Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Латын әліпбиіне қатысты ұтымды ұсыныс айтатындар комиссия отырысына шақырылады

Шайсұлтан Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешовтің айтуынша, қазіргі кезде арнайы мамандар латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасына қатысты барлық ұсыныстарды қаттап жатыр.

«Бізде ақпарат және мониторинг деген бөлім бар. Сол жерде төрт-бес қызметкер барлық ұсыныстар мен ескетулерді бақылап, xалықтан түскен пікірлерді қаттап жатыр. Соның бәрін әліпбидің әлеуметтік-қоғамдық мәселесіне қатысты сұрақтар деп бөліп жатыр. Ол - бір. Екінші - жалпы тілге қатысты сұрақтар. Үшінші - тура әліпбиге қатысты сұрақтар. Сөйтіп, үш блокқа бөліп, жұмыс тобының қарауына ұсынамыз», - деді Тілешов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Ербол Ерденбекұлы латын әліпбиінің бірыңғай стандартына қатысты xалық тарапынан сан алуан пікірлердің айтылып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Себебі бұның өзі xалықтың осы мәселеге бейқам еместігін, жаны ашығаннан кейін пікір білдіріп жатқанын көрсетсе керек. «Сондықтан бұл жерде «оң» мен «теріс» деп бөлмей, пікірдің қайсысы дұрыс, қайсысы қонымды, сол жағын қарауымыз қажет. Біз ондай азаматтарымызға рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Керек болса, сондай азаматтарды комиссияға шақырып, тыңдауға дайынбыз», - деп атап көрсетті орталық басшысы.

Айта кетейік, кеше ҚР Парламент Мәжілісінде өткен тыңдауда латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама