Өт жолдарының дискинезиясы
Өт жолдарының дискинезиясы — өт жүруінің бұзылысына әкелетін өтқабының, Мирицци, Люткенс және (немесе) Одди сфинктерлерінің жиырылу функциясының кемістіктері (әлсіздігі, күшеюі немесе бір-бірімен келісімсіздігі).
Этиологиясы
Өт бауырда үнемі түзілгенімен, он екі елі ішекке көбіне ас қорыту кезінде түседі. Өтқабының, өт жолдарының қызметі вегетативтік нерв жүйесімен және гормондармен реттеледі. Өт жолдары дискинезиясының біріншілік және екіншілік (симптомдық) түрлерін айырады. Біріншілік түрі сирек кездеседі, көбіне невротикалық синдромда байқалады. Екіншілік түрі өт жолдарының органикалық ауруларында, панкреатитте, он екі елі ішектің, асқазанның, іш қуысының өзге ағзаларының патологиясында болады.
Өт жолдарының дискинезиясы өтқабының және өт жолдары сфинктерлерінің тонусы мен жиырылуының бұзылысынан дамиды. Оған вегетативтік нерв жүйесінің және гуморальдік жүйенің (гормондар арақатынасының) бұзылыстары әкеледі. Мәселен, ваготониядан -гипермоторлық, ал симпатикотониядан — гипомоторлық дискинезия пайда болады. Дискинезия дамуында психогенді факторлар да, адам мінезінің психикалық ерекшеліктері маңызды роль атқарады және кейбір дәрмектер де септігін тигізеді, мәселен морфин, симпатомиме-тиктер, холинолитиктер.
Патогенезі
Өт жолдарының дискинезиясы өт жолдарының жиырылу қызметінің нервтік, гуморальдік реттелу бұзылыстарынан дамиды. Дамуына әкелетін басты себептер: ваго- немесе симпатикотония; катехоламиндер, ацетилхолин, холецистокинин, мелатонин және басқа гастроинтестициальдік гормондардың арасыңдағы дисбаланс. Бірінші топтағы гормондардың белсенділігінің жоғарылауы өт жолдарының гипертониялық дискинезиясын, ал екінші топтағылардың көбеюі — гипотониялық дискинезияны дамытады. Асқазан, он екі елі ішек, жіңішке ішек, ұйқыбездің ауруларында бұл гормондардың түзілуі бұзылады, осыдан аталғай ағзалардың патологиясында өт жолдарының дискинезиясы жиі байқалады.
Өт жолдары дискинезиясының жіктемесі
1. Гиперкинетикалық (гапертониялық) түрі: а) өтқабының немесе қап түтігінің гипертониясы; ә) Одди сфинктерінің түйілуі.
2. Гипокинетикалық (гипотониялық) түрі: а) өтқабының гипотониясы; ә) Одди сфинктерінің шамасыздығы (панкреатикалық тип).
3. Аралас түрі.
Клиникалық көрінісі
Өт жолдарының дискинезиясы көбіне 20-40 жас аралығындағы арықша келетін, астениялық типті әйелдерде кездеседі және асқазанның, ішектің дискинезиялық бұзылыстарымен бірге жүреді. Сондықтан жүрек айнуы, құсу, кекіру, қыжылдау, іштің шұрқырауы және кебуі жиі байқалады. Әдетте, өт жолдарының дискинизиясы етеккірі келер алдында, эмоциялық күйзелістерде, климакс кезіңде күшейіп мазалайды. Іштің пальпациясында өтқабының тітіркену белгілері анықталады. Көрінісінің өзге белгілері дискинезияның гипер- немесе гипокинетикалық түріне тәуелді.
Өт жолдары дискинезиясының гиперкинетикалық түрі
Көрінісіне оң қабырғалықтың кенет өткір шаншып, түйреп ұстамалы ауыруы тән. Ұстамалар қысқа, бірнеше минуттан бір сағатқа дейін. Ауырудың өткірлігі кейде өт шаншуына ұқсайды. Шаншудын себебі — Одди, Люткенс сфинктерлерінің және өтқабының бір-бірімен келісімсіз, яғни бір уақытта түйілуі, осыдан өтқабыішілік қысымның кенет биіктеуінен өтқабы қабырғасының керілуі. Әдетінде, оң жақ қабырғалық тамақтанғаннан 1 сағаттан кейін ауырады; ауыру оң иыққа, жауырынға, кейде кеуденің сол жағына тарайды; шаншу қалай кенет басталса, солай басылады, кейде күніне бірнеше рет қайталанады. Ұстаманың кезінде қызу көтерілмейді, лейкоцитоз болмайды. Кейде жүрек айнуы, құсу, ішектің дискинезиясы және вазомоторлық, нейровегетативтік синдромдар (терлеу, тахикардия, гипотония, әлсіздік, бастың ауыруы) байқалады. Көбінде түнгі ұйқы бұзылады, жүректің тұсы шаншиды. Ұстамадан тыс кезде он қабырғалықта салмақ сезінуі мүмкін.
Өт жолдары дискинезиясының гипокинетикалық түрі
Бұл түрінде оң қабырғалық сыздап ауырады, салмақ бату сезімі үнемі мазалайды. Өт шаншуына ұқсайтын ұстамалар болмайды. Оң қабырғалықтағы дискомфорт тамақтан кейін күшейеді, ауыру баска жаққа таралмайды. Бірақ, диспепсиялық бұзылыстар (тәбеттің төмеңдеуі, ауыздағы ащы дәм, кекіру, жүрек айнуы, іштің кебуі, қатуы, жиі өтуі) көп мазалайды.
Гипокинетикалық дискинезия симпатикотонияда болады және оның дамуына антихолецистокининнің көбеюі немесе он екі елі ішекте холецистокининнің аз түзілуі септігін тигізеді.
Өт жолдары дискинезиясының аралас түрі
Бұл жағдайда гипо- және гиперкинетикалық дискинезияның белгілері қосарланып немесе кезектесіп білінеді.
Лабораториялық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері
1. Қан мен өт анализдерінде қабыну белгілері болмайды.
2. Гиперкинетикалық түрінде үш фракциялық дуоденальдік зондылауда В және С порцияларда өт аз болады және өттің бөліну уақыты қысқарады. Өт қабы рефлексін қоздыратын дәрмектер ауырсынуды туғызады. Холецистографияда өтқабының кішіреюі және тез босауы анықталады.
3. Гипокинетикалық түрінде, үш фракциялық зондылауда, стимуляторды салғаннан кейін керісінше, ауырсыну азаяды, өтқабы рефлексінің әлсіздігі байқалады, өттің түсі аса қоңыр және өт баяу ағып шығады. Холецистографияда — өтқабының керіліп ұлғайғандығы және өте баяу босауы немесе стимуляторды қайталап салғанның өзінде босамауы анықталады.
4. УДЗ-де — өтқабының моторлық функциясының бұзылысы анықталады.
Дифференциалдық диагностиканы жүргізгенде өт жолдарының гипертониялық дискинезиясын холециститтен, дуодениттен, он екі елі ішек өтімділігінін созылмалы бұзылысынан, жара ауруынан, ал гипотониялық түрін панкреатиттен айыру қажет.
Гиперкинетикалық түрінің емі
1. №5 емдәм беріледі, өтқабының түйілуін қоздыратын өсімдік майы, майлы қамырдан, еттен жасалған тағамдар, газды сусындар шектеледі; науқасты аз-аздан күніне 4-5 рет тамақтандырады.
2. Спазмолитиктік дәрмектер:
а) миолитиктер — ношпа 2% ерітіндісі 2 мл бұлшықетке немесе 0,04-0,08 г 3 рет ішуге беріледі; галидор 2,5% ерітіндісі 2 мл бұлшықетке немесе 0,1-0,2 г 3 рет таблетка түрінде; нитроглицерин 0,005 г тіл астына шаншу кезінде; нитросорбид 20 мг күніне 3 рет; сустак форте 1 таб. күніне 3 рет; одестон 0,2 г 3 рет. Миолитиктерді ұзак қолдануға болады;
ә) холинолитиктер: гастроцепин, атропин, метацин, платифиллин шаншуды басу үшін аз уакытқа тағайындалады;
3. Холеретиктер тобының өт айдаушы дәрмектері (өт түзілуін арттыратын және өттің айдалуын тездететін): лиобил, аллахол, холензим, фламин, жүгерінің шашақтары, итмұрын, никодин, оксафенамид, циквалон және гидрохолеретиктер — өттің сұйық затын көбейтетін (минеральді сулар, валериана, салицилаттар т.б.).