Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Көпжасушалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы
Күнделікті жоспар биология 6 сынып

Сабақ: 38
Тақырыбы: §40. Көпжасушалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы
Сабақтың мақсаты: омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың зәр шығаруы және зәршығару жүйесінің құрылысы жайлы білімдерін кеңейту; адамның тұлға ретінде қалыптасуын, адамгершілік тәрбиеге баулу; өз беттерімен іздену дағдысын қалыптастыру.
Сабақтың әдісі: түсіндірмелі
Сабақтың типі: құрастырылған

І Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру кезеңі
Балықтар оттегінің қандай түрімен тыныс алады? Балықтың негізгі тыныс алу мүшелерін атап, тыныс жолын сатысымен дәптерге жазыңдар.
Бақа мен шұбалшаңның тыныс алу мүшелерінде қандай ортақтық бар? Балықпен ше? Бақаның тыныс алу жүйесіндегі негізгі ерекшелік (артықшылық деуге де болар) неде?
Жорғалаушылардың (мысалы, кесіртке, жылан, т. б.) тыныс алу жүйесінің бақадан гөрі жоғары, құстар мен сүтқоректілерден гөрі төменгі даму деңгейінде екенін немен түсіндіруге болады?
Құстардағы қосарлы тыныс алудың қандай маңызы бар?
«Танау тесігі – көмекей – кеңірдек – өкпе – қан жүйесі» жоғары деңгейде қандай жануарлар – топтарында дамыған?

ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру кезеңі
Жануарлар ағзасы айналадағы ортадан қорек, газ және суды үздіксіз денеге жеткізіп, оларды өңдеп, одан өз тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті заттарды алады. Сырттан келген және өңдеуден түзілген қажетсіз заттарды денесінен шығару да тіршілік үшін өте қажетті процесс. Ол заттар шығарылмаса, ағза «қоқыс жәшігіне» айналып, ластанып, уланар еді және көлемі, салмағы шексіз өсіп, ешбір қимыл - қозғалыссыз шөгіп жатар еді. Бұл сөзсіз тіршілікті жояды.

Ағзада түзілетін әр түрлі зиянды заттар қатты, сұйық және газ күйінде болады. Газдың ағзадан шығарылуымен таныстық. Ал басқа зиянды заттардың денеден шығуының өз жолдары бар. Оның құрылысы мен күрделілігі жануардың даму деңгейіне байланысты.
Құрттарда (ақ сұлама, шұбалшаң) зәршығару мүшесінің дене ішіндегі ұшы кеңірек кірпікшелі жұлдызша тәрізді болып жіңішке түтікке айналады да, оның ұшы тері жабыны арқылы сыртқа ашылады.

Ұлуда зәршығару қызметін шапанша қуысына ашылатын бүйрек атқарады. Оның құрылысы күрделірек болғанымен, ол шұбалшаңның жұлдызша түтіктеріне ұқсас.
Шаянтектестерде зәршығару мүшесінің қызметін жасыл түсті жұп без атқарады. Әр безден шығатын түтікше қан арқылы жиналатын зиянды заттарды мұртшалардың түбінен сыртқа шығарады.

Өрмекшілер мен бунақденелілер негізінен мальпигий түтікшелері арқылы зәр шығарады. Дегенмен өрмекшінің көкірек бөлімінде бүйрегі болады. Ал қоңыздың тоқ ішек пен аш ішектің жалғасатын жеріндегі мальпигий түтікшелеріне денедегі зиянды сұйықтар жиналып, аналь тесігі арқылы сыртқа шығарылады.

Омыртқалы жануарлардың зәршығару жүйесі бір - бірімен ұқсас. Бүйректен несеп (зәр) несепағар түтігі арқылы қуыққа жиналып, одан клоака арқылы сыртқа шығарылады. Дегенмен бұл жүйеде әр жануардың түріне қарай аздаған өзіне тән ерекшеліктер бар. Мысалы, құста қуық болмайды. Несеп бүйректен несеп түтігі арқылы клоакаға жиналады да, сыртқа жиі шығарылады. Бұл – құстың ұшуымен байланысты ерекшелік, яғни оның денесін жеңілдететін бейімділік қасиеті болып табылады.

ІV. Бекіту.
Сонымен зәршығару – жануар ағзасына тән, асқорытумен тікелей байланысты, денені артық, зиянды заттардан тазартып, тіршіліктің сақталуын қамтамасыз ететін аса маңызды процесс.
Зәршығару мүшелері жануарлардың әрқайсысында әр түрлі болғанымен, барлығының қызметі ағзаға түскен немесе ағзада түзілген зиянды заттарды «сүзіп», «жинақтап», сыртқы ортаға шығару болып табылады.
Зиянды заттарды ағзада бөліп, жинақтайтын негізгі мүше: қарапайымдарда – жиырылғыш вакуольдер, құрттарда – жұлдызша түтікшелер, ұлуда – шұбалшаңның жұлдызша түтікшелеріне ұқсас бүйрек, шаянтектестерде – жасыл түсті бір жұп бездер, өрмекшітектестер мен бунақденелілерде – мальпигий түтікшелері, омыртқалы жануарларда – бүйрек.
Үй тапсырмасы. § 40 оқып, 91, 92 - суреттерді салу.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама