Тәрбиеге менің көзқарасым
Мен өз ой толғауымды Шәкәрімнің:
Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін,
Серт берген еңбек етем деп, алдағы атар таң үшін
деген туған халқы алдында азаматтық үнін танытқан өлеңімен бастамақпын. Себебі, осы өлең десе біздің жүрегіміз соғуымен үндес келетін тәрізді. Біздің мамандығымыздың өзі - Алдағы атар таң үшін, болашақ үшін қызмет емес пе? Бала өз өміріне қажетті тәрбиені алдымен отбасынан, сосын мектептен алатыны сөзсіз. Орыстың ұлы педагогы С. Ушинскийдің «Тәлім - тәрбие дәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық болуы тиіс» дегені белгілі. Ендеше, әр баланың бойына ұлттық сезім, ұлттық үрдіс дарыту - біздің, яғни, мұғалімдердің міндеті.Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін,
Серт берген еңбек етем деп, алдағы атар таң үшін
Мен - ұстазбын, мен - мұғаліммін, мен - зерттеушімін, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын - тәрбиешімін. Өзім информатика пәні мұғалімімін, сонымен қатар сынып жетекшісі ретінде бала тәрбиесіне тікелей араласып келемін. Ұстаздық еткен 4 жыл ішінде мен өз іс - тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорыттым.
Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді - тәрбие беруде халық педагогикасының мән - маңызы күн өткен сайын артып келеді.
Қазіргі таңда адамдардың өмірге деген көзқарасының өзгеруі, келеңсіз факторлардың (наркомания, жезөкшелік, тастанды балалар, қатыгездік т. б.) орын алуы балалардың тәрбиесіне түрлі жағымсыз әсерлер туғызады. Осы өзекті мәселенің шешу жолдары ол ұлттық тәрбиеге бет бұру.
Еліміздің әр жерінде халық мұрасына, әсіресе, ұлтымыздың салт - дәстүрлеріне деген бетбұрыс, ондағы өзіндік ерекшеліктері жас ұрпақ тәрбиесіне лайық жүргізу, сол арқылы шәкірттерді адамгершілік - шыншылдыққа баулу, әдеп - ізетке үйрету секілді сипаттар мектепте кеңінен өріс алып келеді.
Асылы, халықтық педагогика - даналық мектебі. Халықтық педагогиканың негізгі мақсаты: ата - бабаларымыздың мұра - мирастары негізінде жас ұрпақты адамгершілікке ұлтжандылыққа, адал еңбек, өмірге бейімдеу, әсемдікке, әдемілікке, Отанның намысын қорғау сияқты ізгі қасиеттерге тәрбиелеу. Әрбір оқушының ұлттық санасы, рухы, ұлттық білім, тәрбие беру арқылы дамытылады. Халықтық педагогика келешегі зор, кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен, билерден, сал - серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы. Тәрбие тамыры халық қазынасында, соның қадір - қасиеті мен білім болмысында. Ұлттық тәрбиеге жан - жақты жағдай жасап, көңіл бөле бастағанымыз болашақтың сәулесіне нұрын шашатын күн сияқты.
Қай халықтың баласы болсын оның бір - бірінен айырмашылығы жоқ. Ал баланы ешбір ұлт жамандыққа тәрбиелемейді. Барлық халық ізгілікке, жақсылыққа, елін, тілін сүюге, қысқасы барлық азаматтық тәрбиеге тірек болатын ел құнды адамгершілік қасиеттерді ұрпақ бойына сіңдіруді көздейді. Ұлттық салт - дәстүрлердің, әдет - ғұрыптың заманға сай өрнектерін халық жоғары бағалайды. Әдемі әдет пен әсем әдеп, аталық дәстүр, әдемілік бәрі - бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан халық педагогикасы адамгершілікке толы үлгі - өнегелер.
Халқымыздың қонақжайлылығы, кең пейілділігі, көпшілдігі, дос көңілділігі - әлеуметтік имандылықтың белгісі. Иманды адам айналасындағыларға тек жақсылық ойлайды, оларға қамқорлық жасауға әзір тұрады, әркімге ізетпен, инабатпен қарайды. Иманы кәміл адам мейірімді болады. Мейірімділік - адам бойындағы қасиетті сезім. Ата мейірімі, әке мейірімі, ана мейірімі - ұлағатты ұғым, адамгершіліктің асқар шыңы. Тәрбиенің осы бір сан салалы күрделі мәселелеріне терең бойлауға, күнделікті өміріміздегі қарапайым дағдылар арқылы бала жүрегіне жол тырысатын алғашқы білім ордасы - мектеп.
Жас ұрпақты тәрбиелеуші ретінде ойға түйгенім - адамды тәрбиелеу үшін тәрбиеленушіні барлық жағынан білуі. Жан дүниесін зерттеу шарт екен. Кезінде ұлы педагог С. Ушинский: «Оқушыларға жан - жақты тәрбие беру үшін оны жан - жақты зерттеп білу керек»- деген. Осындай зерттеу жұмыстары маған алдыма педагогикалық мақсаттар қоюға және оқу - тәрбие жұмысын нәтижелі жүргізуге көмегін тигізіп келеді.
Мұғалім - баланың жеке тұлғасын қалыптастырушысы, маңызды тәлім - тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік - саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім - тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу - мұғалімнің басты міндеті. Мұғалім жан - жақты жетілген, білімді, әдістемелік - шығармашылық иесі, халықтық дәстүр, әдет - ғұрып пен салт - сана ерекшеліктерін, әлеуметтік қарым - қатынастарын, түрлерін кәсіби түрде меңгеруі тиіс. Әсіресе, осы кәсіби білік дағдыларын шыңдауы оның ұстаздық тәжірибе жинақтауының ең басты шарты болып табылады. Мұғалімнің кәсіби білік - дағдылары өз кезегінде оның жеке кәсіби - педагогикалық мәдениетін көрсететін өлшем. Оған мұғалімнің жеке мәдени деңгейі, адамгершілігі, тәлім - тәрбиесі, ізденімпаздығы, зерттеушілігі жатады. Мұғалім кәсіби білімін жетілдірген жағдайда ғана оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамытып, ғылымға деген қызығушылығын қалыптастыра алады.
Мен, сынып жетекші, алдымда отырған жас жеткіншектерден ертеңгі күні білімді, адамгершілігі мол, қоғамымызды өркендетуге қабілеті мен қарымы жететін азамат, жеке тұлға тәрбиелеу үшін, оларды өз бетімен білімді алуға, терең ойлап, ойын дұрыс жеткізе білуге үйретуім керек.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған бала тәрбиесі хақындағы тәжірибесі ұланғайыр. Елін, жерін, халқын сүю, ардақтылардың, рухани асыл қазыналарын әспеттеу, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену, әдептілік пен кішіпейілділікке ұмтылу, үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеу сынды толып жатқан қасиеттер арқылы даритынын еске ұстана отырып, мен тәрбие жұмысымды «Халықтық педагогика» негізіне сүйене отырып жүргіземін. Адамның рухани байлығы қашанда мол болу керек. Біз ұрпақтарымыздың зерделі де, ойлы, ақылды да көркем гүлдей жайнап өсе беруін қалаймыз. Сонымен, құнарлы жерде өскен мәуелі ағаш тамыры секілді мектепте берілген ұлттық тәрбие мен білімнің сөлі мен нәрін бойына сіңіріп, қуат алып өскен баланың өмірге деген бейімділігі де, зерделілігі де анағұрлым жоғары тұрмақ. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңірген «Мен қазақпын» деген ұрпақ өз бойындағы ізгі қасиеттерді өмірде дұрыс пайдалануға да бейім болады. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына жан дүниесі ұлттық рухани ізгіліктерге бай жас ұландар жол бастамақ.