Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 19 сағат бұрын)
Шығарма: 4 маусым — Рәміздер күні (Ел бейнесі – ел рәміздері)

Тәуелсіздігін алып, тәй-тәй басқан мемлекетіміздің айрықша белгілері – Ту, Елтаңба, Гимн. Әр нышанда өзіндік өмір салты, ерекшелігі, мұраты бар. Бұлар тек қана белгілер ғана емес, қазақ елінің, қазақ жерінің қасиетті идеясы. Бұл белгілерді көрген адам өз еркіндігін және бірлігін сезінеді.

Мемлекеттік Ту

Аспан текті, көк түсті Туымыз кездейсоқ таңдалған жоқ. Әйгілі Арсельм кестесі бойынша, көк түс – адалдықтың, кіршіксіз тазалықтың, пәктіктің белгісі. Сонымен қатар, көк түс ашық аспан реңіне сай болғандықтан, халқымызда бұл ынтымақ пен бірлік, тұрақтылық, береке-байлық белгісі болып саналады. Тудың қақ ортасында күн бейнесі мәңгілік өмірді және тіршілікті білдіреді. Ал қыран – арман, мақсат, мұрат, азат күн, кең бейне. Мұның бәрі бір тұтасқа айналған кезде зор бақыттың символы.

Мемлекеттік Елтаңба

Елтаңба көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесінде бейнеленген. Бұл – отанымыздың ошағы, біртұтастығы, бастауы. Шаңырақты айнала тұрған уықтар күн сәулесіндей жарқырайды. Екі жағындағы аңыз ертегілердегі қанатты пырақтар тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік өмірі мен шексіз дамуының белгісі. Қазақ жерінің, көп ұлтты елдің рухани байлығын көрсетеді. Пырақтардың қанаттары болашақтың ертеңі жас ұрпақтың арманы биікке самғау талабы. Елтаңба маңдайындағы жұлдыз «Бағымыз ашылып – жұлдызымыз жана берсін» деген асыл арманымызды көрсетеді. Жұлдыздың бес бұрышы қазақтың кең пейіл құшағындай бес құрлыққа теңдей.

Мемлекеттік Гимн

Еліміздің музыкалық эмблемасы – Гимн. Бұл – қазақтың басқа елдерге деген ақ ниетті сәлем хаты. Гимннің әр сөзі – еліміздің намысы, арымның айнасы. Гимнді тек қана естіп қана қоймай, қосылып айтқанда бойыңда ерекше бір ұландық, азаматтық сезім туындайды. Бұл сезімді сезіну – үлкен бақыт, маңдайға біткен бақ.

 

Осының бәрін санасына қондыра білген адам еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуі, оқып-білім алуы, Қазақстанның іргетасын бекітуі сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы рәміздерді құрметтеп, оларды ұлықтауы – еліміздің бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Рәміздер арқылы біз өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді және бірегейлігімізді әлемге паш етеміз.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама