Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Қ дыбысы және әрпі
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы,
Форт - Шевченко қаласы, "Балбөбек" балабақшасының
І санатты ересектер тобының тәрбиешісі
Шукирбаева Гулжан Аманкосовна

Тақырыбы: «Қ дыбысы және әрпі»
Білім беру саласы: «Қатынас»
Оқу іс - әрекеті: Сауат ашу және жазу.
Мақсаты: «Қ»дыбысымен және әрпімен таныстырып, сөздерге дыбыстық талдау жасап білуге үйрету. «Қ»дыбысын қатыстыра отырып сөз, сөйлем құрау, буынға назар аудару және «қ» дыбысының сөздің қай жерде кездесіп тұрғанын (басында, ортасында, соңында) таба білуге дағдыландыру. Байланыстыра сөйлеуге, ұғымталдыққа баулу.

Мотивациялық қозғаушы
Шаттық шеңбері.
Балалар шаттық шеңберінде «Ойлан тап»ойынын ойнап жіберейік. Ойын шарты: Балалар шеңбер жасап тұрады, тәрбиеші қолындағы допты қай балаға лақтырса, сол бала тәрбиешінің қойған сұрағын тез жауап беріп, допты кері лақтыру керек.
Іздену - ұйымдастырушы
Тәрбиеші:
- Балалар, бүгінгі ашық оқу іс - әрекетін бастамас бұрын, өткен әріптерімізді қайталап жіберейік.
Тосын сәт:
Слайдтан ата - ана Айнагул көрінеді.
- Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен Аяужанның анасы боламын. Мен қызымның не үйренгенін білгім келіп, хабарласып отырмын. Сендер қандай әріптерді үйрендіңдер соны білгім келеді.
Тәрбиеші:
- Сәлеметсің ба, Айнагул!
- Балалар, біз Аяужанның мамасына қандай әріптерді өткенімізді көрсетеміз бе?
Айнагул:
- Ендеше менімен «Сөз ойла, тез ойла» ойынын ойнағыларың келе ме? Ойында мен бір әріпті көрсетемін сендер сол әріпті атап, сол дыбыстан басталатын сөз ойлайсың - дар, ойлаған сөздеріңнің орысша, ағылшынша аудармасын айтуларың керек.
- Балалар слайдтан көрсеткен әріптерді атап, сол әріптен басталатын сөз ойлайды да, сол сөздің орысша, ағылшынша аудармасын айтады.
- Жарайсыңдар, балалар, әріптерді біледі екенсіңдер, рахмет сіздерге, сау болыңыздар!
- Бүгінгі өтетін жаңа әріпке байланысты мен сендерге жұмбақ жасырып жіберейін.

Жұмбақ.
1. Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
- Қой.

2. Көкала костюм киеді,
Бойын жерге жасырған.
Күннің көзін сүйеді,
Бұрымы бар жасылдан.
- Қарбыз.

3. Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп, қорқып тұрады.
- Қоян.
- Иә, жұмбақты дұрыс шештіңдер. Осы қой, қоян, қарбыз сөзінің басында қандай дыбыс естіліп тұр.
- Дұрыс айтасыңдар, бүгінгі біздің өтетін ашық оқу іс - әрекетіміздің тақырыбы: «Қ»дыбысы және әрпі.
- Қане, барлығымыз қолымызды иегіміздің астын қойып «Қ»дыбысын айтайықшы.
Барлығы бірге «қ» дыбысын қайталап айтады.
-«Қ»дауыссыз дыбыс (балалар қайталайды).
- Дауыссыз дыбысты қандай текшемен белгілейміз?
- Көк текшемен белгілейміз.
-«Қ»дыбысынан басталатын сөздерді атаңдаршы.

- Қасқыр, қоян, қой, қала, қаймақ, қар, қалам, қасық.
- Жарайсыңдар, енді қасқыр, қой деген сөздерді буынға бөлейікші. Неше буыннан, неше дауысты дыбыстан тұрады.
- Қас - қыр - екі буынан, екі дауысты дыбыстан тұрады. Қой - бір буыннан, бір дауысты дыбыстан тұрады.
- Қой сөзіне дыбыстық талдау жасап жіберейікші.
Балалар қой сөзіне дыбыстық талдау жасайды.
Сергіту сәті:
Ойын: «Дыбысты анықта».
Ойынның шарты: балалар орындарын тұрып, тәрбиеші «а» дыбысынан басталатын сөздер айтқан кезде қолдарын шапалақтайды, ал «қ» дыбысынан басталатын сөздер айтқан кезде аяқтарын топылдатады.
Бейнежазба: сиқырлы әліппе ашылып, «Қ» дыбысынан басталатын сөздер айтылады.
Үлестірмелі жұмыс:
- Балалар, алдымызда тұрған кеспе әріптермен «қ» дыбысы басында, соңында кездесетін сөздер жазайықшы.
Рефлексивті коррекциялаушы
- Балалар, «қ» дыбысына байланысты тағы бір ойын ойнап бүгінгі ашық оқу іс - әрекетімізді қорытындылап жіберейік.
Ойын: «Кім тез ойлайды?».
Ойын шарты: Үстел үстінде тұрған заттардың ішінен, ойынға шыққан бала «қ» дыбысынан
басталатын затты таңдап алып, атын атау және сол сөзге сөйлем құрау.
Ойынға шыққан бала қасықты алып «бұл қасық, қасық – қ дыбысынан басталады. Біз қасықпен тамақ ішеміз» сөйлем құрайды.
Ашық оқу іс - әрекетіне жақсы қатысқан балаларды мадақтау.

Күтілетін нәтиже:
Білу керек:
Қ дыбысы дауыссыз дыбыс және оны көк текшемен белгілейтінін;
Игереді: Буынға бөлуді, дыбыстық талдау жасауды;
Білді: Қ дыбысынан басталатын сөздерге сөйлем құрауды.

Бұл ашық оқу іс-әрекетінің өтілу барысын мына сілтемені басу арқылы көрулеріңізге болады: https://www.youtube.com/watch?v=aNRemgDCo7U

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама