Өткен күнде белгі көп
Әлгінде ғана тегіс алаңнан көтерілген ақшаңқан самолет тымық ауаның көгілдір айдынында жылжып келеді. Көк теңіздің тәкаббар толқындарын тілгілеген мұзжарғыш секілді осынау шетсіз де, шексіз кеңістіктің төсінде еркін самғай түседі. Самолет ішіндегі кезекті вахтаға бара жатқан барлаушы-бұрғышылар әдеттегіше әрі-бергі үнсіздіктен кейін мотор үнімен бәсекелескендей, өзара дабырлай сөйлесіп, шылым түтінін будақтатып отыр. Қоңқақ мүрынды қараторы жігіт жанындағылардың бәрін ұмытып, иллюминаторға тақала төменге — сонау керіліп жатқан боз даланың келбетіне үңіледі. Жанындағы толықша сары жігіт Төреғали жаққа бір-екі рет қарап еді, ол тым беріле шүқшиып, әлденені есіне түсіргендей, төменге қадалып отыр екен. Сонан соң ол Төреғалидың тізесін күректей алақанымен басып, ырсия күлді.
— Оу, сен Маңқыстау даласын жаңа көргендей үңілесің де қаласың, әлде баяғы шарлаған іздеріңді көргің кеп отыр ма?!
Айтуын айтқанмен, өзі де көршісінің иығына асыла төменге көз жіберді. Қан тамырларындай тарам-тарам жолдар сан тораптан тоғысып келіп, бір арнаға қүйылып жатқан өзен тарауларына ұқсайды екен. Ерсілі — қарсылы шұбырған машиналарда бір тыным жоқ, әлдеқайда ентелей жүгірісіп барады. Әне, мұнай жинайтын алып эстакета жанынан ауыр состав қозғалып кетті. Маңқыстаудың «қара алтынын» адам игілігіне жаратуға апара жатыр. Әдейі қатарлап жиған сіріңке қорабындай әдемі үйлер тізбектеліп қалып жатыр. Бұл — Өзен қаласы. Онан әрі — сонау алысырақта самсаған ақ мұнаралар көрінеді. Жігіт әлі қозғалмастан соның бәр-бәрін шолып отыр. Бір сәт жанындағы Сәдірбайға қарап еді, ол күртесінің жағасын көтеріп алған күйі ұйықтап кеткен екен. Жолдасының жаңағы айтқанын есіне алды. «Баяғы іздеріңді көргің кеп отыр ма?» — дейді. Дүрыс айтады, ә...
Ол ішінен осыны айтып, тағы да терезеге үңілгенде, енді оның көз алдынан бағанағы тарам-тарам жолдар емес, осынау өлкенің бүкіл өміртарихы тізбектеліп өтіп жатты.
...Мен шынында да сонау алғашқы күндердің айшықгы іздеріне қараймын. «Өткен күннің белгісі жоқ» деген сөз бар ғой. Мен өз басым бұл пікірге қосылмас едім... Мұныма осы өңірдің өзі куә. Біз алғаш Өзенге қадам басқанда, жусан мен алаботадан аяқ алып жүргісіз боз дала еді-ау бұл жер. 1961 жылдың жазында бірнеше барлаушы отбасы үй-ішімізбен жалғыз жүк машинасымен кезектесіп көшіп келдік. Меңіреу мидай жазық. Қыбыр еткен қимыл жоқ. Тас төбеге шығып алған күн арқандалып қалғандай қозғалмайды. Аспан жерге түскендей аптап ыстық арқаңды кептіреді. Алғашқы екі күн жертөле қазып, палатка тігумен өтті.
Үшінші күні ертемен алғашқы скважинаны монтаждауға кірістік. Әбден шаршап, түскі үзіліске шықтық. Келсек, ұрттам су жоқ. Тандыр боп кеуіп қалған мидай далада су қайдан болсын. Өзеннің күнбатыс — арқа тұсында Сауысқан деген құм бар деседі. Суды сол жерден машинамен тасиды. Сушы машина алдыңғы күні кеткен. Әлі жоқ.
— Құдай-ай, осы мидай қатқылға қайдан келіп едік! Шиеттей бала-шағаны қырып аламыз ғой мынаумен, — деп кейбір жеңгейлер реніш білдіріп жатыр. Орынның үйіндегі бір самауыр суды бөліп-жарып ішіп, тандай жібіттік-ау, әйтеуір. Кешкісін шофер жігіт те жетті. Жиырма үйдің бала-шағасы жиылып алдынан шықтық. Жігітте өң жоқ, түс жоқ: түнімен адасып, әбден қалжырапты. Мынау дала төсінің күре тамырындай созылып жатқан асфальт қайда о күнде! Маңқыстауда жол тауып жүру деген күрделі мәселе болды да. Сыртынан сыр бермей бейқам жататын дала жарықтық біраз сынына салды ғой алғаш келгендерді... Сол жылы-ау деймін, бір машина жігіт, ішінде тіпті инженерлер де бар, межелі нүктеге жетер жолда адасып, үш күн, үш түн дала кезіп жүргені... Бүгін, міне, сол мидай қатқылдың төсіндегі біз алғаш паналаған жертөлелердің орнында қабат-қабат боп бой түзеген, әдемі үйлер тұр. Баршасы да жаңаша салынған. Әне, құбыла бетте шеткерірек тұрған бес қатарлы еңселі үй — «Мұнайшы» мейманханасы. Енді бірер жылда бұл жер қаланың орталығы болып қалары хақ. Одан әрегіректегі үйдің екеуі жатақхана. Сан тараптан Маңқыстау байлығын игерісуге келген көп ұлттың жастары тұрады оларда. Анау тұрған әдемі үй — біздің Өзен жастарының ең сүйікті орны — «Аққайың» кафесі. «Аққайыңға» жастар ғана емес, бұл күнде «орта буын» атанып қалған мына біздер де жиі келіп тұрамыз. Келгенде түбек байлығын тұңғыш игеруші аға буынның өкілі ретінде бүгінгі жеткіншектермен дидарласуға келеміз. Аға ұрпақтың еңбек жолын қастерлеу, ол бастаған игі дәстүрлерді ілгері дамыту -бұл жөнінде өзендік жастарға өкпе айтуға болмайды. Өзен өз алдына отау болып қала атанғанына да көп болған жоқ. Қазір мұнда құрылыс, мұнай және газ өндіру, барлау жүмыстарын жүргізетін мекемелер көп-ақ. Он жеті мың түрғынды Өзен төрт клуб, бес кітапхана, 800 орынды Мәдениет сарайы, алты мың орынды стадион, нан және сүт заводтары, тоңазытқыш пен су бассейні бар әсем қалаға айналды. Келешекте табиғи газды өңдейтін алып завод салынбақ... Жоқ, өткен күнді белгісі жоқ деуге болмайды. Оған осы өңірдің өзі куә. Осы өзгерген өңірдің топырағында жүргеніме өзімді шексіз бақытты санаймын. Мейлі маған ешкім ескерткіш орнатпасын. Менің есімім ұрпақтарға аңыз болып қалмай-ақ қойсын. Бірақ мен өз заманымның қарапайым, қатардағы азаматы болғаныма бақыттымын. Осынау өзгерген өңірде өзімнің ізімді қалдырғаныма бақыттымын.
Барлаушылар самолеті Өзеннің солтүстік-батысына қарай әлі де самғап келеді. Қатпар-қатпар ақ бас таулар биіктен қарағанда кішкене ғана төбешік боп қалып жатыр. Әне, анау әйгілі Қарағия ойпаты. Дүние жүзіндегі ең бірінші орын алатын терең ойпат. Оның астында қанша байлық жатқаны әзір белгісіз. Бірақ ол жақын күндердің межесі.
...Анау түста «Қазына аралы» Маңқыстаудың мақтанышы — Шевченко қалып барады. Біздің жақта Шевченко қаласын «астана» деп атайды. Өйткені күні кеше Өзен енші алып шыққанға дейін Шевченко мұнайлы Маңқыстаудың орталығы болып келді. Сондықтан болар, анау Ералиев, Жетібай, Теңге, Өзен поселкелерінің тұрғындары бұ қаланы өзінің үлкен үйіндей көреді.
Өткенде Шевченко қалалық комсомол комитетінің шақыруымен бір топ адам қала жастарымен кездесуге бардық. Шынар ғой шіркін Шевченко деген! Баяғы ата-бабамыздың ертегілерде қиялдайтыны осы-ay деймін тегі. ...Байтақ жатқан маң дала. Жалғыз тал шыбықты емге іздеп таба алмайсың. Үп еткен самалға да елегізе қопарылып, ақ топырақ алай-дүлей боранын бастайды. Міне, сол даламен сіз жалғыз жүріп келесіз. Құмды дауыл көзіңізді аштырмайды. Кенет сіздің көз алдыңызда баяғының таңғажайып ертегілеріндей бір шаһар елес етті. Сіз өз көзіңізге өзіңіз сенбей тамсана қарайсыз. Қаланың көп қабатты үйлеріне бөркіңіз түскенше шалқая қарап, тамашалайсыз. Көшелердегі неше түрлі ағаш пен жауқазын гүлдер мына сүреңсіз көрінген даламен, алапат ақ дауылмен тіпті жараспайтын тәрізді. Қаланың дәл орталығындағы «Достық» клубы, одан сәл әріректе «Юбилейный» кинотеатры, оның жанында «Комсомолдық достық паркі»... Сіз бәр-бәріне сұлулыққа тоюды білмейтін ықылас-ынтаңызбен толғана, ғашық көзбен сұқтанасыз. Одан әрі шыққанда асау толқыны алабұртып, біресе дүниедегі бар байсалдылықты бір өзі жинап алғандай сұлқ түсіп жатқан атышулы Атырауды көресіз. Тәкаббар теңізге кеудесін тосқан жастық қаласына сүйсіне тұрып:
— Апырау, жапан түзде жапырақ жайған шынар ғой мынау! — дер едіңіз сонда. Сонсоң Адам деген құдіретке еріксіз бас иер едіңіз. Шевченко — бұл аймақтың жаздағы 40 градустық аптабымен араласқан құм дауылды, қыста ақтүтек бораны мен қытымыр аязды табиғи ерекшеліктері күні бұрын ескеріліп, тың жобамен салынған қала. Мұндағы алты мөлтек ауданның әрқайсысы өз алдына мәдени-тұрмыстық мекемелермен қамтылған. Әр ауданда мектеп, спорт алаңдары, балалар бақшасы, дүкен. Атом қуатымен теңіз суын тұшытатын алып қондырғы. Сауысқан — Өзен, Шевченко-Жетібай-Өзен су құбырлары бұл өлкенің ғасырлар бойғы суға мұқтаждық проблемасын шешуде.
Бұдан он жылдан астам бұрын біз, бір топ барлаушылар, сонау Қызаңнан шығып, жер қойнауының байлығын іздеп осы түбекке беттедік. Сонда жолай осы Шевченко тұрған жерге қонып, үстімен жүргеніміз бар-ды. Онда шілденің кезі-тін. Құрылысшылардың қызыл кірпіштен салынған бір қатарлы жатаған жатақханасы мен асханадан басқа көзге ілінер ешнәрсе жоқ болатын. «Көз тоқтатар ештеңе жоқ. Далаға көз жүгіртсең, жан-дүниеңді мұң басады. Тұншығып өлгің келеді», — деп бір кезде Тарас ақын айтқан боз дала еді. Со жолы осы жерге бір түн аялдап, құрылысшылармен әңгімелестік. Жігіттердің дені өрімдей жас екен. Еліміздің әр түкпірінен келгендер.
— Біз осы жерге қала саламыз! — деп еді сонда қағілез келген, ақсары өңді балаң жігіт. Өзі комсомол ұйымының хатшысы екен. Осы маңға каңтар айында келгендерін, белуардан қар, алғашқы жиналысты палатка ішінде өткізгендерін айтып отырды сонда. Сол жігіт әлі осында екен.Өткендегі кездесуде көрдім. Танып жатыр. Сырттай оқып инженер мамандығын алыпты.
— Бұл күнде біз қаланың ақсақалы атандық, — деп күледі Анатолий Громашев әңгіме арасында. — Құрылыс жұмысы әлі де көп: механикалық завод, сода заводы, тігін фабрикасы, ет комбинаты...
Өзен сияқты, Шевченконы да жастар қаласы деп орынды атайды. Бұл қаланың да ең қарт деген тұрғындары орта есеппен 35 жастағылар. Қала халқының өзіндік игі дәстүрлері бар екен. Со жолы бір комсомолдық тойда болғанымыз бар. Бірақ кез келген адам мұндай тойдың иесі бола алмайды, тек қана еңбек озаттары, тұрмыста да, өмірде де өнегелі деген лайықты жастар ғана бастауыш комсомол ұйымының ұсынысымен той салтанатын құра алады. Және жас жұбайларға жаңа пәтердің кілті табыс етіледі. Тағы бір қуанарлық жай — тойда мектеп пионерлері қалыңдық пен «күйеу» жігітке «шашу» шашады. Бұл — қазақ жерінде бақыт тапқан екі жасқа халықтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпын, қошаметін көрсету ретінде жастардың өздері ойлап тапқан жаңалық. Содан кейін екі жас теңіз жағасында оңаша серуендейді. Жас жұбайлар шалқар теңіздей сарқылмас бақыт иелері болсын деген белгі екен бұлары.
Иә, комсомолдық екпінді құрылыс туғызған осынау өрен қаланың жасыл желекке тұнған кең аллеяларымен келе жатқанда өзің де бойыңа жастық күш құйылғандай сезінесің. Теңіз жағалауындағы тоғыз қабатты ақ шаңқан үйлерге қарап, жастық күштің құдыретіне бас иесің.
...Барлаушылар самолеті межелі орынға жақындап келеді. Әне, қаздиған екі мұнара да көрінді. Әзірше бүл маңдағы тіршілік белгісі солар ғана. Дәу мұнараның маңындағы бұрғышылар жоғарыдан қарағанда қуыршақ тәрізді екен. Кім білген, енді біраз мезгіл өткенде бұл жерде де шынар қала бой көтерер, ақ мұнаралар сапқа тұрар. Өткен күннің белгісі боп игі істер қалар...