Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сергелдең ойы

«Қожаның көңілі құртты сүйер, көжесінің қатығы жоқ» деген бір мәтел жұрт арасына кең тарап кеткен. Осындай бір жағдай жақында мемің жолдасым Біләлдің де басынан кешті.

Кеш таянғанда-ақ Біләлдің ойы онға, санасы санға бөлініп, көңілі шартарапты шарлайды. Ондағы ойы оқу емес, қызмет емес, тіпті көп адамның басында кездесе беретін қиындық—үй де емес, үйлену мәселесі.

Үйлену! Үйлену деген үйленіп, бала-шағалы болып алған адамдарға оп-оңай, оларша қарасаң несі бар, құдайға шүкір, қыздан көп кім бар. Шетінен біреуіне таныс та, үйлене қой. Ал Біләлдің ойына бұл түскенде талай таңдарды көзге тіреуіш қойып қарсы алады. Сенбі күнгі кештер, жексенбі күндері осыны ойлауға кетеді.

Не жасыратыны бар, алғаш қыз деген шіркіннің орайы келе беретін еді. Мейлің биге бар, мейлің театрға бар, мейлің паркке бар танысу киын болмайтын Сонан соңғы бір кезеңдерде танысқандардың кемшілігі сорайып көрініп тұратын бір пәле пайда болды. Бірінің беті жалпақ бірінің бойы талпақ, енді біреуі қортиған аласа, тағы біреуі сорайған ұзын, сонымен қисық аяқ екен, қамыт аяқ екен деп жүріп бұл екі-үш жыл да өтіп кетті.

Бұдан кейінгі бір кезеңде беттің қызылы, бойдың ұзыны, шаштың сүмбілі, көздің шұңғылы сөз болмайтын болды. Ақылдысы мен абзалын іздеумен, бірі ұшқалақ, әрі ұрысқақ екен деп жүрді. Мысалы Күләй өзін қоғамдық орындарда ұстай алмайды екен, Күлтай тым тымырсық екен, ал Күлпан дарақылау, күлегеш екен деп қыздарды тоғыз саққа жүгіртті.

Сонымен көк етікті Біләлді жақтырмай, көн етіктіні Біләл жақтырмай жүргенде жас шіркін отыздан асып та кетіпті. Отыздан асқан жастың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұрынғыдай тынымсыз жүре алмайсың. Жүрейін десең де жалғыз көшеге сыймайсың. Ал біреумен бірге жүру де қиын. Өйткені сенің жасыңдағы бойдақ табылмайды. Ал бозбаламен жүрсең ұятқа қалдыратын жайы тағы бар. Не істеу керек?

Бір күні кешке Біләл қызметтен келген соң, азырақ жатып дем алып ұзынсонарлы саяхатына тағы шықпақ болды. Осы жерде оған бір ой сап ете қалды.

Қандай әйел алу керек. Мамандығы қандай? Мамандығы мұғалім болса ше? Мұғалім болғанда мамандығы әдебиетші болса, онда оған қалада орын табыла қоя ма? Анау Күләйімнің, Сұлушаштың жүргенін қайтесің. Жоқ, жоқ мұғалімнің керегі жоқ, ертеден кешке дейін мұғалімнің жүйкесін тауысады, ол не жарық көрсетер дейсің. Қалаға оны орналастыру да қиын ғой. Одан да инженер-металлург болғаны жақсы емес пе? Ойбай-ау мұның да машақаты аз емес екен ғой. Ерте кетіп, кеш келетін болады. Сонда ол маған шай қайнатып бере ме, әлде жұмысын істей ме. Заводта істеген бір жағынан қара күйелеш болмай тұрмайды. Оны жұмыстан қайтқанда қарсы алуым керек. Сонда күйелеш-күйелеш қылып қалай жүрем. Мейлі кызметке тез орналасуы үшін инженер болса болсын.

Ойбай ау, осы мен табиғи жағдайды қалай ұмытып кеткенмін. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан болушы ма еді. Мен де ауырмаймын ба. Я, мұндай жағдайда менің жұбайым дәрігер болғаны жақсы. Сыздаған сырқатыңды басы-аяғыңа қарап жұмсақ қолымен бетіңнен бір сипағанның өзіне не жетсін. Бірақ ол ақшаны аз алады-ау. Е, таптым, таптым, онда мен бір ғылым кандидатына үйленуім керек. Ақшасы да жетерлік болады, қоғамдық орындарда өзін де ұстай біледі.

Тұра тұр Біләл, шатаспа, ғылым кандидатына үйленем деп бір кемпірге кез келіп, таңдаған тазға жолығады дегендей елге күлкі, жұртқа масқара болып жүрерсің.

Япырай, кемпіpгe үйленіп қала жаздадым-ау. Құдайдың бір сақтағанын қарашы! Ең болмаса басқа жағы тегіс келмегенімен ұялмай ертіп жүретіндей болғаны жақсы еді. Әрі ақшасы болса, өзі сұлу болса, қызметі де айтқанда жұртты таңдандырып тастаса. Сен өзін, инженерсің, ал келіншегің кім дегенде, академик болмаса да ауыз толтырып айтарлық адам болса деп ойлап жатып, Біләл меңіреу ұйқыға кеткенін сезбей де қалды.

Ол ақыры іздегенін тапты. Өзі қалағандай ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлуды құшып тұрғанда қар жауып кетіп, қардан құшағындағы жарын қорғап шірене беріп оянып кетті. Байқаса құшақтап жатқаны үстінен ысырылып түскен жамылған көрпесі екен де, арқасы суық қабырғаға тиіп жатыр екен. Сағат сегіз болып, кызметке баратын уақыт таяныпты.

Қап, шіркін-ай! Жас отыз беске келді, басқасын былай қойғанда есек дәмемен өткен қайран бес жыл!

1960


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама