Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қараш

Жеті жасар Қараш қара күшігін жетектеп ауылдан шықты. Күн бүгін жылы. Жіпсік қар аяққа жабысады. Асынып алған ойыншық мылтығы бар. Ол өзін аңшы  Сұраған атайға ұқсатып, іштей мәз болып келеді. Жалбыр жүн қара күшік салпылдаған құлақтарын елеңдетіп, із кесіп жүгіргендей болады.

Бұлар біраздан соң тоғайға кірді. Қара күшіктің бұдан әрі барғысы келмейтін тәрізді. Жұлқа тартып, үйге қашпақ ниетте. Бірақ Қараш оны жібермейді, әкесінің даусына салып, ұрсып қояды.

— Өзіңді сабап алса, обал емес, — дейді.

Сұраған аңшының қара тазысының күшігінің құйрығының ұшы, төсі де ақ, ұрты салбыраңқы, енесінен аумайды. Ал Қараш болса Сұраған аңшыдан аумайды. Бірақ Сұрағанның құндағы жарылған қара мылтығындай емес, мұныкі әлі су жаңа, қағаз оталғышты салып, басып қалса, тырс етіп атылады.

Қараш орманға кірген сайын төңірек қарауыта берді. Батырың енді елеңдеп, қорқайын деді. Бірақ аңшының құр қайтуы ұят. Жіп сүйреткендей жіңішке ирек-ирек тышқан іздері алдын жиі кесіп өтеді. Үлкенірек бір аңның ізін көріп, түлкінің ізі болар деп ойлады.

— Жолдыаяқ, ал ізде! — деді ол күшігіне.

Бірақ күшігі оның не айтқанын түсінбеді. Құйрығын бұлғақтатып еркеледі. Қараш мылтығын оңтайлап ұстап, мұрнын тартқылап қойды. Беті тершіп, қызара түскен. Міне, аңның ірі іздері кездесті. «Оһо, мынау қасқырдың ізі болар», — деп ойлады Қараш. Тырнақтары қарға батып кетіпті. Қара күшік ізді иіскелеп, қыңсылай түсті.

— Ой, ақымақ, мылтық тұрғанда қасқырдан қорқа ма екен, атып аламыз.

Әлгі арада бөгеліп біраз тұрды. Бозарыңқы көздерімен айналаға жалтақтап қарайды. Орманға ұзап кіріп кеткенін енді байқады. Көзі түп талдың ар жағынан қалқайған екі құлаққа түсті. Қараса — қоян. Иә, қоянның тап өзі. Әрмен қарай жүгіріп барды да, тоқтай қалды. Жүні қардан аумайтын серкедей ақ қоян.

— Айт! Айт! — деп күшігін жұмсамақ еді. Бірақ тамағы тығындалып, дауысы шықпады. Қоян екі құлағы тікірейіп, міз бақпайды.

Қараштың бойын кенет бір өжеттік билеп, мылтығын «оқтап», қоянды көздеді. Басты шүріппені. Орманның іші гүрс ете қалды. Аңшы да, қара күшік те селк етті. Үлкен қоян орнында тыпырлап жатыр. Не болып қалғанын түсінбей, сілейіп тұр. Ар жақтан тымақ киген біреу шықты. Тыпырлап жатқан қоянды жерден көтеріп алып, бауыздай бастады. Бұл Сұраған аңшы екенін Қараш енді таныды. Қуанғаннан:

— Ата! — деп айғайлап жіберді. Аңшы жөн сұрады.

— Біз қара күшік екеуміз аң аулай шықтық, — деді Қараш.

— Аң аулай шықсаң, ақжолтай болдың. Мә, мына қоянды шешеңе апар. Тырнақалдың болсын! — деді Сұраған.

— Ата, мұны атып жыққан кім, мен бе? — деп сұрады Қараш.

— Әрине, сен.

Бала сенерін де, сенбесін де білмеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама