- Бауыр және бүйрек қызметтерінің бұзылуы;

- Микроб, бактерия және түрлі вирустардың жұғуы;

Аталғандардың барлығы ағзадағы теңгерімнің бұзылуына алып келеді. Ал өз кезегінде ол ішкі ағзалардың қызметіне әсер етеді. Әдетте денеден ацетон иісінің шығуына жиі себеп болатын – сусамыр дерті. Оны адам ағзасында инсулин жетіспеушілігі туындауымен байланыстырады. Глюкозаның ыдырауы нашар жүріп, ағзадағы мөлшерінің артуы қан құрамының өзгеруіне, зат алмасуының нашарлауына ықпал етеді. Салдарынан ағзадағы кетондық денелер саны арта бастайды. Ағзамыз артық заттарды тер арқылы да шығаратындықтан, неліктен мұндай жағдайда ацетон иісі шығатыны айтпаса да түсінікті. Мұндай ахуал денсаулығыңыздағы қиындықтардан белгі береді. Тіпті диабеттік комаға да меңзеуі мүмкін.

Сонымен қатар ацетон иісі бауыр қызметімен де байланысты. Мұндай жағдайда ацетон иісінен бөлек, ісіну, зәр шығаруға байланысты қиындықтар, бел ауруы байқалып, ауыздан ацетон иісі шығады.

Егер тәбетіңіз бола тұра көп салмақ жоғалтсаңыз, ашушаңдық пен ұйқысыздықты байқасаңыз, және олар ацетон иісімен қатар жүрсе, ұйқы безінің қызметі бұзылған болуы ықтимал.

Мысық иісі

Кейде адам денесінен мысық нәжісінің иісі шығуы мүмкін. Ол да ағзада орын алған төмендегі ауытқуларды аңғартады:

- Бауыр, бүйрек аурулары

- Эндокриндік жүйедегі бұзылулар

- Семіздік

- Ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы

Денеден мысық нәжісінің иісі шығуының кең таралған себептерінің бірі бауырмен байланысты. Егер оның қызметінде кінәрат пайда болса, бүкіл ағзаға әсер етеді. Мұндай жағдайда денеден шыққан жағымсыз иісті жою мүмкін емес. Тіпті, дезодоранттар да жағымсыз иіспен күресе алмайды.

Ақуыз ыдырағанда пайда болатын заттар май бездері арқылы шығарылатындықтан, ағзада осындай қиындық пайда болады. Дәрігерлер оны урицидозбен байланыстырады. Өз кезегінде ол бүйректің созылмалы қабынуы, пиелонефрит және уремияға алып келуі мүмкін.

Сірке су иісі

Кейде адам денесінен бөлінетін терден сірке су иісі шығады. Одан бөлек тер бөлінуі де арта түседі. Мұндай өзгерістің туындауы төменде аталған дерттер себепті болуы ықтимал:

- Эндокриндік бұзылулар

- D және B дәрумендерінің жетіспеушілігі

- Өкпенің жұпалы-қабынба аурулары

- Омыраудың созылмалы ауруы

Егер эндокриндік жүйеде бұзылулар орын алса, ағзада йод жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Ол бірден денеде жағымсыз иістің пайда болуына алып келеді. Сонымен қатар сірке су иісі арқылы туберкулез дертін аңғара аласыз. Себебі бұл жағдайда жөтел, шаршаңқылық, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі сынды белгілер пайда болады. Ал әйелдердің денесінен сірке су иісі сезілсе, бей-жай қарауға болмайды. Ол омырауға байланысты қиындықтарға меңзеуі ықтимал.

Өзге де нұсқалар

Денеңіздің иісі өзгеріп, иісі адам төзгісіз сипат алса, бірден дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Себебі иістердің әрқайсысы ағзамыздағы түрлі ақаулар мен дерттерге меңзеуі мүмкін. Ал олардың кейбірінің емделуі қиынға соғып, күрделенуі ықтимал. Сондықтан мұндай жағдайда уақыт өткізіп алмағаныңыз абзал.

Дененің иісі

Иіспен байланысты болуы мүмкін аурулар

     Балық иісі

     Зат алмасуына байланысты қиындықтар

     Тәтті иіс немесе шіріген зат иісі

     Дифтерия

     Қой жүнінің иісі (дымқыл)

     Бүйрек үсті бездері қызметінің бұзылуы

     Күкіртті сутек иісі

     Асқазан жарасы, диспепсии

     Бұзылған ет иісі

     Онкологиялық қиындықтар

     Кәрілік иісі

     Гормондық қиындықтар

     Шіріген алма иісі

     Гипогликемиялық кома алдындағы ахуал (бірден ауруханаға жатқызылуы тиіс)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама