Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Білім, ғылым іздеп араб елдерін шарлаған ұлы тұлға

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға, соның ішінде әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойының аталып өтетініне тоқталды. Осы ғұлама тұлғамыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу мәселесін көтерді. Ел өміріндегі осындай елеулі оқиға¬ның жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашатынына сенім білдірді.

Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) – Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған данышпан, энциклопедист ғалым. Оның мұсылманша толық аты-жөні Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Узлағ ибн Тархан әл-Фараби. Туған жері – Сырдария бойындағы Арыс өзені Сырға барып құятын өңірдегі ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласы. Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты-жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби атанған.

Әл-Фараби заманында бүкіл Орта Азия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болған. Соған байланысты қала халқы сауда-саттық мәселесінде ислам қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Соның ішінде рухани, ғылыми тіл араб тілі болған. Сондықтын осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған әл-Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Ол кейін білім-ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылым дүниесінің орталығы болған Бағдатқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Сөйтіп, өз өмірінің көп жылдарын араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған Бағдатта өткізді.

Сол кездің ғалымдарымен кездесіп, солармен сырлас болды. Өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болады. Грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренді. Ол, жалпы 70-тен астам тіл білген. Өзінің еңбектерін негізінен араб тілінде жазған. Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырды. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар мынадай: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия-риторика, философия болып келеді. Жалпы, Отырардан Фараби атты бірнеше ғалымдар шыққан. Әбу-Насыр әл-Фарабидың Отырардан шыққан басқа Фарабилардан айырмашылығы - энциклопедист ғалым. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары да ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Қазір Қазақстан Ғылым академиясының кітапханасында әл-Фарабидің елу шақты еңбегі бар. Қазақстанның Ирандағы алғашқы Төтенше және Өкілетті елшісі болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков тауып әкеліп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасына тапсырған әл-Фарабидің қолжазбалары өз алдына біршама қазына. Ұлы бабамыз «Ғалымдардың шығуы», «Ғалымдар энциклопедиясы немесе тізбегі», «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Музыканың үлкен кітабы», «Ақылдың мәні туралы», «Әлеуметтік-этникалық трактаттар», «Философиялық трактаттар» және т.б. көптеген еңбектер жазған.

Өмірінің соңына қарай әл-Фараби Мысыр, Шам қалаларында болып, ақырында Шам шаһарына келіп, сонда тұрақтайды. Осында қайтыс болады. Шам – қазіргі Дамаск қаласы. Сирияның астанасы. Ежелгі мәдениет орталығы. «Бабуссағир» (Кішкене қақпа) бейітінде ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби жерленген. Әл-Фараби ісін жалғастырған, ғылымға берілген шәкірттері көп болған. Ұлы ғұламаның еңбектері күні бүгінге дейін мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда зор рөл атқарды. Әл-Фараби дүниежүзілік тарихи тұлғалардың санатына жатады.

Жалпы, биыл әл-Фараби жылы ҚазҰУ-дан бастау алды. Қазақстанның алдыңғы қатарлы осы университеті әл-Фараби есімімен аталады. Ұлы философ әрі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл толу мерейтойының әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір университеттен басталғандығы біздер үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе. Университет өз қызметінде танымдық мәселелерге назар аударып, адамның мүмкіндіктерін ашу мен қабілеттерін дамытуға ұмтылады. Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгізілген және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталып өтетін болады.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама