- 01 жел. 2016 00:00
- 222
Қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жылына 30 пайызға өсіп отырады
Қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жылына 30 пайызға өсіп отырады. Бұл туралы бүгін Республикалық жастар форумы аясында жастармен кездескен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Үкімет басшысының орынбасары жастарға табысқа жету үшін талапты болу аз, білімді болу керектігін баса айтты.
«Бүгінгі ілім-білім бұл кешегі оқудан әлдеқайда бөлек дүние. Бір мектеп, бір университеттің шеңберінде емес, ағымы қатты ақпаратты заманның әр күнінде қажет ұлы құдірет. Мысалы, қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жылына 30 пайызға өсіп отырады. Яғни, сіз университетті бітіремін дегенше, ақпараттық кеңістік толығымен жаңаланып кетеді. Нәтижесінде технология саласындағы күн сайын емес, сағат сайын болатын өзгерістерден бір сәт кеш қалу - ізбе-із өкшелеп келе жатқан бәсекелестікке орын беріп, артқа шегіну деген сөз», - деді Тасмағамбетов.
Осы ретте вице-премьер білім-ғылым саласы мемлекет назарынан еш уақытта тыс қалмағанын атап өтті. Оның дәлелі ретінде елордадағы «Назарбаев» Университетін атап, білім ордасын ең маңызды ұлттық жобалардың бірі екендігін айтты.
«Қазірдің өзінде оның оқу ісін ұйымдастыруға әлемнің ең үздік университеттері ат салысып, халықаралық талапқа сай жаңа білім жүйесін қалыптастырып отыр. Болашақта еліміздің барлық жоғары оқу орындары осы озық жүйеге өтетін болады», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.