Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шайың қоюырақ болсын!

Өздері бірінші дүниежүзілік соғыста жарыққа келіп, жастың шақтарын екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында өткізген менің құрбы-құрдастарымның бәрінде дерлік бір қызың мінез бар. Ол мінез қазіргі қайсы біреулеріңізге тіпті ерсі боп көрінуі де мүмкін. Жә, менің құрдастарымның көпшілігі көшеде келе жатып, өз-өзінен күбірлейді, жымияды, көзін қысады, иығын қужыңдатады.

Ал менің ерсі мінезім — шайқорлық... Күніне жиырма-отыз кесе шай ішпесем жүре алмаймын.

Менде басқа да ерсі мінездер бар, бірақ сіздерге олардың ішінен осы ең сыпайысын ғана әңгімелеп берейін, басқасын сіздер тұрғай өзіме де айта қоймаймын.

Менің шайқор болуымның мынадай себебі бар. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қылаяғы қияқ ұнынан пісірген нанның өзі тапшы еді де, бір күні әкем үлкен қаңылтыр құтымен шай алып келіп, нанның қыртысын шайға салып жұмсатып, тоғыз айлық мені тамаңтандыра бастады. Яғни, шайқорлықтың микробы менің қаныма сол сәби шағымда-ақ сіңген болатын.

Шайқорлықтың маған көрсеткен қорлығы аз емес. Әсіресе жол жүргенде көресіні көремін. Алайда, округтық қалаларымыздың бірінде — қай қала екенін айтпаймын — тартқан тауқыметімді тәңірім тірі пенденің басына бере көрмесін!

Бірде автобуспен алыс сапар шегуге тиіс болдым да, таң елең-алаңда тұрдым. Мейманханадағылар менің шайқор екенімді білетін де, күнде таңертең бірнеше кесе шай әкеліп беретін. Со күні де номерімнен шығардан бұрын төрт кесе шай ішіп алдым.

Менің әңгімем ибадатты адамдарды ыңғайсыздандыратын жәйттен басталғалы отыр. Шайдың, ғафу етіңіздер, кіші дәретке жиі жүгіртетіні бар. Әр торт кесенің біреуін қолма-қол төгіп тастамайынша тәуіршілік болмайды.

Автобустан қалып қоярмын деп асығып, төрт кесе шайымды шалдырлатып, төменгі холлға жүгіріп түстім. Төрт кесе шай маған түк емес, сондықтан одан қауіп те жоқ, әрине.

Холлда маған мейманхана иесі жолыға қалды. Өзі бір жылы жүзді, инабатты адам.

— Автобустың келуіне әлі талай уақыт бар. Келіңіз, бір-бір кесе шай ішіп жіберейік, — дегені.

Оған қосылып, бесінші кесені іштім.

— Сіз шайды жақсы көреді екенсіз, келіңіз, тағы бір-бір кесе ішейік, — деді.

Жақсы шайдан бас тартпайтынымды сездіңіздер ғой. Тағы іштік. Алты кесе болды. Маған алты кесе көп емес, әйтсе де, бір жерге барып келген де дұрыс сияқты. Бірақ мейманхана иесі бастаған әсерлі әңгімені естімей кетіп қалуды жөн көрмедім.

Сол сәтте холлға орта жастардағы бір әйел кірді.

— Кеше сізбен телефон арқылы сөйлескен едім, — деді ол.

— Қош келдіңіз, ханым, — дедім.

Ол әрі ақын, әрі новеллистка, әрі драматург екен. Маған төрт кітабын сыйлады.

— Шай ішесіз бе, кофе ішесіз бе? — дедім.

— Шай дұрыс.

Оған шайды жалғыз ішкізу сыпайыгершілікке жатпас деп өзіме де бір кесе алдырдым. Жиыны — жетеу деңіз.

Жеті кеседен кейін ептеп жайсызданған сияқтандым. Бірақ жаңа ғана танысқан әйелге ыржалақтап: кешіріңіз, мен әлгі күн түспес кабинетке барып келе қояйын дей алам ба? Сонда да болса: «Номерде бір нәрсем ұмыт қалыпты, сәл тоса тұрыңызшы», «Барып телефон соғып келуге рұқсат етіңізші» деген сияқты сөйлемдер ойыма орала берді. Ал ақын әйел поэзия туралы ағыл-тегіл пікір айтып, маған тіпті сөз берер емес.

— Мұнда өмір сүру көңілсіз, — деді ол.

— Дәл қазір маған да көңілсіз, — дедім мен.

— Ішқұса болсаңыз, сізге ішіңізді босатып алу оңай ғой.

— Сізше оңай, әрине! Ал менің қолымнан келер емес!

— Соншама қиын болғаны ма?

— Қиын болғанда қандай!.. Ауызбен айтып түсіндіре алмаймын.

— Мен түсінемін. Сезімнің бәрін сөзбен ұқтыру мүмкін емес. Біздің тіліміз жұтаң.

— Ұқтыруға болар еді, тек ыңғайсыздау.

Әйел таңдана қалды.

— Ах, сіз осындай...

Әйел айтарын аяқтап үлгермеді. Жанымызға үш ер адам келді. Біреуі егде тартқан, екеуі орта жастарда. Жергілікті дәрігер мен адвокаттар. Менің осы қалада екенімді естіп іздеп келіпті.

— Мырзалар, сіздермен танысқаныма өте қуаныштымын, — дедім.

Енді оларды да сыйлауым керек. Шай мен кофеден басқа дәнеңе жоқ. Олармен бірге ішпей тағы болмайды.

— Жо-жоқ, — деді дәрігер, — сіз біздің қонағымызсыз, сізді біз сыйлауға тиіспіз, — деп ол шай қоюшыға дауыстады: — Қалқам, бес кесе шай әкеле қойшы!

Сегіз кесе шай ішіп, сыртқа шығып келудің орайын таба алмай омалып отырмын. Артық қимыл да ауыр тие бастады. Келгендердің үшеуі де зиялы адамдар, олармен танысар-таныспаста тұра жөнелсем кім болғаным!

— Бейәпенді, халықтың халін қалай жеңілдетуге болады? — деп сұрақ қойды адвокат.

Ей, шіркін-ай, ең әуелі өзім бір жеңілдеп алсам, басқаларын сонсоң айта жатар едім-ау!

— Шығып келмей болмайды...

— Қайда шығу керек? — деді дәрігер.

— Шетелдерге шығып келуіміз керек, — деді адвокат мен үшін жауап беріп. — Біз жас жеткіншектерімізді шетелдерге жіберіп оқытуымыз керек. Басқалардан үлгі-өнеге алу керек.

Сол сәтте, ғафу етіңіз, айырылып қала жаздадым. Бас сауғаламай болатын емес.

— Мен қазір... — деп тұруға ыңғайлана бергенімде, өзім бұдан екі күн бұрын танысқан көпесім келе қалды. Іші-бауырыңа кіріп кететін ақжарқын жігіт.

— Автобус біздің кеңсенің алдынан жүреді, — деді ол.

Ұшып тұрдым. Басқалардан бір минут болса да бұрын шықпақпын. Бірақ шыққан қайда! Көпес пен адвокат екі жағымнан қолтықтап алды. Құрметтеріне қалайша қиянат жасайын! Мейманханадан тұтқындалған кісідей боп шықтым. Сегіз кесе шай шалдыр-шұлдыр етіп, тіпті жүргізер емес. Екеуінің екі жағымнан демеп келе жатқандарына да шүкірлік.

Сіз жайсызданып келесіз бе?

— Аздап.

— Қай жеріңіз?

— Құдай ақына білмеймін. Мазам кете бастады, бойымда бір пәле бар сияқты.

— Ауырып келе ме?

— Иә.

— Елдің қазіргі жағдайына кімнің жүрегі ауырмайды дейсіз?!

Біз алаңды және екі көшені қиып өттік. Кеңсесіне тезірек жетсем екен, одан кейін дүние өртеніп кетсе де ұмтылар едім.

Кеңсе кең екен, бірақ маған керегі көрінбейді.

— Шай ішесіз бе, кофе ме?

— Рақмет! Мен ішпеймін.

— Оныңыз болмайды! Тым құрыса бір кесе ішіңіз.

Шай әкелінді. Мен анда-санда бір ұрттап, көз алдап отырмын. Ұрттаған сайын үнсіз ұлимын. Тоғыз кеседен кейін өнебойымды тер жауып кетті. Термен бірге төбемнен шықса да мейлі, тек жеңілдесем екен! Ағыл-тегіл терлегенімді байқап отырған адвокат:

— Сырқаттанып қалдыңыз ба? — деді.

— Сөйттім!

— Менде терді тоқтататын дәрі бар, берейін, ішіп жіберіңізші.

— Құдай сақтасын, мен дәрі ішіп көргем жоқ! Секретары лезде бір дәрі мен бір стакан су алып келді.

— Ішіңіз! Ішіңіз! — деп бәрі қошеметтей қалды. Менің еркіме салса, бір стакан судың орнына сия сорғыш қағаздың бір құшағын жұтып алар едім, не керек!..

Маған дәріні де, бір стакан суды да күштеп ішкізді.

— Осымен біттім, — дедім, — енді шықпасам болмайды.

— Тынышыңыз кетіп отыр ма?

— Титықтап отырмын.

Орнымнан тәлтіректеп тұра бердім. Кеңсеге бір кісі кіріп келді.

— Автобус дайын, бейәпенді. Сізді тосып тұрмыз. Әбден жетістім: менімен танысуға келген жергілікті жиырма шақты қаратаяқ енді қошеметтеп шығарып салмақшы. Олардың бәрін адастырып кету қайда! Бірі онысын, бірі мұнысын айта бастады.

Бәріміз шұбап транспорт кеңсесіне бардық. Автобустың дөңгелегін үрлеп бітірмепті. Кеңсенің хатшысы сөйлегенде тілінің майын тамызатын қу көрінеді.

— Сіз бізді, әрине, білмейсіз ғой, — деп бастады ол, — ал біз сізді өте жақсы білеміз. Дөңгелекті үрлеп болғанша шай ішіп алайық.

— Жаңа ғана іштік, рақмет.

— Е, қойыңызшы!.. Бізбен отырып бір кесе ішпейсіз бе?!

О, тәңірім! Бұ дүниеде осындай да азап-бейнет бар болғаны ма?! Шай емес, шайындыға ұқсас бірдеңе алып келді. Оныншы кеседен кейін омақасып құлауға аз-ақ қалдым: екі самайым солқылдап, жүрек жұлқынып жөнелді. Беттің арын белбеуге түймесем — құрыдым!

— Дәретхана қай жерде? — дедім ентігіп.

Жанымдағылар біріне бірі қарады.

— Дәретхана ма?

— Иә.

— Бас мешіттің ауласында. Алыс.

Дөңгелегін үрлеп болған шофер домаланып жетіп келді:

— Автобусқа отырыңыздар!

Аузымды ашуым мұң болып тұрғанда маңайымдағыларға түгел жымиып, ризашылық шыраймен қоштасуым керек. Шамам жеткенінше шырайланып бақтым. Автобус жылжыды. Қол бұлғап кете бардың.

Автобустың шайқағаны шайымды онда-мұнда сіңіре бастады ма, әйтеуір, бойым жеңілдейін деді. Жүріп келеміз.

— Қашан жетеміз?

— Екі жарым сағатта.

Қимылдамай отырғанда оншама қиналмайды екенсің, — соны білдім.

Біржарым сағаттан соң бір қалашыққа кірдік те, автобус кофехананың ауласына тоқтай қалды.

Мен ішімді құшақтап ыршып түстім. Қай жаққа ұмтылсам екен деп ұмсынып қарай беріп едім, — маған қарай күлімсіреп келе жатқан төрт кісіні көрдім.

— Қош келдіңіз! Біз осындағы мұғалімдерміз. Сіздің келеріңізді телефонмен хабарлады.

Құдай төбеден ұрған сондай-ақ болар! Іштей шыңғырып тұрып:

— Өте қуаныштымын! — дедім.

— Автобус мұнда бес-он минут аялдайды. Жүріңіз, шай ішелік. — «Шай» дегенде кіндік маңым шымырлап кетті. Кофеханаға алып кірді.

— Шай ішкім келмейді.

— Онда кофе ішіңіз.

— Кофе де ішпеймін.

— Біреуін ішіңіз енді... әйтпесе біз өкпелеп қаламыз.

Шай әкелді. Шай дейді-ау... Он бірінші кеседен кейін бауырымды жаза алмай қалуға айналдым.

— Дәретхана қай жерде? — дедім.

— Жолаушылар машинаға отырсын! — деп шофер тағы пайда бола кетті.

— Ол ма, ол мектептің жанында, — деді бір мұғалім, қарсымыздағы төбенің басын нұсқап. Ол төбеге өлсем де шыға алатын емеспін. Сірә, енді жолда шат-шәлекей болуым ғана қалған шығар.

— Жолаушылар, автобусқа! — деп шофер тағы айғайлады.

— Біздің мүшкіл халімізді білер ешкім жоқ, — деді мұғалімдердің біреуі мұңын шағып.

— Оныңыз рас, — дедім мен, — біреудің өлгенін біреу не қылсын. Әркім өз басымен әлек.

— Қашанғы осылай бола береді?

Менің тізем дірілдей бастады.

— Мейманханаға бір жетсек жағдай жеңілдеп-ақ қалар еді.

Жанымдағылар күлді. Ештеңе түсінбеді. Менің сөзімді қалжың деп білді.

Автобусқа қайта отырдық.

— Жолыңыз болсын! Дұрыстап әңгімелесіп үлгермедік, оқасы жоқ, қайта қайтқаныңызда тосамыз!

Автобус тербей бастасымен тынысым ептеп кеңігендей болды. Шоферға бір жерде тоқта десем қайтеді? Содан соң? Автобуста елу-алпыс адам бар, көпшілігі әйелдер, балалар. Бәрі маған қарар. Жасырынып қайда кетесің? Мазақтар. «Ұмыт, шыда да ұмыт!!!» — деймін іштей бекініп.

Сол әредікте бір балақай:

— Апа, кіш-ш! — дегені.

Е, алла, мынау құйттай ұлға қуат бере көр! Осының арқасында мен де азаптан құтылайын.

— Апа, кіш-ш!

— Шыда!

Жолаушылардың біреуі шоферға:

— Бауырым, бір минутқа тоқташы, төгіп тастайық! — деп дауыстады.

— Өй, төккішім-ай! — деді шофер кекесінмен. — Сендер төгем деген сайын тоқтай берсек, биыл жете алмаспыз!

Жылт еткен үмітім үзілді. Баяғы азап — бір азап.

Үш жарым сағат өткенде барар жерімізге жеттік. Автобустан шықтық. Қарсы алдымызда — мейманхана! Ұмтылдым-ау!

Кіре берісте жолымды кесе көлденеңдеп үш жігіт тұра қалды. Ту сырттарында — оппозицияның екі депутаты және тұр.

— Конгресс басталды, — деді олар.

Таңертең қайтып кетуге тиіс екі депутат мені қайтсе де көру үшін кешке дейін тосайық десіпті. Депутаттарға не дауа!

— Мен бір минутқа...

— Кейін, кейін. Бізді тосып отыр.

Лық толы залға ендік. Конгресс әлі бастала қоймапты.

— Шай әкеліңіздер!

Он екінші кесені ішіп отырмын. Әлдекім:

— Бұл қашан бітеді өзі? — деді.

— Кешіріңіз, мұнда дәретхана бар ма?

— Оны неге сұрап отырсыз?

— Жай.

— Енді бір кесе!

— Рақмет, керек емес.

— Керек емесіңіз не! Сіздің шайқор екеніңізді білеміз ғой.

Он үшінші кесені ішуге кірістім.

— Сіз мұны немен бітеді деп ойлайсыз?

— Мен бе... масқарамен бітеді деп ойлаймын.

— Мына шайлары немене? Қоюырақ салмай ма! Әй, жігіт, шайыңды қоюырақ сал!

Он төртінші кесені ішіп отырмын.

— Сірә, жарылып кететін шығармын!

— Әрине! Сөзіміз өтпейді, айтқанымызды тыңдамайды. Жарылып өлуге болады.

— Рұқсат етсеңіздер, мен мейманханаға барып келе қояйын.

Жүгіре жөнелуге мұршам келмеді. Көшеге ішімді құшақтап бүктеліп шықтым.

— Қош келдіңіз, бейәпенді! Мен — муниципалитеттің председателімін. Округ бастығы сізді таңертеңнен бері іздеп отыр.

Әңгімелесіп келе жатырмыз. Мейманханаға біртіндеп жақындай бердік.

— Жүріңіз, кіріңіз. Муниципалитетіміз осы.

Муниципалитеге кірдік.

— Шай іше отырыңыз...

— Рақмет. Маған жақпайтын еді.

— Бір кесе ештеңе етпейді, қымбаттым.

Он бесінші кесе.

— Енді бір құяйын.

— Рақмет, мерси!

Телефон шылдырлады. Председатель трубканы алды.

— Құп болады, бастың мырза! Жаңа ғана келді.

Ол маған бұрылды:

— Округ бастығы сізді күтіп отыр.

— Егер рұқсат етсеңіз...

— Сіз біздің мейманымызсыз, жалғыз жібермейміз.

Округ бастығының кабинетіне кірдік.

— Шай іше отырыңыз.

— Құдай ақына іше алмаймын. Ұрттасам-ақ шашаламын.

— Кейін айтасыз ғой, шай бере алмады дейсіз ғой. Тым болмаса бір кесе ішіңіз.

— Іше алмаймын, бейәпенді.

— Біз үшін енді у болса да ішсеңізші!

Он алтыншы кесе!.. Жылаудың орнына күлкі қысты. Округтың бастығы мен муниципалитет председателі ел тағдырын әңгімелеп отыр.

— Біздің халіміз, бейәпенді, шынында да күлкілі.

— Мені қысып болмады.

— Иә, сізді қатты қысты. Қазір енді жеңілдеп қалған шығарсыз. Қазіргі халіміздің баяғыдай емес екенін ұмытып күнәлі болмаңыз.

— Құдай ақына білмей отырмын. Мүлде қиындап бара жатыр.

Мейманханаға жау қуғандай болып кіріп бардым. Портфельді лақтырып тастадым.

— Дәретхана қайда?!

— Сізге бір кісілігі ме?

— Жүз кісілігі! Дәретхана қайда?!

Тіркеуші маған үш бланкі ұсынды.

— Әуелі куәлік карточканы толтырыңыз.

— Не жазғың келсе соны жазшы, бауырым! Дәретхана қайда?

— Полицияның бұйрығы бар, бейәпенді, кім екенін білмей тұрып мейманханаға қабылдама деген.

Мен оның алдына метрикамды тастай салдым.

— Осыны ескерткішке алсаң да мейлің. Дәретхана қайда?

— Қайдан келдіңіз, әпендім?

— Жанымды қинамашы!

— Неше күн боласыз? Бұдан қай жаққа аттанасыз?..

Әлдебір есікті ашып, сатымен көтеріле бастадым.

Дәліздің түкпіріндегі бір есіктің сыртында дәретхананың белгісі тұр. Итеріп қалсам — ішінен жауып алыпты!

Қатарындағы бір есікті ашып қалсам, — ұйықтайтын бөлме. Жеткен жерім сол болды, — кетті...

О, алла! Ол тауқыметті тартпағандар бақыттың не екенін біле алмайды...

Жаным жай тауып, сатымен төмен түстім. Төменде кофехана бар болатын. Барып орындыққа шалжиып отыра кеттім де, шай қоюшыны шақырып алып:

— Ұлым, маған шай әкелші, тек шайың қоюырақ болсын! — дедім.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама