- 30 нау. 2017 00:00
- 221
Қазақстанда жоғары оқу орны дипломының құны қанша
Енді 2 айдан кейін еліміздің орта мектебін бірнеше ондаған мың оқушы аяқтап, жоғары оқу орындарының талапкерлері қатарына қосылады. Осыған орай ҚазАқпарат Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының мәліметтеріне сүйене отырып, мемлекеттік грантқа іліге алмаған талапкер ақылы оқуға түсер болса, ата-анасының қалтасына қаншалықты салмақ түсіретіндігін сараптап көруге тырысқан болатын. Назарларыңызға аталмыш сараптаманы ұсынамыз.
Бірден айта кетерлігі, еліміздегі оқу ақысы ең жоғары білім ордалары қатарында әлі күнге дейін «Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты», «Қазақ-британ техникалық университеті» және ұлттық университеттер тұр.
Сонымен Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында 2016-2017 оқу жылында білім алу ақысы барлық мамандықтарда бірдей 2 млн. 70 мың теңгені құрайды.
Қазақ-британ техникалық университетіндегі оқу ақысы ҚМЭБИ-ге қарағанда біршама төмен. Мәселен, ақпараттық технология факультетінде оқығыңыз келсе, 1 млн. 520 мың теңге шығындауыңызға тура келеді. Математика және кибернетика мен Қаржы мамандықтарын игеру құны да сол шамалас. Ал экономист боламын десеңіз, 1 жылда 1 млн. 800 мың теңге төлейсіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі орта оқу құны 900 мың теңгені құрайды. Бұл ретте заңгерлік мамандығын аламын десеңіз, жылына 990 мың, экономикаға 890-990, математикаға 820-850, халықаралық қатынастарға 990 мың теңге төлейсіз.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі оқу құны 710-780 мың теңге аралығында. Бұл универсиеттегі ең қымбат мамандықтар қатарында халықаралық құқық, халықаралық қатынастар, экономика, қаржы, есеп және аудит бар.
Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Стомотология», «Жалпы медицина» мамандығын алып шығу үшін жылына 847 мың, ал «Фармакология» мамандығы үшін 770 мың теңге төлейсіз.
Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ағымдағы оқу жылындағы жылдық оқу құны 600 мың теңгеге тең болса, Қазақ қыздар педагогикалық университетінде ақылы білім алғысы келгендер жылына 360 мыңнан 443 мың теңгеге дейін шығындауына тура келеді.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіндегі орташа оқу құны - 340 мың теңге. Бұл университеттегі ең қымбат мамандықтардың бірі сәулет өнері саналады. Дәл осы университетте аталған мамандықты алып шығамын десеңіз жыл сайын қалтаңызда 372 мың теңге болуы керек.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінде экономика мамандығында білім алу 374 мың, сәулет және дизайн 373 мың, ақпараттық технология 360 мың теңгені құрайды.
Айта кетерлігі, еліміздегі жекеменшік жоғары оқу орындарының жылдық оқу ақшасы ұлттық университеттерге қарағанда әлдеқайда төмен. Мәселен, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында заңгер, қаржыгер мамандықтарында оқу ақысы жылына небәрі 150 мың теңге ғана.
Әдетте, еліміздің жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы жылына шамамен 10-15 пайызға артып отыратындығы белгілі. Дегенмен көптеген кейбір жекеменшік ЖОО-лар студенттерді көптеп тарту үшін оқу ақысын өзгертпейді.
Жалпы, жоғары оқу орындарында ақылы түрде білім беру құны еліміздің «Білім туралы» Заңына сәйкес белгіленеді. Ол мемлекеттік грант көлемінен арзанға түспеуі тиіс. Ал мемлекеттік грант көлемі жыл сайын Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Әзірше келесі оқу жылына оның көлемі бекітілген жоқ.