- 13 нау. 2017 00:00
- 215
Қытайда туристерге арналған әлемдегі ең үлкен радиотелескоп ашылды
«Синьхуан» жаңалықтар агентігінің хабарлауы бойынша, Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу елді мекенінде әлемдегі ең ірі Five hundred meter Aperture Spherical Telescope (қысқартылған түрі FAST) радиотелескопы көрем деушілерге есігін ашты. Бір қызығы, Қытай тұрғындары мен қонақтары бұл жерге тегін кіре алады. Тек, арнайы автобусқа билет сатып алса ғана болғаны.
FAST 2016-жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Ал оны жасау туралы жоспар 1994-жылы қолға алынған болатын. Телескоптың ауданы 1,6 шақырымға тең, ал диаметрі 500 метр. Бұл 30 футбол алаңына тең аумақ. Әлемдегі ең ірі телескоптың құрылысына 180 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Телескоп іске қосылғалы барлық қажетті сынақтар мен баптаулардан өтті. Келушілерге есігін ашқаннан кейін телескоптың жанында радиусы бес шақырымға тең аумақта телескоп құрылғысының үздіксіз жұмыс істеуі үшін «тыныштық аймағы» құрылды. Бұл аймақта барлық байланыс құралдарының сигналдары бұғатталады. Оның үстіне, көру алаңына бармас бұрын келушілер ұялы телефондарын, сандық фотоаппараттарын, смарт-білезіктерін, планшеттерін, ноутбуктерін және басқа да электроника құрылғыларын арнайы жерге өткізіп кетулері керек. Кешеннің аумағында байланыссыз қалмас үшін онда КХР-ның ішкі нөмірлеріне тегін қоңырау шалуға болатын телефон будкалары орнатылған.
Баспасөз беттерінде жарияланғандай, телескопты күніне тек екі мың адам ғана тамашалай алады. Мұндағы жалғыз ақылы қызмет – арнайы автобус пен астрономиялық мұражайға бару құны 50 юаньді (7 долларға жуық) құрайды. Бұл ақшаның ішіне кешен ішінде экускурсия жасау ғана емес, астрономиялық мұражай мен FAST радиотелескопының басқа да жерлеріне бару кіреді.