- 05 қыр. 2019 00:00
- 238
Шымкенттік оқушы әлемде баламасы жоқ құбыр тазалайтын робот жасап шығарды
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қуаныш Мәден өзі жасаған «Құбыр тазалаушы робот» жобасын патенттеп алды. Бұл - оның 2 жылдық еңбегі, деп хабарлайды мектептің баспасөз қызметі.
Ол 2017 жылы арнайы техникалық реферат жасап, роботтың формуласы мен схемаларын құрып, құжаттарын Ұлттық зияткерлік меншік институтына тапсырған. Ал биылғы жылдың тамыз айында Қуанышқа жобасының патенттелгені жайлы қуанышты хабар жетті. Ең қызығы, жас өнертапқышқа құбыр тазалайтын роботты жасау идеясы сабаққа кешіккен кезде келген.
«Шынымен, құбыр тазалайтын роботты құрастыру идеясы маған кенеттен келді. 7-сыныпта ғой, мектепке бара жатқанмын. Бәрі әдеттегідей, үйреншікті қалыпта еді. Бірақ дәл сол күні көлік кептелісіне тап болып, сабаққа кешігіп қалдым. Оның себебі - қаламыздың бас көшесі Қонаев даңғылында құбыр жарылған еді. Сол уақытта осы жобамды қолға алу идеясы туындады»,-дейді Қуаныш.
Оны жүзеге асыру үшін жас өнертапқыш екі жыл бойы робототехника үйірмесінде тынбай еңбектенді. Жобасын ол бөлшектеп жинады. Соңында Қуаныш діттеген мақсатына жетіп, жұмысының жемісін көрді. Бүгінде оның роботын күллі Қазақстан біледі. Тіпті, шетелдіктер де құбыр тазалағыш роботты таниды. «Жобамды қазір көбі біледі. Себебі мен біраз жарыстарға қатыстым. Бұл жұмысым маған республикалык «3.2.1. СТАРТ» байқауында 1 орын және 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы, 60 мемлекеттің арасында өткен халықаралық CASTIC-2019 жарысында инженерлік ғылымдар санатында 2-орын алып берді.»,-деді жас ғалым.
2017 жылы «Жас өнертапқыш» номинациясын иеленген Қуаныш алдағы уақытта әмбебап құбыр тазалағыш роботын өндіріске енгізіп, қазақстандықтарға пайдасын тигізсе деп армандайды. Ол үшін жасөспірімге қаражат қажет. Мұндай бір құрылғыны жасап шығару үшін шамамен 3-4 млн теңге кетеді.