- 16 қаз. 2019 00:00
- 379
Мектеппен қоштасуға, мектеп түлектеріне арналған тілектер
Кұрметті бүгінгі салтанатты кешке жиналған қадірлі ұстаздарымыз, ата-аналарымыз және менің қимас достарым! Міне, біз бүгін «тарыдай болып кіріп, таудай болып шықкан» ыстық ұямыз — мектебімізбен, бізді 11 жыл бойы оқытып, тәрбиелеген аяулы ұстаздарымызбен қоштасқалы тұрмыз. Енді біздің құлағымыз күмбірлеген күміс коңыраудың үнін естімейді.
Енді біз ең қызықты сәттерімізді өткізген мынау мектептің ауласында жарыса жүгіріп, сыныбымыздағы парталарға таласа-тармаса отырмаймыз. Енді біз 11 жыл бойы біздің «еркелігіміз бен тентектігімізді» көтерген апайларымыз бен ағайларымыздың сабақтарыңда отырмаймыз, тақтаға шығып сабақ айтпаймыз!
Біз осы мектепте ұстаздарымыздың тәлім-төрбиесін ала жүріп болашағымыздың іргетас-фундаментін қаладық. Дәл қазір сол күндерге деген қимастык сезімді бастан өткеріп мұңайсақ та, ертеңгі болашағымызды ойлап жүрегіміз лүпіл қағып тұр!
Менің сыныптас достарым! Сендерге алдағы уақытта тек қана сәттілік жар болсын, жетістіктерге қол жеткізіңдер, өмірден өз орындарыңды адаспай табыңдар! Бәрің де ақ жолмен аппақ көгершін-армаңдарыңа сүрінбей жетіңдер! Өйткені, біз мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып барамыз. Енді бізді алда өмірдің сан тарау жолдары күтіп тұр. Сол жолда әрбіріміз бақыт үшін, өмірден лайықты орын алу үшін күресейік, достар! Ал алтын ұя — мектебіміз бен аяулы ұстаздарымызды жүрегімізде мәңгі ұмытпай сақтаймыз. Аяулы ұстаздар! Сіздер жасаған еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс білдіреміз!
*** *** *** ***
Аса құрметті осынау алтын ордаға «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» менің сыныптас достарым! Бүгінгі күні бәріміз өзіміздің алтын ұямыздан «өмір» атты ұлы тауды бетке алып ұшып бара жатқанымызда айтар тілегім: қайда жүрсекте, қайда болсақ та, қанша жасқа келсек те бір-бірімізді ұмытпайық.
Әрқашан жадымызда есімімізді жаңғыртып жүрейік. Өйткені туған жеріміз ортақ, тіліміз, дініміз ортақ, оқыған мектебіміз, ұстаздарымыз ортақ, заманымыз, қоғамымыз ортақ, ең бастысы алтын шаңырақты, күміс уықты, киелі керегелі еліміз, арман-тілегіміз ортақ. Сондықтан қадірлі достар, Қорқыт бабамыз айтқандай «қара орманымыз шайқалмасын, қара тауымыз бүгілмесін, аққан дариямыз сарқылмасын, Түркі дүниесі түгел болсын!» Бұл тілектер, сыныптас достар, біздің бойтұмарымыз болсын!
*** *** *** ***
Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік, бүгін міне он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз.
Қымбатты ұстаздар! Он бір жыл бойы бізге білім мен тәрбие беріп, үлкен өмірге дайындағандарыңызға үлкен рахмет! Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз деп сенемін.
Ал, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастарым, сендердің ендігі өмірлеріңе тек қана сәттілік тілеймін. Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, әр саланың мықты мамандары болып еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріндер!
*** *** *** ***
Үлкен өмірге қанат қағып барасың. Қанатың талмасын, биіктерге шырқа! Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітіруіңе тілектеспін. Таңдаған мамандығыңның мықты маманы, кәсіпқойы бол! Мектеп өмірі артта қалды, алдыңда күтіп тұрған жаңа өмірдің баспалдақтарынан сүрінбей өте беруіңді тілейміз!
*** *** *** ***