Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Бұзғыш

Айғали биыл бес жаста. Әлі мектепке бамағанмен, біраз санды біледі. Оны екінші сыныпта оқитын әпкесінің қасында отырып үйреніп алған. Сан сана десең, екі қолын көтереді де, сүп-сүйкімді бармақтарын бүгіп, санай бастайды. Біл, еке, үс... Төртке дейін дұрыс барады да, ары қарай аузына түскенін айта береді. Әріп жаза алмайды, бірақ өзінің атын таниды.

Әке-шешесі жұмыста болғандықтан, ол күндіз үйде жалғыз қалады. Жақын жердегі мектепте істейтін шешесі анда-санда келіп, көздеп кетеді. Әр жолы келген сайын оның әлденемен айналысып, тып-тыныш ойнап отырғанын көреді. Бір нәрсеге берілсе, басқаға көп көңіл аудармайтын өзі сондай ақылды бала. Бірақ оның бір жаман дағдысы бар — ешқашан ойыншық шақ келтірмейді. Бір не екі күн... болды, одан арыға ешбірі бармайды.

Ылғи да үйде жалғыз қалғандықтан зерігеді дейтін болар, үлкендер бір жаққа барса, алдымен соны жарылқайды. Болмады дегенде бір ойыншық, не одан да көбін ала келеді. Ешқашан ақшаларын аямайды. Ал оның қадіріне жетіп жатқан Айғали болса ғой!.

Әкесі соңғы рет қалаға барғанда су жаңа мәшине әкеп берді. Әлгі мәшиненің кереметі, өздігінен жүреді тағы сөйлей біледі екен. Әлдебір тетігін басып, жерге қойсаң болды, алдыға қарай ұша жөнеледі де, анандай жерге барып тоқтай қалып, қызыл шырағын жағып, кері шегінеді. Артына қарай жылжи бастағаннан, «Кері шегінеміз, жол беріңіздер!», «Кері шегінеміз, жол беріңіздер!» деп айғайлай бастайды. Ал оң не солға бұрылғанда, «Жол беріңіздер, бұрыламыз!» деп ескерту жасайды. Өзі тағы қазақша сөйлейді. Қызық! Алғаш жалғыз Айғали ғана емес, үйдегілердің бәрі мәз болып, қызыға тамашалады. Дегенмен, ол қуаныштарды онша ұзаққа бара қоймады. Жаңа дүниенің саудасы тез-ақ бітті. Себеп — жене сол Айғалидың қыңыр қылығы.

Ертесі күні жұмыстан қайтқан үлкендер «ғажайып» мәшиненің ішек-қарны ақтарылып, төр алдында теңкиіп жатқанын көрді. Мұндай күтпеген көріністі байқағандар бағжия қарады. Тіпті, ол не істесе де «күңк» етпейтін әкесі бұл жолы қатты ашуланды. Айғалиды бөлмесіне шақырып алып, «Ең болмаса, екі күн ойнасаң болмай ма» деп, зеки ұрысты. Артынан «мұның не?» деп сұрады себебін білмек болып сәл жұмсарып. Бағанадан түйіліп үнсіз тұрған Айғали сонда ғана мұрнын бір тартып қойып, «ішіндегі баланы көрейін деп» деді күмілжіп. Басында баласының не айтпақ болғанын түсінбей, тосылып қалған әкесі артынан барып оның көкейіндегісін шамалап, күліп жіберді.

«Әй, баламысың деген! — деді баласы шығып кеткен соң басын шайқап. — Сенің ойыншық бұза беретініңнің сыры енді белгілі болды... Жарайсың жігітім, тағы да бұз!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама