Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Сахна саңлағы

Серке Қожамқұлов жайындағы сөзді қазақ халқының жаңа тарихына көз жүгіртуден бастағым келеді. Өйткені қазіргі ең үлкен сахна шебері еліміздің ағасы Қожамқұлов — тарихымыздың куәгері ғана емес, қайта түлеген көркемөнеріміздің кеш бастаушыларының бірі, шоқтығы биік ірі тұлғасы. Биыл біз қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының елу жылдық мерекесін тойлауға қамданып жатсақ, бүгін Серке Қожамқұловтың 80 жасымен қоса оның өнер саласындағы алпыс жылдық еңбегінің мерейін тойлап отырмыз. Демек, халқымыздың кенже туған сахна өнері Серке Қожамқұловтың есімімен егіз, не бары жарты ғасырда бүгінгі әлемдік сахна өнерінің ілгері сатысына қосылған маңдай театрымыз — Серке Қожамқұловтың есімімен егіз. Әрине, көп жасаған, көпті көрген көненің көзін халқымыз қашанда сыйлай білген, ал Сер-ағаң болса көненің көзі, куәгері ғана емес, арбаның бел ағашындай сахна өнеріміздің бар салмағын көтерген, оны өгіздей өрге сүйреген бейнетқоры, тек ерінбес еңбегімен ғана емес жарқыраған талантымен, оқшау өнерімен қазақ сахнасының шоқтығын көтерген озық шебері.

Осындай мерекелі күні қызыл сөзді көсілте сілтеп, артық мадақты аямайтын дағдымыз бар. Әсіресе Сер-ағаң сияқты адамдарға қаншама мадақ сөз айтсаң да сия береді, оның өнердегі ірі тұлғасы қандай теңеу болса да көтере береді. Әрине, сүйсінген қауым, озық шеберінің өнеріне шын пейілмен құлаған қауым — актерге деген алғыс сөзін аямайды. Бірақ сонымен бірге бұл мереке қазір жиілеп жүрген кезекті бір юбилей ғана емес, бәрімізге ой салатын, өткен-кеткенімізді тебірентетін, келешегімізге қозғау салатын — мәдени өміріміздің үлкен оқиғасы.

Шынында да осы бір ғана актердің өмір жолы, өнер жолы арқылы бүкіл қазақ театрының тұңғыш қадамынан бастап бүгінгі шыққан биігіне дейінгі бар өсу жолын, ізденіс бағдарларын түгел көрсетуге болар еді.

Серке Қожамқұлов халықтың қалың ортасынан шықты. Ауылдан келген жас талап Троицкідегі Уазипа медресесінде дәріс алып жүріп-ақ ілгерілеу кеткен елдердің сахна өнерін көріп, дәл осындай өнердің құдіретті өнердің тарихи даму сапарында кешеуіл қалған ол ұлтына да қажеттігін ұғыпты. Тетелес аға ұстазы, оқуға тартып, баулып жүрген жетекшісі, қазақтың болашақ үлкен арналы ірі жазушысы Бейімбет Майлинмен бірге өз елінің болашақ театр өнерінің соқпағын тартуға талап етіпті. Өнер іздеген, өз ұлтының рухани қажетін іздеген жас талап — сол мезгілмен тұстаса келген революциялық ұлы толқыннан қаға беріс қалуы мүмкін емес еді. Серке Қожамқұлов та театрға келер жолындағы жас өнерін сол ұлы қозғалыстың қажетіне жұмсапты.

Қазақтың тұңғыш театрына елу жыл десек, сол елу жылдың алды тақыр емес, оның ілгергі, алғы тарихы бар. Бұрын маманданған өнері болмаса да, халықтың әр саладағы көркем өнерінде — театр элементтері бар болатын. Ол ақындар айтысы, билер сайысы, қыз бен жігіт айтысы, салттық өлеңдер, сан алуан халық ойындары. Сонымен бірге қазақтың бай ауыз әдебиеті, әсіресе эпостары драмалық сюжет пен элементтерге толы болатын. Осының бәрі жаңа оянып келе жатқан ұлттың жас интеллигенцияға қозғау салды да оқыған жастар кружоктар ашып, драмалық ойындар көрсете бастады. Бұл талпыныстар болашақ қазақ театрына әкелген соқпақтар еді. Қазақ театрының тұңғыш қадамының құтты болуына айрықша әсер еткен екі сәтті жағдайды атап өтпеске болмайды. Оның бірі қазақтың тұңғыш театры құрылмастан бұрын — қазақ әдебиетінде драмалық шығарманың тамаша сәтті үлгісі жасалды.Ол он жетінші жылы жазылып, күні бүгінге дейін сахнамыздан түспей келе жатқан М. Әуезовтің «Еңлік — Кебегі» болатын. Сөйтіп болашақ театрдың ұлттық драматургияның тамаша туындысы өмірге шақырып тұрды.

Екіншіден — театрдың алғашқы қадамы сәтті құралды. Театрға кездейсоқ құмарпаздар емес, халық арасынан шынайы өнерпаздар іріктеп алынды. Әр саладағы өнер саңлақтары бір шаңырақтың астына жиналып, тұңғыш театрымызға айнымас халықтық сипат және алғашқы кезде аса қажет синтетикалық характер берді. Шынында да сол қазақ сахнасының шымылдығын алғаш ашқан адамдардың атын атап көрсек — мерейіміз өсіп, көкірегімізді зор мақтаныш кернейді. Асқақ әнші Әміре Қашаубаев, ерен жүйрік ақын Иса Байзақов, ұлы артистеріміз Қалибек Қуанышбаев пен Күләш Байсейітова, кешегі естен кетпес Құрманбек Жандарбеков пен Елубай Өмірзақов, бүгінгі Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, қазақтың режиссері Жұмат Шанин. Осылардың әрқайсысы өміріміздің үлкен асуы болып алдымызда тұр.

Театр шаңырағының астына алғаш жиналған осы ат төбеліндей азғантай топтың, бірақ әлі де асу бермес алып топтың ісі мен өнеріне ой жүгіртіп көрелікші. Ондағы рольдерде ойнап, сан алуан қайталанбас характерлер жасаған осы актерлердің бірінің жасаған образының біріне кішкентай да болса ұқсаған жерлерін көрген адам бар ма? Бұлардың әрқайсысы жеке-дара тұрған, театр өнерімізде өз алдына жеке дәуір болған суреткерлер. Бұлардың талант табиғаты да, актерлік мәнері де, мінез-құлқы, кісілік сипаты ерекше оқшау тұрған тұлғалар. Шынайы таланттың ілгерілерден ерек, кейінгілер қайталай алмас өз сипаты, табиғат тарту еткен дара бітімі болады. Олардың бір-біріне ұқсамасы қақ. Осы ірі тұлғалардың екі-ақ жерден бір-бірінен айнымас ұқсастығы бар. Соның бірі талант тереңдігі болса, екіншісі сол таланттың тамыры тереңде жатқан халықтық негізі.

Серке Қожамқұлов өз тұстастарымен бірге біздің театрымызға терең тамырлы халықтық негіз, ұлттық сипат әкелді. Осы қасиет тұңғыш туған театрдың рухани саламаттығына, әр түрлі ағымдар сапырылысып, тез өзгеріп, құбылып тұрған жиырмасыншы ғасырда өзінің ұлттық, түр-негізін, халықтық қасиетін сақтап қалуына салмақты әсер етті.

Бүгінгі сахнамыздың ең үлкен суреткері Серке Қожамқұловтың талант табиғатын жете түсіну, әрі-беріден соң оның актерлік амплуасын анықтап беру қай театр зерттеушісіне де оңайға түспейді. Көп театр сыншылары Сер-ағаңды комик актерге де жатқызады. Оған, әрине, актердің ұшқын шашқан, жарқын да айқын комедиялық таланты толық дәлел болды. Ал бірақ Сер-ағаң жасаған салмақты, сабырлы бейнелері немесе отты, өткір сатиралы образдарды қайда қоямыз. Мысалы қазақ сахнасындағы тайға таңба басқандай айқын да естен кетпес әсерлі, кесек жасалған сом тұлға Еспембет образын жанры жағынан қай категорияға жатқызуға болар еді. Мұнда кейбір айқын сатиралық элементтер болғанмен оны сатиралық образға жатқызуға келмейді. Еспембет толық қанды реалистік бейне. Және анау-мынау емес, патриархалдық-феодалдық қазақ өмірінің тұтас бір дәуір салмағын көтерген ірі тұлға.

Драмалық шығарманың екі өмірі бар. Бірі баспа жүзіндегі әдеби өмірі болса, екінші өмірі және жанданып, толысып шығатын негізгі өмірі сахнада. Әдеби негізі тамаша жасалған Еспембет образына — Серке Қожамқұлов екінші өмір берді. Қазіргі қауымға осы Еспембет образын Қожамқұлов жасаған бейнеден бөлекше көзге елестету — тіпті қиын. Театр тәжірибесінде — бір кейіпкерді талай мықты актерлер ойнап әрқайсысы өзінше ұғып, өзінше бейнелеп бөлекше образ жасайтын жағдай жиі кездеседі. Әрі-беріден соң ол солай болуға да тиіс. Бірақ осы, Еспембет образын жаңаша басқа қырынан ашып, Серке жасаған бейнені толықтырып, тіпті сырттай да болса басқаша әрлеп шығарған актерді өз басым көрген емеспін. Бұл өзгелердің дарынсыздығынан емес, Серке өнерінің оқшау озықтығынан, талант тереңдігінен болса керек. Жалғыз Еспембет емес, Қоңқай, Қарабай, Көбіктілерді-ақ алыңызшы. Осы образдардың Серке жасаған бейнелерімен тайталасатын бәсекелестері бар ма? Қалтай Мұхамеджановтың бір сөзін ауыстырып айтқанда Сер-ағаң ойнап кеткен рольдерді ойнау өзге артистерге — «комбайн орып кеткен жерден масақ терумен бірдей».

Театр өмірінде саяси кездесетін осы бір жағдай неліктен? Бұл бүкіл образдың ана шеті мен мына шетін мол қармайтын талант құлашының кеңдігінен бе? Образдың өзегін түбіне дейін көретін талант көзінің көрегендігінен бе? Образдың әр қимылын, сырт бейнесін, ұтырлы тарихтарын қырын тауып дәл келтіретін актер шеберлігінен бе? Мұның бәрін бақайшағын шағын театр сыншылары зерттеп жатыр, өз басым осыны бір-ақ сөзбен таланттың алыптығы дер едім.

Алып талант тағы да алып бейнелер жасайды. Серке жасаған сол алып образдың бірі жоғарыда аталған Еспембет. Естеріңізде бар ма, Құрманбек Жандарбеков жасаған Бекежан бейнесі. Сол образ қазақ көрермендерінің ілгері буындарының көкірегінде әлі күнге дейін ып-ыстық қалпында жарқырап тұрған жоқ па? Құрманбек сол Бекежан образында кей сәтте ұлы Күләштің өзін де көзден қалқалап кетпеуші ме еді.

«Еңлік — Кебекте» Сер-ағаң жалғыз шапқан жоқ. Ұлы артисіміз Қалибек Қуанышбаев, театрымыздың сан тұлғалары Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантурин, Бикен Римовалар сияқты тамаша ансамбльдердің ішінде жүріп орны бөлек шедевр жасады. Әуезовтің ұлы трагедиясының тарихы, халықтың терең сырын ашуға түп қазық болды. Серке Қожамқұловтың орындауында екі жастың қазасына себеп болған, халықтың маңдайындағы жылтыраған екі жұлдызын өшірген Еспембеттің сұмдық бейнесі бүкіл халық трагедиясының арқауы дәрежесіне көтерілді. Екінші жағынан Еспембет феодалдық-патриархалдық консерватизмнің ең ірі тұлғасы, қалыптасып қатып қалған мешеу салттың айнымас сақшысы. Актер осы образ арқылы тарихқа тұсау болып, ғасырлар бойы мызғымай тұрған патриархалдық кертартпалықтың түбегейлі бір сырын ашады.

Актер өз кейіпкерінің іші мен сыртын бірдей ашуға тиіс. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Шынтуайтқа келгенде образдың ішкі сыры мен оның сырт көрінісінің үндес-үйлесімін, жарастығын табу — әр актердің қолынан келе бермейді. Осындайдан жасандылық туады. Осыған орай актер өмірінің тағы бір дозақы қиындығы ол аз құбылыспен көпті айтуға тиіс, беттегі аз ғана толқыннан тереңдігі үлкен ағысты аңғартып, өмірдің үйреншікті қарапайым көрінісінен философиялық ой түйдіруге тиіс.

Сол азбенен көпті айтатын, драмалық тартыстың қақ ортасында емес, қосарында, қаға беріс қалтарысында жүрген кейіпкерді жоталандырып ірі тұлғаға айналдырып, спектакльдің негізгі арқауын кеңітіп толықтыра түсетін, керек десеңіз қосымша философиялық мағына бере алатын актер Серке Қожамқұлов.

Ғабит Мүсреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясын алайықшы. Мұнда да актердің жағдайы оңай болмады. Драмалық тартыс пен трагедиялық ситуацияның қақ ортасында басты рольдерде ойнаған театрдың ығай мен сығайы Шәкен Айманов, Шолпан Жандарбекова, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Камал Қармысовтар жасаған тамаша образдардың тасасында қосалқыда жүрген бишара Қоңқайдың елеусіз қалып қоюы әбден мүмкін еді. Бірақ осы роль сәтін тауып Серкенің қолына тиді де өлмес бейне, өнер тұлғасынан ең бір ірі тұлға тауып шықты, қазақ сахнасының сомдап соғылған шедевріне айналды.

Осы образ Сер-ағаңды актерлік жағынан да, адамшылық жағынан да жаңа бір қырынан танытты. Бұрын Еспембеттей безбүйрек, жауыздықтан шімірікпейтін қаныпезер, уытты, дүлей тұлғаны жасаған, Қарабайдай қалшылдаған сараңдықтың символын жеріне жете әшкерелеген өткір характер мен сатиралық бейнелер жасап шеберлік шыңына жеткен актер, енді келіп көрерменін көл-көсір юморға қарық қылып, өз талантының гуманистік қасиетін танытты. Қазақ актері өз құралы, өз бояуымен Достоевскийге үн қосып, зәбір көріп, жапа шеккендерге ара түсті.

Шынында да Қожамқұловтың Қоңқайы халықтың қалың ортасынан қайнап шыққан нағыз қазақы ұлттық бейне. Актердің осы образға берген бояуы шынайы да әсем сиқырлы бояу. Серке-Қоңқайдың бойымызға сіңіп, рухани-көркем өмірімізге мықтап орныққаны сонша, егер осы образ болмаса, еліміздің естен кетпес, бір қызықты адамы жоғалып, ұлтымыздың бір жарқын бояуы өшіп қалғандай болар еді. Қоңқайы болмаған қазақтың бір қызығы кем болар еді.

Ал осы образдың екінші планы — тереңде жатқан астыңғы ағысы бар. Актер сізді күлкіге қарық қылып қойғанда — өз жағыңыздан ащы жас тепсініп тұрады. Ол декларация — дақпыртсыз, актерлік позасыз кішкентай адам тақырыбын, сол арқылы әділет тақырыбын биік көтереді. Тұңғыш рет қазақ сахнасында кішкентай адамның үлкен образын жасайды. Сөйтіп бітімі жағынан қоспасыз қазақы Қоңқай адамзатқа ортақ философиялық мағынаға ие болады. Осы адамгершілік тақырыбы жағынан актер ғасырымыздың ұлы артисі әйгілі Чарли Чаплинмен тамырласып жатыр.

Серкені тағы да бір қырынан ашқан Ғ. Мүсреповтің «Аманкелді» пьесасындағы Тәукенің образы. Спектакль қазақ театрының табысына қосылмағанмен, Серке жасаған Тәуке нағыз есте қаларлық халықтық тұлға болып шыққаны анық. Бұл образ бұрын актер жасаған аты шулы характер, бейнелерден бөлек. Бұл образдан бір көргені көп, халық даналығын бойына жиған, сабырлы да байсалды, көптің ағасы келісті кәрияның бейнесін көрдік. Актер диапазонының кеңдігіне, оның терең ойлы образдар жасау мүмкіндігінің молдығына сүйсіндік.

Сер-ағаң бір орайда: «Осы маған ылғи характерлі, күлкілі рольдерді тықпалай береді. «Аманкелдідегі» Тәукенің рөлі жаман болып шықпаған тәрізді еді. Сондай салиқалы рольдер болмай жүр», — деп мұңын шағып еді.

Актер өмірінің тағы бір қиындығы драмалық материалға тәуелділігі. Дарынды актерлеріміздің талантын ашатын шығармалардың болмауы өкінішті-ақ. Сер-ағаңның бойындағы ашыла алмай қалған суреткерлік қасиеттер бар болса, ал оның бар екендігіне дау жоқ, оған біздің қазақ драматургиясы кінәлі.

Шын жүйрік бап таңдамайды. Шын суреткер Сер-ағаң да роль таңдап көрген жоқ. Әсіресе ол дардай атағына орай кішкене рольдерді қомсынып көрген емес. «Кішкентай роль жоқ, кішкентай актер бар», — деген Станиславский сөзі театр қауымына мәтел боп кетті. Осы сөзді Сер-ағаң өз өнерімен мықтап дәлелдеген адам. Қазір ұмыт болып кеткен талай орта қол спектакльдерде Серке жасаған кішкентай шедеврлер құм арасынан жылтыраған алтын түйіріндей осы күнге дейін көрермен көкірегінде жарқырап тұр. Рас, өнердің үлкен-кішісі болмайды, жақсысы мен жаманы ғана болады. Талай сала құлаш көп фигуралы картиналар Рафаэль мен Рембрандтың кішкентай бір миниатюрасына не эскизіне тати ма екен. Не болмаса кітап базарында кірпіштей үйіліп жатқан тартымсыз қалың романдар Чеховтің шағын бір әңгімесінің садағасы емес пе?

Серке Қожамқұлов жасаған сан алуан тамаша образдар мен характерлерді түгел талдап шығу шағын баяндамада мүмкін емес және міндет те болмас. Өкінішке орай Сер-ағаң таланттың барша қырын ашып, үлкен суреткердің сиқырлы сырын саралау біздің әзірше ойға олақ, тілге шорқақ театр сынымыздың қолынан келмей отыр. Серкені, Серкенің алып тұстастарының творчествосын зерттеп игеру болашақтың міндетіне қалып тұрған жайы бар. Мен қазақ сахнасының осы айрықша жаратылған ерен өнерпазының өзім аңғарған және өзімді сүйсінте таңырқатқан жеке қасиеттерін айтпақпын.

Қазақ театрының өсу жолы бірыңғай жазық болған жоқ. Жас театрдың өсу жолында талай шырғалаң қалтарыстар, жаңсақ қадамдар да болды. Ол заңды да. Алғашқыда қара дүрсін натурализм, анайы примитив одан орынсыз патетика, жалған романтизм, әсіресе қызыл провинциализм. Мұның бәрі бүгінгі академиялық театрымызға көш жөнекей кездескен жайттар, әр мезгілдің модасы болған құбылыстар. Ал, осы құбылыстардың қай тұсында да Сер-ағаң өзінің осы қалпынан яғни, қарапайым шыншыл, шынайы реалист суреткер қалпынан айныған емес. Оған сонау әріде жасалған Еспембет, одан сәл беріректегі Қарабай образдары куә. Иә, Сер-ағаң уақыт желісіне, даңғаза дақпыртқа, арзан атаққа илігіп көрген актер емес. Мұндай орнықтылық, өзінің суреткерлік сезіміне беріктік негізі мықты, таланты терең суреткерлердің басында ғана болатын қасиет. Сондықтан да Сер-ағаң театр сапарында сан кездескен талай мода қуған режиссерлердің илеуіне көнген емес, өзінің актерлік даралығын, суреткерлік кредосын айнымай сақтап келеді. Шынында да асыл тас жонуға келмейді, оны тек әрлеп қырнауға ғана болады.

Серке Қожамқұловтың талант табиғатына ой жүгіртсек оның сыры тереңге жетелейді. Біздің театр өнеріміздегі осындай сом тұлға тақыр топырақта туған жоқ. Тарихтың өгей баласындай қоғамдық дамудың қалтарысында кешегіден қалған халық өнер мен ойдан сорлы болмайтын. Қолы жеткен азғантай мүмкіншілігінің өзімен-ақ қазақ халқы ғасырлар бойы өз парасатын, өз өнерін шыңдап келді. Зіл боп басқан мешеуліктің астында тыпыршыған рухани өмірі болды. Осылай ол өзінің ой-парасатын жетілдіріп, санасы мен салт дәстүрін қалыптастырып өзгеден бөлек ұлттық келбетін жасады. Өзінің өлмес ұлттық қазынасын қорландырып, атадан балаға мирас етті. Халқымыздың сол тар қапаста жиналған бар асылы — Октябрь дәуіріне жетіп қайта түледі. Сол қайта түлеген заман халқымыздың талант көзін аршып қоғамдық, рухани, мәдени өміріміздің бар саласында тамаша қайраткерлер туғызды. Олар Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Күләш Байсейітова, Қалибек Қуанышбаев, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Әбілхан Қастеев сияқты ірі тұлғалар болатын. Сол заманның мықты бір түлегі Серке Қожамқұлов.

Алып тұлғалардың аумағы алыстан ғана көрінеді. Уақыт ілгерілеген сайын — халқымыздың осы перзенттерінің ұлылығын, ұлттық-рухани өміріміздегі баға жетпес орнын айқынырақ сезіп келеміз. Халқымыздың бақыты шығар — біздің жаңа мәдениетіміздің қай саласында да көш бастаушыларымыз алып тұлғалар, өнердегі озық, оқшау қайраткерлер болды.

Тұңғыш қазақ театры да дәл осылай бақытты басталды. 1958 жылғы Москвада өткен қазақ өнерінің онкүндігінде осы театрдың өнеріне тамсана таңырқап, дән риза болған астанамыздың театр қайраткерлері бұл «нағыз жарқын таланттардың жәрмеңкесі болды» деп еді. Ол кезде академиялық драма театрымыздың корифейлерінің төрт көзі түгел болатын. Одан бері театр өнеріміз қанша ілгеріледі. Ол бүгін жаңа биікке көтерілді деп ауыз толтырып айта аламыз.

Сол кездегі жас буын Н. Жантурин, Ы. Ноғайбаев, Ф. Шәрипова, З. Досанова, Т. Жайлыбековтар театрдың үлкен, өрелі суреткерлеріне айналса, бұларға ілесе А. Әшімов, Ә. Молдабеков, С. Оразбаев сияқты тұтас бір жарқын таланттар тобы келіп қосылып, театрға жаңаша әр, көрік берді. Сол кезде бірінші спектаклімен көрінген жас режиссер Әзербайжан Мәмбетов бүгін кешеуілден келе жатқан ұлттық режиссурамызды жаңа биік сатыға көтеріп, көп елдерге танытты.

Бүгін сексенге келген Сер-ағаның өнердегі алпыс жылдық асуында тұрып театр өнеріміздің сонау алыстағы бастау-бұлағына тағы да көз саламыз. Театрымыздың ірге тасын халқымыздың ең дарынды, өнерге тойымсыз алып ұлдары қалапты. Олар өз ұлтының рухани қазынасын, халықтық сипатын, мол мұрасын осы дара шаңырақтың астына әкеліпті. Тамыры халық өміріне терең бойлаған шын мәніндегі ұлттық театр жасапты. Сөйтіп қазақ деген халық мәдениеті ілгері кеткен елдердің рухани асырандысы болмай әлем мәдениетіне бар қадарынша өз үлесін әкеліп қосты. Өзге халықтардікі сияқты театрымыз да халқымыздың әріден келе жатқан асыл қазынасын, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық келбетін сақтаушы. Сонымен бірге ол жаңаның да жаршысы, мәдени, рухани өрлеудің абзал құралы. Біздің театрымыз да өсу, ілгерілеу, тынымсыз іздену үстінде. Осы сапарда театрдың қолы жеткен тамаша табыстары аз емес, бірақ сонымен бірге жоғалтқан асыл бұйымдары да жоқ емес.

Халықтар арасындағы байланыс-қатынас шексіз күшейген, ғылыми-техникалық революция заманында ұлттар арасындағы айырмашылық қана емес, ерекшеліктер де жонылып, жұқарып барады. Жиырмасыншы ғасыр барша халықтарды бір қазанда қайнатып жатыр. Халықтардың унификациясы тоқтауға әл бермейтін құбылыс. Әйтсе де барша халықтардың мәдениеті тегістеліп биік сатыға көтерілген заманда да ұлттық ерекшелік, ұлттық характер, бояулар өз орнын табу керек. Өйткені ғылым космополит болғанмен, мәдениет космополит бола алмайды. Космополиттік мәдениет өзінің дәмінен, сиқырлы бояуынан айырылады.

Біздің театрымыз биік мәдениетімен қоса ұлттық сипатын берік сақтауға тиіс. Халықтық терең тамырынан үзіліп, ұлттық негізін жоғалтқан театр — әркімге еліктеуші провинциалдық театрға айналды.

Халық қазынасынан жоғалған әрбір асыл бұйым ұлтымызды жүдетіп кететіні хақ.

Қымбатты Сер-аға, ол сіздің қолыңызбен, сіздің Қалибек, Күләш, Елубай, Құрманбек, Шәкен, Жағда, Рахия сияқты есімі естен кетпес аяулы достарыңыздың қолымен жиналған дүние. Қазақтың қазақтығын танытқан дүние. Бүгінгі сөз, сіздің тетелес іні-қарындастарыңыз Қанабек, Қапан, Сәбира, Хадиша, Бикен, Шахан, Байділда сол халық қазынасын шашау шығармай бағатын көз қара сақшысыздар.

Әдетте юбиляр творчестволық есеп береді. Сіздің есебіңіз сөзбен емес, іспен берілген. Ол халықтың көз алдында, жадында, санасында. Ал, бүгін кейінгі қауымнан творчестволық есеп алуға сіздің толық моральдық правоңыз бар. Сіз әкелген, сіздің алып тұстастарыңыз әкелген халықтық, ұлттық асыл мұрадан нені дамытты, нені ілгерілетті, сонымен бірге асығыс ізденіс үстіндегі қарбаласта нені жоғалтып алды — осы сұраққа театр сіздің алдыңызда жауап береді.

Серке Қожамқұлов халқымыздың зор қатынасы десем асырып айтқан болмаспын. Ол біздің ұлттық мәдениетімізді байытқан кесек тұлға. Қазақтың ұлттық театрын жасауда, оны дамытуда Серке Қожамқұловтың орны ерекше. Шынайы шыншыл, асқан шебер суреткер өзінің саф таза өнерімен, өнеріне сай саф таза адамгершілігімен кейінгі ұрпаққа, бүкіл театр қауымына шапағатын тигізіп ілгері бастап келеді.

Бүгінгі мерекелік күнінде ұлы шебердің алдында басымызды иіп, риза көңілден рақметімізді білдіріп, халқымыздың қуанышына, мәдениетіміздің мерейіне ұзақ жасап, шабытты еңбек етуін тілейміз.

1976


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама