Бағдарлы сыныптардағы білім беруде жеке тұлғаның өз бетімен дамуына бағдарлануы
Мақсаты: Бағдарлы-бейінді сыныптардағы оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану.
Міндеті:
— Мектептегі бағдарлы оқытуды жүзеге асырудың тиімді тәсілдерін жасау;
— Деңгейлік және дәстүрлі сабақ арасындағы сабақтастық пен артықшылықтар туралы зерделеу;
—Кәсіби сауаттылық дағдысын қалыптастыру жұмыстарына бағыт алу.
Оқушылар шығармашылығын тек он бір жыл бойы мектепте оқығанда айтқанды орындату мен есте сақтау арқылы қалыптастыруға болмайды. Ол тек балаларды үнемі шығармашылық тұрғыдағы жұмыстарға тартумен, бірте-бірте күрделене түсетін тапсырмалар мен шешуін таба алатын міндеттер жүктеу арқылы болады. Тапсырма барлық жағдайда шығармашыл ойлауды дамыта бермейді. Берілген тапсырманың жауабы мұғалімнің, не оқулық авторы берген дайын үлгімен шешілсе, оқушыдан өзіндік шығармашылық талап ете алмайды. Осы кезде оның әрекеті еске түсіру сипатында болады. Шешу жолын өздері тауып, ойлау әрекеті өз бетімен болса ғана шығармашылықтың дамуына түрткі болады.
Оқушылардың қабілеттері әр түрлі әрекетте дамиды. Біріншіден кез-келген бала оқу әрекетінде адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақталған тәжірибесін меңгерсе, екіншіден оқушы шығармашылық әрекеттер орындау арқылы өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Оқу әрекетінен шығармашылықтың айырмашылығы – оқушылардың өзін-өзі қалыптастыруына көмектеседі. Бала өз идеясын жүзеге асыру үшін жаңа тәсілдерді іздейді. Проблеманы өзінше, жаңаша шешуге талпыныс жасайды. Студенттің бойындағы шығармашылық қабілеттерін ашудың және қалыптастырудың көп тәсілі бар. Тәрбие сағатында осы көп тәсілді пайдаланып оқушылар шығармашылығын қалыптастырудың мүмкіндігі мол. Олай болса, біздің келесі міндетіміз, оқушылардың шығармашылық әлеуетін қалыптастыруда құндылық бағдары, біріккен іс-қимылдары және үйлесімді құрылымдар арқылы құзыретті тұғырлардың нәтижеге бағытталуы мүмкіндіктерін қарастырамыз.
Тұлғалық-бағдарлық тұғыр адамның тұлға ретінде әлеуметтік, әрекеттілік және шығармашылық мәні туралы мәселені қарастырады. Ол тұлғаны тарихи-қоғамдық даму нәтижесі және мәдениет жаршысы ретінде таниды. Тұлғаға-бағдарланған тұғырдың нәтижеге бағытталуы үш түрлі құрамдас бөліктерін ажыратып көрсетуге болады:
Біріншіден: даралық – адамның және топтың өзіне тән қайталанбаушылығы, басқалардан ажыратылатын ерекше сипаттардың жиынтығы;
тұлға – адамның әлеуметтік маңызын сипаттаушы және индивид қасиеттерінің жиыны ретінде көрінетін, үнемі өзгеріс үстіндегі жүйелі сапа;
өзін-өзі өзектендіруші тұлға — өзімен-өзі болу ынтасын белсенді және сапалы жүзеге асырушы адам;
«Мен» тұжырымдамасы – адамның сезінетін, мазасызданатын, соның негізінде өзінің өмір жолы, басқа адамдармен өзара байланысы, өзіне және ортаға қатынасы салынатын өзі туралы жүйе;
педагогикалық қолдау – дара мәселелерді шешудегі педагогтардың оқушыларға дене бітімі және психикалық денсаулығына байланысты жедел көмек берудегі педагогикалық қызметі.
Екіншіден, тұлғаға бағдарланған тұғыр төмендегідей ұстанымдардан құралады:
— өзін-өзі өзектендіру ұстанымы;
— даралық ұстанымы;
— субъектілік ұстаным;
— таңдау ұстанымы;
— шығармашылық және жетістік ұстанымы;
— сенім және қолдау ұстанымы.
Үшіншіден, инновациялық технологияларды дидактикалық әдістемелер ретінде қолдану.
Практикалық және танымдық тұғырлардың арасындағы тетік аксиологиялық (құндылық) тұғыр деп аталады . Аксиологиялық тұғыр бойынша жазылған және қорғалған зерттеулер нысаны – құндылықтың мәні мен табиғаты, олардың генезисі мен топтамасы, адам мен қоғам өміріндегі орны мен рөлі, құндылықтар иерархиясы, құндылықтар көлеміндегі бағдарлар сияқты сұрақтар болып табылады.
— оқытуды ұйымдастыру қағидаларын өзгерту;
— білім, білікті, дағдыны енжар «алушы» рөлін танымдық процестің белсенді субъектісіне өзгерту;
— нәтижелерге бағдарланған жүйе құру;
— оқушының өз бетінше білім алу қабілетін қалыптастыру;
— практикада пайдаланатын білім беру;
— танымның ғылыми тәсілдеріне баулу;
— оқушыны жеке тұлға және қызмет субъектісі ретінде қалыптастыру;
— өмірлік құнды бағдарлар қалыптастыру;
— бейіналды даярлықты қамтамасыз ету;
— бейінді және кәсіпке бағытталған жүйеде оқыту;
— білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жасау;
— базалық құзірет түріндегі нәтижеге бағытталған білім берудің ұлттық мақсаттар жүйесін жасау және оның орындалуын қамтамасыз ету .
Құзыреттілік тұғыр – білім беру процесін ұйымдастыру, ол субъектінің іс-әрекеті арқылы (оқу, таным, ойын және т.б) өзін-өзі жүзеге асыру құқығына, құзыреттілікті меңгеруге және пайдалануға негізделген.
Нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесінен күтілетін нәтиже – Құзырлы түлек, яғни, құзырлылық түлектің нәтижелігін, тиімділігін айқындаушы критерийі ролін атқарады.
Нәтижеге бағытталған оқыту – соңғы нәтижелер, біліктіліктер. Соңғы нәтижелер мектептен және жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі өмір үшін маңызды білім, шеберліктер және бағдарларды білдіреді. Оларды шартты түрде жүйелеп көрсек, төмендегідей біліктіліктер тізімін құра аламыз:
- қарым-қатынасқа түсе білу қабілеттіліктері (оқу, жазу, сөйлей алу, тыңдай алу және санай алу дағдылары);
- әлеуметтік қарым-қатынастарға бейімділік;
- талдау жасай алу қабілеттері;
- проблемаларды шеше алу;
- құндылықтар туралы өзіндік пікір білдіріп шешім шығара білу дағдылары;
- шығармашылық шеберліктерді игеру және өзгелердің шығармашылығын қабылдай білу дағдылары;
- азаматтық жауапкершілік;
- қоршаған әлем өміріне жауапкершілікпен араласу;
- рухани, заттық құндылықтарды жасай алу және сақтай білу дағдылары;
- ілімнің құралы ретіндегі технологияларды қолдана алу дағдылары;
- өмірі мен карьерасын жоспарлай алу дағдылары.
Қазақстандық ғалымдар (Н.Н.Нұрахметов, Ғ.З.Байжасарова, М.Ж.Жадрина, А.Қ.Құсайынов, А.А.Жайтапова, С.Д.Мұқанова, К.Ж.Қожахметова, т.б.) күтілетін соңғы нәтиже оқушының жеке пәндер бойынша алатын білімі емес, оларды пайдалану арқылы қалыптасып дамытылатын өміршең дағдылар, құзырлылықтар болып табылады деп тұжырымдайды.
Болашақтағы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесі жағдайындағы күтілетін нәтиже адамның өзі болғандықтан, (ұлттық бірыңғай тест) ҰБТ түлектің қоғамдағы орнын қаншалықты таба алатындығын айқындауға күші жетеді деп айту, қиындық туғызады. Оқушының білімінің қаншалықты нәтижелі екендігін бір жақты тексеруге арналған ұлттық деңгейдегі құралдардың бүгінгі мазмұны оқушының құзырлылығын анықтауға, бағалауға жарамсыз екендігі айтылып жүр. Педагогика ғылымында құзыреттілік тұғыр негізінде тұлға игеруге тиісті таным, тәжірибе, әрекет тәсілдерінен басқа құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталады.
Даму да, білім де ешбір адамға қолдан беріле салмайды. Кімде кім оған қол жеткізгісі келсе әрекет етуі, күш салуы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда кез келген білім-ол өз бетінше білім алу. Шығармашылық әлеуеттің дамуы өз білімін көтеруге негіз болады. Мұғалім шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, өзінің құзіреттілік аясын кеңітеді. Кәсіби құзіреттілік маманның әлеуметтегі дәл осы уақыттағы қабылданған стандарттар мен нормаларға сәйкес өзінің кәсіби педагогикалық қызметін атқаруға дайындығы мен қабілетін анықтайтын кәсіби білімдер жиынтығы немесе жекелік-кәсіби сипаттама. Кәсіби құзіретті еңбек деп мұғалімнің педагогикалық әрекетті өте жоғары деңгейде атқара алуы, педогогикалық қарым-қатынасқа түсе алуы нәтижесінде оқушылардың білімділік және тәрбиелік деңгейінің жоғары болуы деп санаймын.
Кәсіби құзіреттілік бір нәрсе жайлы беделді ой, кесімді пікір білдіруге мүмкіндік беретін білімділердің сипаттамасы ретінде қарастырылады.
Құзіреттіліктің жүйе ретіндегі құрылымдық компонентеріне;
— рефлексивтік — өзін-өзі бағалау, бақылау
— жобалаушылық — өзін-өзі өзгерту әрекетін жоспарлау
— өзара комуникатифтілік – ішкі диалог
— ұйымдастырушылық – ішкі ресурстарын өзін дамыту үшін аша алуы
— прогностикалық — өзінің даму сәттеріне сүйсінуге қабілеттілік жатады.
Сонымен аутопсихологиялық құзіреттілік-тұлғаның өз білімділігін өзі танып, бағалап, бақылап, дамытуға бағыттауы, мұның нәтижесінде шығармашылық әлеуеттің дамуы жеделдейді деп есетеуге болады.
Рефлексифті құзіреттілік-шығармашылық әрекетті жоғарылататын кәсіби-тұлғалық дамуды жеделдететін рефлексифтік үрдістерде көрінетін тұлғаның кәсіби сапасы. Ол маманның өз тәжірибесін талдау арқылы дамуды ынталандыратын жаңа кәсіби этолондар мен стандарттарды белгілеудегі ролін арттырады.
Рефлексиялық қабілеттері дамыған мұғалімде оған деген тұрақты қажеттілік сезіліп тұрады. Кез келген істі ол өзіне өзі сұрақ беруден бастайтындай дәрежеге жетеді. Бұл мұғалімнің шығармашылық әрекетке қосылуының құралдарының бірі-одан өзіне қатысты белсенді позицияны таңдауды талап ететін рефлекциялық өзіндік диагностика жасауға мүмкіндік береді.
Мұғалімнің белгілі бір педагогикалық мәселелер туралы барлық ақпаратты жинақтай алуы, оның тиімдісін таңдай білуі, нақты жағдайды шешуге байланысты оған өзіндік қолтаңбамен өзгерістер енгізе алу, осылайша мәселені шешудің өзіндік жолын таба білу сыни ойлау нәтижесінде жүзеге асады. Бұл жағдайда сонымен бірге тапқырлық пен өнертапқыштық сияқты сапалар қатар дамуға мүмкіндік алады.
Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім үшін білім мазмұнын, әр оқушының өзіндік ерекшелігін, оқушылар ұжымының артықшылықтарын, соған сәйкес оқуды ұйымдастырудың формалары мен тактикалары жайлы ақпараттарды есінде ұстау қажет. Сонымен қатар оларды дер кезінде еске түсіріп қажетіне жарата алу оның басты құндылықтарының бірі болып табылады.
Кез келген жаңалық ең алдымен адамның қиялында пайда болатындықтан шығармашылық әлеуеттің құрамдас бөлігінің бірі – фантазия. Бұған дейін белгілі фактілерге қатысты жаңа көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан оның көркемдік және ғылыми-танымдық құндылығы орасан зор. Қиялдаудан туындаған шығармашылық белсенділік едәуір шамада ішкі ниеттерге, жекелей дарындылыққа және адамның қызметі үрдісінде қалыптасатын даралық тәжірибесіне байланысты. Фантазия арқылы адамның есінде сақталған қабылдау, елес бейнелері қайтадан өңделіп, сұрыпталып, жаңартылып, солардың негізінде мида жаңа бейнелер жасалады.
Фантазия-педагогикалық актінің құрамдас бөлігі. Ол жаңа жоспарлар, бағдарламалар, технологиялар, т.б. жасауда, оны жүзеге асыруда іске қосылады. Нәтиженің қолдай болатынын болжау, бұрынғы елес-бейнелерді өзгертіп бір-біріне қосып, қайтадан бейнелеу арқылы, оқытуда жаңа жолдар табуға көмектеседі. Фантазия арқылы көрнекті ақын, педагог, психолог Мағжан Жұмабаев «Мылқау өмірге үн, сақау өмірге тіл беретін», жоқты бар, ар барды гүлді, көрікті қылатын, бізді асыға аяқ бастырып тәңірмен тілдестіретін сол фантазия» — деген. Шығармашылық әрекет жоғары әлеуметтік қажеттіліктерден туатындықтан оның нәтижесіне қарай қанағаттану немесе қанағаттанбау реакцияларын бастан өткізеді. Бұл эмоциямен тығыз байланысты. Эмоция – толғану, сезім, көңіл-күй деген мағына береді. Эмоцияның жоғары түрі адамның іс-әрекетінің өнімді болуына мүмкіндік туғызады. Эмоциясыз, сезімсіз ізденушілік болмайды.
Жақсылық ашу өздігінен келе салмайды, оған алдын-ала жасалған қажырлы еңбек құлшындырады десек, дәл сол сәтті шабытты шақ деп сипаттауға болады. Шабыт – адамның рухани күштерінің ширығып өрлеуі, шығармашылық толғанысы. Шабыт жаңа туындының пайда болуына, бастайды. Ол адамның жоғары белсенділігінен, әрекеттің өнімділігімен, шығармашылықтың шаттығын сезінумен «құштарлық» пен эмоциялық ойға шолумен ұштасады. Шығармашылық үрдістің санадан тыс тәрізді болып көрінуі шығармашылықтың өзінің барынша саналығының нәтижесі, сананың ерекше айқындылығының, ойлар мен бейнелердің өзінше бір үлгіде лықси келіп, айшықтана көрінуінің, естің, зейіннің, идеяны орындауға бағытталған құлшыныс пен ерік-жігердің жемісі. Шабытты шақтарында адам бойындағы бар күш жігермен әрекет етеді.
Шығармашылық әлеует ұғымының құрамалары ретіндегі адамның тұлғалық сапаларының: еркіндік, шешімділік, тәуекелшілдік, тапқырлық, өнертапқыштықтың алатын орны ерекше. Адамның еркіндігі өмірдегі, кәсіби әрекеттегі мәдени әлемдегі өз орнын анықтай алу қабілетіндежатыр. Оның ойлау, пайымдау және әрекеттену еркіндігі жеке кәсіби жауапкершілікті сезінумен сәтті байланысады. Рухани және материалдық құндылықтар әлемінде еркін бағдарлай алу, педагогикалық догмалардан еркін тұлға ғана тәуекелді талап ететін шешімдерді өз мойнына ала алады. Еркін адам өзінің өмірлік позициясы, ұстанымы болғандықтан өзгелерді қайталамай, жаңаша тың жолдармен жүреді. Дәл осы сапа шығармашыл мұғалім үшін аса маңызды.
Шешімділік – адамның өз бетімен жауапты шешімдер қабылдауға және іс-әрекетке оларды бұлжытпай жүзеге асыруға қабілеттілігі. Әрекет белгілі бір шамада тәуекелге барудың және бірнеше баламадан біреуін таңдаудың қажеттілігін туындатады. Осы кезде шешімділіктің маңызы зор. Сол қабылданған шешім үшін жауапкершілікті өзіне батыл алуды, іс-қимылдың дер кезінде болуын оны тез орындай білуді білдіреді. Шығармашылық әлеует-шығармашылық әрекетке негіз бола отырып, шешімді әрекеттің орын алуын қамтамасыз етеді.
Мұғалімнің шығармашылық әлеуетінің құрамына оның кәсіби мәнді сапаларын жатқыза отырып, олардың бастылары ретінде: шеберлік, импровизация мен интуицияны атап өтемін.
Шығармашыл тұлғаның ерекше қасиеттерінің қатарына педагогикалық импровизация жасай алуы жатады. Педагогикалық импровизация дегеніміз-мұғалімнің алдын-ала жоспарланбаған тосыннан пайда болған педагогикалық мәселені шешу үшін өзінің білік, дағдысы мен іскерлігін шығармашылықпен іске қосуы. Педагогикалық импровизация мұғалімнің шығармашылықпен өзін-өзі дамытуына әсер етуші фактор. Өйткені импровизация кезінде мұғалімнің ішкі күштері мен қабілеттерінің жұмылуы маңызды орын алады. Дәл осы жағдайда шығармашылық туады да әлеуеттің дамуына мүмкіндік жасалады.
Педагогикалық шығармашылықтың орын алуына септігін тигізетін тағы бір басты мәселе –мұғалімнің әртістік қасиеті. Мектеп әрине, театр емес. Дегенмен мұғалім үнемі халық алдында тұратын танымал адам. Олай болса ол аудиторияны меңгере алуы, иландыра білуі, шабыттандыра алуы тиіс.
Педагогикалық әртістік тек әрекетте педагогикалық білім, білік, дағдыны тиімді пайдаланып қою ғана емес, тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамытуды қамтамасыз ететін эмоцияналдық-бейнелік тетіктер жүйесі арқылы педагогикалық міндеттерді шешу барысында көркемдік логиканы пайдалану.
Педагогика ғылым ретінде ой мен сезімдерді дамытады, адамның құндылық негіздерін бекітеді. Ол педагогикалық үрдістің руханилығын арттырады, оның мазмұны мен формаларын адам сергіткіштік пен мейірімін қанықтырады, шығармашылық, шеберлік сияқты педагогикалық кәсібиліктің жаңа сапасы арқылы жасампаздыққа жеткізеді. Шығармашылық әрекет жоғары әлеуметтік қажеттіліктерден туатындықтан, сол қажеттіліктерді жүзеге асыру арқылы мұғалімнің құзіреттілігі қалыптасады.
Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзіреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілі-бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болмақ.
Бүгінгі заман талабы — жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан «тұлға» тәрбиелеу. Оқушы «тұлға» болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге жалпы алғанда жеке адамның құзіреттіліктері қалыптасуы қажет.
Қорыта келе айтарым, нәтижеге бағдарланған білім беруде тұлғалық-бағдарлы, аксиологиялық, синергетикалық және құзыреттілік тұғырлар 12 жылдық мектептің негізгі міндеттерін айқындай түседі:
- оқушының «дайын білімді алушы» ретіндегі пассивті қалпынан оның танымдық процестегі «белсенді субъект» қалпына көшуін қамтамасыз ететін оқытудың рөлін күшейту;
- оқу-тәрбие процесінде оқу пәні құралдарының көмегімен оқушыларда құзыреттіліктерін қалыптастыру;
- жалпы орта білім берудің құрылымы мен мазмұнының оқушылардың психофизиологиялық және жас ерекшеліктеріне, әр білім деңгейіндегі мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сәйкес келуі;
- оқытудан күтілетін нәтижелердің әр деңгейлі жүйесін құрудағы және жеке тұлғаның әр білім беру деңгейіндегі дәйекті дамуын көрсететін сабақтастықтың сақталуы;
- мектеп бітірушінің білім деңгейіне сәйкес келетін жеке қаситетерін құзыреттіліктер түрінде күтілетін нәтиже ретінде болжау;
- оқу-тәрбие процесінде оқушылардың табысты әлеуметтенуін қамтамасыз ету;
- қажетті құзыреттіліктерді меңгерудегі оқушылардың білім жетістіктері деңгейін анықтау негізінде оқушылардың, мектеп пен білім беру жүйесінің даму динамикасының мониторингін жасау.
Осындай биік нәтижеге қол жеткізуді – кәсіби құзіреттілігі жоғары мұғалім ғана жүзеге асырмақ.
Пайдаланған әдебиеттер:
Ұстаздық шығармашылық – Б.А.Тұрғынбаева Алматы 2007
Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары – К.С.Құдайбергенова Алматы 2007
«Назарбаев Зияткерлік мектебі»ДББҰ, МАН (Мұғалімге арналған нұсқаулық)-2012
Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар – 3-2011