«Таң Шолпан» журналының сауалдарына жауап
Роман жанрының «жаназасы»
— «Етек-жеңі далиған көлемді шығармаға (роман не повесть) шұқшиып отыруға қазіргі оқырманның уақыты да, құлқы да жоқ, сондықтан бүгінгі проза қысқа болғаны жөн» деген пікір жиі айтылады. (Бұл жерде кітабының қалыңдығы кереқарыс келетін, бірақ, қанша оқысаң да тұзсыз ас ішкендей әсерде қалдыратын татымсыз жазғыштар туралы сөз қозғамай-ақ қоялық). Рас, кеше мен бүгінді салыстыра алмайсыз, қазір қарбаластар мен жанталастар уақыты. Дегенмен, маған көлемді шығарма оқылмайды деген пікір асығыс, үстірт айтылған сияқтанады да тұрады. Өйткені, мысалға өзімді алсам, мен үшін шығарманың көлемі басты нәрсе емес. Өзім білетін мамандығы әртүрлі кітапқұмар достарым да солай ойлайды. Жұрт айтып жүрген әлгі пікірге сүйенсек, онда бүкіл бір дәуірдің тынысын білдіретін роман жанрының жаназасына дайындала береміз бе, қалай?
— Әрине, жоқ. Романның жаназасын шығару тым ерте, жалпы бұл жанр ерте ме, кеш пе өледі дегенге мен өз басым тіпті сенбеймін. Негізі, романды эссе тектес шағын әңгімелер тықсырып шығады деген әңгіме әдеби сауатсыздықтан туындайтын секілді. Бұл екі жанр бір-бірімен қабыспайды, міндеті мен қызметі, көтеретін жүгі екі бөлек. Қысқа әңгіме «дың» еткізіп сезім пернесін басып өтумен ғана шектелсе, романның ой қозғау мүмкіндігі, қамтиын кеңістігі шексіз. Роман дегеніміз негізі бір отбасының немесе бір ұрпақтың тарихын әңгімелей отырып, дәуірдің келбетін беру. «Абай жолын» алыңыз, «Қан мен тер», «Аласапыран»... Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмысы» дүниеге келіп жатыр. Бұл туынды — қазақ әдебиеті үшін шын мәнінде құбылыс, мақтаныш. Мен өзім осы жуырда ғана Жозе Сарамага атты португалдық жазушының «Соқырлық» атты романын оқып шықтым, енді осы қаламгердің «Евангелие от Исуса» атты романын бастадым. Қазіргі таңда уақыты жоқ бір адам болса, ол мен шығармын. Екі кішкентай балам бар, өзім жұмыстамын. Бірақ, тым қалың екен, ал менің уақытым жоқ деп қалайша роман жанрынан бас тартуға болады? Ақылға сыймайды. Тым жақсы кітапты тез бітіп қалмаса екен деп қарайлай оқисың. Бірақ қазіргі қазақ әдебиетінде қалың романдардың тым сиреп кеткендігі де шындық. Бұны кеңес кезіндегі мол қаламақының қазір жоқтығымен түсіндіруге болар. «Ұлпан», «Оянған өлке», «Ботагөздер» қазір, Тәуелсіздік кезінде тумай жатыр. Роман жазу үшін эпикалық тыныс керек. Қаламгерлерімізге осы жетпей жатыр ма әлде? Бірақ бұл — уақытша дағдарыс. Бұл жерде мемлекет тарапынан болсын, меценаттар тарапынан болсын материалдық ынталандыру қажет-ақ. Ал тауар болса, тұтынушы табылады. «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген де пікір бар. Сексенінші жылдары мектеп бітірген бір ағаймен осы тақырыпта әңгімелескен едім. Сонда ол ойланып отырып: «Біз отыз шақты бала бір класта оқыдық. Осы отыз шақты баланың ішінде үш-төртеуміз ғана кітапқұмар болатынбыз. Қалғандары қолына кітап ұстамайтын, сол кластастарымның осы күнге дейін кітап оқымайтынына мен кепіл» деп еді. «Олардың әдеби кітап оқымауының себебі не деп білесіз?» деген сұрағыма: «Ауыл балалары қысы-жазы қара жұмыстан босамайды, балалардың кейбіреуі осы қияметтен құтылу үшін алға ұмтылып оқиды, ал көпшілігі өмір езгісіне түсіп өмір бойы бас көтере алмай өтеді. Әдеби кітапқа құмарлық деңгейіне көтеріле алмай қалуының бір себебі, меніңше, осы» деп еді.
— Сондай-ақ, «қазіргі жастар неге кітап оқымайды?» дегенде көпшілік жұрт интернетті желеу етеді. Ал, ауыл балаларының бәрі түгел интернет пайдаланады дегенге өз басым сенбеймін.Сонда бұл пікірдің қаншалықты жаны бар? Осы пікірдің өзі жас адамды әдеби кітап оқымауға сүйрелемей ме? Бүгінгі оқырман туралы, содан туатын салдарлар туралы сөз қозғаңызшы.
— Маған баланы ауыл баласы немесе қала баласы деп бөліп қараған кішкене қолайсыз көрінеді. Компьютер демей-ақ қояйын, бірақ спутниктік телевизия, ДВД дискілер қазір ең шалғай ауылдарға жетті. Өрмекші адамды немесе Су түбін мекен ететін Бобты білмейтін бала Қазақстанда қазір жоқ. Бала — қай жерде өсіп-өнбесін бала. Ойнағысы келеді, секіргісі, жүгіргісі келеді. Қатарымен қыдырады, елең-делең, телевизор, компьютер ойындары, Интернет. Оған кітап оқыту оңай емес. Мәжбүрлеп оқыту — бұл іске наразылық, жек көру сезімдерін оятпаса пайда әкелмейді. Менің ойымша, баланың кітапқа құмарлығын бұл жерде ата-анасы қалыптастыруға тиіс, яғни алдымен өзінің жеке басымен, іс-әрекетімен үлгі болуға тиіс. Ата-ана үйде болсын, демалыста болсын үнемі кітап оқи ма, оқыған кітабын реті келгенде бала-шағасымен бірлесіп талқылай ма, пікірталас ұйымдастыра ма, жатарда майын тамызып ертегі айтып бере ме? Әрине, жоқ. Ондай отбасы сирек. Кітап оқу мәдениеті деген болады. «Қазіргі бала кітап оқымайды» деп аттандау оңай, компьютерді немесе ДВД-ны қосып беріп, өз тірлігіңмен айналысып, айналып кете беру одан да жеңіл, ал іс жүзінде қадам санап, сәт санап, кітапқа құмарлықты, оқуға махаббатты ояту, күнде сәбиіңді алдыңа алып отырып, жаңа ертегі, балаларға арналған өлеңдер оқу — машақаты мол еңбек. Бірақ сөзсіз өзінің мәуелі жемісін беретін еңбек. Жапонияда мынандай бір тәжірибе жүргізілген екен. Құрсақтағы балаға анасы дауыстап неше түрлі ертек, өлеңдер оқиды. Дүниеге келген нәрестеге анасы кітап оқуын жалғастыра береді. Әрі қарай ол баланың өскен соң да кітапқа ынтық азамат болып қалыптасатынын елестету қиын емес. Кітап оқыған жасөспірім оқиға желісін жинақтап, қиялын ұштайды, ал экранда оқиға бейнеқатарлар арқылы дайын күйінде миға келіп қона қалады, елестету, ой түйіндеу, мағына іздеу қажет емес. Осылайша рухани мешеулік пайда болады. Меніңше, кітап оқу дағдысы балада 2 жастан 7 жасқа дейін қалыптасады, әрі қарай баланың кітапшыл болуы неғайбыл, мектеп бағдарламасына сай оқыр, жеңіл-желпі шытырман оқиғаларды ұнатып кетер, бірақ нағыз әдебиетшіл, талғампаз оқырман шықпайды одан.
— Тапшылдық, жікшілдік жазушылар арасында өткен ғасырдың бірінші жартысында қатты белең алыпты дейді. Одан кейін бұл бөлінушілік жершілдікке ұласқан көрінеді. Ал, қазір тапқа бөліну де, жерге бөлінушілік те былай қалып, жүзге, руға бөліну белең алып барады. Өз руын асқақ етіп, өзге руды ақсақ етіп роман жазатындар бұрын сирек те болса кездесетін еді, қазір тіпті өршіп кетті. Әдеби талас-тартыс бола қалса, руластары қарсы жақты шибөріше талайтынды шығарды. Әлдебір жазушы 70-ке, 80-ге келіп жатса да қолына қалам ұстаған руластары жаппай мақтау мақала жазуға отырады. Бұл не ауру? Осының тамырын басып, диагнозын айтып көріңізші.
— Қазақ қазақ болып жаратылғалы руға, жүзге бөлінуін тоқтатқан емес қой. Жуық арада қоя қоймас. Бұл қазақтың өзгелерден бір ерекшелігі болар. Бір қызығы бұлай жапа тарғамай бөліну — әдеби ортадан басқа жерлерде аса кең таралмаған. Қарап отырсаңыз банк қызметкерлері, іскерлік орта азаматтары, мектептерде, медицинада т.б. рушылдықтың бірен-саран жарқыншақтары сезіліп қалмаса, әдетте адамдар бір-бірінің қай ру, тайпа екендерін білмей-ақ қоян-қолтық араласып жүре береді. Мен өмірін полиция қызметіне арнаған бір туысқан атамнан елу жыл отасқан зайыбының (менің апайымның), қай рудың қызы екенін сұрай қалдым. Ол кісі қатты ыңғайсызданып «Қазір келсінші үйге, сұрайын» деп қопаңдап қалды. Осындай көріністерге қарап жершілдік пен рушылдықты бүкіл қазақты ірітіп-шірітіп жатқан құбылыс деп айтуға болмайтынын түсінесің. Мен өз басым әдеби ортаға, үлкен қара шаңыраққа имене басып енгенімде, қарсы алған, ығысып жандарынан орын беріп, тырнақалды, жеме-жемге келгенде түкке де тұрмайтын шығармаларымды насихаттап, жариялап демеген азаматтар мен апайлар менің руластарым да, тіпті бір жүздің адамдары да емес еді. Зейнолла Серікқалиев, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази, Сатыбалды Нарымбетов, Әлия Бөпежанова, Таласбек Әсемқұлов, Дидахмет Әшімхан, Ұлықбек Есдәулет... Олар өнердің жоғары миссиясы «Бұлақ көрсең көзін аш» қағидасын ғана ұстанды, еш нәрсе сұраған жоқ. Бұл енді менің жеке тәжірибем. Рушылдық, туысқаншылдық — өзінің қанына тарту, кішкене бауырына қол ұшын созып, сүйемелдеп жіберу функциясынан тұратын болса, онда тұрған не бар екен деген де ой келеді. Көмектессін. Адамға адам көмектеспесе, адамды адам аямаса, не боламыз барлығымыз? Кітап жазсын, өзінің жерін, ауылын, руын көтерсін, батырларын, билерін шығарсын. Бұл — жақсы ғой. Ал егер рушылдық — бірігіп алып, үйірлі шибөріше жалғызды талауға, топ болып қырқысуға бағытталса — әңгіме басқа, ондай жайттар тек жиіркеніш қана тудырады. Және бұған қатысушылардың өздеріне абырой әкелмейді.
— Бүгінде мектепте әдебиет пәні қалай оқытылады? Бұрынғы идеялармен (социалистік реализм т.б.) жазылған шығармалар қазір қалай түсіндірілуде? Мектеп оқулықтарында нені оқыту керек, нені оқытпау керек? Жалпы оқулықтың жазылуына көңіліңіз тола ма? Оқулық авторлары құрастырушы деңгейінде қалып қойған жоқ па, осы? Мәселен, бір жазушы туралы мектеп оқушысының ұғымына сай таныстыру-түсініктемені көбіне-көп кез келген мақаладан үзінді келтіріп бере салады. Бұл оқулықты оқу методикасын ауырлатпай ма? Осы сауалға кез келген сыныпқа арналған «Әдебиет» оқулығын парақтап отырып жауап беріңізші.
— Менің қолыма жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған қазақ әдебиеті оқулығы түсті. Құрастырушылары: Т.Ақшолақов, Т.Жұмажанова, С.Қалиев, С.Дүйсебаев. «Мектеп» баспасы, 2009 жыл. Қазір оқушылар қолданып жүрген оқулық. Мектеп жасындағы балалардың білімімен айналысатын адам болмағаннан кейін маған әлдене деп айта қою, баға беру қиын. Сонда да талаптанып көрейін…
Бұл оқулық Халық ауыз әдебиетінен бастап Мұқағали Мақатаевқа дейінгі кезеңді қамтыған екен. Осылайша үлкен әдебиет кішкене бір кітапқа сыйып кете барған. Ішінде тіпті «Түбі бір түркі әдебиетінен» деген айдармен Шыңғыс Айтматов пен түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұлы Фраги да жүр. Маған осы жері кішкене артықтау көрінді. Бас жоқ, аяқ жоқ. Мақсат не? Олардың қазақ әдебиеті аталған оқулыққа қатысы қандай?
«Қазан төңкерісі, Кеңес өкіметінің кедейлерді жақтауы, теңдік, әділдік туралы ұрандары халықты сендірді. Осындай жағдайда С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ш.Иманбаева, А.Тоқмағанбетов сияқты қаламгерлердің қаламынан кедейдің теңдік алғанын, жаңа өмірді жасаушы ретінде Ленинді, большевиктік партияны мадақтау жырлары туды. Кеңестік идеология осыны талап етті» (233-234 б.б.) делінген екен бір жерінде. Содан кейін осы қаламгерлердің әрқайсысына жеке тоқтала отырып, олардың идеологиялық түсінік тұрғысынан адасқандары туралы үнемі ескертіліп отырады. Оқулық хрестоматиясында аталған азаматтардың шығармалары жоқ. Менің ішім С.Сейфуллин мен Б.Майлин үшін ерекше ашиды осы тұста. Қандай керемет суреткер жазушы, қандай керемет ақын. Шынымен кезіндегі саяси ұстанымдары үшін осылай бірте-бірте көмескіленіп кете барар ма екен? Кезіндегі Мағжандар сияқты? Бірақ бұл — риторикалық сауал.
Жалпы оқулық көңілімнен шықпады. Баяндалу жағынан, материалды беру жағынан өзім мектеп қабырғасында жүрген кездегі деңгейден аспайтын тәрізді. Балалардың бойында туған әдебиетке деген махаббатты оятатын харизма жоқ, экспрессия сезілмейді. Баяндау да жаңалықсыз, Социалистік реализм дүрілдеп тұрған кездегі сөздер, тұжырымдар. Тек өңі аз ғана айналдырылған, ептеп-септеп өзгертілген. Дегенмен, қазақ әдебиеті туралы жалпылама, үстірт мағлұмат алуға болады…
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап
ШЫҒАРМАШЛЫҚ ПРОЦЕСС ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР
— Жазушы шығарманы жазуды бастағанда не туралы ойлайды? Шығарма туралы ма әлде оқырман жайлы ма?
— Қанша жазушы болса, әрқайсысының шығармаға отырар мезеті, сәті әртүрлі болады деп ойлаймын. Біреу идеяны жылдар бойы баптап, әбден пісіп жетілген кезде көркем шығарма кейпінде дүниеге әкелетін болса, кей қаламгер белгілі бір мезетке дейін ойында да болмаған туындының дайын күйінде бір-ақ сәтте қағаз бетіне түсетіні туралы айтады. Барлығы мүмкін. Бірақ мен бір нәрсені анық білемін, мөлтек әңгімені болсын, романды болсын жазу барысында оқырманды ойдан шығармау, ара-тұра болсын осыным оқыған адамға ұнар ма екен, әлде ұнамас па екен деп қылпылдап алу — кез келген шығарманың шырайын кетіреді. Яғни, сапасын түсіреді. Оқырман кейін, туынды жазылып болғаннан соң, жақсы дос, сырлас, пікірлес, тіпті рухтас ретінде пайда болады. Ол, әрине егер жақсы шығарма болса. Ал, шығарманы жазу барысында жазушыны жалғыз-ақ нәрсе толғандыруы тиіс — қағаз бетінде сөйлемнен кейін туып отырған сөйлем, ол жақта пайда болып, өзінің тылсым тіршілігін бастап кеткен өмір, жан бітіп, өзінің ерік-жігерін танытып, мінез-құлқын көрсете бастаған кейіпкерлер, олар саған соншалықты жақын, соншалықты таныс, сонымен бірге кейде жазушының өзінің үрейін тудыратын қылық шығарады, сөздер айтады, жазушы ойлап тауып, салғысы келген қалыпқа сыймайды, қарсылысады. Бұл, шын мәнінде керемет әлем. Жазу — жазушының тылсыммен бетпе-бет қалуы. Ол сәтте оқырман мүлде одағай, артық нәрсе. Оқырман жайлы ойлай бастаған мезетте тылсым сыртын береді, сен жалғыз қаласың. Және одан соң оқырманға үстіңе тиын қосып ұсынса да керек емессің.
— Жазушы жазылып біткен шығарманы жарияламас бұрын біреуге көрсете ме?
— Жеке өз басым міндетті түрде көрсетемін. Себебі, қазір ғана өзің жазып, тәмамдаған, сиясы кеппеген шығармаға объективті баға беру өте қиын. Әрине жазу барысында мың өзгертесің, сөйлемді сөйлемге ауыстырасың, сөз қосасың, бірақ бір уақытта, «не болса да, осы» деп тоқтаған шағыңда, әрине, сауатты, көкірегінде сәулесі бар жанашыр адамның қажеттілігі ауамен пара-пар болады. Мен кемінде екі адамға оқуға беремін. Оқып болғаннан кейін ол адамның көзіне сақа тергеушіден еш кем емес зымияндықпен қарап, қалдырған әсерін аңдисың. Себебі, өте маңызды. Менің ойымша, әдебиетте жүрген кез келген адам, мейлі ол ақын болсын, жазушы болсын, бірінші кезекте әдебиетші болуы керек. Яғни ғылымның әдебиет деген саласының маманы, теоретик. Содан кейін көркем аудармашы, сыншы, ақын, жазушы деп бөлінсе керек. Сол кезде әдеби ахуал, жалпы этика, эстетика жаңа сапаға көтерілер еді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап
Неге мистикалық әңгімелер жазасың?
Бұл жанр әдебиетте готикалық деп аталады. Және бұндай қорқынышты әңгімелер негізі адаммен қатар, тіпті өзге өнер түрлерінен бұрын пайда болды ма деп ойлаймын. Бұның себебі қорқыныштың ең көне және ең қуатты сезімдердің бірі екендігінде жатса керек. Бұған Ежелгі грек, рим әдебиеті, өзіміздің ауыз әдебиетіндегі жезтырнақ, жалмауыз кемпір, сақалы қырық қарыс бойы бір қарыс кейіпкерлер, Акутагава Рюноске, Гоголь, Эдгар По шығармашылығы, одан бері Павич, Маркес, Петрушевская шығармашылықтары мысал бола алады. Өзіміздің қазақ әдебиетінде Төлен Әбдіктің «Оң қол» повесі, Мұхтар Мағауиннің бертінде жазған кей әңгімелері жайлы айтуға болады.
Ал, сен өзің неге бұл тақырыпқа қалам тартасың деген сұраққа келетін болсақ, алдымен менің шығармашылығым тек қорқынышты әңгімелерден тұрмайтынын айтқым келеді. Әртүрлі әңгімелер жазамын. Кейбірі — осылай шығып жатады. Бұның түкпірінде, әрине, менің өзімнің жаратылысым, мінезім жатыр. Мені эзотерикалық әдебиет, қалыптасқан түсініктен тыс, тылсым дүние жайлы ілім қызықтырады. Осы қызығушылығымның жемісі ретінде кейде осы бағытта қалам тартамын. Содан соң готика жанры туралы айтқанда, тасада тұрып, айқаймен секіріп шығып бірін-бірі қорқытатын балалар ойыны көз алдыма елестейді. Бұл да ләззаттың бір түрі. Бұл жерде көркемдік жағынан өнер деңгейіне жеткен болса, шығармаға кез келген тақырып өзек бола алатынын дәлелдеп жатуды артық санаймын.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап
Қазіргі әдебиеттегі сын. Оны әділетті деп айтуға бола ма?
— Қазір сын туралы сөз қозғалғанда «әдебиетте сын жоқ» немесе «сыншылардың назарына тұратын көркем шығарма жоқ» деген сияқты біржақты пікірлер жиі айтылады. Әрине, олай емес. Сын бар, сынның да, басқаның да назарына тұратын көркем шығармалар да жеткілікті. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі таңда дүниеге келіп жатқан сараптамалық туындылар көп жағдайда көркем туындыға «жақсы» яки «жаман» деген баға берумен ғана шектеледі. Сын жанрының негізгі миссиясы баға беру емес. Бағалау, айдар тағып, ат қою — сынның шағын ғана тармағы, құрамдас бөлігі болса керек. Нағыз сын — қоғамда, әдеби-мәдени ортада болып жатқан жаңалықтарға, өзгерістерге жан-жақты талдау жасап, қоғамдық пікірді қалыптастырады. Ол үшін сыншы немесе белгілі бір басылым бұл бағытта ЖҮЙЕЛІ жұмыс істеуі керек. Меніңше, барлық мәселе — осы жүйліліктің жоқтығында тұр. Стихиялы түрде, әлдебір сыншының шабыты оянғанда немесе қолы босағанда, басылым беттерінен әлдебір сараптама материалды оқу бақытына ие боламыз. Қазір сапалы, мақсатты сынның жоқтығы — жалпы мәдени ахуалдың аянышты жай-күйінен де көрінеді. Мысалы, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда көрермен ең көп келетін, демек театрға түсім әкелетін қойылымдар — «Сыған серенадасы» мен «Мәңгілік бала бейне» екен. Ал, «Көшкін» -Кіші залда қойылды, өнер сүйетін, өнерден жалаң сезім, бос әңгіме емес, рухани талғажау, ой іздейтін аз ғана шоғырды жинайды. Бұл — халықтың талғамын, оның рухани деңгейін көрсетсе керек. Және ахуалдың бұлай қалыптасуын мен, бірінші кезекте, беделді қазақ басылымдарының, телеагенттіктердің және «мен сыншымын» деп жүрген әріптестерімнің кінәсі деп ұғамын. Бұл — өз елін, қазақты аямаушылық. Кезінде Абай басын соққан жартас — талғамсыздық мәселесі ХХІ ғасырда әлі сол қалпында мізбақпай безеріп тұр.
Ал, сол стихиялы пайда болған аз ғана сыни материалдар «әділетті жазыла ма» деген сауалға келетін болсақ, бұл жерде сол сынды жазушы адамның интеллектуалдық, талғамдық, ар-ождандық аспектілерін ескере отырып жауап іздеуге тура келеді. Әрине, сыншы да ет пен сүйектен жаралған пенде болғаннан кейін, меніңше, ауық-ауық ауытқулар орын алып тұрады. Бірақ, тағы да бұл арқылы кімді алдаймыз? Мысалы, Өнер ауылынан алшақ жатқан көркем туындыны он сыншы жабылып мақтаса да, мен иланбаймын. Себебі, өзімнің көкірек көзіме, талғамыма сенемін. Күресінді раушан гүлмен көмкерерсің, бұрқырап шығып жатқан иісін қайда жібересің? Сондықтан жалғанның аты — жалған. Бәлкім, шала сауатты әкім қаралар, қарапайым адамдар иланар. Бәлкім, өтірік мақтау немесе мақтату авторға әлдебір материалдық құндылықтар әкелер. Өнерде бұл маңызды ма?
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап
Бердібек ата Соқпақбаев
Бердібек Соқпақбаевты әдебиеттегі менің қатарластарым, менен кейінгі буын көрген жоқ. Бірақ «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек», Он алты жасар чемпион», «Өлгендер қайтып келмейді»-ні жастығына жастап жатып, айдалада қой бағып жүріп оқымаған жан арамызда және жоқ. Содан соң Абдолла Қарсақбаев түсірген «Қожа». Балалық шағымыздың серігі, түтіні ащы, топырағы майлы ауылдың белгісі. Ол кезде біз Қожаның қылықтарына тәнті болдық, күлдіргі, шытырман оқиға қуалап, тәтті жегендей ықыластанып, жақсы көріп оқыдық.
Содан бері талай уақыт өтіп, өзіміз сол Қожаны жазған кездегі Бердібек ағаның жасына таянған кезде, «Қожаға» да, ағаның басқа да шығармаларына «өзгеше» көзбен қарап, кәсіби саралай бастадық. Бердібек Соқпақбаевтың өз шеберлігін жоғары деңгейге жеткізе білген, ілеуде бір туатын классикалық жазушы екенін түйсіндік. Оның мәтініне үңіле отырып, айрықша қолтаңбасына, қысқа да нұсқа, артық сөзсіз, жақұттай жайнап, көздің жауын алып тізілген сөйлемдерінің құрылысына сүйсіндік. Шығармаларынан сонау бала кезде түйсікпен ғана сезініп, аса аңғармаған ауыр ой, мұңлы астар таптық. Ол тек бірінші жақтан ғана жазады. Бұның өзі жазушыдан барынша шыншылдықты, керек десеңіз өжеттілікті талап етеді. Осыны мойындадық.
«Менің атым Қожа» — басбұзар, хулиган туралы хикая аталып, совет балаларына қандай өнеге береді деген желеумен көп уақыт басылмаған. «Жазушының өзі партияға өтпеген, президумдарда жарқырап отырмаған» дейді көзін көргендер. «Одаққа да сирек келуші еді, саяқ жүретін». Шығармашыл адамға тән түйсікпен ол кісінің жалғыздығын ұғамыз. «Жазып та көрдім мен де өлең, Жазып та көрдім қара сөз. Ерте ме, кеш пе мен де өлем, Өлмейді тек дана сөз» депті өзі. Төрт жол тақпақтағы салмағы батпан трагедия, сонымен бірге Қасиетті сөздің мәңгілік екеніне сөзсіз сенім. Бердібек Соқпақбаев дегеніміз — осы.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап
Рухани шаршау немесе әдебиеттегі балаңдық
Ұлттың шаршауы, этникалық құндылықтарын, рухани базаларын жоғалтуымен айқындалады, өмірге құштарлықтың, жаңаруға, өркендеуге ыждаһаттылықтың болмауы — бүкілұлттық сипат алатын болса, әрине, қорқынышты картина. Бірақ, бағымызға орай, бұл жағдай қазақ үшін өзекті мәселелер санатында жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл ғана толып отыр. Кеңестік жүйе құрсауынан құтылып, тізгініміз қолымызға тиді. Алдымызда ғажайып мүмкіндіктер тұр. Жүрегінде көшпенділердің, сайын дала жауынгерлерінің жаққан алауы сөнбеген қазаққа қатысты етіп руахни шаршау туралы айту қисынға келмейді. Бізде керісінше өмірге деген құштарлық басым. Қазір ауылда болсын, қалада болсын әрбір адамда жақсы өмір сүруге мүмкіндік мол. Еңбектенсең, кәсібіңді «өте жақсы» деген деңгейде игерсең, жерде қалмасың, аш болмасың анық. Бұны әсіресе жастар жағы анық аңғарғандай. Оның үстіне 70 жыл кеңес үкіметінің, сол үкіметтің жасанды жолмен санаға сіңірген идеологияларының кесірінен ұлттық жады сөніп бара жатқан қазақ үшін қазіргі заман қайта түлеуге, өткенін еске түсіріп, оның тек жақсысын, пайдаласын қажетке жаратуға мүмкіндік туғызып отыр. Қазіргі қазаққа қарап отырсаңыз, өзін ер түркінің ұрпағы сезіну түйсігі оянған, арғы жады, өзін гендік деңгейде айқындау, сезіну процесі басталған. Бұл соқпақ — даңғыл жол емес, әрине. Адасулар, асырасілтеулер болмай тұрмайды. Бірақ өзін-өзі тану, идентификациялау сапарын бастаған ұлт үшін этнос құрылымы ыдырай бастағанда пайда болатын «рухани шаршау» — бос сөз тіркесі ғана.
ХІХ ғасырдағы орыс дворяндарын еске алыңыз, бізге олардың рухани азғындап, бағыт-бағдарын жоғалтып алғаны, сол мезеттегі олардың кескін-келбеті — Толстой, Куприн, Тургенов, Чехов, Гончаров сынды классиктердің шығармаларынан белгілі. Лермонтовтың «Бүгінгі заман кейіпкерін» алыңыз. Осы суреткерлер шаршаған, мағынасыз тірлік құрсауына түскен қоғамдағы адамдардың психологиясын керемет суреттеп кетті. Олар әдетте — өмір сүруге деген ерік-жігерінен айырылған, атадан қалған мұраны шашып, құмар ойындарға, ішімдікке салынған, түні бойы балдарда жүретін орыс ақсүйектері немесе тірліктен күнделікті ішіп-жемнен басқа ешнәрсе күтпейтін, тілемейтін басыбайлы шаруалар. Деградацияға ұшыраған жүйенің әдеттегі, логикаға сай түйіні — тарау. Ленин идеясының жасампаздық қуатқа ие болу себебі де сол депрессиялы қоғамның қарсыласа алмауымен, қарсылыққа рухани күш таба алмауымен түсіндіріледі.
«Әдебиет — өмірдің айнасы» деп жатады. Халыққа ұлы даңқты жазушылар алып келеді. Қоғам және сол қоғамның бел баласы әдебиет бір-бірімен, тікелей және тығыз байланысты. Ағылшын ақыны, мәдениеттанушысы Мэтью Арнольдтың «Әдебиетте шедевр тудыру үшін жалғыз талант аздық етеді. Ол үшін алдымен өз уақытыңды сезінуің керек. Талант пен уақыт — тұтас ұғым» деген сөзі бар.
Бірақ бізде ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетіндегідей қазіргі жағдайдың, қазіргі адамдардың типтік бейнесін тауып, оны көркемдік жолмен іске асыру, сапалы іске асыру мәселесі тоқырап тұрған секілді көрінеді.
Ақсақал қаламгерлер тарихи тақырыптарға (алыс-жақын тарихқа) көп барады (М.Мағауин, Т.Нұрмағанбетов секілді азын-аулақ жазушыдан өзгелері). Бәлкім, оларда кеңес кезінде тыйым салынған, кезінде жүзеге асыра алмаған арман-мақсаттарын орындауға талпыныс басым шығар.
Дегенмен, орта буын, әдебиетке 70-ші, 80-ші жылдары келген қаламгерлер негізінен қазіргі заман адамының бейнесін сомдап жатыр. Нәтижесі де көз алдымызда. Әдебиетке қызығушылығы бар кез келген адам алып таныса алады.
Осыдан келіп сәтті шығарма, сәтсіз шығарма проблемасы туындайды. Бір отбасында он бала болса, «әке — балаға сыншы» дейді, әр баланың қарым-қабілетін, мүмкіндігін, тіпті талайы мен бағын дана ата-ана алдын ала сезініп, бағамдап отырады. Әрқайсысы іштен шықты, әлдилеп бағып, үлкен өмірге бағыттап жіберді, ешқайсысына жамандық тілмейді. Бірақ біреу асулардан өтіп, тауларды, жұлдыздарды бағындырады, ал баз біреуі ауыл арасында мал бағып қалады. Көркем шығарма да сол бір үйдегі он бала тәрізді. Дүниеге келуін келеді, бірақ барлығы бірдей мүлтіксіз болмайды. Болбырлауын танып, қатайту, тартпасын тартып, нығайту — қаламгердің тікелей міндеті. Немесе жөнге келмесе, мойындау, көну. Бұл — рухани кемеңгерлікті талап ететін ауыр шешім. Бірақ онсыз және болмайды. «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» дейді. Біздің қазіргі әдебиетке сол өзін-өзі объективті бағалай білу қасиеті жетпейтіндей. Бір қызығы бұл дерт жас пен кәріні толық дендеген. Қайсыбір ішкі қазығы мықты, көкірек көзі сезімтал жандар болмаса, өзеуреп, «мен тірі классикпін» деу, тіпті болмаса «мені келер ұрпақ қана түсінеді» деп, замандастарының интеллектуалды деңгейіне күмәнмен қарау — тым етек алып бара жатыр. Бұл — әдебиеттің балаңдығын көрсетсе керек. Қай заманды, қай елді алып қарасыңыз да, әдебиетте кездейсоқ адамдар көп болады. Дабыраны, былық-шылықты солар жасайды. Содан кейін заман ауысып, ел жаңарғанда сол мың адамнан он адам ғана қалып жатады. Табиғи іріктеу елегінен өткеннен кейін миллион кітаптан жүзі қалса, жақсы.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап
Көркем әдебиет және публицистика
Аға буын тарапынан қазіргі жастардың тілі қасаң, жазған дүниелері публицистика деңгейінде деген пікір бар. Қазір шынымен де көркем әдебиет пен публицистика жанрларының ара-жігі жақындап, тіпті қоян-қолтық араласып кетті деп айтуға болатын шығар. Бұл үрдіс тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде де көрініс тауып отыр. Әдетте көркем шығармасының публицистикалық сипат алып кеткендігі туралы сөз қозғалғанда бұл жайт — жазушыларға ұнамайды, ренжіп жатады.
Публицистика, әрине, әдебиеттің үлкен бір саласы бола отырып, көркем әдебиеттен басқа, өзіндік функцияны атқарады. Егер түсіндірме сөздіктерге жүгінетін болсақ, публицистиканың саясат пен экономиканың, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін сараптайтын, белгілі бір идеяны насихаттайтын құрал екенін көреміз. Міндеті — қоғамдық пікірге ықпал ету, ақпарат беру, нақты деректермен, құжаттармен жұмыс жасау.
Сонымен бірге нақ осы публицистика үлкен әдебиетке культтық деңгейдегі жазушыларды әкелген. Олардың арасында Салтыков-Щедрин, И. Бабель, О`Генри, М. Твендер бар. Ал, қазақ әдебиетінде, әсіресе ХХ ғасырдың бас кезінде осы құбылыстың кеңінен тарағанын байқауға болады. С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді майталмандар өздерінің әдебиеттегі биік миссияларымен қатар, қоғамды ояту, ағартушылық бағыттағы шығармашылықтарын да жоғары деңгейге жеткізе білді. Қазіргі заманда осы қатарға М.Мағауин, Т.Әсемқұлов секілді бірқатар жазушыны жатқызуға болады. Дегенмен, бұл азаматтар көркем әдебиет пен публицистика арасына жік қоя білді. Бірін-біріне қосып, араластырған жоқ.
Қазіргі таңда «роман», «повесть», тіпті «әңгіме» деп айдар тағылған, бірақ анықтап қарасаңыз, публицистика деңгейінен аспайтын туындыларды кездестіруге болады. Бұл қазақ әдебиетінде аға буын мен орта буын жазушылары экология мәселелеріне, атап айтқанда Арал тағдыры, полигон зардаптары секілді нақты мәселелерді тақырып етіп алып, көркем шығарма тудыруға талпынғанда жиі орын алады. Көркем әдебиеттің негізгі объектісі — ой, идея. Ал, публицистика жоғарыда атап көрсетілгендей — қоғамдық сипатқа ие. Бір-бірінен тіл байлығы, ой тереңдігі жағынан да ерекшеленеді. Сонымен қатар көркем туынды өзінің өзектілігі мен оқырман үшін маңыздылығын ғасырлар бойы сақтап қалуға қабілетті болса, публицистикалық шығарма заман өзгеріп, ұрпақ ауысқаннан кейін көпшілік оқырман үшін рухани қажеттілігін жоғалтады. Демек, көркем әдебиет — мәңгілік тақырыптарды қозғап, мәңгілік сауалдарға жауап іздеуге талпыныс болса, публицистика бүгінгі күннің мәселелерін қозғаумен шектеледі.
Публицистикалық шығарманы көркем туынды ретінде ұсыну процесін тоқтату мүмкін де емес. Жазу — әр автордың жеке құқығы. Оған қалай тосқауыл қоясыз. Және бұл жағдай қай кезеңде, қай заманда болмасын орын алған. Жаман, ортанқол ақын-жазушыны егер іздесеңіз кез келген елдің, кез келген заманның мұрағатынан табуға болады деп ойлаймын. Бірақ, олардың шығармалары, аты-жөндері белгілі себептермен бізге жеткен жоқ. Сапалы мен сапасызды көзі қарақты оқырман бірден анықтайды. Ал, «Соқыр тауыққа бәрі жем». Барлығына төреші — уақыт, амалсыз соңғы үкімді соның құзырына қалдырамыз.
683 «Таң Шолпан» журналының сауалнамасына жауап:
Қазіргі заманғы анимациялық фильмдердің бала психикасына, дүниетанымына әсері
Қазіргі заманғы анимациялық фильмдердің бала психикасына, дүниетанымына әсері деген тақырып — бала психологиясының жеке тармағы болуға тұрарлық тым кешенді мәселе. Бұл мәселемен айналысу керек, бұл жөнінде қоғамда үнемі дабыл қағылып отыру керек.
Қазіргі мультфильмдер екіге бөлінеді, бірі — бұрынғы кеңес кезінде өзіміз көріп өскен, баланы ізгілікке, мейірімділікке баулитын, адалдық пен тапқырлықтың, сұлулық пен жақсылықтың жасампаздығын дәріптейтін ескі туындылар. Өкінішке қарай, бұл идея, идеология дейміз бе, кеңес дәуіріне тән болып қалды. Қазіргі Ресей шығаратын мульфильмдердің өздерінде батыстық сарынға еліктеушілік етек жайған. Бұрынғы анимацияға тән жүрек шымырлатар тазалығы мен шынайылығынан айырылып қалыпты.
Қазіргі анимациялық индустрияда екінші бағыт, яғни атыс-шабыс, бірі қашып, екіншісі қуу, физиологиялық деңгейдегі арзан әзіл-қалжыңмен баланың санасын, талғамын әлден бүлдіру принциптерін ұстанатын /мен бұның да идеология екеніне сенімдімін/ мағынасыз, еш моралі, бала жүрегіне, миына берері жоқ құбыжық мультфильмдер басым.
Қазіргі мультиктер жөнінде ресейлік бір психологтың «кең көлемде әлеуметтік тәжірибе жүргізіліп жатқан секілді және оның құрбанына біздің балаларымыз айналып отыр» деген пайымы ойға оралады.
Мен өз басым балаларыммен үнемі мультфильм көремін. Америкалық өнімдерді қарап отырып, оқиға құру, шиелініс тудыру шеберлігіне таң қаласың, бала тұрмақ ересек адамның өзін үйіріп әкетеді. Бірақ, міне, мульфильм аяқталды. Не болды? Түк те. Финал — еш нәрсе туралы емес. Неге түсірді, не мақсат, мүдде болды? Тек баланың лексиконында мағынасыз, «сәнді» үш-төрт сөз тіркесі қалады. Шынайы өмір жайлы, құндылықтар жөніндегі түсінігі аздап өзгерді. Болды. Мәдени экспанция.
Мен жақында Таласбек Әсемқұлов жазған «Көкбалақ» атты анимациялық фильмнің сценарийін оқыдым. Абылай ханның тұлпары туралы екен. Білуімше, оны түсіруді «Қазақфильм» қолға алып жатыр. Рухты көтеру үшін, бала жүрегіне отансүйгіштік ұшқынын түсіру үшін өте керек туынды екен. Негізі қазір бізде де ұлттық анимация дамып келе жатқанға ұқсайды. Бірақ оның жемісін біз, тұтынушылар әлі көре алмай отырмыз. Жүйелі көрсетілімдер жасалмайды. Ұйымдастырылмаған. Себебі ұрпақ тәрбиесіндегі мультфильмдердің маңызы әлі өз дәрежесінде бағаланбай отыр. Амал жоқ, ата-аналардың өздеріне абай болуға, сауатты болуға тура келеді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің сауалнамасына жауап.
Әдеби процесс мәселесі
— Бізде әдеби процеске мониторинг жасалып жатыр ма?
— Кез келген саяси немесе әлеуметтік процеске арнайы мониторинг жасалып отыратыны сияқты, әдеби процесті де бақылап, оны сараптап отыру өте қажет. Бірақ бұл жұмысты кім жасауға тиіс? Әрине, арнайы институттар, әдеби ұжымдар. Бұрын кеңес кезінде осы бағытта ауқымды ғылыми жүйе жұмыс істеді. Сыншылар, тілшілер, жазушылар әдеби процесті зерделеп, зерттеп, түйіндеп отырды. Оның бір себебі сол кездегі саяси жүйенің әдебиетті идеология ретінде тиімді пайдаланғанында, осының нәтижесінде әдебиет мәселелеріне, механизмдеріне жете мән берілгендігінде болса керек. Өкінішке қарай, қазіргі әдебиетіміз тым стихиялы түрде, бытыраңқы келе жатыр. Бірде-бір мәдени немесе әдеби институт бүгінгі күнгі әдебиеттің мәселелерімен, оның ерекшеліктерін, ағымдарын, кемшіліктері мен жетістіктерін зерттеумен айналыспайды. Басқа салаларды қайдам, бірақ дәл осы әдебиет ғылымы бүгінгі күн мен болашақтан гөрі өткен шақты көбірек қозғайды. Оған «Мәдени мұра» аясында жасалып жатқан ауқымды жұмыстар дәлел. Жоқ, жасалсын, бұл өте керек, дегенмен, қазіргі әдеби процесс соның тасасында, көмескіленіп қалып кеткендігі ғана өкінішті. Осы мемлекеттік деңгейде бағытталып, атқарылып жатқан істер әдебиеттің БАҚ-тағы көрінісіне де ықпалын тигізуде. Қарап отырсаңыз, қазір осы әдебиет саласын бағыт етіп алған газет-журналдарымызда жарияланатын материалдардың басым бөлігі естелік, өткен күнді көксеу, мадақтау сипатына ие. Ал бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне сауатты сараптама жоқтың қасы.
— Біздің ағымдар туралы түсінігіміз?
— Қазіргі заманауи әдебиетте ХХ ғасырдың басымен салыстырғанда, кемінде он жаңа ағым енген екен. Неомифолизм, мәтін ішіндегі мәтін, фабуласыз мәтін деп кете беретін, жеке тұлғаның ішкі дүниесіне, оның жеке толғаныстары мен тұрмысына негізделген, шындық пен қиялдың шекарасында әрі-бері ауытқып тұратын, мистикалық элементтерге бай жаңа сипаттағы әдебиет келді. Бұрынғы әдебиетте сентиментализм, мораль мәселелері маңызды болса, қазіргі әдебиетті философиялық, психологиялық, интеллектуалдық, вертикалды әдебиет деп сипаттауға болар. Осы жаңашылдық бұрынғы горизанталды түрде дамитын, логикалық, дәстүрлі әдебиетті тықсырып келеді. Бұл заңды да. Заман өзгерді, қаншама жаңа технологиялар еніп жатыр, соған сәйкес көркемдік сана да өзгерістерге ұшырады. «Дон Кихоттың» немесе «Абай жолының» ешқашан өз тұғырынан түспейтіні қандай анық болса, әдебиеттің, соның ішінде қазақ әдебиетінің заман талабына сай өзгеретіні сондай айқын. Бізге де ол өзгерістер там-тұмдап келіп жатыр. Бірақ, әрине, жаңаға қарсы, оған үрке қарайтын адамдар әр қоғамда болады. Постмодернизмді құбыжық деп қабылдап, оны әдебиетімізден аластатуымыз керек деп есептеген бір кезең болады. Бірақ, одан постмодернизм ешқандай зиян шеккен жоқ.
— Қазақ әдебиетінде қандай ағымдар бар?
— Қазақ әдебиетін толық қамтып, жіліктеп беретініме күмәндімін. Енді өзім байқап, бағдарлаған мезеттер туралы айтар болсам, Қойшыбек Мүбәрак деген мистика жанрын бағындырам деп жүрген жігіт бар, Мақсат Мәлік психологиялық тақырыптарға барады, Дархан Бейсенбек, Серік Сағынтай шығармашылықтарын дәстүрлі прозаға жатқызуға болар. Аға буын туралы айтар болсақ, Аслан Жақсылықовтың философиялық прозасы еске түседі. Ол кісінің шығармашылығы, сөз жоқ, қазақ әдебиеті үшін тың бағыт. Асылбек Ықсан шығармашылығы да қазақ әдебиеті үшін жаңалыққа толы. Әрине, бұл жерде Дидар Амантайдың көп талас тудырған, бірақ қазақ әдебиетіндегі бетбұрысқа негіз болған прозасы туралы айтпай кетуге болмайды. Думан Рамазан лирикалық проза жазып жүр. Әдебиет бар жерде ағымдар, әлбетте болады. Оның бірі дәурені өтіп кетіп жатса, сол мезетте жаңалары пайда болады. Бұл — табиғи процесс.
Қазақ — демократияшыл халық
(«Халық сөзі» газетіне шыққан сұхбат)
Айгүл Халықова:
Қазақ қыздарының бейнесін әңгімелеріңде кескіндеу үшін оны қалай танығың келеді?
Мадина Омарова:
Мен үшін қыз немесе әйел бейнесін сомдаған кезде оның ұлттық нышаны ең соңғы кезекте болады. Алдымен адам, адамды толғандыратын мәселелер. Ұлты, нәсілі, географиялық мекені — егер характерді ашу үшін деталь ретінде керек болмаса, мүлде қажет емес.
Айгүл Халықова:
Сенің кейіпкер қыздарыңның темекі тартып, коньяк ұрттап қойып жүре беретіні сондықтан болғаны ғой...
Мадина Омарова:
Ия, содан болуы керек... Әнде айтылатын "қазақ қызы" деген образ — идеал ғой. Жинақ бейне. Ал, сіз бен біз сүріп отырған өмір, күнделікті тірлік — ол идеалдан алшақ жатыр. Проза — идеалдағы өмірді қиялдап отырып жазып шығу емес. Ал мен Макаренко емеспін /құдайға тәуба/.
Айгүл Халықова:
Сонда сенің идеалдағы образың өмірдегі төмен етектіден әлдеқайда биік пе?
Мадина Омарова:
Әрине, идеалдың аты — идеал. "Адамзатқа өмір сүру үшін миф керек" деп біреу айтқан екен.
Айгүл Халықова:
Мифтен гөрі әйелге өз мұңы жақын ғой... өзін танығысы, өзін көргісі келеді емес пе?
Мадина Омарова:
Сол кезде сахнаға мен шығамын.
Айгүл Халықова:
Сентименталды әйел мықты ма, рухы биік әйел беделдірек пе?
Мадина Омарова:
"Қатігез адам — көңілшек" деген де бір сөз бар еді. Гитлердің өзі анау-мынау мелодрамаларды көргенде көз жасын сығып алады екен. Негізі әйелді рухы мықты немесе сентималды деп бөле жаруға қарсымын. Бір әйелдің бойына барлығы сыйып жатады. Әйел сонысымен мықты.
Айгүл Халықова:
Онда сенің сахнаға шығатыныңа сенемін. Ия, солай. Оған дау жоқ. Және сенің әңгімелеріңді оқығанда, кейіпкерлерің сөйлегенде, даусың құлағыма келеді. Сондықтан да әсері басқаша болады. Меніңше, сен өзің кейіпкер болуға лайық образсың, жердің адамдарына ұқсамайтын романтикалық бейнені көрем...
Мадина Омарова:
Рахмет, бірақ адам өзінде жоққа әуес, мен мысал өзімді жер бетінде екі аяғында нық тұрған, іскер, бір асты немесе тойды жалғыз атқарып жіберетін пысық келіншек образында көргім келеді. Әттең... Бір қарасам трансқа кіріп, кімге шай құйып отырғанымды ұмытып, масқарам шығып жатамын...
Айгүл Халықова:
Ондай әйел болсаң жазушы болмас та едің ғой...
Мадина Омарова:
Үстел басында ойлы кейіпке еніп, үлкен туындылар жазып, той болғанда екі білегімді сыбанып екіленіп шыға келетін болсам жараспас па еді?
Айгүл Халықова:
Мүмкін, бәрі мүмкін. Мүмкін емес нәрсе болушы ма еді? Әдебиетте әйелдігің кедергі болған кез болды ма?
Мадина Омарова:
Оны шынымды айтсам, сезінбеппін. Қазақ негізі ықылым заманнан өте демократияшыл халық қой. Әйелдің билік айтқан, әйел сөзіне тоқтаған кездер тарихтан белгілі. Сондықтан әдебиеттегі жігіттер тарапынан ондай қысым көрген емеспін. Құдай көрсетпей-ақ қойсын.
Айгүл Халықова:
Өмірді "жындыхана" деген кезің болды ма?
Мадина Омарова:
Абайдың "Масғұт" поэмасындағыдай, кейде барлығы жынды су ішіп алғандай көрінетін кездер болады.
Құтылар хал болмады мына дудан,
Біз де ішпесек болмайды жынды судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған.
Екеуі жынды судан ішіп салды,
Құтырып көп алдына жетіп барды...
«Алла пендесін еркіндікпен сынайды»
(Жазушы Серік Сағынтаймен сұхбат)
Серік Сағынтай:
Қазіргі әдебиетшінің кешегі қаламгерден айырмашылығы бар ма? Әлеуметтік жағдайын айтпағанда, жазу-сызу, ақпараттық кеңістіктегі хәлі?
Мадина Омарова:
Әрине, айырмашылық өте зор. Қазір біз үшін ақпараттық, көркемдік, тақырыптық, тіпті белгілі дәрежеде идеологиялық, моральдық шектеу жоқ. Бірақ "Алла пендесін еркіндікпен сынайды" дейді. Бұл қазіргі кездегі әдебиеттегі бейберекеттікке әкеліп соқтырған сияқты.
Серік Сағынтай:
Қазақ поэзиясы үлкен биіктерге көтеріліп кетті деген пікірді жиі естиміз. Қазақ прозасының кешегі керемет кезеңдерінен кейін, енді бір өрлеу келе жатыр деп ойлайсыз ба? Әлде, ондай даму болмай ма?
Мадина Омарова:
Поэзия биіктерге көтерілді деген пікірге келісуге де болады, келіспеуге де болады. Иә, жаңа, жас ақындар, жақсы ақындар көптеп шығып жатыр. Барлығы жалынды, амбициялы, өр, ақылды. Поэзияға жастық шабытпен келіп жатыр. Бұны өрлеу деп айтуға болар... Бірақ поэзия идеялық жағынан, формалық жағынан өзгерді ме? Поэзия жаңа ой, жаңа кеңістік алып келді ме? Бұл сауалдарға жауап беру үшін ойлануға тура келеді.
Серік Сағынтай:
Дегенмен, проза жайлы айтсаңыз...
Мадина Омарова:
Проза жанры прозаның өзі секілді жаймен, баппен, бірақ сөзсіз өзінің табиғат секілді бұлжымас бірбеттігімен дамып келе жатыр деп айтуға әбден болады. Дәл осы прозада эксперименттер молынан жасалуда. Аға буын Аслан Жақсылықов, Асылбек Ықсандардан бастап, кішкентай Мақсат Мәліктер арасындағы сабақтасып жатқан тізбекті барлап қарасаңыз, сіз осыны аңғарасыз.
Серік Сағынтай:
Әдеби ортадан шалғай, провинцияда тұрсаңыз, өміріңізді, жазуыңызды қалай елестетер едіңіз?
Мадина Омарова:
Хемигуэй айтқан сөз бар ғой "Ұлы суреткерлер провинцияда туып, Парижде өледі" деген. Шығармашыл адамын, әрине, әдеби орта, "өзі тектес тіршілік иелері" магнитше тартады. Олардың ең ірі шаһарға отқа ұмтылған көбелекше қаңғалақтап ұшатын себебі осында ма деймін. Содан соң торығу, депрессия, өр түркінің еркін рухы, дешті қыпшақ деген сияқты ойлар кетеді. Өзімді провинцияда елестете алмаймын. Ал егер бұйрық болып, тұруға тура келсе, мен бәлкім көбірек жазар едім, молырақ оқыр едім, ізденер едім. Бірақ өте бақытсыз болар едім.
Серік Сағынтай:
Неге?
Мадина Омарова:
Өзім тектес шығармашыл адамдармен араласпауға, олардың тіршілігін тек сырттан бақылауға төзу мен үшін қиын. Рухани достықсыз деп айтамыз ба бұны? Бәлкім, бұл рухани әлсіздік те шығар... Мысалы, Әлия Бөпежанова. Немесе Таласбек аға (Әсемқұлов). Егер провинцияда тұрсам, олардан мен географиялық, тұрмыстық, ақпараттық, ситуациялық жағынан алшақ болар едім. Қанша дегенмен бұл жағдайлар адамдардың қарым-қатынасының 100 пайызын құрамаса да, айтулы рөл атқарады.
Серік Сағынтай:
Кеңестік кезеңдегідей, жазушыларға қоғамдық тапсырыс берілетін болса, бұл әдебиетімізге әсер етер ме еді?
Мадина Омарова:
Сандық жағынан әсері болуы мүмкін, сапалық, көркемдік тұрғысынан нәтижесіз болар еді деп ойлаймын.
Серік Сағынтай:
Мысалы...
Мадина Омарова:
Мысалы, Кеңес одағының 70 жылдық тарихында жазылған тек қазақ әдебиетінің өзіндегі жүз мыңдаған кітаптың қазір ел аузында, сен екеуміз секілді әдебиетте жүрген жастардың жүрегінде қалғаны қанша? Он шақты, жақсы, жиырма шақты жазушының есімі аталады. Әдебиет ешқандай науқанның ырқына көнбейді ғой, Аллаға тәуба.
Серік Сағынтай:
Әңгімеңе рахмет, жазар көбейсін!