Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Директорлар қызметтерiнен бас тартты

БҰЛ – АҚТӨБЕ ӨҢIРIНДЕ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙ

Ақтөбе қалалық бiлiм бөлiмi бiрнеше мектеп директоры, балабақша меңгерушiсi мен мектептен тыс бiлiм беретiн мекеме басшыларына конкурс жариялады. Себеп 7 қыркүйек күнi Ақтөбедегi №24, 25, 28, 32, 38, 42, 46, 51, Қызылжар, Благодарный орта мектеп директорлары зейнеткерлiкке шығуға арыз жазған. Дәл осы күнi №17 мектептiң зейнеткер емес директоры отбасылық жағдайына байланысты, №9 мектеп-гимназия директоры тұрғылықты мекенжайын ауыстыруына байланысты қызметтен бас тарт­қан. “Ұрпақ” пен ашыл­ғанына бiр ай да толмаған “Жарқын бала” МДҰ балабақша меңгерушiсi, қалалық оқушылар сарайының директоры, Қазанғап атындағы өнер мектебi, Жас ұшқыштар мектебi директоры бiр күнде басшылықтан бас тартқан. Оқу жылы ендi басталып, сабақ кестесi жаңа реттеле бастағанда, 14 директордың бiр күнде, бiр сағатта орындарын тастай қашқаны – Ақтөбеде бұрын-соңды болып көрмеген жағдай. Бiлiм басшыларының жаппай қызметтен кетуiнiң себебi неде?

18 тамызда   Ақтөбе қалалық №2 сотында   бiлiм саласын бақылау де­пар­та­ментiнiң экс-бастығы Әкiмгерей Кө­шер­баевқа қатысты қылмыстық-iс бойынша сот басталды. 49 жастағы экс-шенеунiктi 3 мектептiң аттеста­ция­дан өтуi үшiн 1 миллион 500 мың теңге көлемiнде пара алды деген күдiкпен үстiмiздегi жылдың 17 наурызында Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызмет­керлерi құрықтады. Тағыл­ған айып: “ Ол әйелi – Қурайлы ауылындағы Елек орта мектебiнiң директоры Сандуғаш Сырбаева және   басқалар арқылы мектеп­тердiң ат­тес­тациядан өтуi үшiн 1 миллион 500 мың теңге көлемiнде пара алған”.

Облыстағы 435 жалпы бiлiм беретiн мектептiң бiлiм сапасын қадағалаушы лауазымды тұлғасының үстiнен 3 мектеп директоры мiндетiн орындаушы арыз түсiрген. Iстi Жем­қорлыққа қарсы ұлттық бюро бөлiм­шесiнiң тергеушi­лерi – Нұрлан Жекеев пен Арыстан Мұхамбетжанов жүргiзiп, сотқа жеткiз­дi. Iс бойынша Әкiмгерей Көшербаев Ақтөбе қаласындағы №18, Шалқар ауданындағы №44, Қарғалы ауданындағы Қосестек орта мектептерiнiң аттестациядан өтуi үшiн пара алған.

БҒМ 2012 жылдан бастап бiлiм мекемелерiн аттестациядан өткiзудi қолға алған. Қазақстан тарихы бойынша 4,9,11-сынып оқушыларына тест жүргiзiледi. Мектептермен қоса балабақша, мектептен тыс қосымша бiлiм беретiн ұйымдар   жұмысы да тексе­рiледi. 2016 жылдың басында Ақтөбе қаласындағы №18,5, 17,19 орта мек­тептердiң 11-сынып оқушылары төмен балл алғандықтан, осы оқу орындары сынақтан өте алмады.

Тамыздың басында абақтыдан үйiне шығарылған Әкiмгерей Көшербаевтың iсi iрi көлемде пара алғаннан “алаяқтық” бабына ауыстырылды. Қылмыстық iс үш мектеп басшысының арызы негiзiнде қозғалды. Шалқар ауданындағы Қауылжыр бастауыш мектебi директоры мiндетiн атқарушы Ботагөз Әбдiғалиева пара беру жолдарын жасырмай жайып салды. Әбдiғалиева параны тiкелей Көшербаевқа ұстатпаған, 150 мың теңгенi облыстағы бiлiм саласына қатысты басқа адамдарға берген. 2015 жылдың 6-9 қазанында Қауылжыр бастауыш мектебiнде жоспарлы тексерiс өтетiнi туралы аудандық бiлiм бөлiмiнен хат түскенде, Әбдiғалиеваға туған шешесi көмек сұрап, Әйтеке би аудандық бiлiм бөлiмiнiң қызметкерi Раиса Игiбаеваға хабарласқан. Сәлден соң Раиса Игiбаеваның өзi шығып, аттестациядан сәттi өту үшiн департамент директоры 200 мың теңге сұрағанын жеткiзген. Ботагөз Әбдiғалиева 150 мың теңгесiмен Ақтөбеге келiп, Раиса Игiбаеваға қоңырау шалып, Игiбаева СМС арқылы Лидия Шайғазықызы Оралбаеваның ұялы телефонын жазып жiбередi. Сол жерде қаладағы сауда орталықтарының бiрiнде Ботагөз директор Лида апайының қолына 150 мың теңге ұстатып, аттестациядан өтуге кепiлдiк алған. Ботагөз Әбдiғалиева ауылына қайтар жолда “Раиса апайдың (Игiбаева) Көшербаевтың үстiнен құқық қорғау меке­месiне арыз жаз деп тапсырма алғанын сотта айтты. Сол жерде Қауылжырдың директоры Раиса апайының айтқанын бұлжытпай орындап, Жемқорлыққа қарсы күрес бюросының жергiлiктi кеңсесiне өз аяғымен келiп, Кө­шербаевқа пара бердiм деп арыз қалдырған.

Тергеу материалдарында   2015 жылдың 12 қазанында 150 мың теңге берiлдi деп тiркелсе де, сотта Жемқорлыққа қарсы қызметтiң тергеушiлерi – Н.Жекеев пен А.Мұхамбетжанов   Ә.Көшербаевтың Б.Әбдiғалиева­дан тiкелей пара алып жатқанын көрсететiн бейне, дыбыс жазбаларын дәлел ете алмады.

Ә.Көшербаевтың пара алғаны туралы арыз жазғандардың бiрi –Қарғалы ауданы Қосестек орта мектебiнiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары. 2016 жылдың қаңтарында Қосестек орта мектебi аттестациядан өтетiнi белгiлi бол­ғанда,  мектептiң оқу iсi жөнiн­дегi орынбасары Еңсепова дегеннен 500 мың теңге қажет екенiн бiледi. Аяқ астынан бұл орынбасар 500 мың теңгенi жинай қояды (сотта мектеп басшылары ақшаны өзiмiз жинадық деп, мұғалiмдерiне шаң жуытпайды). 17 қаңтарда Ақтөбедегi темiр жол вокзалының жанында Қосестек мектебiнiң орынбасары Еңсеповаға әлгi соманы ұстатқан. Тергеу iсiнде Еңсепованың 500 мыңды бiлiм саласын бақылау департаментiнiң орынбасары – Мұхамбеталлинаға бергенi жазыл­ған. Әкiмгерей Көшербаевтың қарамағындағы қызмет­керi ақшаны алғасын Раиса Игiбаева­ға қоңырау шалған. Еңсепова кiм, оның аттестациялауға қандай қатысы бар? Игiбаева 500 мыңның 50 мыңын өзi алып, қалған 450 мыңын баласына Лидия Оралбаеваға апарып бер деп тапсырып, қаладан кетiп қалады. Еңсеповаға 500 мың ұстатқан Қосестектiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары Қауылжыр директорының iсiн қайталап, үйiне қайтпас бұрын Жемқорлыққа қарсы күрес бюросына Көшербаевты пара алды деп арыз қалдырып кетедi.

Әйтеке би ауданы бiлiм бөлi­мi­нiң қызметкерi Раиса Игiбаева, бiлiм қызметкерлерiнiң қалалық кәсiподағы басшысы Лидия Шайғазықызы Оралбаеваның есiмдерi ыңғайсыз жағдайда сотта аталуда. Мектеп басшылары мен орынбасарлар бiлiм саласына тiкелей қатысты осы тұлғаларға ақша берiп келген­дiгiн айтып, сотта куәлiк еттi. Аттестациядан өту бағасы да әртүрлi: бала саны өте аз ықшам мектептерге 200 мың теңге, орта мектептерге 500 мың теңге.

Қалалық бiлiм бөлiмiнiң осы жылдың наурызындағы дерегiне қарағанда, 2016 жылы Ақтөбедегi 15 бiлiм орындарын жоспарлы тексерiстен өткiзу жоспарланған. № 18, 5, 17, 19 мектептер аттестациядан өте алмады. Себебi, 11 сыныптағылар өте төмен балл көрсеткен. Мектеп ұжымы балалардың бiлiмiн көтеру жолдарын iздеудiң орнына осындай лас тiрлiктерге барған. Сөйтiп, Ақтөбе облысының бiлiм саласы сыбайлас жемқорлықтың нағыз ұясына айналған. Егерде, Жем­қорлыққа қарсы күрес бюросының тергеушiлерi бiлiм бақылау департаментiнiң бастығы Әкiм­герей Көшербаевтың пара алғанына дәлелдер келтiре алмаса, онда соншама ақша кiмнiң қалтасына түскен? Егер Көшербаев қандайда бiр ойындардың құрбаны болса, онда оған тапсырыс берушi кiм? Осы жағы әлi күнге дейiн жұмбақ. Сот әлi жал­ғасып жатыр. Байқауымызша, мектеп директорларының орындарын тастай қашқан дүрбелеңi мен Көшербаевтың соты арасындай әлдебiр байланыс бар секiлдi.

Баян Сәрсенбина, «Жас алаш»

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама