Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Самарқан хан

Ерте заманда  аңшылықпен күнін көрген бір кемпір мен шал болыпты. Бірақ өмір бойы бір перзентке зар болып жүріпті. Күндерде бір күн кемпір жүкті болып, қыз тауыпты. Арасына бір жыл аралатып тағы жүкті болыпты. Бұл жолы ер бала туыпты. Сөйтіп, кемпір-шал баласының атын Самарқан қойыпты. Міне, осымен Самарқан өсіп, ержете бастайды. Әке-шешесі оны жанындай жақсы көреді. Ол бала өскен сайын ақылды болады. Неше түрлі өнер шығарады. Жасы толғаннан кейін оқуға барады. Ол оқуды өте жақсы оқитын болады.

         Күндерде бір күн Самарқанның әкесі аңға кетеді. Ол ұйықтап жатып, түс көріп, таңертең ерте тұрып, тамақ жасап жүрген анасын шақырып, «Апа, мен бір түс көрдім», – дейді. Анасы:

         — Я, қарағым, айтып жібер, мен жорып берейін, – дейді. Анасының бетіне тесіле қарап, Самарқан жақтырмаған дауыспен:

         — Түсімді ендеше саған айтпаймын, – деп тұрып киіне бастайды. Бұрын баласынан мұндай сөз естімеген анасы қатты ашуланып баласын ұрып тастайды. Ата-анасынан мұндай соққы тұрмақ қатаң сөз де естіп көрмеген Самарқан анасының ұрғанын қатты кек көреді де, тамақ ішпестен қағаз-қаламын алып, мектебіне жөнеледі. Дәл осы күні Самарқанның әкесі де аңнан қайтқан еді. Баласын жанындай көретін әкесі оның жылағанын көріп, жаны шығып кете жаздайды. Аттан қарғып түсіп, құшақтап, алдына алып:

         — Қарағым, кім тиді саған неге жыладың? – деп сұрады. Сонда баласы өксіп, жылап тұрып:

         — Мен апама түс көрдім деп едім, «маған айт, жоримын» деді. Мен ештеме айтпаймын деп едім, мені ұрып жіберді, – деді. Баласы сөзін айтып болысымен әкесі жұлып алғандай:

         — Иә, қарағым, ендеше маған айтшы, түсіңді мен жорып жіберейін, – деді. Самарқан жақтырмаған көзбен адырая қарады да, әкесіне:

         — Саған да айтпаймын түсімді, – деді. Әкесі көп ойланбастан-ақ:

         — Саған бір әдет бітейін деген екен. Жоқ, менімен ойнағың келді ме, – деп, баласын қамшымен шықпыртып, соғып куып жіберді. Одан жаман жылаған баласы окитын мектебіне жақындап, өксігін басып оқуына келді. Сабақта көңілсіз отырған Самарқанға қарап басқа балалар да көңілсіз отырады. Сол кезде сабақ беріп отырған молда байқап қалып, Самарқанды тұрғызып:

         — Сен неге бүгін көңілсіз отырсың, күнде мұндай емес едің. Бүгін саған не болды, шыныңды айтшы? – деп, молда жанын қоймаған соң бала бар шынын айтты. Сол кезде молда тұрып:

         — Ондай болса, маған айтшы мен жориын, – деді. Самарқан адырайып, оның да бетіне қарады да:

         — Ендеше, саған да айтпаймын, – деді. Сонда молда:

         — Ә, сен мені мазақтап отыр екенсің-ау, – деп, құйрығына жиырма бес дүре шыбық беріп далаға қуып жіберіпті. Сонымен далаға шығып алып, көше бойлап, зар қағып келе жатса Самарқанның алдынан патшаның уәзірі кезігіпті. Ол жылап келе жатқан баланы көріп, ұстап алып:

         — Сен неге жылайсың, кім саған тиген? – деп, баладан сұрап еді, бала бар әңгімесін бастан-аяқ айтып берді. Сонан кейін уәзір:

         — Бір түс үшін сонша қорлық көріпсің, не түс еді? Айтшы, мен жорып берейін, – депті уәзір. Сонда бала уәзірдің бетіне адырая қарап:

         — Ендеше, саған да айтпаймын түсімді, – деді. Уәзір ашуланып, баланы ұрып-ұрып, апарып зынданға тастады. Күндерде бір күн өткенде патшаның жалғыз қызы ойнап жүріп, зынданның төбесіндегі кеседей тесіктен қарап тұрған баланың көзіне көзі түсіп кетті. Қыз жүгіріп келіп қараса, өзімен құрбылас жас бала екен.

         — Сен не істеп отырсың мұнда? – деді қыз.

         — Мені мұнда патшаның уәзірі әкеп жауып қойды. Ал өзің кімсің? – деді бала. Сонда қыз:

         — Мен осы патшаның жалғыз қызы едім, – деді. Міне, осы күннен бастап екеуі бір-біріне ғашық болды. Бала зынданда жеті жыл жатады. Қыз оған күн сайын келіп, үш мәртебе тамақ әкеліп тұрады. Бұл бала туралы ешкім ештеме білмейді. Сол уақытта баланы тастаған уәзір екінші бір патшалыққа ауысып кетеді. Күндерде бір күні қыз келмей қалып, ертеңіне келеді. Бала бұған ашуланып:

         — Сен неге кеше келмедің? – деп сұрайды. Сонда қыз қатты күрсініп, төмен қарап:

         — Несін сұрайсың, менің әкемнің басына ауыр апат келді, – дейді қыз. Бала:

         — Е, о неғылған апат еді, айтшы маған? – дейді.

         Сонда қыз тұрып:

         — Баяғы сені зынданға салған уәзір менің әкеме хабар беріпті және бір таяқ жіберіпті, таяқтың бас-аяғы бірдей. Осы таяқ алғаш ағаш болып   шыққанда басы қай жақ, түбі қай жақ, соны тапсын. Оны таппаса елін шабам деп жатыр, – деді қыз.  Бала сонда:

         — Уайымдап жүргенің сол ма? Ол таяқты тау басынан домалатсын, таудың етек жағына қарап түскен жағын түбі деп беріп жіберсін, – деді. Қыз бұны әкесіне айтыпты. Әкесі, қызы айтқандай етіп, таудан домалатып, етекке қараған жағын белгілеп беріп жіберіпті. Оны ол патша «дұрыс» деп тауыпты. Содан күндер өткенде қыз тағы келмей қалып, ертеңіне келді. Самарқан қызға:

         — Кеше неге келмедің? – дегенде, қыз:

         — Ой, несін айтасың, әнеу күндегіден де жаман жағдай болды, – деді.

         — Я, тағы не болып қалды?– деді Самарқан.

         — Не болды дейсің, баяғы сол патша екі сары ала сиыр беріп жіберіпті, сол екеуінің бойы да, түрі де бірдей. Соның анасы қайсы, баласы қайсы, соны тапсын депті. Таппаса, елін шауып аламын деп жатыр, – деді.

         Сонда Самарқан мұртынан күлді де:

         — Бары сол ма, ол да оңай іс, – деді. — Ол екі сиырды шөлдетіп алсын, сонан кейін суға қарай айдасын. Ең алдымен суға тұмсығын тигізгенін анасы десін, – деді Самарқан.

         Оны естіген қыз әкесіне осылай істе деп айтып берді, әкесі қызының айтқанын істеді. Суға алдымен тұмсығын тигізген сиырды анасы деп белгілеп берді. Ол патша мұны да «тура тапты» деді. Бірнеше уақыттар өткеннен кейін қыз тағы да келмей қалды. Самарқан оған:

         — Кеше неге келмедің? – деді.

         — Ой, не қыласың, басымызға ашылмастай күн туды, – деді қыз.

         — Айтыңыз, нендей жағдай болды, – деді Самарқан. Сол кезде қыз:

         — Баяғы патша еліңді шабамыз деп жариялапты, – деп еңіреп қоя берді.

         — Не үшін шаппақшы екен? – деді бала. Қыз сонда:

         — Менің әкемнің бір айғыры кісінесе, сол патшаның жүз биесі құлын тастапты, мін тағатын айыбы осы, – депті қыз.

         Самарқан ойланып отырып:

         — Бұл жағдайда мен шықпасам табар айлам жоқ, – деді. Көп ойланбай қыз әкесіне келді де аяғына жығылып, жылап жатып алды:

         — Алдағы өткен ақылды мен тапқан жоқ едім, бәрін тауып жүрген осында, зынданда жатқан бір жігіт еді. Ал енді, мына жағдайға мен шықпасам істер айлам жоқ дейді, – деді қызы. Патша:

         — Ол қайдан түскен адам? – деп уәзірінен сұрап еді, ешбірі білмейді.       Сонан соң патша:

         — Шығарып әкел! – деп бұйрық берді. Самарқанды шығарып алып келді. Аты-жөнін сұрап алғаннан кейін:

         — Бұл зынданға қашан түстің? – деді.

         — Мен түскелі жеті жылдан асты, – деді Самарқан.

         — Ал, қалай келіп, қалай түскеніңді кейін білерміз, мына жағдайға істейтін амалың бар ма? Осыдан құтқарсаң тағыма отырып, қызымды аласың, – деп, уәде берді патша.

         — Олай болса, – деді Самарқан. – Маған бір-бір атқа мінгізіп жүз жігіт бер; бір серкеш, бір атан түйе бер; сонымен ол патшаны қаратып әкелем, – деді. Самарқанның айтқанын патша түгел берді. Самарқан аттанып жүріп кетті.

         Бірнеше уақыттар жүріп, жаудың жеріне жетіп, үй тігіп орналасып, қасындағы жүз жігітке бұйрық берді:

         — Талдан барып бір-бір солқылдаған шыбық кесіп алып келіңдер, – деді. Жігіттер шыбықты кесіп алып келді.

         — Ал енді, – деді Самарқан, — мына шәріге кіріңдер, көздеріңе көрінген итті ұрыңдар, басқа жанға, адамға, малға тимеңдер, – деді. Жігіттер Самарқанның айтқанын істеп, шәрінің итін түгел қыра бастады. Бұл уақиға шәрінің патшасына да жетті. Шәрінің патшасы:

         — Ішіндегі ақсақалын алып кел, – деп бұйрық беріпті. Уәзір келіп. Самарқанға:

         — Іштеріңіздегі ақсақалыңызды біздің патша сұрайды,–десе, Самарқан:

         — Ішіміздегі ақсақалымыз осы, – деп серкешті өңгертіп жіберіпті. Манағы уәзір серкешті бақыртып қораға кірсе, патша:

         — Құрт көзіңді, ішіндегі үлкенін алып кел, – деді, уәзір қайта келіп, Самарқанға:

          — Ішіңіздегі үлкендеріңізді сұрайды біздің патша, – деді. Самарқан:

         — Ішіміздегі үлкеніміз осы, – деп, атан түйені беріп жібереді. Уәзір атан түйені бақылдатып қораға кіреді. Патша: «Бұл не?» десе, «ішіміздегі үлкеніміз осы деді, тақсыр», – деп, жауап береді уәзірі.

         — Құрт, ұятсыз, көздеріңді! Ішіндегі колбасшысын әкел, – деді патша. Манағы уәзір қайта келіп, Самарқанға:

         — Іштеріңіздегі қолбасшыларыңызды сұрап жатыр, – деді. Сонда Самарқан:

         — Ә, ондай болса, қолбасшысы мен, – деп, атқа мініп, патшаға келді. Келген жерден-ақ, сәлемдескен патшаға Самарқан тұрып:

         — Жүгірмек екенсің, – деп жауап берді.

         — Е, мен неге жүгірмекпін? – деді патша.

         Самарқан:

         —  Ал мен неге жүгірмекпін? – деді. Патша:

         — Сен жүгірмек болмасаң, менің шәрімнің иті не істеді саған? – деді.        Самарқан сонда:

         — Сен жүгірмек болмасаң сенің шәріңнің иті не істемеді. Сендердің бір итіңнің ұлығанына менің патшамның жүз қойы қырылып қалды, – деді.       Патша:

         — О, ақымақ неме, – деді. Самарқан:

         — Мен емес ақымақ, сен, – деді. — Ал айтшы, мен неден ақымақ болыппын? – деді.

         — Ақымақ болмасаң неше мың шақырым жердегі сенің патшаңның қойы менің бір итімнің ұлығанына қырыла ма екен, – деді патша. Сонда Самарқан:

         — Ал сенің ақымақтығың мынау: неше мың шақырым жерден менің патшамның бір айғырының кісінегеніне сенің жүз биең неғып құлын тастап жүр, – деді. Сол кезде патша:

         — Я, қарақ, жеңілдім. Тоқтат еліңді, – деді. Самарқан әмір беріп, жігіттерін тоқтатты.

         Міне, осы уақыттан бастап ол патша тағын Самарқанға беріп, қызын әйелдікке қосты. Өз елінің патшасы да айтқан уәдесінде тұрды. Қызын беріп, тағын қоса ұсынды. Сөйтіп, Самарқаң екі патшалықтың басын қосып, өзі патша болып, ата-анасын, әпкесін тауып алып, бақытты ғұмыр сүріпті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама