Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 күн бұрын)
Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!»
Мақсаты: Оқушылардың қазақтың ұлттық мейрамы – Наурыз туралы ұғым - түсініктерін кеңейте отырып, оларды ұлттық салт - дәстүр негізінде әдет - ғұрып пен ұлттық құндылықтарды құрметтей білуге тәрбиелеу. Көңілдерін көтеру, қазақ халқының салт - дәстүрін жаңғырту.
Көрнекілігі: плакаттар, кереге, шаңырақ т. б.
Көрініс: «Ақ тілек» әуеніне көрініс.

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата - аналар! Сіздерді Ұлыстың Ұлы кұні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бастауыш бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні!» атты мерекемізге қош келдіңіздер.
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата - аналар! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге шаттық тілей отырып мерекелік кешімізді ашық деп жариялаймыз.

Жүргізуші:
Уа, жараңдар, жараңдар!
Көңілің бар алаңдар.
Ата менен анаң бар,
Үлкен кіші ағаң бар.
Наурыз тойы басталды,
Бәріңде бері қараңдар, - деп құрметті көрермендер, бүгінгі мерекемізге жиналған қонақтар ортаға жеңгелеріміз бен қайын сіңілдерімізді және қайын інілерімізді шақырайық. Қошеметтеп отырайық құрметті көрермендер!
1 -кезекте МАДТ тобынан: Кеңесқызы Көркем мен оның жеңгесі Асауова Алтынсары апай.
2 - кезекте 2 - кластан: Изтаева Аружан мен Кадралина Зейнегул апай
3 - кезекте 3 - кластан: Кенжебекқызы Сандуғаш пен жеңгесі Ықласбаева Әсемгүл апай.
4 - кезекте 4 - кластан: Жасұланұлы Ғабидолла мен Еримова Ұлжан апай.

Жүргізуші:
Көп сөйлеп жөн жобадан аспайық біз,
Қандай сайыс болса да қашпайық біз.
Ал, енді сіздер рұқсат етсеңіздер,
Қанеки, сайысымызды бастайық біз, - деп сайысымызды бастаймыз. Алдымен сайыс шарттарымен таныстырып өтейін. Бүгінгі біздің сайысымыз 4 - кезеңнен құралады.
1 - кезең: Таныстыру (мұнда жеңгесі мен қайын сіңлісі немесе қайын інісі өздерін толығымен таныстырады)
2 - кезең: Өз өнерін көрсету (жеңгесінің өнерін тамашалаймыз)
3 - кезең: Дастархан мәзірі (жеңгелері үйден жаңа заманауи нақышта әзірлеген тағамдарын әкеліп түсіндіреді)
4 - кезең: Наурыз – думан (жеңгесі мен қайын сіңлісі немесе қайын інісінің, екеуі қосылып өнерлерін көрсетеді)
Жүргізуші: Ендігі кезекте, бүгінгі сайысымыздың әділ шешімін беретін әділ қазыларды таңдап алсақ.
1 - ші әділ қазы: Маруся апай
2 - ші әділ қазы: Сатқарбек ағай
3 - ші әділ қазы: Жаңылдық апай
Жүргізуші:
Олай болса,
Тыңдаңыздар!
Тыңдаңыздар!
Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар.
Тыңдамағандарыңыз тыңдаңыздар,
Наурыз тойы басталды, бір орында тұрмаңыздар, - деп 1 - кезең Таныстыруға кезек береміз.
Жүргізуші:
1 - ші кезекте МАДТ тобынан: Кеңесқызы Көркем мен оның жеңгесі Асауова Алтынсары апай.
2 - ші кезекте 2 - кластан: Изтаева Аружан мен Кадралина Зейнегул апай
3 - ші кезекте 3 - кластан: Кенжебекқызы Сандуғаш пен жеңгесі Ықласбаева Әсемгүл апай.
4 - ші кезекте 4 - кластан: Жасұланұлы Ғабидолла мен Еримова Ұлжан апай.
Жүргізуші: Сайыскерлерге рахмет айта отырып, әділ қазылардан 1 - ші кезеңнің бағасын сұраймыз.
Жүргізуші: Рахмет сіздерге. Ендігі кезекте жеңгелеріміз 2 - ші кезеңге дайын болғанша 4 - класс оқушыларының «Өзбек» биіне кезек береміз.
Би: Өзбек биі, 4 - класс қыздары.

Жүргізуші:
Уа, жиналған халайық,
Наурыз әнге салайық.
Жеңгелердің бәріміз,
Өнерін қарсы алайық, - деп жеңгелеріміздің өнеріне яғни, 2 - кезеңге Өз өнерін көрсетуге кезек береміз.
Жүргізуші: Жеңгелерімізге рахмет айта отырып, әділ қазылардан 2 - ші кезеңнің бағасын сұраймыз.

Жүргізуші:
О, жараңдар, жараңдар,
Бәріңде бері қараңдар.
Наурыз тойы басталды
Шаттан, бүгін, адамдар,- дей отыра, даярлық тобының тақпақтарына кезек берейік.
Диана: Көп жасаған қария,
Ақылы теңіз дария.
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі соқпақ, өзі нәр.

Ақниет: Құтты болсын Наурыз!
Туа берсің жаңа жыр.
Есік ашып, шашу шашып.
Ел боп қарсы алайық.
Ерсұлтан: Су сылдырлап, қой қоздап,
Наурыз келсе жыл басы.
Бау - бақша ішін өрнектеп,
Өзгерер өңі, тұлғасы.

Дияс: Ежелгі Шығыс еліміз,
Аңсаған арман, ойы бар.
Тарқайтын шері жерімнің,
Дәстүрлі Наурыз тойы бар.

Нұрдаулет: Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүтпен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты,
Молшылыққа аңыз боп.

Аружан: Сәлем, халқым тірегім,
Сендермен бір жүрегім.
Орындалсын ойларың,
Құтты болсын тойларың.
Русланбек: Наурыз келді тамаша,
Ән айтамыз таласа.
Апам, әжем той - тойлап,
Қуанып жүр балаша.
Сағадат: Ұлыс бақытты болсын,
Әр күніміз жақсы болсын
Достарға берік болсын.
Білім өнер серік болсын.
Жүргізуші: Наурыз көже тағамның ең үлкені,
Жадыратып жаныңды семіртеді.
Дәм татыңыз ағайын, бұрыл бері,
Қанат жайып Наурыз дірілдеді - деп, келесі кезекте 3 - ші кезең Дастархан мәзіріне кезек береміз.

Жүргізуші: Жеңгелерімізге рахмет айта отырып, әділ қазылардан 3 - ші кезеңнің бағасын сұраймыз.
Жеңгелеріміз 4 - ші кезеңге дайын болғанша 3 - класс оқушысы Жұбанышева Жанардың биіне кезек береміз.
Би: «Көктем» биі.
Жүргізуші: Наурыз тойы келді деп,
Шақырады тойлауға.
Асығамыз жер гүлдеп,
Тойлауға да, ойлауға,
Ән қосылсын әніңе,
Сән қосылсын сәніңе!
Ырысты боп жаңа жыл,
Бақ дарысын бәріңе - дей келе, келесі кезекті 4 - ші Наурыз - думан кезеңіне береміз.

Жүргізуші: Ендігі кезекті, әділ қазыларымыз әділ шешімін тапқанша,
Осыншама жақсылық,
Алып келген наурызым.
Төрлет бізге нұр беріп,
Шуақ шашып ақ жүзің, - деп келесі кезекті мектепалды даярлық топ қыздары мен жетекшісінің биіне кезек береміз.
Би: «Хафиз»
Билейтін: Мектепалды даярлық топ, 2 - 3 класс қыздары.

Жүргізуші: Ендігі кезекте, құттықтау сөз мектеп директоры: Абдижалелова Гүлфиза апайға сөз береміз, оқу ісінің меңгерушісі: Қайдақова Жанар апайға береміз, тәрбие ісінің орынбасары: Жұмабек Сатқарбек ағайға береміз.

Жүргізуші:
Ой қосылып ойыңа,
Бой қосылсын бойыңа.
Аман - есен жетейік,
Келесі наурыз тойына,- деп, осымен мектепалды даярлық топ, 2 - 3 класс аралығында ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне арналған кешіміз аяқталды. Жаңа - жылымыз тек қана жаңа жақсылықтар әкелсін. Келесі көріскенше сау болыңыздар. Біз сіздермен қоштаспаймыз, тек келесі кездескенше дейміз.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама