Жол үстіндегі сыр
І
Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын, метрика дегенді білмейтін. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуынша 1902 жылы тусам керек. Қазір Теміртау заводы, Тельман ауданында, Нұра өзенінің жағасында, Жауыр, Қожыр тауларының етегінде тұр. Осы таулардың кішкене шашырандысы Сартөбе деген жерде (Жауырдан үш-төрт километр) бір боранды күнде туыппын. Әкемнің айғыр үйір жылқысы болыпты. Әкемнің әкесі Қыдыр заманында ел билеген адам деседi. О да онша бай болмаған. Оның әкесі Матайға он екі мың қой біткен. Матай жасында батыр болған. Матай мейлінше өскен ата. Оның бір баласы Қыдыр бос ұл туады: Ахмет, Алдаберген, Мұқаметше, Мұстафа, Қаметжан. Ахмет пен Мұқаметше ел билеген, абыройлы адамдар. Алдаберген, Мұстафа, Қаметжан шаруа баққан, дәулеті шағын адамдар. Мұстафа 87 жасында жылы қайтыс болды. Екі рет хажыға барған, шала сауатты адам. Хажыға ол байлықпен бармаған, алғашқыда жалғыз үйір жылқысын сатып, шиеттей үш баласын тастап, — менің бірер жасар күнімде, өзінің отыз бес жасында кеткен. Екінші ретте Жолжан деген байдың ақшасымен барып, бедел хажы болып келген.
Мұстафа мейлінше әділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді адам. Мектеп көрмесе де дінге берік, құйма құлақ кісі. Егер, дін шырмап қалмағанда, оқығанда үлкен ғалым болатын түрі бар.
Шешем Қадиша, Жекебай деген нашар адамның, нашар атаның қызы. Барып тұрған ақ көңіл, диуаналау әйел. Әлі тірі. Жасы тоқсаннан асып барады.
Мұстафаның осы күнде бес баласы тірі: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіқалық, Ғазиз.
Мен есімді білер - білмес кезімде, жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спас заводының шығыс жағында он жеті километр — «Көктал - жарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Ата мекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келімсектермен тұрғын ел арасындағы ұрыс - жанжал, кісі өлімдері менің көңіліме өлмейтін ғажап суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегіме сол оқиғалардың қайсы бірін пайдаландым.
Жас кезімде ауылдағы молдалардан дін сабағын оқыдым. Басқа оқу жоқ. Қазақ елінің тоқсан тоғыз проценті сауатсыз, сауатты дегеніміздің көбі молдалар, діншілдер. Он жас толмай жатып күніне бес мезгіл намаз оқыдық, рамазан айында үш күндік ораза тұттық. Ораза жылына он күннен ауыса - ауыса, жаздың ұзақ, ыстық күндеріне келгенде шыдам жетпейді. Құдайдан қорықпай, жасырмай, молдалардан қорқып, жасырып, үзіліп баратқанда су ішеміз, тамақ жейміз. Мұсылман оразасы оразалардың ішіндегі ең адалы.
1916 жылы Спас заводында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқыдым. Екінші жылы сол заводтағы бес жылдық орыс - қазақ мектебінің төртінші бөліміне келіп түстім. Бір жыл осы мектепте оқып, төртінші бөлімді бітірген соң, қайтып оқуға мұрша болған жоқ. 1918 жылдан 1925 жылға дейін ауылда жүрдім. Алған азын - аулақ білімім ұмытылып қалды.
1925 жылы көктемде, келіншегімді алып, (сол қыста үйленген едім) Қазақстан астанасы Қызылордаға оқу іздеп келдім. Оқуға түсе алмай, қызмет істеуге тура келді. Қазақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші болып отырып, газет оқуға ауыздандым. Алдымен менің оқитыным ұсақ хабарлар, жарнамалар болды. 1925 жылдың күзінен бастап, республиканың «Еңбекші қазақ» газетіне ұсақ хабарлар жаза бастадым.
Келесі жылы (1926) «Малта», «Малай» дегендерді еліктеп очерк, фельетондар жазуға, Сәбиттің «Ақбөпесін» еліктеп әңгіме жазуға кірістім.
Ол кезде жазушылық кәсібінің маңызына түсінген емеспін. Жазғым келгенде көргенімді, сезгенімді сол күйінде жаза салатынмын. Әлі күнге мектеп көрмесем де, сол кездегі екі сала айтыстар өз тұсымнан ізденуге, оқуға күшті әсер етті. Өйткені, «Екеудің», Қошке Кеменгеровтің, Ғаппас Тоғжановтың тағы басқа «оңшылдардың» мақалалары марксшілдерден дәлел келтіріп, ауыз ашырмауға айналды. Орыс тіліне жөнді түсінбеймін,
сонда да марксшілдерді оқи бастадым.
Сәрсен мен Боқаш деген алғашқы әңгімем «Жыл құсы» журналында 1927—1928 жылы жарияланды. 1929 жылы «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағым шықты. Әліме қарамай Тоғжанов, Сейфуллин сияқтылармен пікір таластыра бастап едім, Сейфуллиннен басқасы әдебиет майданында қағажу көрсетті. Жазғаным өтпей қойған соң 1930 жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім.
Мен келгенде Қарағандыда ағылшындардан қалған бес - алты жаман барақтар ғана, отыз-қырық жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қол бұран арқылы шығаратын. «Шахты» дегендерді бір ғана құдық. Meн жұмысты жер қазудан, темірлердің тотын қырудан бастап, бірнеше сатылардан өткен соң токарь болып шықтым. Үш жылға жақын уақыт жұмысшылықпен өтті. 1932 жылдың ақырында, 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар төменнен жоғарылатып, «Қарағанды пролетариаты» газетіне жауапты секретарь етті. Бұл газетте көп істегем жоқ. Новосибирь қаласында «Қызыл ту» атты жаңа газет шығатын болып Қарағандыдан кадр сұраған. Тіленіп сонда ауыстым. 1933 жылдың майынан 1938 жылдың февраліне дейін Қызыл ту» газетінде істедім. Газет жабылған соң Новосибирьден Алматыға қайттым.
«Шығанақты» жазғанда Толстойдан да, Гюгодан да іргені аулақ салып, өз тұсымнан бір жол табуға шыққамын. Сонда да олардың әсері аздап қалып қойыпты.
Әгәр менің басқадан титтей өзгешелігім болса, «Миллионерде» көрінуге тиісті. Өйткені жұрттың бәрінен «қашып», өз бойымды көрсетуге бар ынтамды салғамын. «Қарағандыда» «Миллионерден» асуға, «Дауылдан кейінде» «Қарағандыдан» асуға барымды аяғам жоқ. Бірінен - бірін асырған сияқты болсам да «әттеген-ай, ана бір жерін...» демей қалғам жоқ.
Бертін келе сөз саптау жөнінде қазақ жазушыларынан Әуезов Мұқтар мен Мүсірепов Ғабит қана ұнады. Ғабит сөзінің дәлдігі, жинақтылығы, мысқылы ұнаса, Мұқтар сөзінің салмақтылығы, тереңдігі ұнады. Ұнатсам да екеуінің сөз қасиеттерін жиі електен өткізіп, ұлпасын ғана пайдаландым.
Шығармада адамдарды сөйлестіру, көріністерді суреттеу, сюжет құру, сезім мөлшерін білу дегендерді көп ізденіп, ақыры орыс жазушыларынан таптым. Өзімнен де қосқандарым бар. Бұл жөнінде қазақ жазушыларынан алғаным тіпті аз шығар.
Менің еш бір шығармам әлдеқалай туған емес. Толғанудан, арманымнан туды. «Өмір не өлім» романында ежелден көшпелі, малшы елдің Қарағанды сияқты үлкен өндіріс жасап, индустриялы елге айнала бастағанын, қайнаған енбек, социалистік күрес үстінде ішкі, сыртқы жауларын қалай жеңіп шыққанын мақтан ете көрсеткім келді. Ол кездегі қазақ әдебиетінде индустрия тақырыбы жоққа тән. Халық жоқты жасап жатқанда жазушы неге сыртқары қалады?! деген сана мені қиынға, соныға айдады.
«Шығанақта» көшпелі ауыл отырықшы, колхозшы ауылға айналды. Жеке еңбекті бірлескен еңбек, жеке меншікті бірлескен меншік жеңді. Нағыз байлық, өнер, бақыт... бәрі социализм тұсында жасалатынын көрсетпек болдым. Романның бас геройы Шығанақ Берсеев автордың ойдан шығарғаны емес, шынайы адам. Ол тары өнімінен жүйемелете төрт рет дүниежүзілік рекорд жасады. 1944 жылы қайтыс болды. Осы ақылды, еңбекқұмар, ізденгіш, алғыр қарт арқылы халқымның бойындағы асыл қасиеттерін айтып қалуға тырыстым.
«Шығанаққа» дейін де ауылдағы ұлы өзгерісті бейнелейтін көлемді шығарма қазақ әдебиетінде жоқ-ты. Сол жоқтық маған «Шығанақты» жаздырды. Меніңше, әдебиет— өмір айнасы. Өмірдегі орасан оқиғаларды көрсете алмаса, оның несі айна?
Жазушының ойынан өмір әлдеқайда кең, шапшаң әрі әдемі. «Шығанақты» бітіріп, жарыққа шығарғанымша ауыл өмірі алға кетіп қалды. «Миллионер» романында мен енді өмірдің алдын орамақ болдым. Шынымды айтайын, бұл романдағы миллионер колхозды, жоғарғы білімді председательді ол кезде көрген де, естіген де емеспін. Болжаумен жаздым. Осылай болады, әдебиет болғанды айтумен тынбайды, болашақты да айта алады, деген Маркстік — Лениндік қағидаларға сүйендім. Сөйтіп, өмірдің алдын орадым, деп жүргенде бүгінгі колхоз тағы да менің ойымнан озып кетіпті.
Өмір не өлімді» жазып бітіргенше Қарағандыдан бұл романым да кейін қалып қойды.
ІІ
Менің өскен ортам алпыс үй Елібай ертерек жерінен айрылып, қоныс ауып, кедей болды. Сол кедейдің бірі, түбі өзбек, Сейткемелдің Әубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әубәкір 1910 жылдан бастап саудаға айналысып, байи бастады. Жазы-қысы бір ауылда отырамыз. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналды. Үш-төрт жылдың ішінде, әсіресе, 1916 жылы Әубәкір бүкіл бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды. Бермегеннен бұрын, ауыл үй отырып, оның қатын-қалаштары, малайларына дейін намысымызды қорлап бақты. Бала кезімде, іңірде, қараңғы үйде шешемнің:
— Қарашығым, кешегі жалғыз үйлі сарт менсінбеді, құдай, аруақ бар болсаң тап!—деп бетімнен сүйе талай еңіреген көз жасы ішіме мұз боп қатқан. Ру намысына қызған кедей ағайындардың да іші мұздаған еді. Сол Әубәкір 1919 жылы, дәл қызылдар келер алдында қызын амалсыздан берді. Бір жылдан кейін қызы өліп қалды. Менің ішімдегі кек өлмеді, өрши берді. Ауылға лау келсе, салық түссе, бай Әубәкір кедейлерге өзімен бірге тартқызды. Іштен тына келіп, мен бір күні жарылдым. Бірақ, елде тұрып айтысуға Әубәкір бой бермейтін болған соң, 1925 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордаға біржолата кеттім. Жеке бастың қамынан, ұсақ-түйектен туған осы айтыс Қызылордаға келген соң нағыз таптық жолға түсті.
Таптық жолға түскенмен жауым жапырыла қалған жоқ. Ауылда ол кезде байшыл, рушыл, феодалшыл ықпал басым. Халықтың қаптал көпшілігі сауатсыз. Азғантай оқымыстылар ала: бірі Советті қолдаса, бірі байды қолдайды. Жалшы, кедейге езуші жауын қолмен көрсетіп тұрсаң да жауласа қоймайды. Құлақтарды қоспағанда жеті жүз шамалы ірі бай -феодал бар. Үкімет жарлығын оларды аттап орындау қиын. Сондықтан, жиырмасыншы жылдары ауылды советтендіру, тап жігін ашу ұранын кетерді партия. Taп күресі қызды. Қыздырушылардың, советшілдердің бірі бола тұра наһаққа талай күйдім. Бабам ірі феодал, әкем хажы, қайын атам бай. Дұшпандарыма бұл тап күресі кезінде қолайлы құрал болды. Өзім — кедей, адал. Достарым мені сол үшін қолдады.
Қызылордаға келісімен коммунист — Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтар тобына қосылдым. Қазақтың ауылы ғана емес, аз ғана оқымыстыларының, жазушыларының арасы да быт-шыт екен. Сейфуллин бастаған топ жазушылар ұйымын құрды (РАП). Елеулі еңбегім болмаса да, сол ұйымға мүше болып едім. Мұқтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты ірі жазушыларды, коммунист, басшылық қызметте жүрген Раббас - Тоғжанов сияқты сыншыларды бұл ұйым сыртқа тепті. Олардың өзі де енуге ентелей қойған жоқ. Сөйтіп, ауылдағы тап тартысынан келе сала орталықтағы әдебиет тартысына араластым. Бұл тартыс 1928 жылы ауылдағы жеті жүз ірі бай - феодалды конфискалап, жер аударған соң, елді индустрияландыру, коллективтендіру әрқилы социалистік шабуыл күшейген соң тоқталды. РАП жойылды. Оңға, солға тартқан жазушылар бәрі бір ұйымға бас қосты. Әдебиеттегі таптық күрестер, тап жойылған соң енді топтық күрестерге айналды. Мен бұл топтық күрестерден аулақ тұрдым.
Салт-сана, саясат майданына мен өз қатарымнан кейіндеу келгем, жем тәрізді қақ - соқпен жұмысым болмай, момын болып өстім. Совет беделін пайдаланып, түрлі зорлық, зомбылық істеген сыпыра жауыздар ауыл арасында өздерін кеудеге мен сияқтыларды қолынан ештеме келмейтін деп жүрді. Мен оларды ішімнен жауыз деп жүрдім. Білімсіз аралассам да совет адамшылығы, дегенді жүрегім жақсы сезсе керек, ауа жайылған жерім болған жоқ. Бала кезімде әкемнің берген діни тәрбиелері бір сыпыра пайдаға, әділдікке жарады.
Әкем ұзақ түндерде, жаман хікіматін бар даусымен оқып, жылап отыратын. Әділдік, адалдық, уәдешілдік, кішіпейілділік, бұл жолда тайынбайтын ерлік жайында дінге байланысты көп әңгімелер айтатын. Өзінің туған ағасы Мұқаметше отыз жыл би болды. Сол кісінің алған шараларын, әділсіздігін, менің қайын атам Әубәкірдің қиянатын, зорлығын, өзінше соттап отыратын. Ауылдың атқа мінерлері кедейдің бір жылтырағанын көрсе ұрлап, не тартып әкететін. Кедейлер жылап келгенде, әкем ағам Мұқаметше, ұры інісі Яқиямен, құдасы Әубәкірмен қанды төбелестерге дейін, пышақ жұмсауға дейін барған уақыттары болды. Әкем бірақ бұның бәрін таптық санамен емес, Мұхаммет жолы үшін істеп жүрді. Ол кісінің нанымынша Мұхаммет ұлы патша, құдайдың ең бірінші досы, тәркі дүние, кедейді, ғаріптерді, халықты сүйген. Осындай панатик бола тұрып әкем Советті де жек көрген жоқ. Өкімет әмірін орындау парыз, Совет өкіметінің жолы Мұхаммет жолы сияқты, кедейлерді қолдайды, әділ дейтін. Өзі бай болмаған соң советтен ол қысым көрмеген. Жалғыз-ақ құдай жоқ, дегенді жаратпайтын.
Өз басым құдайшыл болмасам да, әкемнің осы мінездері жас сана-сезіміме көп әсер етті. Есейген соң да, сана енген соң да оның жарамдылары бойымда қалып қойған секілді.
Партия қатарына 1940 жылы ғана енгем. Оған дейін «Хажының баласы», «Сейткемеловтің күйеуі» деп қудалаудан көз ашқаным жоқ. Партияға енген соң да, 1953 жылға дейін «домалақ» арыздарға жауап берумен келдім. Қызғанарлық бағым, мансабым не кесірлі мінез - қылығым жоқ. Маған неге өшігеді?! деп таңданатын едім, өшігетіндер жат адамдар деуші едім. Жат еместердің, тіпті достарымның, ішінен талай пейлі нашарлар табылды, кейде жақсы дегенім жаман, жаман дегенім жақсы болып шықты, табынған адамдарымнан тайыздық байқалды... Соның бәрі дүниеге сын көзімен қарауды, онша алысты көре алмасам да, аяқ астын көрсетерлік қолға бір шырақ ұстауды үйретті. Адам әрқилы күнелтеді, әрқилы із қалдырады артына күнелтуде, із қалдыруда мен жазушы еңбегінен артықты тілемедім, іздемедім.
Жазушы еңбегі — қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым әбден төселгендей болды. Сонда да әрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарық ұрып іздене беремін. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып жарамды дегенімді ғана қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын. Жазғаның өзіңе осылай эсер өтпесе, басқаға мүлде әсер етпеске керек. Қиналмасаң, қиналып тапқан бір сөзің не бір ойың «Мен бақытты!» дегізбесе, ондай жазушыға жазудың керегі не?
Мен алдыма қарасам, ең артта қалыппын деп қорланамын. Артыма қарасам, менен де кейін қалғандарды көріп жұбанамын. Оңаша бөлмеде, ұзақ уақыт ой тізіп сарғая отырғанымда жер тәңіріне бір өзім. Тізгендерім көп талқысына түскенде мен бір жаңа түскен келін. Әгәр жазушының басына қарама-қарсы осы екі қасиет орнамаса, жазушы шығарма үстінде өзін халық ойшысы, мемлекет қайраткері деп, шығармасы біткен соң бұлардың тек атқосшысымын деп сезінбесе ондай жазушыны нағыз жазушы деу қиын. Нағыз жазушы болғанды ғана айтып қоймай, бұлай болсын деп те айта алады.
Менің жазушылық жолымдағы өмірім, ойым қысқартып айтқанда осылай. Шығармаларымнан, күнделік дәптерімнен, мүмкін, бұдан толығырақ көрінер.