Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Шаршадым білем
Шаршадым білем,
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,
Аузымнан түссе адыра қала береді.
Өлеңі құрсын,
Таппадым одан ұятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдеңе етермін.
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан
Қара теңізге бір барып...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама