Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мәшһүр Жүсіп Көпеев шежіресі - қазақ тарихының қайнар көзі

МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЕВ ШЕЖІРЕСІ – ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Қазақ елінің тарихы шежіреден бастау алады. Халыққа ауыздан-ауызға тарап жеткен қазақ шежірелерінің қатарына Захираддин Бабырдың – «Бабырнамасын», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашидиін», Бейбарыс пен Халдунның «Қыпшақ шежіресін», Әбілғазы Бахадүр ханның «Түрік шежіресін», Ұлықбектің «Сұлтандар шежіресін» және тағы да басқаларын жатқызуға болады.

Еліміз егемендігін алып, қазақ тарихын қайта жазуға ұмтылған тұста қазақ шежіресінің тарихымыздың негізгі дерек көздерінің бірі екендігі дәлелдене түсті. Олардың қатарында кейінгі жылдары басылып шыққан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақ шежіресін», Нұржан Наушабаевтың «Манзумат қазақиясын», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» жатқызамыз.

Жекелеген қаһарман тұлғаларды сипаттау барысында ел тарихын шежіре сипатында баяндаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінің маңызы зор. Мәшһүр Жүсіп тарихты жазуда жер тарихын, ел тарихын, жеке адам тарихын біртұтас сипатта қарастырып, өзара тығыз қарым-қатынастар жүйесінде баяндайды. М.Ж.Көпеев қолжазбасы – халқымыздың тарихына өз үлестерін қосқан қаһарман тұлғалар хақында фольклорлық нұсқалардың, жазба зерттеулердің, зерттеуші автордың өз ой-пікірлерінің өзара байланыстырылған мағлұматтарының аса мол казынасы.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақ шежіресінде» қазақтың шежіресін былайша тарқатады: Алаштан Сейілхан, Жайылхан атты екі бала тарайды. Соның Сейілханынан сегіз арыс түркімен таратылады да, Жайылханның ұрпағы туралы шежірешілер екі түрлі пікір таратады. Соның бірінде Жайылханнан Қазақ, Созақ, Ұзақ деген үш бала дүниеге келеді. Осының Созағы қарақалпақтардың, Ұзағы қырғыздар мен хакастардың түп атасы деп есептейді. Ал Қазағынан келіп Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген балалар дүниеге келеді. Олардан Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз тараса керек.

Екінші нұсқада Алаштың екінші баласы Жайылханнан үш бала емес, бір ғана ұл Майқы болады. Майқыдан Өзбек және Сыбан деген екі ұл туады. Сыбаннан Айырқалпақ, Айырқалпақтан Қазақ пен Созақ, Созақтан Қарақалпақ, ал Қарақалпақтан Ақарысты таратады. Қырғыздардың ақ айыр қалпақ киетіндігі осыған байланысты болса керек[1,81б.].

Қазақ халқының қайдан шыққаны, оның жүздерге бөлінуі туралы мәселе кейінгі кезеңдерде де көп толғантқан. Осы мәселе бойынша Шәкәрім өз шежіресінде «қазақтардың шығу тегі, нәсілі арабтардан емес, түп төркіні көне түрік әлемінде жатыр» деп тұжырым жасаса[2,12б.], ал Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Бұл қазақ деген кеше мен бүгін қойылған ат емес, заман-заманнан айтылып келе жатқан ат. Араб тілінде «ұғызақ» деп жазылған, шағатай түркісінде «хазағ» деп, өзіміздің жуан тілде «қазақ» деп жазылған»деп қазақ этнониміне қысқаша шолу жасап, қазақтың шығу тегін қазақтардың алғашқы ханы-Алаш пен оның балаларымен байланыстырып солардың ұрпағы деген ұғым қалыптастырады[2,10-11бб.].

Баспа бетінде жарияланған “Қазақ шежіресі” туындысын зерделей қарастырсақ та, Мәшһүр Жүсіптің жеке адамдар тарихын жер тарихымен, ел тарихымен байланыстыра баяндағанын көреміз. Оның үстіне М.Ж. Көпеев жалғыз қазаққа ғана емес, түркі халықтарына да ортақ тарихи тұлғалар: Нәрікұлы Шора (Қазан), Әмір Темір (Самарқан), ер Едіге (Алтын Орда) туралы шежіре нұсқаларын жазып алып, ара - арасында оларға деген өз көзқарас-пікірін келтіреді [1,99б.].

Мәшһүр қолжазбасындағы ел билеушілері (XV ғ.-ХVПІ ғ.ғ. аралығы) казақ хандары тарихы сөз болады. Шежірелік-жылнамалық сипатта жазылған бұл шығармаларда атақты билеушілердің іс-әрекеті қысқаша, тартымды баяндалынып, шежірешінің өз пікірлері де қатар беріледі. Керісінше, тарихи дерегі жұтаң, белгісіз хандардың есімдері ғана аталынып өтеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы “Қазақ түбі” еңбегінде әз Жәнібек ханнан бастап әз Тәуке ханға дейінгі хандар тізбегін таратады.

Мәшһүр Жүсіп шежіресінде Тахир хан, Тоғым хан, Бойдас хан т.б. белгісіз билеушілердін тек есімдері ғана аталынып өтіледі. Ал атақты, даңқты хандар тарихын баяндауларында Мәшһүр Жүсіп Қасым ханды “Жошы ханның өзінен соң Дешті Қыпшақты толық меңгеріп билеген” хан, “қазақ хандарының пируай дөкейі”; Хақназар ханды “қайратты кісі”, “батыр хан”; әз Тәуке ханды “ақылды кісі, табанды кісі”,“терең ойлы долық милы, дөкей ірі хан” ретінде бағалайды.

Мәшһүр Жүсіп жазбаларында Алаша ханға қатысты берілген мәліметтер тарих ғылымы тұрғысынан арнайы қарастыруды қажет етеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев хандар тізіміне Алаша ханды, Ормамбет ханды т.б. қосады [1,87-89бб.]. Бірақ, “Атасының аты білінбей, өз аты шыққан ерлер” еңбегінде оның тарихта кім болғаны халық жадында ұмытыла бастағанын атап көрсетіп, енді бір хандар тізімінде Алашаны қазақ билеушілерінен бөліп алып жеке қарастырады: “Қазақтың өз сыбағасына арналып хан болғандар: “Қасқа жолды” Қасым хан, “Ескі жолды” Есім хан, “Күлтебеде күнде кеңес” атанған әз Тәуке хан, олардан соң 48 жыл хан болып билеген Абылай хан. Қазақта хан болып, заң шығарып, халық қатарына қосқандар - осы айтылған хандар. Алды-арты жоқ Алаша хан деген бір хан билеген. Қазақ 3 жүзге бөлініп; Ұлы жүз Үйсін, Орта жүз Арғын, Кіші жүз Алшын атанғаны; “Алаш” деп ұран шақырысып: “Алаш- алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш болғанда, ұранымыз Алаш болғанда”,-деп айтатын заман болған”[1,94б.].

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қазақ тарихы туралы жазылған жемісті еңбегі-“Қазақ түбі”. Мәшһүрдің “Қазақ түбі” тақырыбында қағаз бетіне түсірілген шығармаларының бірнеше нұсқалары бар.

Біріншісінде Әбілғазы шежіресіндегі Адам ата, Нұх заманынан бастап, Уыз ханға дейін таратылған баяндаулары; Мүхаммет пайғамбар мен Аныс, Ақкосе сахабалар дәуірі туралы аңыз-өңгімесі; 92 баулы Қыпшақ, 32 баулы Өзбек, 3 жүз атанулары (“Алаша хан” әңгімесі) туралы шежіре сөзі; Мәшһүрдің өзінің әз Жәнібек ханнан әз Тәуке ханға дейінгі хандар тарихын баяндауы; Ақтабан шұбырынды оқиғасы туралы тарихи аңыздары жинақталған.

Екіншісінде Шынқыз (Шыңғыс) хан шығу тегі хақында жарияланған В.В.Радловтың “Қазақ түбі” аңызының (толықтай тексінің кошірмесі) нұсқасы; Абылай хан заманы жайында сақталған фольклор үлгілері; Нысанбай жыраудың қара сөзбен аралас берілген “Кенесары-Наурызбай” дастаны сөз болады.

Үшінші вариантында Әбілғазы шежіресінің Адам атадан Оғыз(Уыз) ханға дейін таратылған үзіндісі; Әбілғазы шежіресінің Шыңғыс ханның дүниеге келуін, Шыңғыс ханнан Есім ханға дейін таратқан нұсқасы; Абылайдың шығу тегі мен ұрпақтарының әулеттік шежіре сөздері  баяндалады.

Төртінші нұсқасында Адам Атадан бастап Уыз ханға (Оғыз) дейін таратқан Әбілғазы шежіресі; Шыңғыс ханның шығу тегі хақында жарияланған В.В.Радловтың “Қазақ түбі” аңызының үзіндісі; әз Жәнібек тегі туралы жазылған В.В.Радловтың жалған шежіресінің орнына берілген Қ.Халид кітабының Алтын Орда туралы тарихи мәліметі; Мәшһүрдің өзінің хандар шежіресі (әз Жәнібектен әз Тәукеге дейін) үлгісі; Ақтабан шұбырынды оқиғасы туралы тарихи сөздері  бір топтама жинағына кірген[3,26б.].

Жоғарыда келтірілген нұсқаларды салыстырып қарасақ, жекелеген ұқсас мәтіндер болуына қарамастан әр “Қазақ түбі” үлгісі қазақ тарихын әртүрлі баяндайды. Бұған қарағанда “Қазақ түбі”  Адам Атадан бастап Абылай ханға дейін таратылып жазылған М.Ж.Көпеев шежіре сөздерінің ортақ тарихи тақырыбы ғана болады. Мұнда әрбір нұсқада  шежіре, аңыз, әңгіме, тарихи сөз, зерттеу үзіндісі текстері бір уақыт жүйесі ретімен орналасады, ара-арасында зерттеуші автордың өзінің қазақ хандары туралы еңбектері, анықтама-түсініктемелері беріліп отырылады. Яғни, қазақтын түпкі тарихы туралы әр түрлі текстер мен түрлі ой - пікірлердің пайдаланылуы, бір тақырып бойынша жазылған еңбектерінің түрлі нұсқалары болуы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің тарихи таным арнасына әртүрлі көзқарас, мәлімет тарта білгенін айқындайды.

Қорыта айтқанда, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежіресі тарихымыз үшін құнды негізгі деректер көзі болып табылады. М.Ж.Көпеевтің еңбектері  тарихи тұлғаларымызды ғана емес, жалпы қазақ тарихына қатысты мәселелерді де жан-жақты қарастыруымызға мол мүмкіндік береді. Оның еңбектері келешек ұрпақты өткен дәуірлерге қатысты тарихи мәліметтермен байыта түседі және бір қарағанда кездейсоқ болып көрінетін қазақтардың қоршаған ортамен байланысын, олардың тарихи үрдістегі әлемдік тарихтың дамуындағы рөлін анықтауға мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1- Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. 2-ші бас.толық.- Астана: «Алтын кітап», 2007,-233б.-(Қазақ этнографиясының кітапханасы, 32-ші том).

2- Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі.- Алматы: «Қазақстан» және «Санат», 1991. -80 б.

3- Жүсіпова Л. Қазақ тарихы туралы жазылған жемісті еңбегі – «Қазақ түбі» / Аңыз адам  №19 (79) Қазан, 2013. 26-27бб.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама