Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Бұл - не қылған  батпан құйрық?...

Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.

         — Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.

         — Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.

         — Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.

         — Ал, түке, ендеше, баста, – дейді қасқыр.

         Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:

         — Түке, түке, бұл - не қылған батпан құйрық, тегіннен-тегін айдалада жатқан құйрық?!

         Түлкі ойлаған боп, қипақтай жауап қайырды:

         — Апырым-ай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.

         — Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.

         — Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа ұмтыла бергенде:

         — Тоқта, тоқта! – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.

         — Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді.

         Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:

         — Был-жыр-рра-ма... – дейді де қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады.

         Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да жорта жөнеледі.

         Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:

         — Апыр-ай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса, бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.

         — Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі.

         Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де қалады.

         — Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! – деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.

         — Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті.

         У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:

         — Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді.

         Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да қалпақтай ұшып түседі.

         — Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! – дейді де түлкі өз жөніне кете барады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама