Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Жаңа оқу жылы: Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары қалай оқиды

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова жаңа оқу жылында кезекші сыныптардың қалай оқитынын түсіндірді.

«Ата-аналардың қалауымен және мектептедегі жағдайды ескеріп, бастауыш, яғни 1-4 сыныптардың оқуына рұқсат беріледі. Әрине, кішкентай балалардың оқуға ынтасы әлі қалыптаспаған. Сондықтан, өтінім негізінде мектептерде кезекші сыныптар ашу жөнінде шешім қабылданды», — деді вице-министр «Атамекен» ҰКП өткізген онлайн жиналыста.

Спикер ата-аналардың пікірін тыңдап шыққанын айтты. Олардың арасында санитарлық шараларды қатаң сақтап, оқу процесін мектепте жүргізуді қолдайтындар бар және баласын мектепке жіберуге түбегейлі қарсы адамдар да бар.

Вице-министрдің айтуынша, кезекші сыныптарда оффлайн және онлайн форматта өтетін пәндер тізімі анықталады. «Кезекші сыныптар қашан жұмыс істейді? Кей пәндерді — мектепте, кей пәндерді — онлайн оқытуға жібереміз. Мәселен, бастауыш сыныпта сауат ашу, жазу, математика, тіл пәндері офлайн форматта өтеді», — деді Ш. Қаринова.

Оның айтуынша, әкімдіктер сыныпты топқа бөліп оқытуды да ұсынып отыр.

«Елімізде екі ауысымды, үш ауысымды мектептер бар екенін, онда бала саны көп екенін түсінеміз. Бір күні — бірінші топ, ертесіне — екінші топ оқиды. Ондай да тәжірибе әлемде бар. Бұл әдісті Сингапур ұсынып отыр. Кезекші сыныптар ата-аналардың өтінімі бойынша құралады, біз кезекші сыныпта бір ғана сыныптың балаларын оқытуды ұсынып отырмыз», — деді вице-министр.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама