Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласы

Ақтөбе қаласы  орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында ірі экономикалық, саяси, сауда орталығы болған. Қазіргі таңдағы мемлекетіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлы жібек жолы бойындағы археологиялық ескерткіштердің зерттелуі аса өзекті.

Ортағасырлық Ақтөбе қаласының зерттелу тарихы. Шу мен Талас өңірлеріндегі XX ғасырдың 90-жылдарына дейін ашылып, ғылымға белгілі болған 34 ортағасырлық ұзын қорғанды қалалардың қатарындағы тарихи-топографиялық құрылымы жақсы сақталып, барлық бөліктерінде қазба жұмыстары жүргізілген қаланың бірі Ақтөбе, ол қала жайлы алғашқы хабар В.В. Бартольдта кездеседі. Ортағасырлық Ақтөбе қаласының зерттелу тарихы 1941 жылдан басталады, сол жылы Г.И. Пацевич басқарған Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы (ЖАБЭ) Ақтөбенің үлкен қала екендігіне көңіл аударып, оның тарихи-топографиялық құрылымы туралы былай деп жазған: «Бұл қалада ортағасырлық Орта Азиялық қалаларға тән цитадель-кухендүз, шахристан және мықты қорғанмен қоршалған, аса үлкен рабад бар. Г.И. Пацевичтің пікіріне қарағанда Ақтөбе VII-XIII ғасырлар кезінде өмір сүрген қала. Экспедицияның есебінде қаланың төңірегіндегі бекіністермен қатар, қала аймағында орналасқан көлемдері әртүрлі қорғаныс орындарының да өлшемдері көрсетілген. 1954 жылы Қырғыз ССР-і Ғылым Академиясының кешенді археоло-этнографиялық экспедициясының П.Н. Кожемяко басқарған тобы Шу өңірінің ортағасырлық қалалары мен елді мекендерін зерттеген кезде Ақтөбенің тарихи-топографиялық құрылымына көңіл аударып, әртүрлі бөліктерінде байқау қазбаларын жүргізді. Ол қаланың XX ғасырдың 20-жылдарда түсірілген жобасын пайдалана отырып, оның тарихи-топографиялық құрылымы орталық бөліктен, оны қоршаған, әртүрлі құрылыс қалдықтары орналасқан кең алқаптан және қаланың осы бөліктерін сырттай қоршаған екі негізгі (бірінші, екінші) және бірнеше қосалқы ұзын қорғандары барын көрсеткен. 1965 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Құлан-Сүмбе археологиялық тобы Ақтөбеде зерттеу жүргізген кезде, оның орталық бөлігінен солтүстікте, Ақсу өзенінің оң жағасында орналасқан бекіністі мекендер бар екеніне көңіл аударған. 1941, 1954, 1965 жылдарда жүргізілген зерттеу нәтижесінде Ақтөьенің ұзын қорғанды қалалардың бірі екені белгілі болып, оның тарихи-топографиялық құрылымына, жекелеген бөліктерінің қалыптасуына, олардың өмір сүрген уақытына қатысты бірқатар деректер жинақталды. Дегенмен, бұл зерттеулерден алынған деректерге сүйене отырып, Ақтөбе қаласының толық тарихи-топографиялық құрылымын анықтау мүмкін болмады.

1974-2017 жылдарда жүргізілген зерттеулердің барысында ортағасырлық қаланың тарихи-топографиялық құрылымына бірқатар толықтырулар енгізіліп, оның жекелеген бөліктерінің көлемі анықталды. Экспедиция ортағасырлық қаланың Ақсу өзенінің сол жағалық жарқабағын жиектей орналасқан орталық бөлігінің шахристан 1, шахристан 2 мен цитадельден тұратынын анықтады. Шахристан 1-дің көлемі – 7,5 га, оның орталық бөлігін ала орналасқан, жобасында қисық төртбұрышқа ұқсас цитаделі 1,1 га жерді алып тұр, ал шахристан 2-нің көлемі – 8,3 га шамасында. Зерттеушілер қаланың орталық бөлігін қоршап жатқан әртүрлі тығыздықта, қалыңдықта құрылыс қалдықтары бар кең алқапты жан-жақты хзерттеп, ондағы құрылыстардың орналасу ретін, жобаларын, олардың қорғаныс жүйелерін анықтады. Ақтөбенің осы бөлігін Г.И. Пацевич, У.Х. Шалекенов, Н.О. Алдабергенов «рабад», ал П.Н. Кожемяко «қала» деп атаған. 1980 жылы мамырда ортағасырлық қаланың барлық бөліктері 2000 м биіктіктен ұшақпен суретке түсіріліп, оның тарихи-топографиялық құрылымы анықтала түсті. ИЛ-14 ұшағымен 1:2000 масштабта аэрофототүсірілім жасалды. Нәтижеде Ақтөбенің алып жатқан жер көлемі 150 ш.км, оның орталығы 70 ш.км құрайтыны анықталды. Ескерткіштің макро және микро картасы жасалды. Қаланың орталығы 52 шақырым қамалмен қоршалған. Оның ені 5-6 м, биіктігі 6-7 м. Шаһардың айналасында қарауыл төбелер орналасқан. Ұшақпен түсірілген суреттерді зерттеген К.В. Шишкин ортағасырлық қаланың жалпы көлемін беліглеп, оның қорғаныс жүйесі, жолдары, әртүрлі құрылыстары, қорымы, суландыру жүйесі мен демографиясы жайлы құнды деректерді ғылыми айналымға енгізді.

XX ғасырдың 70-80 жылдарда Ақтөбенің барлық бөліктерінде жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін және оны 1980 жылы ұшақпен суретке түсірген кезде алынған жаңа деректерді кешенді түрде пайдалана отырып, біз қаланың тарихи-топографиялық құрылымы орталық бөліктен, екі негізгі және бірнеше қосалқы ұзын қорғандармен қоршалған шаруашылық аймағынан тұрған деп есептейміз. Жалпы, Шу мен Талас өңірлеріндегі ұзын қорғанды ортағасырлық қалалардың тарихи-топографиялық құрылымына ортақ белгілердің бірі – олардың орталық бөліктен және бір не бірнеше ұзын қорғандармен қоршалған шаруашылық аймағының болуы.

Сагындыкова Сымбат Темиргалиевна әл-Фараби ат. ҚазҰУ аға оқытушысы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама