Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Еділ жұртта — ақ кесене

Атыраудан «АН-24» деген ұшаққа мініп, Астраханға қарай , ұшсаңыз, сонау биіктен «қоғалы көлдер, қом суларды» Көресіз. де сол баяғы бабалар еліне: Асан Қайғы мен Қазтуған, Шалкиіз бен Доспанбет жыраулар еліне келе жатқаныңызды сезесіз.

Еділдің бойы ен тоғай екені де рас. Еділ Каспийге құяр шамада шартарапқа шашырап, тарам-тарам болып, Каспий — жүрек, Еділ — күретамыр сияқты болып кетеді екен. Қазтуған жырау

Алаң да алан, алаң жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш,
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған,
Келіншек болып түскен жұрт.
Қарғадай мынау Қазтуған
Батыр болып туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт, —
дейді,

Айнала су. Құдай о басында ырыс-береке берген жер. Айнала тоғай «Жабағылы жас тайлақ», жардай атан болған жер, жатып бір тоқты, жайылып мың қой болған жер».

Қазтуған жырау мұны айтқанда қай заман? Сол Казтуғанның өзіне жүгінсек, «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» сол Еділден кетерінде:

Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!.. —
дейді,

«Қайырлы болсын» деп кімдерге айтты? «Мен салмадым, сен салдың» дегені несі?

Сірә, Еділден ажыраған кез шығар.

Қажы Тархан шаһарына шіркеулер салынып, қоңыраулары саңғырлап, крештері жарқыраған түс болар.

Әне, ұшақтан, аспаннан қарағанда Астрахан Кремліндегі шіркеулердің күмбезі күнге шағылысып жарқ-жұрқ ете қалды.

***

Құрманғазы кесенесі ашылған салтанатта қазақтан біреу айтты: Құрманғазы Қазақстан жерінде туып, Ресей жерінде қалды деп.

Ал Астрахан губернаторы Гужвин айтты: Құрманғазы өзінің туған топырағында жатыр деп.

Сірә, иман соңғысында болар.

Мәселені басынан бастап айтар болсақ, ұмытпасам, сол сексенінші жылдардың ішінде ақын Әбу Сәрсенбайұлы маған үлкен мақала әкеліп, газетке бастыртты. Онда Астрахан облысында тұратын қазақтардың хал-жайы, әсіресе мәдени, рухани өмірі сөз болды. Облыста жүз елу мыңға жуық қазақ тұрса да, ана тілінде өз газеті жоқ екен, радио, теледидар жоқ, мектеп те осал. Әрі десе бүкіл қазақтың дауылпаз пірі Құрманғазы бейіті жалаңаш жатыр.

Сонда сол Әбу Сәрсенбайұлы жеке басына пайда іздеп жүрген жоқ қой. Беріде тоқсанға толып, дүниеден өтті-кетті. Ал артында бір кезде өзі жоқтаған зәруліктердің іске асқан іздері қалды. Мысалы, қазір Астрахан қазақтары өз ана тілінде «Ақ арна» атты газетті оқиды. Теледидарда, радиола казак тілінде эфирге шығатын бағдарламалары бар. Астрахан облысында жетпіс екі мектепте казақ тілінде сабақ кестесі ендірілген.

Ал бүгінгі салтанаттың себебі — Астрахан облысы, Володар ауданы, Алтынжар ауылында Құрманғазы бейітінің басына ақ шаңқан ақ кесене орнатылды. Соны ашу рәсімі. Бұл салтанатқа Қазақстан мемлекетінің президенті Нұрсұлтан Назарбай мен Ресей үкіметінің басшысы Виктор Черномырдин қатысты.

Бұрын біреу білсе, біреу білмейтін алыстағы Алтынжар ауылы бір күннің ішінде жарты әлемге әйгілі болып шыға келді. Ірі-ірі екі мемлекеттің патшалары осы жерге келіп тоғысқандай не жағдай?

Әрине, мемлекетаралық мәселелерді шешу үшін Нұрсұлтан Назарбай мен Виктор Черномырдин кездесетін жер жетеді ғой.

Бұларды бұл жерге алып келген Ұлы pyx! Бүлікшіл, дауылпаз композитор Құрманғазы рухы. Егер патшалар осылайша ұлы руханият пірлерінің басына келіп, тағзым ете беретін болса,заман түзелер. Бұл жақсы нышан.

Оның бер жағында елдің еңсесі бір көтеріліп қалды.Жүз елу мыңға жуық, қазақ, Астрахан облысын мекендейтін көп ұлтты халықтардың ішінде орыстардан кейін екінші орында тұр.Бұларды диаспора деуге келмейді. Диаспора, мысалы, Парижде, Германияда тұратын қазақтар.

Астрахан қазақтары өздерінің ежелгі ата-бабаларының жерінде өмір сүріп жатыр. Басқа жақтан ауып келгендер емес, — дейді облыс губернаторы Анатолий Петрович Гужвин мырза.

Нағыз шыншыл, адал орыс осы. Орыста осындай адал адамдар көп болса, Гунькин, Супрунюк сияқты бәлеқорлар жоқ болса шіркін, іргемізден оқпақ жел соқпастан, жайдарман жақсы заман орнар еді-ау... Бірақ гунькиндер мұнда да бар сияқты.

Біздің Президентімізге қалын. нөпір ішінен біреу айқайлап сұрақ қойды.

Ермакқа ескерткішті неге құлаттыңдар?
Ермактың ешқандай ескерткіші жоқ.
Ендеше болады!

Ашық аспан астындағы сахнада үлкен концерт жүріп жатыр.Көрермен көп. Көңіл көкке дейін көтеріліп тұр. Сол сәтте казак ансамблі шығып, қылыштарын билетіп, қамшыларын үйіріп, ежелгі казак әнін әңкілдетіп ала жөнелді:

Басурманов побивать!,
Скоты угнаты
Ихиых девок умыкаты...

Бұл ән ертеде, баяғы заманда айтылған. Бірақ мыналар соны жаңғыртып, қай-қайдағыны еске салып тұр.

Жалпы,мұндағы қазақтарға тиісіп жатқан ешкім жоқ.Қазақтар өз сыбағасынан құр қалмайтын сияқты. Тек біздің республика оқулықтар, көркем әдебиет кітаптарын, газет, журналдарын жеткізу амалын қарастырса, бауырға тартып, жылы қабақ таныта берсек, аралас-құралас,барыс-келіс, алыс — беріс болса,мұндағы қазақтар бауырмалдықтан қашпайды.

Ал енді биік төбе басындағы күндіз Күн сәулесіне, түнде Ай нұрына шағылысқан ақ кесенеге келсек, мұның авторы маңғыстаулық Мақсұт Нұрқабаев. Кесене құрылысын қолға алған қазақ мәдениеті мен тілі жөніндегі «Жолдастық» атты қоғам. Оның тізгіні Никита Сейітұлы Исқақов деген азаматтың әлеуетті қолында екен. Өзі банкир. Егер қазақтан шыққан банкирлер қандастарына осындай жақсылық жасай берсе, қазақтың мұртын балта шаппас еді.

Іздері, сұрары болса аруақ азбас. «Жолдастық» жалғыз не бітіреді, мына жақтан Атырау, ана жақтан Маңғыстау, Астрахан облыстық әкімшілігі, Алматыдан Мәдениет министрлігі бәрі-бәрі қол ұстасқанда, мына заман қанша киын дегенмен, мыңжылдық ескерткіш телегей теңіздегі ақ кемедей кербезденіп, елдің сәнін кіргізеді.

Президент Нұрсұлтан Назарбайдың айтуы бойынша, бұл игі іс алдағы 1998 жылы ететін үлкен мүшел тойдың тұсаукесері. Осы жылы Құрманғазының туғанына 175 жыл толады. Өлмеген құлға ол күнде алыс емес.

Премьер-министр Виктор Черномырдиннің айтуы бойынша, ұлы адамдар тек бір халықтың ғана мақтанышы емес, ондай даналар күллі адамзатқа ортақ. Құрманғазы сондай.

— Мен өзім бала кезімде Орынбор даласында казак балаларымен бірге ойнап, солардың арасында өстім,—дейді Черномырдин. Балалар нәсілге бөлінбейді, періштедей адал болады. Сол қасиет үлкендерде де сақталса, жақсылық заман болады.

Осыдан отыз жылдай бұрын «Құрманғазы» атты поэма - дастан жазылды. Авторы — Хамит Ерғали. Дәл бүгін жасы сексенге толып, той тойға ұласып жатыр.

Осыдан отыз жыл бұрын Құрманғазының қабірі жүдеу ғана жабырқап жататын. Бірақ Хамит ақын көреген екен, сол көріпкелдікпен былай деп жазды:

... Ақ күмбез ақ Еділдік құламасы,
Зиратқа көшіп барды гүл анасы.
Халықтар махаббаты шуағында,
Өнердің ұйықтап жатыр ғұламасы.

Ақынның айтқаны келді. Ақ күмбездің айналасы гүлге толып кеткені рас. Жалғыз қазақ емес, орысы, ноғайы, татары, қалмағына қалмастан мыңдаған жан жиналып, Құрманғазы дегенде махаббат ықыласы төгіліп, өнер құдіретінің кұшағына бәрі сыйып кетті.

Өйткені Құрманғазы өнері халықтардың басын біріктіруге, әуелі қазақтың басын біріктіруге адал кызмет етті. Өзі Бөкей ордасында туа тұра, ол қазақтың Сарыарқасын, Алатауын дабылдатты, Қазақтың Шығысы мен Батысын, Оңтүстігі мен Солтүстігін тұтас көрді, бірдей көрді. Бөлмеді, бөлшектемеді.

Бұл ұлыларға тән қасиет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама