Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 күн бұрын)
Мақал - мәтел - сөз мәйегі
Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы
Өтегенова Әйгерім Жаналықызы

Мақал - мәтел - сөз мәйегі
Қазақта терең мағыналы ой салатын мақал - мәтел түрі сан алуан және олардың тақырыптары да біріне - бір ұқсамайды. Ел үлгі тұтатын ақын - жазушылардың шығарған асыл да астарлы мағынадағы түйін сөздері халықтың ой елегінен өткізіліп, еш өзгеріссіз ұмытылмай сақталып, ауыздан - ауызға таралғаны бізге мәлім. Олар адамзат баласына үлкен ой тудырып, нақыл да ақыл сөз ретінде үлгі - өнегеге толы болғандықтан, қолдану аясы кеңейе түскен. Яғни, осы тұрғысынан айтар болсақ, мақал - мәтелдің берер тәлім - тәрбиелік маңызы зор екендігін айқындайды. Мақал - тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, белгілі бір тұжырым жасайды. Ал, мәтел - ой пікірді бейнелі әрі тұспалдап, ишара түрінде жеткізеді. Демек, мақал - мәтел - сөз ұйытқысы бола отырып, жақсылық, жамандық, достық, қастық, өнер - білім, т. с. с. тақырыптарға құрылады. Солардың біріне тоқталар болсам, «досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды»- деген халық даналығында достық, қастық турасында, ал айтылар ой - я досыңның сансыз көптігін, я болмаса, біліміңнің толыққанды жеткілікті болып ғана қоймай, қандай қамал болса да бұзуға қауһары жететіндігін көрсетеді. Яғни, мұнда - бірлік те болып, ақылды болуға тәрбиелейді. Ал, «өнерлі өрге жүзеді, өнерліге өлім жоқ» - деген осы бір нақыл сөздің мағынасы - өнерлі адам көптеген биік шыңдардан көрініп, үлкен жетістіктерге жететінін, яғни қабілет - ісінен өз күніңді көре алатындығын айқын топшылайды. Айтпақ ойы, өнерлі, еңбекқор болып талаптану қажет екендігін алға тартады.
«Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің,
Ата - ананың қадірін балалы болғанда, білерсің»- деген мақал мәнісі, ата - ана қадірін өзі балалы - шағалы болғанда білетінін айтады. Мұндағы ой - сарыны – ағайынмен араз болмай, тату, ынтымақта болып, әке - шешені сыйлап, құрметтеу қажеттігін меңзейді. Сондай - ақ, «жасыңда жалықпасаң, қартайғанда торықпайсың»- мұнда дәл, нақты оймен жеткізілген. Тіпті, бұл түйін сөз «көндікпесең бейнетке, қолың жетпес зейнетке»- деген мақал мағынасымен пара - пар әрі дәлелі іспеттес десем, артық айтқандық болмас.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мақал - мәтел - терең ойлауды қажет ететін, қадір - қасиеті жойылмаған, тұжырым - түйіндегі сөз мәйегі, асыл мұра.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама