Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Ой иірімдері

Қаламыздың кітап дүкендеріне жуырда "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Жол айырық" атты жыр кітабы түсті. Оған республикамыздың төрт ақынымен бірге жерлесіміз Гүлжауһар Сейітжанованың да "Иірім" атты өлеңдер топтамасы енгізген екен. Мұнан бұрын екі жыр жинағын шығарып, жақсы жырларымен көрініп жүрген Гүлжауһардың жаңа өлеңдерін оқығаннан кейін өз пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.

Ақын "Салют" өлеңінде бейбіт салютімен нұрланған зеңгір аспанды былай суреттейді:

"Өзгеден сұлулығы, бітімі асқан,

Жаралған ыстық шалқар ықыластан.

Дәл қазір Отанымның бейнесіндей

Жұлдыздары жайнаған,

Бүкіл аспан..."

Әдемі емес пе...

Гүлжауһардың "Шевченко көктемі", "Құстар қайтқанда" атты жырлары да сезім пернесін дөп басатын, бейнелі теңеу, бедерлі суретке құрылған.

Дегенмен, кітапқа енген жырларға негізінен бояулы суреттен гөрі, жүрекке бойлайтын, ойлы, кейде жылы юморлы шумақтар тән. Оған "Ұрпақ дәстүрі", "Ұстатпайтын торғайлар", "Егер көктем келмесе, қайтер еді..." деген сияқты өлеңдерді оқығанда көз жеткізуге болады.

"Қызға қырық үйден тыю" деген мақалды ұстанған ананың, кейін алысқа ұзатылған қызына. "Сені қандай сайтан азғырды, ауылдан жырақ кеттің" деген өкпесі, оған қызының жауабы "Анаға наз" өлеңінде көңілге қонымды.

"Келеді ғой...

Келеді ғой бізге әлің,

Сездірмеші, сонда да ашу ызғарын.

Мен сияқты,

Көп қыспаққа алма енді,

Жақын жерде жүрсін десең қыздарың..."

Осы шумақтың өзінде, анаға назбен бірге, жылы юмор бар.

Жалпы, әдебиет адам жайындағы ғылым, тәрбие құралы десек, мұнда сөз патшасы поэзияның алатын орны ерекше екені әмбеге аян. Шағын жыр шумақтарымен-ақ көңілге ой салып, жүрекке сәуле түсіру — поэзияның ғана көтерер жүгі. Гүлжауһар бір топ өлеңдерінде қатыгездік пен дүниеқорлықтан, нысапсыздықтан бойды аулақ ұстауға үндейді, адамгершілік пен адалдыққа шақырады. Олардың арасынан әсіресе, "Бір шелек картоп", "Ана, нәресте және хрусталь" атты белгілі бір сюжетке құрылған жырларды бөліп атауға болады.

Мектеп оқушысы кезінде совхозға көмектескені үшін басқалар бір-бір шелек картоп алып жатқанда, соның өзін ұят санап, пенделікке бағына алмағаны, "сенің бұл пәк адалдығың әлдекімге күлкі болып жүрмесін" деген анасымен түсінісуі "Бір шелек картоп" өлеңінде жыр тілімен әсерлі өріледі:

"Ізгілік көгершіні таппай тыным,

Сапырсын жүректерге жақпайтынын,

Тек қана көмек емес, бір күндерде,

Боламыз еңбекті де сатпайтұғын..."

— деп, түйіндейді ақын және осындай ізгі ойдың балғын жанына ұя салғанына қуанады.

Ал, "Ана, нәресте және хрусталь" өлеңінде тұрмыс құрып үй болғаннан кейін бар тірлігін тірнектеп дүние жинауға жұмсаған жас келіншек суреттеледі. Оның бұл "қызыққа" берілгені сонша, абайсызда бір хрусталь табақты түсіріп алған қызының қолына қарай ұстап тұрған ет шабатын балтаны ашуланып келіп сілтеп қалады. Өкініштісі, сәби қолы қайта қалпына келмейді, оны кесуден басқа амал қалмайды, сонда ғана өз бақытсыздығының мәнін түсінеді, көздің құрты қу дүниенің нәрестеге қол болмайтынын ұғады. Тағдыр тәлкегіне шыдай алмай, күйініштен қызын беліне таңып алып, биік үйден құлап өледі. Мұнан ақын:

"Дүние керек, дүние қымбат адамға,

Керек, бірақ, қанағат та, балаң да.

Кім біліпті сүрінерін қай тұста,

Өмір деген үлкен сынақ алаңда!?

Жиналса да айтпас мұны бар мықты,

Мықтаса дер:

"Сана бір сәт қалғыпты.

Ең бастысы, көзіңді шел баспасын,

Көтере алмай бақыт пенен барлықты,"

— деп, тұжырым жасайды. Ең бастысы, "Иірім" жинағының оқырманға айтары бар, сонысымен құнды. Бір сөзбен айтсақ, ақын өзінің "ИІРІМ" деп аталған жинағы арқылы көпшілікке толғамды ой иірімдерін ұсынып отыр.

Темір Мыңжасов. 1987 - жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама