Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Талант кемелі

Арада аттай он бес жыл өтсе де, кішкентай ғана бір оқиға менің есімнен кетпейді. Елу тоғызыншы жылы Нұрпейсов екеуміз Аралдың алыс түкпірі, Әбдіжәмилдің туған жері Құландыға бардық. Шай үстінде Әбдіжәмилдің ағасы Байғабыл ел жағдайымен таныстыра отырып, бір әңгіме айтты. Осы төңірекке қадірлі қарт Нүснедин деген кісінің мұғалім боп жүрген жалғыз баласы қайғылы қазаға ұшырапты. «Апыр-ай, бір сырбаз жігіт еді» деп қатты қиналып, Әбдіжәмил шалдың халін сұрастырды.

— Шал байғұста не хал болсын, — деп қалың қара мұртты Бәкең ауыр күрсінді. — Жалғыз ұлдың қазасы тұралатып кетті байғұсты. Көңіл айта келген ағайынға жұбанбай, төсектен басын көтермей, егіліп жатып алды. Содан әйтеуір Сүйекең қария барып, басын көтертті.

— Иә, Сүйекең не айтыпты? — деп елең ете қалды Әбдіжәмил.

— Сүйекең барып: «Ей, Нүснедин, дүниедегі ең бақытсыз адам менмін деп жатырмысың. Құдай саған бауырыңды жылытып, перзент берді. Аз күн болса да қызығын көрдің. Мен молада да жалғыз емес пе едім?!» депті. Қисық шалыңның сөзі сол, — деп Бәкең әңгімесін бітірді.

Қатыгез тағдырдың тақсіретін тартқан шалдың ащы әділетін айтқан ұстарадай өткір сөзі екеумізді де таң қалдырды. Келесі бір сәтте жұрттың көзін ала беріп, Әбдіжәмил әлгі сөзді блокнотына түртіп алды. Оқушы қауым біледі, кейін бұл сөз «Қан мен тер» романынан өзінің келісті орнын тапты.

Осы, мен куә болған жазушы өмірінің бір сәті — оның суреткерлік табиғатының түбегейлі бір сырын ашатын сияқты. Жазушыны бал жинаған араға теңеу дұрыс-ау деп те ойлайсың. Әбдіжәмил Нұрпейсовтың баршамыз сүйсінетін тамаша қасиеті — ол қолына қалам ұстағалы ерінбей-жалықпай өз халқының бойындағы нәрін жинаумен келеді. Сонау тырнақалды тұңғышы «Курляндия» романында тәжірибесіздіктен туған кейбір олпы-солпы, артық-кеміне қарамастан халықтың етене ұлы ғана көре алатын не бір қызғылықты ұлттық сипаттар, қайталанбас характерлер, естен кетпес көріністер болатын. Сол кезде-ақ жазушы жасанды-жалғансыз, айшық-әшекейсіз нағыз сара тілдің шебері екенін және ана тілінің мол байлығын танытқан.

Әбдіжәмил Нұрпеисов өзінің мүшелі елу жасына қазіргі қазақ әдебиетіміздегі ірі, қабырғалы қайраткер дәрежесінде келіп отыр. Оның шығармалары, әсіресе, «Қан мен тер» трилогиясы туған әдебиетіміздің кезеңді бір белесін белгілеп, оның абыройын Одаққа ғана емес, дүниедегі талай іргелі елдерге жеткізді. Қай тілге аударылса да оқушыларының құлағын елең еткізіп, сол елдердің белгілі қаламгерлерінің аузынан биік бағасын алды. Сөйтіп, бүгінгі қазақ әдебиетінің мерейін тағы да бір көтеріп тастады.

Осы шығарманың тамаша табысына, күннен күнге көтеріліп келе жатқан мерейіне ой жүгірткенде менің көңіліме жоғарыда айтылған кішкене эпизод орала береді. «Айдын-шалқар Еділдің алып арнасы кішкентай ғана бұлақтан басталады» деген орыс халқының мәтелі бар. Жаңағы бір ауыз сөз, бір-ақ бір адамның ұзақ өмірінің ащы тағдырын сыйғызып тұрған алтын сөз, бәлкім, «Қан мен тер» трилогиясының бастамасы болмас, бір-ақ сол алып арнаға келіп құйған мөлдір бұлақтың бір көзі екені даусыз. Әрине, бір бұлақтың өзекті толтыра алмайтыны анық болса, «Қан мен терге» құйған бұлақтардың саны да мол. Бұл шығарманың бетін жайлаған сан-алуан кейіпкерлерге көз жүгіртсеңіз, Белинскийдің сөзімен айтқанда, қаншама «бейтаныс таныстарыңызды» кездестіресіз. Неше түрлі қызғылықты, бояуы сембеген, қайталанбас характерлердің және шынайы қазақы характерлердің қалың думан жәрмеңкесіне кіріп кеткендей боласыз. Әрқайсысы бір Қожанасырға татырлық судыр Ахмет пен Қарақатынды айтпағанда, тоңмойын Дос, от жүректі, ожар Қален, жымысқы Ебейсін, Мөңке, Қаратаз, Ербол қария... Санай берсең бұл тізім ұлғая береді. Бұлар кітап ішінде сюжет қызметін атқарып жүрген қырсыз кейіпкерлер емес, әрқайсысы тек өз қалыбынан ғана шыққан, өзіндік дүниесін ала келген қызғылықты характерлер. Осылардың ішінен кісіні елең еткізетін тосын, оқшау бейне Сүйеу қарт ше? Бұл — өмірде де өте сирек кездесетін соны характер.

Елу сегізінші жылы Әбдіжәмил азғана қатар қаламдастарын шақырып, елде жатып жазып келген «Қан мен тер» романының жеке тарауларын оқыды. Ол судыр Ахмет пен Қарақатынға арналған тараулар болатын. Жұрт ішек-сілесі қата күліп, мәз болып тыңдады. Осы кеште мен іштей күйзеліп, қиналып отырдым. Онымды автор да сезген болу керек. Әбдіжәмилге шынымды келесі күні айттым. Осы бір қазақтың қалың ортасынан қанын сорғалатып ойып алған трагикомедиялық екі бейне — маған бала күнімнен етене таныс адамдар болатын. Тіпті бар ғой, талай көрген, күлген, көріп өскен жандарым... Соны мен жазбай басқа біреу жазып отырса... әрине, ішімде қызғаныш туды. Бұл бір, өзіңді сынай, тежей білмесең, арты жақсылыққа апармайтын қызғаныш еді. Мен ғана емес, осы екі характер шынында да талай қазақ жазушыларының көзін қатты қызықтырған болатын.

Әрине, халық өмірі өзгелеріміздің үлесімізге де талай қызғылықты бейнелер мен сыр-сиқырларын қалдырған болар. Соны біз аша алып жүрміз бе?

Әбдіжәмилдің бұл саладағы қаламының сәтті, жемісті болуының бір себебі, ол ел өмірінен кіндігін үзіп көрген емес. Үлкен қалада тұрса да, алыстан кетпей, бала кездегі ортасымен жиі араласып, біте қайнасып бірге келе жатыр. «Халық — қазына» деп ата-бабаларымыз бекерге айтпаған. Әбдіжәмилдің халықтың қалың ортасында жүріп, сол қазынадан қалай алып жүргенінің шет жағасын да көрдім. Арал өңірін аралап жүргенде талай қызғылықты адамдармен ұшырастым. Солардың көбі бір мінезімен, бір қырымен болса да, Әбдіжәмилдің кітабына кіріп кеткен жандар екен. Он баласы — бір ауыл өліп, бір төбенің басында жатқан қасіретті ана Әлизаның, көнтерілі мығым Мөңкенің прототиптерін де ұшырастырдым. Жазушы судыр Ахмет образын төрт адамның бойынан теріп алған екен. Жұтынып қойып, сымпылдап сөйлеп отырған бір шалды көргенде, Әбдіжәмил мені түртіп қалды. «Судыр Ахметтің біреуі осы», деп сыбырлады.

Өмірдің ұшан-теңізінде не бір бейнелер жоқ дейсіз, тек соларды көре білуге суреткердің көзі керек, соларды ширықтыра ширатып, қайта тірілтіп, әдебиет әлеміне әкелуге үлкен суреткердің таланты керек. Нұрпеисов өз елінің тарихына терең үңіліп, ауыр толғаныспен баратын жазушы. Тарих деген — ең алдымен халық. Оның бойындағы бары мен нәрі, тағдыры мен тебіренісі. Көркем әдебиетте тарихтың сыры жеке геройдың оқшау іс-әрекетімен емес, халықтың барша сый-сипатымен, елдік қасиет-мінезімен ашылады. «Қан мен тер» сол халықтың жаңа бір қырынан ашылуы және жақсысы мен жаманы, жаңасы мен толығы, барша бітім-тұлғасымен толық та терең көрінуі. Бұл кітаптағы үлкен теңіздің бір иірім түбегі тәрізді Төлеудің семьясын-ақ, алып қаралықшы. Дәулетінен айрылса да ерлігінен арылмаған, қақырайтып ақ жаулығын салып, үнсіз отыратын тәкаппар кемпір Төлеудің анасы, «бір аяқтан ас ішкендей» күніне қырық қырқысқан күндес әйелдер, мешеу өмір туғызған меңіреу дүлей, топас жауыз Томайқұлақ, жаңа өмірдің кішкене ғана жұлдызындай жылт еткен Айғанша, күндес аналардың зарын тартқан қасіретті бала Өтеш. Тамшыдан теңіз көрінеді дегендей, осы бір ошақтың басынан қазақтың патриархалдық семьясының күйреуін, сырты бүтін болғанмен, оның іштей ыдырап бара жатқанын көреміз.

Өмірден көргені көп, алғаны, түйгені көп жазушы соның бәрін мықты бір арнаға, бір жүйеге салып, бір тұтас етіп, сомдап, жоталандырып шығару үшін аз еңбек сіңірген жоқ. Абзалы Әбдіжәміл — менің өзім көріп жүргендердің ішіндегі ең еңбекшіл, бейнеткер жазушы. Бір кезде қазақтың әдеби қауымы жақсы қабылдаған «Курляндия» романын бірнеше рет қайта қарап, жөндеп шыққанын білеміз. «Қан мен тер» романының алғашқы варианты да біраз мақталған болатын. Бірақ жазушы соның жетпей жатқан жақтарын, әсіресе орталық геройдың әлі де жоталанып шыға қоймағанын сезіп, жеті-сегіз жыл тағы да жанын қинап еңбек етті. Шынын айту керек, бұл абырой жазушыға оңайлықпен келген жоқ.

Замандас, қатар өсіп келе жатқан адамдардың творчестволық жолының тоғысып қала беретін кезі болады. Ол менің басыма да келді. «Қаһарлы күндер» романын қырық тоғызыншы жылы бастап едім. Дәл осы кезде «Курляндияның» қолжазбасын оқып шықпасым бар ма. Содан қатты тоқырап қалдым. Менің жаза бастаған дүнием тіпті төмен жатыр екен. Содан сол роман, аттай алты жылға кешікті. Менің сол кездегі бітіргенім, өз романымды жинап қойып, «Курляндия» жайлы мақала жаздым.

Осы бір арзан даңққа асықпайтын, орнықты жазушы қашан да өз қатарының алдында келеді. Көбімізді қызықтырып, қызғантып келеді. Кісілігіміз жетсе, ұлы ұстазымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, неге озып кеттің деп шалғайдан алмай, неге қалып қойдық деп өзімізді қамшылап көреміз де.

Әдебиетті, әдетте, адам тану ғылымы деп атайды. Үлкен әдебиет сол адам арқылы бүкіл халықты танытады. Бұрынырақта дүние жүзінің өнер картасында орны белгісіз халқымыз қазір сол картаға дендеп еніп келеді. Өзге жұртқа да, өзімізге де халқымыздың бейнесін әдебиетіміз молырақ танытып келеді. Мұхтар Әуезов жасаған ұлан-ғайыр дүние, жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы өлместей, өшпестей етіп Б. Майлин суретін түсіріп кеткен ғажайып ұлттық характерлер, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин романдарындағы кең тынысты, жан-жақты, мол сипатты ел өмірі — осының бәрі халықты таныту жолындағы біздің прозамыз асқан үлкен-үлкен белестер.

Елу жас — адам өміріндегі үлкен бір белес. Бұл тұста оны өзі де, өзгелер де сынайды. Әбдіжәмил Нұрпеисов осы межеге ұялмайтын еңбекпен жетсе де келешектегі одан да үлкен жауапкершілігін мықтап сезінеді. Жазушы еңбек үстінде, ерінбей-жалықпай мазасыз ізденіс үстінде. Қазір мен осы мақаланы жазып отырғанда, ол алыс түкпірге тығылып, бүгінгі күн проблемасына арналған жаңа шығармасын жазып жатыр. Қазір жазушының толысқан кемел шағы. Ендігі бар жақсылықты біз оның алдынан күтеміз.

1974


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама