- 02 сәу. 2016 00:00
- 221
ҚР Білім және ғылым министрі гранттарды ваучерлермен алмастыруды ұсынды
Қазақстанда білім беру гранттарын ваучерлерге алмастыру мүмкін. Бұл туралы бүгін ЖОО ректорларымен кездесуі кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«Гранттарға келетін болсақ, өткен аптада бұл мәселе талқыға салынды. Ол жиынға мемлекеттік, жекеменшік және ұлттық университеттердің ректорлары қатысты. Олар бірауыздан гранттардың бірыңғай болғанын қолдап отыр. Егер бұл өзгеріс енгізілетін болса, 2017 жылы енгізілсін деген өтініштерін де айтты. Расында бұл өте орынды. Ректорлардың пікірінше, Қазақстан біртіндеп гранттардың грузиялық моделіне көшуі тиіс. Яғни гранттарды ваучерлерге алмастыру қажет», - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ол осы жаңашылдықты енгізудің тетіктеріне де тоқтала кетті.
«Былайша айтқанда, мемлекет түлекке ваучер береді, ол кез келген университетке бара алады, егер ЖОО-дағы оқу ақысы ваучер құнынан жоғары болса, студент жетпей тұрған қаражатты өзі төлей алады. Егер ЖОО-ға бұл студент керек болса, егер ол олимпиада жеңімпазы немесе керемет талант иесі болса, онда бұл жағдайда мемлекет немесе ЖОО-ның өзі грант бөлу арқылы көмек көрсете алады», - деді Е.Сағадиев.