Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
«Бір уыс мақта» Ыбырай Алтынсарин
Мектепалды даярлық тобы
Білім беру саласы: Таным.
Бөлім: Тіл дамыту.
Тақырыбы: «Бір уыс мақта». Авторы: Ы. Алтынсарин

Мақсаты: Ыбырай Алтынсаринмен таныстыру. Автордың әңгімелерімен таныстыру. Оқылған шығарма мазмұнын әңгімелеуге, мәнеріне келтіре айта білуге үйрету. Есте сақтау қабілеттерін дамыту. Сөздік қорларын молайтып, байланыстыра сөйлеуге дағдыландыру. Адалдыққа, имандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Ыбырай Алтынсариннің портреті, әңгіме мазмұнына салынған сюжеттік суреттер.
Сөздік жұмыс: шапан, мақтаның қиқымы, мамық.
Әдіс - тәсілдер: әңгімелесу, сұрақ - жауап, жаңа технологиясы бойынша «алтын жол» (ТРИЗ)

Мотивациялық қозғаушы
Ұйымдастыру кезеңі: Шаттық шеңбер

- Ал балалар, шеңберге тұрамыз. Бір - бірлеріне жылы сезім, күлкі сыйлау. Әр баланың төсіне күлімдеген смайликтер тағу
Ұйымдастырушылық – іздену:
Жаңа сабақ: сабақты математика сабағымен байланыстыру. Өрнектерді шешу арқылы сөздері шығару.
1+1= 2 (ә)
2+1= 3 (ң)
3+1=4 (г)
4+1=5 (і)
5+1=6 (м)
6+1=7 (е)
7+1=8 (л)
8+1=9 (е)
9+1=10 (р)
«Әңгімелер» Ы. Алтынсариннің портретін көрсету және қысқаша мәлімет беру. Әңгімелерімен таныстыру, кітаптарымен таныстыру.
Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841 — 1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы - педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Балаларға арналған көптеген ертегілер, әңгімелер жазып қалдырған жазушы.
Әңгімерлері: Қарға мен құрт, Сауысқанмен қарға, Әке мен бала, Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш, Асыл шөп, Бақша ағаштары. Мейірімді бала. Түлкі мен ешкі. т. б. және бүгінгі танысатын «Бір уыс мақта» әңгімесі.

Әңгімені мәнерлеп оқып беру.
Бiр кiшкентай қыз әкесiнiң шапанын жамап отыр екен, шешесi қасына отырып, ақыл айтты:
- Балам, дүниедегi жаратылған жанды - жансыздардың ешқайсысының да керексiз болып, жерде қалатыны болмайды, – деп. Сол сөздi айтып отырғанда, қыз бала киiмiн жамап болып, жердегi мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
– Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегi бола қалмас, – деп.
Шешесi:
– Балам, сол да жерде қалмайды, – дедi. Осылайша сөйлесiп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтерiп ұшырды, мұны бiр торғай көрiп қуып барып, мақтаны тұмсығына тiстеп қана алып, ұшып кеттi. Қыз әжесiнен:
– Манағы мақтаның қиқымын бiр торғай алып кеттi, оны неғылады? – деп сұрады. Әжесi айтты:
– Көрдiң бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздiң келгенiн. Ол кiшкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етедi, – дедi.

Сұрақ қою:
- Әңгіме не туралы?
- Қыз бала не істейді?
- Торғайдың іс - әрекеті қандай болды?
- Әңгіме немен аяқталады?
Дәптермен жұмыс
Сөздік жұмыс:
шапан, мақтаның қиқымы, мамық сөздерін ашып түсіндіру.
Шапан – астарына жүн не мақта салып, сырып тігілетін бас киім.
Қиқым - бір нәрсенің майда, ұсақ қалдығы. Мақтаның қиқымы.
Мамық – құстың үлпілдеген жұмсақ жүні.

Жаңа ТРИЗ технологияны қолдану «Алтын жол» Суреттер: қыз, шапан, терезе, мақта, торғай ұядағы балапандары.
Осы суреттерді алтын жолға орналастырып, әңгіме құрастырады.
Балалардың іс - әрекетің бақылау.

Сергіту сәті:
Орнымыздан тұрайық,
Алақанды соғайық,
Иілеміз оңға бір, иілеміз солға бір.
Орнымызды табайық.

Дидактикалық ойын: «Кім тапқыр»
Ойынның шарты: өлеңді оқи отыра, торғай деген сөзді естігенде шапалақ ұру.
Торғай, торғай, торғайсын
Ұшып, қонып қорғайсын.
Сен өзің қандайсын?
Қарғаға да ұқсамайсын
Өзің кіші торғайсын,
Түсін қоңыр торғайсын,
Ұяңа мамық тасып ап,
Өзің сондай торғайсын.
Балалардың жас ерекшеліктерін сай тапсымалар беру.
5 жасар балаларға суреттегі сөзді атау.
6 жасарларға суреттегі сөзді тауып, жіберілген дыбысты атап, сөйлем құрау.
- Ал балалар, біз бүгін кіммен таныстық?
- Ол жазушының қандай әңгімесімен таныстық?
«Бес саусақ»әдісі бойынша қорытынды жасау.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама