Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазыбектің қаз дауысты атануы (ІІ нұсқа)

Кентазы деген қалмақ ханы болыпты. Орта жүздің Абылай деген ханы болыпты. Сол Кентазы сол тұста қазақ жеріне екі рет шабуыл жасапты. Елін, малын айдап кетіпті. Енді үшінші рет шабады дегенді естіп: «Бұған не жасаймыз, жауласуға күшіміз жетпейді. Елші жіберіп, теңдік сұрайық», — деген тоқтамға келіпті. Ханның сөз білетін он уәзірі бар екен. Әр уәзір өзін қосқанда он-оннан жүз кісі жинап, жүз кісі елші жібермек болады.

Сол күндері Келдібек деген байдың жылқышысы айтады екен:
— Осы биенің ішінде не тас бар, не тұлпар бар. Еркек туса, бір сүтті биенің құлынын өзің бауыздап же де, соған телі, — дейді.

Келдібек бір күні үйіне келсе, баласы ойында болады. Баласын шақырып алып:

— Абылай хан Кентазыға кісі жібергелі жатыр. Тоқсан тоғыз кісі болды, бір кісі жетпей тұр. Соған баруға қалайсың? — деп сұрайды.

— Балалармен ойнап жүрген бұл да бір қызық дәурен еді. Дегенмен, үлкендердің қасына еріп, жол жүріп, жөн білейін, — деп баласы келісім береді.

Тел емген құлын бұл күнде Телқоңыр тай аталыпты. Баласы тайды мініп ханға келеді. Хан елшілерін шығарып келе жатқанда баланың астындағы тай ақ көбік шашып ойнайды.

Хан баланы шақырып алып:

— Сен осы топқа басшы боласың ба, жоқ әлде қосшы боласың ба? — дейді.

Бала:

— Мен атқосшы боламын, — дейді.

Абылай хан елшілерге:

— Мына бала сендерге еріп барады, жинақ болған жерде бала деп алмай, тастап кетіп жүрмеңдер, — деп тапсырады.

Жүз кісі Кентазы еліне келеді. Ханның еліне келген соң, хабар беру керек болады. Сонда бала тұрып:

— Мен барайын, — дейді. Бала барып ханға хабар береді.

Хан уәзірлеріне:

— Елшілерді он, жиырмадан бөліп, әр жерге түсіріңдер, — дейді.

Бала:

— Менің адамыма бір жерден орын бермедің. Мен ат бағамын, аттарыма бір жерден орын бер, — дейді. Аттарға бір сарай беріледі.

Хан:

— Бұлардың тай мінгізіп жіберген баласы несі? Келемеж қылғаны ма? Адамдарын өлтіріп, аттарын жылқыға қосып жіберсе қайтеді, — дейді.

Сонда ханым:

— Тай дегенің тұлпар болмасын, бала дегенің сұңқар болмасын. Хандығыңды сақта, — дейді.

Сыншы тоқсан тоғыз кісіні сынап, ештеңе таба алмайды. «Енді аттарын сынап көрейінші» деп сарайға келеді. Сарайға келсе, бала шалқасынан ұйықтап жатыр екен. Екі қолы, екі аяғы екі жақта. Демалғанда аузынан бір сарыбас жылан бір кіріп, бір шығып жатыр екен. Сыншы шошып кетіп, көрген-білгенін ханға баяндайды:

— Сарайда бір бала жатыр. «Аузым барғанша сөйлеймін, қолым барғанша сермеймін, аяғым барғанша жүремін» деп жатыр, — дейді. Хан бұған мән бермейді.

Хан бір күні елшілерін жинап, қызметін сұрайды. Елшілер абдырып қорқып, жауап бере алмайды. Сонда бала босағада тұрып:

— Неге айтпайсыңдар,
Ханнан ханның несі артық,
Қарсы болғандығы артық.
Елден елдің несі артық,
Еркіндігі артық, — дейді.

Сонда хан:

— Әй, мынау сырнайдай сарнаған, бұлбұлдай сайраған қай бала? — дейді.

Бала сонда тұрып:

— Өзімнің атым — Қазыбек,
Әкем аты — Келдібек.
Руым — қаракесек.
Абылай ханның елшісімін.
Бір шаптың, екі шаптың,
Енді теңдік сұрай келдім.
Берсең қолыңнан,
Бермесең жолыңнан ала келдім, — дейді.

Сол кезде хан дірілдеп қоя береді. Баланың қолтығынан ұстап:

— Төрге шық, — дейді.

Бала:

— Үлкеніміз тұрғанда, кішіміз төрге шықпаймыз, — дейді.

Хан уәзірлеріне:

— Мен өмірімде сыйлық та, олжа да беріп көрмеп едім. Бұлардың бас-басына сыйлық беремін. Бұрынғы жаулап алғанымның тірісін тірідей, малын малдай беремін, — дейді.

— Баладан мұнша қорыққаның не? — деп сұраған уәзірлеріне:

— Баланың екі иығыңда екі аю маған қарап: «тырп етпе!» дейді. Балаға қаз дауысты Қазыбек деген атақ беремін, даусы қаздың даусыңдай сұңқылдап шығады екен, — дейді.

Хан елшілерді шығарып салып келе жатқанда, амандасар жерге келгенде, шабыннан келген бір жігіт ханға келіп:

— Мен келгенімде жақсы ат, жақсы киіммен келдім. Атымды, киімімді тартып алғанымен қоймай отыз тісімді сындырды, — депті.

Хан:

— Ат дегенің — бір жылқының баласы ғой, киім дегенің —  бір тоқтының терісі ғой. Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде, — дейді.

Сонда Қазыбек тұрып:

— Тіс — адамның болаты емес пе, ат — адамның қанаты емес пе, тон — адамның киімі емес пе, бер мынаның теңдігін! — дейді.

Хан астындағы атын, үстіндегі тонын, қолындағы семсерін беріпті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама