Күшіктерді құтқару құпиясы
Ойда жоқта үйдің жертөлесінде күшіктер пайда болды. Енелері таңертең әлдеқайда жортып кетеді де, күнұзақ екі-үш мәрте соғады. Қалған уақытта күшіктер балалардың еншісінде. Олар аңдып тұрып, күшіктердің басы қылт еткен сәт шап беріп мойнынан ұстап алады да, дырылдатып сүйреп сыртқа шығарады. Содан ал кеп ойна! Өздері сондай сүйкімді. Бір-бірінен аумай қалған бес күшік. Енелері кейде үстерінен түсіп қалса да, «е, балалар ғой, ойнай берсінші» дегендей, қызғаныш білдіріп айбат шекпейді. Үн-түнсіз ініне кіріп кетеді. Оның соңынан күшіктер жапатармағай ұмтылады.
Бір күндері күшіктердің енесі ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Бір жерде өліп қалды ма? Ит атқыштар көзін жойды ма? Әйтеуір бір жамандыққа ұшырағаны анық. Сөйтіп, күшіктер күтпеген жерден қорғансыз қалды. Олардың күні енді не болмақ? Әлі есеймеген сәби күшіктердің өз беттерінше тамақ тауып жей алмасы анық. Осыны балалар жан-тәндерімен ұқты. Мұнан соң «Ақсай» ықшам ауданындағы №21 үйде бірінен кейін бірі тосын оқиғалар орын ала бастады.
...Намазын оқып, ас үйге қайтып оралған Есенгелді қарт кенет тамақ ішетін столға көзі түсті де, сілейіп тұрып қалды. Өз көзіне өзі сенбеді. Әлгінде ғана сатып әкелген шұжығының жартысы жоқ. Шұнтиып тұр. Және бұндай жағдай бірінші рет емес, екінші... тіпті үшінші рет ұшырасып тұр. Біреу қалжыңдағысы кеп, әдейі жасап жүр ме? Ол күдіктене терезеге зер салып қарап қойды. Жоқ, жабық тұр. Барып, сыртқы есікті тартқылап көрді. Құлыптаулы. Үйді түгел тінтіп шықты. Тышқан кіретіндей саңылау тапсашы. О, тоба! Мұндай да болады екен-ау? Шарасы таусылғасын, әлгінде ғана көз шырымын алуға қисайған кемпірін оятып, мән-жайды түсіндірді.
— Астапыралла, — деді шошып кеткен кемпірі. — Саған бір нәрсе көрінген шығар-ау.
— Қайдағыны айтатының не?
— Апыр-ау, бұл тегін емес, — дейді ол одан бетер үрейі ұшып, көздері алақ-жұлақ етіп.
— Болмашы нәрсені ушықтырып жіберетінің-ай осы сенің? — Үнінде қайдан айта қойып едім дегендей өкініш бар еді. Бірақ, енді бәрі де кеш.
— Қайдағы болмашы нәрсе?! Болмашы нәрсе осындай болатын ба еді? — деп, ол қауіп-қатерді өршіте түсті.
Болған жайды жеткізем деп, сау басына сақина тілеп алған еді. Келесі сәтте кемпірі оны ай-шайға қаратпай емханаға сүйрелей жөнелді. Бармасқа тағы лаж жоқ. Қосағының ойындағысын орындамай тынбайтын қыңыр мінезі бар-ды. Дәрігердің алдына жеткен бойда небір сұмдықты басына үйіп-төксін.
— Шалым соңғы кезде біртүрлі болып жүр, — дейді. — Жақында өлген кісілер түсіме кіре берді дегесін, бір малды құрбандыққа шалып құран оқыттық. Ал енді бүгін шұжықтың біразын жеп алып... намаз оқып болғанша онысын ұмытып кетіп... жартысы қайда деп маған кеп тұр...
— Ұмытшақтық жасы ұлғайған адамдарда жиі кездеседі, — дейді дәрігер шын иланып.
— Е, мен әлі есімнен алжаса қойған жоқпын ғой, — дейді қарт шыр-пыры шығып. Бірақ оның сөзіне құлақ асар жан жоқ.
— Әнеугүні үйдің кілтін жоғалтты. Ал оның алдында сатып алған затын дүкенде қалдырып кетіпті. — Кемпірі жуық арада алған бетінен қайтар түрі көрінбейді.
— Сізге жатып емделу керек, — дейді дәрігер.
— Мен сап-саумын, — деп, қарт жыларман күй кешті. Бірақ кемпірі мен дәрігер екі жақтап «ауру екенін» мойнына қиып сап, ақыры оны аз уақыт жатып емделуге көндірді.
Шалын жатқызып, көңілін демдеп, үйге жеткен сәтте алдынан немересі жүгіріп шықты.
— Әже, атам қайда? — деді ол.
— Атаңды ауруханаға жатқыздым.
— Неге?
— Склероз деген ауруға ұшырады. Дүкеннен әкелген шұжығының жартысын жеп алып, қайта айналып келгенше онысын ұмытып қалып...
Істің не туралы екенін тез ұққан қыз:
— Әже, атам сап-сау. Мен... мен... мен... — деп бір нәрселерді түсіндіріп айтып келе жатыр еді, бірақ әжесі:
— Оның сап-сау екенін сен қайдан білесің? Дәрігерден артықпын дейсің бе? — деп тиып тастады.
Жазықсыз атасына жаны ашыған Айғаным кешкілік:
— Әже, атам ұзақ жата ма? Оған бостан бос укол сала ма? Ол ауру емес қой, тезірек шығарып алайықшы, — деп қыңқылдай бастап еді, әжесі:
— Атаңды дәрігерлер жеп қояды деп қорқасың ба? Бостан-бос укол салмайды. Тексеріп көреді. Жақсы болса тез шығарады, — деп көңілін орнықтырып қойды.
Осыдан екі күн өткеннен кейін тағы бір таңқаларлық оқиға болды. Апасының жанында ұйықтайтын Іңкәр түн ішінде «қарным ашты» деп тұрып кетіп, мұздатқыштан біраз затты алып, дорбаға мұқият салып, оны тура есіктің аузына қояды. Ал «ұрыға» есікті ақырын ғана ашып, дорбаны алып кету жұмысы ғана қалған еді. Бірақ шешесі сыртқы есіктің қатты жабылған дыбысынан оянып кетіп, жалма-жан жүгіре шыққан кезде тапырақ-тапырақ етіп қашқан аяқ дыбысын естіп қалады...
Таңертең шешесі:
— Ұрылар сонда есікті қалай ашқан? Түнде есіктің белтемірін салған сияқты едім ғой. Әлде ұмыт қалдырдым ба? Мен де Есенгелді қарт сияқты склероз ауруына ұшырадым ба? — деп дал болды.
Өстіп жүргенде ораза айы да келді. Көршілердің ауыз ашарда бастары қосыла бастады. Міне, осы отырыстарда олар балаларының асқа деген тәбеті ашыла түскенін айтып, дес бермей мақтанды. Еркетотайлар бір-бірінен аумай қалған ба? Бәрі де сүтке құмар, шұжыққа әуес, ыстық бауырсақты асығыс қарбытқыш болып шықты...
Бірақ көп ұзамай-ақ олардың сыры ашылып қалды. Бірде Іңкәр таңертең жетінші қабатта тұратын Мақпал тәтейдің есігінің қоңырауын басты.
— Иә, Іңкәр, халың қалай?
— Жақсы. Мақпал тәте, сүт беріңізші.
— Әсия құрбымның шайға қататын сүті таусылып па еді? Қап, әттеген-ай, біздің үйде де сүт жоқ еді. Зәуде бір сұрап келгеніңде табылмағаны ұят болды-ау, — деп қысылды ол.
— Ең болмаса Жаннұрдың сүтінен бір жұтым беріңізші, — деп қиылды ол.
— Иә, айтқандай, Жанкаға деген азғантай сүттің бар екені рас, — деп жүгіре жөнелді тәтей.
Бұл үйде бірге де толмаған сәби бар. Ал кішкентай бала бар үйде сүттің қашанда табылатыны анық.
Бірақ кешкілік ауыз ашарда Іңкәрдің сүтті апасына апармағаны белгілі болып қалды... Өздерінің алданғанын жаңа ғана білген үлкендер Есенгелді қартты ортаға алып, небір таң-тамаша жәйттерді еске түсіріп, ішек-сілелері қатып күліп отырды. Балаларға ешқайсысы да ренжіген жоқ. Өйткені, бәрі де ізгі ниеттен, адалдықтан туып отыр емес пе?
Каникул да аяқталып қалды. Төтеннен келген ой оларды тығырыққа тіреді. Ертең бәрі сабаққа барады. Сонда күшіктерге кім қарамақ? Тезірек сенімді қолға тапсырмаса болмайды-ау. Бақандай бес күшікке ие табыла қояр ма екен?
Енді олар қым-қуыт әрекетке кірісіп кетті. Басы сәтімен басталды. Айғанымның үйіне нағашы ағасы қыдырып келе қалмасы бар ма? Міне, сол шопан ағасына Айғаным мақтауын жеткізіп, «мал күзететін ақылды ит болады» деп, бір күшікті өткізіп жіберді. Екіншісін Қаламқас ауылға барғанда атасына сыйға тартты. Үшіншісі, төртіншісі де өтті-ау... Енді ең соңғысы қалды.
Ең соңғысы қиынға соқты. Бұлар осы шағын ауданды шарлап, қаншама үйдің есігін қақты. Күшікпен қоса үйдің иелеріне де арнап нешеме жылы сөздер айтылды. Бірақ бір сәті түспей-ақ қойды.
Бір күні олар күшікті жуындырып, үстінің жүнін жылтыратып тарап, көпшілік жиі жүретін жерге алып шықты. Адамдар ерсілі-қарсылы өтіп жатыр. Бұлар әрбір жүргіншінің жүзіне зер салып қарап отыр. Іздегендері — жүздері жылы жандар. Міне, сондай мейірімді кісілер кездескен кезде ғана олар орындарынан өре түрегеліп, жапатармағай алдынан жүгіре шығып, құшақтарындағы күшікті жер-көкке сиғызбай мақтай жөнеледі. «Қасқыр алатын алабайдың тұқымы. Бұл тұрғанда сіздің үйге ұры-қары жолай қоймайды», — дейді. Бір жолаушы: «Бөтен қаладан келіп едім, жұмысым көп, күшікті әрлі-берлі көтеріп жүре алмаспын», — деп қиналды. Тағы біреу: «Әттең, алар едім, үйде итім бар», — деп өкініш білдірді. Кенет топ ішінен бір кісі көздеріне жылыұшырай көрінді. Нағыз жақсы адам! Жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұр. Ол жақындаған сәтте үшеуі үш жақтан:
— Аға, мынау бір ерекше күшік, алыңызшы, — деп жамырап қоя берді.
Істің мәнісін тез ұқты-ау деймін әлгі кісі, әлде бұлардың жүзіндегі ерекше ынтызарлықты қимады ма, ризашылықпен жылы жымиып, күшікті қолтығына қысып алды да кетті.
Қыркүйек те жетті. Көңілдері тоғайған балалар жайдары жүзбен партаға отырды.