Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Дене тәрбиесі және оқушы
Дене тәрбиесі және оқушы

Үрмаш Түктібаев атындағы №24 қазақ орта мектебі өткен ғасырдың отызыншы жылдары (1934-1935 ) осы өңірде ашылған алғашқы білім ошағының бірі. Аталған оқу орнынан елімізге танымал көптеген ұстаздар жастарға білім мен тәрбие берді. Олардың тамаша еңбектерінен үлгі алған кейінгі толқын жастар алдыңғы толқын аға-апаларының ізгі дәстүрлерін бүгінде жалғастырып келеді.
Мектепте оқушыларға дене тәрбиесін беру жақсы жолға қойылған. Шыныққан шымыр денелі азаматтар тәрбиелеуде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Сәдуақас Ғабдолланың бұл істегі еңбегі қыруар. Біз бүгін Ғабдолланың дене тәрбиесінің маңыздылығы туралы шағын материалын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дене тәрбиесінің маңызды міндеттерінің бірі мектеп оқушыларының салауаттылыққа деген ықылас-жігерін қалыптастыру болып табылады. Салауатты өмір салты-ол өмір тіршілігі жақсы ұйымдастырылған еңбек және демалыс режимінің маңыздылығын ұғыну, ағзадағы биологиялық процестердің жүру заңдылықтарына негізделген.
Дене шынықтыру-денсаулық кепілі. Адам денесін шынықтырып, бойына қуат, күш-қайрат жинайды. Әлем әдемілігін, қимыл-құдіретін сезінеді.
Егер адам дене шынықтыру мен спортқа да өзінің күнделікті жұмысы деп қараса онда оның қыры мен сырын, әсемдігін жете сезіне бастайды.
Жасөспірімдерді неғұрлым жас кезінен еңбектенуге баулып, сол арқылы бұлшық ет, буын қозғалыстарын дамытуға ықпал етіп, қоршаған ортаның құдірет-күшін сезіну, пайымдау, дүниетанымын жетілдіруді қамтамасыз етуге болады.

Еңбекке ерте араласқан оқушы кез-келген денешынықтыру жаттығуларын ешбір қиындықсыз-ақ, біз ұсынып жүрген жүктеме деңгейін әлдеқайда жоғары қарқынмен, екпінімен жасай алады. Өйткені бұлшық ет, буын, т. б. қимыл әрекеттері қарапайым еңбектену барысында дағды қалыптастыруға машықтанған.
Әрине еңбек түрі ауылдық жерде көп тараған. Төмендегі сызба арқылы ауылдық жердегі жасөспірімдердің атқаратын жұмыс түрлері және оның жұмыс нәтижесінде бойына жиналатын қасиеттерінің кейбіреуін байқауға болады.
Айта берсе ауылда жұмыс түрлері көп-ақ. Демек, осы қимыл әрекеттері арқылы арнайы спорт, дене шынықтыру жаттығуларын күн бойына бірнеше рет қайталап жасамай-ақ, жасөспірім тұлғасының сұлу да сымбатты болып қалыптасуы қамтамасыз етілгенін байқаймыз.
Кейбір жұмыс түрлерінің жаттығуларға сәйкестіліктеріне тоқтала кетейік.

Сиыр сауу-екі қолға, саусақ басына :
Су тасу-қол-аяқ бұлшық еттеріне әсері мол;
Үй сыпыру бел мен жауырынға;
Келі түю жауырынға;
Айран пісу білекке:
Жіп иіру-алақан бұлшық еттеріне;
Жүн сабау-қол бұлшық еттерінің бәріне;
Асау бас білдіру –адамның барлық дене бұлшық етеріне күш түседі.
Жалпы айтқанда бұл жұмыстар адам денесінің бірқалыпты дамуына әсер ететін қарапайым құбылыстар.
Жоғарыда көрсетілген барлық жұмыс түрлері сайып келгенде дене жаттығулары болып табылады. Ауылдық жердегі балалар жұмыс барысында шынығады, олар тек сабақ үстінде жаттығу жасалу тәсілдерін мұғалімге дұрыс көрсете білсе болғаны. Ақпарат құралдарына сүйенсек, әртүрлі спорт түрінен өткен сайыстарда жеңіс шыңында ауылдан шыққан балалар көптеп кездеседі.
«Спорт пен еңбек -егіз» деген мақалды есте ұстап, Қазақстанның болашағы жас ұрпақ жан-жақты білімді, салауатты, өмірге құштар болып өссе, келешегіміздің жарқын болары айқын.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама