Сырым батыр мен Нұралы хан
Дат Байбақты — Шоланның баласы. Шолан деген кісі саудагер болған. Сол кезде зат сатып жүргенде, екі ұры көріп, Шоланның затын алып, өзін өлтіреді. Сонда Шолан Орынбордан келе жатқан кезі екен. Шоланның Орынборда қалған әйелі екіқабат жүкті екен, күні жақын екен. Шолан өлерінің алдында ұрыларға: «Әйелім ұл тапса, баланың атын Дат қойсын, қыз туса өздері білсін», — депті де, өліп кетіпті. Бұл бір мың үш жүз қырық екінші жылдар шамаларында болса керек. Екі ұры Шоланның тілегін барып әйеліне түнде терезеден айтыпты.
Сонан әйел босанып ұл тауыпты. Әлігі ұрының айтқан сөзін әйел «түсінде солай деп еді» деп баланың атын Дат қойыпты. Бала өте тентек, елге, үй ішіне тиыштық бермепті. Алдар деген сыншыға көрсеткенде, Алдар сыншы: «Балаңның белінде алтын бар екен, балаңды үйлендір!» — деген. Сонан Датты шешесі он екі жасында үйлендіріпті. Дат он төрт жасында әйелі Сырымды туған екен.
Сырым төрт-бес жасында оқуға барған. Алты-жеті жасында күндіз оқып, түнде әр жерлердегі би, төрелердің жиналған жеріне барып әңгіме тыңдап жүріп Сырым Даттың «Қазық аяқ баласы» атана бастайды.
Бір бай орынборға базарға келе жатып, бір топ ойнап жатқан балаға келеді. Бай балаларға жақындап келе жатып айқайлайды: «Жолдан кетіңіз», — деп. Сол кезде бай балаларға жақын келіп қалғанда, бір бала тоңқаңдап жүгіріп кетсе, байдың астындағы ат үркіп секіреді. Сонан байдың бөркі ұшып түсіп, онан аты қатты тулап, бай аттан құлап өледі. Сонан байдың елі байдың құнын қуып барады. Байдың құнын жүз жылқы деп шығарады, оны жаңағы атты үркіткен бала төлейтін болады. Бірақ баланың оған малы жетпейді. Сол төлеуді билер бітіре алмайды. Сүйтіп жүрген кезде ойнап жүрген Сырым: «осының келісімін мен оңай бітірер едім» дегенді айтады. Біреулер есітіп, билер Сырымды шақырып алады. Сырым келгеннен кейін мынадай төрелік шығарған: «Бірінші, асау ат мініп базарға жол шыққан әуелгі бай тентек, жиырма бес жылқыны бай өзі тартсын, екінші, ат үріккенде ұшып түскен бөрік тентек, жиырма бес атты бөрік тартсын; үшінші, бөріктен қорыққан ат тентек, жиырма бес атты асау ат төлесін; төртінші, қалғанын атты үркітіп тентек болған бала төлесін!» — деп үкім шығарыпты. Сол кезде Сырым тоғыз жаста деп әңгімелейді.
Сонан кейін Сырым он жеті жастар шамасында хан-төрелер тұқымынан бір адам өлтіріпті. Сол өлген кісі жағынан келген Сырымды қуып хан-төрелердің адамы келсе, Сырымның елі Сырымның өзін қару-жарағымен шығарып берген. Сонда артынан келген көп кісінің бастығы үкі би деген кісі екен. Үкінің руы — ысық. Келген көп кісі Сырымды елі шығарып бергенсін өлтірмек болып ұмтылғанда, Үкі жолдастарын тоқтатып,
Сырымға өзі оңаша жолығады. Сонда үкі би Сырымнан екі сөз сұрапты:
— Сен аш бүйеннің боғымысың, аш күзеннің тоғымысың? — депті. Сонда Сырым:
— Ақсақал, менен қазір сөз сұрамаңыз, менің жаным өлім алдында қыдырып тұр, сөзді мен сізден сұрайын, — депті. Бір қарт қартайғанда «қазыша» дейді, бір қарт қартайғанда «қазы» деп еді, сіз өзіңіз осының қайсысы боласыз? — депті.
Сонда:
— Мен біреуі болармын, — деп, жауап беріпті.
— Күндерден күн озды,
Шаңқақтап боз озды.
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды, — депті.
Сонда бұл сөздің шешуін Сырым айтыпты:
— Күндерден күн озса,
Үлкейгейсің дағы.
Көлдей қамқа тозса,
Қартайғаның дағы.
Шаңқаннан боз озса,
Басыңнан кетіп билігің тарағаны дағы.
Анадан қыз озса,
Бишаралығы дағы.
Атадан ұл озса, еркіндігі дағы.
онда жұрттың несі бар? —
депті. Соңда үкі Сырымды өлтіруден босатып, келген жолдастарын кері алып қайтыпты және Сырымды өлімнің құнынан босатыпты.
Сонан кейін Сырым атқа міне бастаған. Осы кезде Нұралы хан мен Сырым қарсы болады. Себебі Нұралы елге соның ішінде қара қазақтарға зорлық жасап, жас әйелдер мен қыздарға қысымшылық көрсетеді. Сонда Сырым елдің қамын ойлап Нұралыға қарсы тұру үшін ақыл сұрауға Алдар биге барады. Сырым Алдардан мынаны сұрапты:
— Нұралы елге көп зорлық жасап жүр, осы Нұралыны өлтірсем нағылады, құны қанша тұрады? — деп сұрапты. Сонда Алдар:
— Ханның құны көп, оған малың жете ме, ауыр айтса, ханның құны жүз жылқы, алпыс атан, орта шығарса, мың ақ қарабас қой, — депті.
Соңда Сырым:
— Менде құндай төлейтін мал жоқ, — депті. Сонан кейін Алдар би тағы былай депті:
— «Ханның құны жоқ, жібектің күлі жоқ» деген де сөз бар, енді осы мінген атыңнан түспе, — депті. Бұдан кейін Сырымның өзіне қарсылық жасап жүргенін сезіп, қорқып, Нұралы өзінің билерін жинап ақыл сұрапты. Сонда былай депті:
— Сырыммен құда болсам, Сырымның ашуы таралмас па екен? — депті. Сонда билері: «құда болың» депті. Нұралының баласы Бөкей:
— Сырымға құда болма, құда болсаң, әуелі сүйегіңді бұзасың, қала берсе, Сырым болса сіздің дегеніңізге көнбес, — депті.
Сонан кейін Нұралы ақыл сұрауға манағы Алдар биге келеді. Нұралы Алдар биге келген жұмысын айтады.
— Сырымды мен де көрдім, Сырымның ақылы өте терең, бір ұшы көкте, бір ұшы жерде. Сырымға құда болмақ түгіл, қойныңдағы әйеліңді берсең де, Сырым қара қазақтың арын жібермес, — депті Алдар. Сонымен Нұралы хан басқа ақыл сұрай алмай, жолдастарымен еліне қайтыпты. Келгеннен кейін ақылшыларына қарамастан, Сырымның қызын айттырып, құда болып, дос болысып жүріпті. Бұл мың жеті жүз алпыс бесінші жылдар шамасында екен. Сол кезде Нұралы Қаракөл деген жерде тұрады екен. Байбақты Темірболат деген аңшы сол Қаракөлдің бір шетіне қонады. Сөйтіп, кейін мылтық дауысынан ханның малы үркіп көл суына келмейді. Хан Нұралы Темірболатты шақырып алып былай депті:
— Сенің қонған жағың жау келетін жақ еді. Сіз мына жаққа көшіңіз, — депті. Сонда бұны естіген Темірболат:
— Сіздің ел жағыңызға шығып аман алып қалған жанның әнәсін пәлен етейін, — деп шығып жүре беріпті. Нұралы хан ашуланып Орынбордан жасырып әскер шығарып, Темір болатты шауып жоқ етіп жіберіпті. Сонан кейін Темірболатты Нұралы ханның жойып жібергенін сезіп, Сырым Нұралының жиын-қоныстығына келмейтін болады. Сонан Нұралы хан бір жиында Сырымды сұрапты. Сонда баласы Бөкей:
— Сырыммен құда болма, — деді. — Сырым сенің Темір болатты жойғаныңды естіген. Соны сенен болды деп, яғни Темірболаттың өлгенін сенен көріп, келмей жүр, — дейді. Содан соң Нұралы орынбор қаласына арыз беріп, Сырымды ұстатқан.
Сол күнде Нұралының баласы Сырымның қызына қалыңдық ойын ойнап жүреді екен. Бір күні қалыңдығына келіп жатқанда, Сырымның бір інісі Нұралының баласына: «Сен Сырымды түрмеге салып қойып, қалыңдық ойнайсың, өлтіремін!» — деген, бірақ Нұралының баласы қашып
құтылған. Содан Нұралының баласы қашып құтылып шешесіне келіп: «Сырымның інісі мені қуып өлтіруге қалды, мен тек атымның жүйріктігінен құтылдым», — деген көрінеді.
Бұл хабарды естіген Нұралының әйелі келіп Нұралыға: «Сен, құдаңды түрмеде ұстап не істеп жүрсің?» — деген соң, Нұралы барып Сырымды шығарып алыпты. Қайтып келе жатқан Сырым Нұралының үйінің үстінен жүрген екен. Сонда Нұралы Сырымға: «Құда, түсіп үйге қонақ бол!» — деген. Бірақ Сырым оған қарамай кетейін деп тұрғанда, Нұралының әйелі келіп Сырымға «түсіңіз» дейді. Сырым оған да қарамайды. Сонда Сырымның құдағиы Сырымның атының жалынан ұстап тұр екен. Сол жерде Сырым атының жалын кесіп жіберіп: «Мына қысқа кескен жал ұзын жолға қашан теңеледі, үйіңді сонда көрермін», — деп қарамай кетіп қалған екен дейді. Ашу-араздықтың күшейген жері осыдан екен дейді. Содан кейін екеуін татуластырамын деп, екі құданы — Нұралы мен Сырымды Шеркеш, Тұрмамбет би деген екеуінің билігін алып Қарақол (су) деген жерге жиналатын болып шақырған екен. Сонда Нұралы он екі биі, отыз екі сұлтаны, отыз ұлы және адамдарымен үш жүз-төрт жүз кісі болып барған екен. Сонымен қатар көлденең де басқа би адамдар болған екен. Жиынға Сырым қасында бір жолдасымен соңынан келіпті. Келген бойда сөз бастап, «Нұралының қолын ал» деп ешкім айтпаған. Сонда Тұрмамбет биден Сырым: «үш ауыз сөз сұрайын, соған бата бересің бе?» — дегенде, Тұрмағамбет би «берейін» деген көрінеді. Сонда Сырымның сұрағаны:
— Мына ұшып жүрген құс көлге қона ма, әлде көл құсқа қона ма? — депті. Сонда Тұрмағамбет би:
— Құс көлге қонады, — депті. Екінші сұрағы:
— Жалғыз атты жолаушы елге қона ма, әлде ел жолаушыға қона ма? — депті. Сонда Тұрмағамбет би:
— Жолаушы елге қонады, — депті. үшінші сұрағы:
— Әйел келіп ерін алып кете ме, әлде ері келіп әйелін алып кете ме? — депті. Сонда Тұрмағамбет тұрып:
— Әй, Сырым, әкең жігіт болып, анаң қыз болып өскен жоқ па? Жігіт келіп қызды алып кетеді, — депті. Сонда Нұралы хан отырып:
— Әй, Сырым, тор төбелдің басын тарт! — деген дейді. Сонда
Сырым тұрып:
— Тартсаң тарт, торысы менде, төбе төбелі сен! — деген көрінеді, содан соң Нұралы басқа сөзге келмейді. «Жек атты!» дейді де, жиналған қолмен аттанып кетіпті, сонда отырып
Тұрмағамбет би:
— Кеше билігін беріп, бүгін кетіп қалғаны несі? — деп, қалған билер әңгіме еткен көрінеді. Сонда Сырым айтты дейді:
— Нұралының кетуі — жол, сендер Нұралыны маған жығып бердіңдер, сол себептен Нұралы кетіп отыр. Мен сендерден сұрағанда, Нұралының қолын алайын ба дегенім еді. «Ұшып жүрген құс көлге қона ма, әлде көл құсқа келіп қона ма?» дегенім, «мен Нұралының қолын алайын ба?» дегенім еді. Тұрмамбет тұрып «құс көлге қонады» дегені, «Нұралы келіп менің қолымды алуы керек» дегені еді. оны сендер түсінбедіңдер, Нұралы түсініп кетіп қалды, дұрыс, — деді.
Содан отырған көп қалың тарады, жұрт тараған соң, Тұрмамбет жаңғыз кетіпті, сонда Нұралы кетіп баратып, Тұрмамбетке келіп:
— Тұреке, шақшаңды бер, — деп, насыбай сұрап атып, мынадай сұрау беріпті:
— Тұреке, мен біреудің ... (Қолжазбада сөздер өшіріліп қалған) сиям депті.
— Ой, Нұралым, айтып отырғаны отыз ұлың ғой, егерде қырық ұлдыға тап болсаң қайтесің? Болмаса бір тап болсаң, қайтесің? — депті Тұрмамбет. Сонда Нұралы:
— Тұреке, Есбикедей ескектей қалған екенсің, — депті. Сонда Тұрмамбет:
— Есбике деген — әйел аты. Сен әйелден де жаман болдың, өз еліңмен өзің шабысайын деп тұрсың, — депті. Содан Нұралы өзінің келе жатқан жолдастарына қарай жүре беріпті. Сол кеткеннен екеуінің араздығы күшейіп, содан Алдар биден ақыл сұрай келіпті.
— Мен мына Нұралыны шабайын деп едім, бірақ та ел Нұралының халқынан аз болып тұр, оның да көбі байлардың балалары, соны қалай аламын? — деп сұрапты. Соңда Алдар би:
— Нұралының тұрған жерінің бергі жағында Қарасу дейтін су бар, сол судың бер жағына өз әскерлерінің алдын апарып қойған шығар, халқыңның алды барып түскенше, олар еліне барып: «Сырымның адамына есеп жетпес, қолы қара суға келіп түсіп жатыр, әліміз келмес», — деп хабарлар да, хан қашып, сол кезде артынан қуып айламен аларсың, үйтпесе әскерің аз, ала алмайсың, — депті.
Алдардың айтуындай, Сырым батыр Нұралы хан отырған жердің қасындағы Қарасудың бойына аз ғана қолын әкеліп, саймен қайырып, көпке дейін демала беріпті. Сырымның қара құрымдай қалың қолын көрген Нұралы хан қашып, хан қашқан соң қалған адамдары кешке қарай әр сайды тасалап, босып кетіпті.
Сүйтіп Сырым Нұралы ханның ауылын өз адамымен осындай айламен шауып алыпты.