Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Тәуелсіздік тартулары

Тәуелсіздік тартулары Жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Елі азат болып еді, Мұқағали да азат болды» деген теңеуін тауып айтқанындай, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ақын өлеңдері қанатын еркін қаққан қыран секілді болашаққа қарай самғап барады. Ақын келер қоғамды, ұрпағы еншілер бақытты, бейбіт болашақты болжай білген.

Көремін, керемет бір күн кешемін,
Болашағым сенімен бірге өсемін.
Мен сенің үніңменен үндесемін
Мен сенің тіліңменен тілдесемін-

Тәуелсіздік пен бірге Мұқағали ақынның да таңы атты,ақынның туған ауылында Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі 1990 ж 20 сәуірде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен ғимараты арнайы салынып, 1991 жылы ақынның 60 жылдық мерейтойына ашылды.

Тәуелсіздік пен қатар ашылған музей Тәуелсіз Қазақстан мен қатар дамып келеді. Музейдің негізгі қызметі – Мұқағали өмір сүрген уақыт пен заманды зерттеу, ақын замандастарына байланысты тарихи тың деректер көзін іздестіру, шығармаларын жинастыру, зерттеу, ел аузынан, көнекөз ауыл қарияларынан естеліктер, фотосуреттерді жинау арқылы келешек ұрпаққа насихаттай отырып, мұра етіп қалдыру. Музей қызметінің ең басты бағыттарының бірі – Мұқағали мұрасы, өмірі мен шығармашылығы жайлы экспозициялық көрмелер ұйымдастырылып, толықтырылуда.

Ел тәуелсіздігімен бірге Мұқағали жырлары да түлеу үстінде деп айта аламыз. Мұқағалидың «Жырлайды жүрек» жыр жинағының жарыққа шыққаны үшін 1991 жылы «Тұлпар сыйлығының» лауреаты атанады, төс белгісімен марапатталды. Ақынның қаламынан туған шығармаларға әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық 2000жылы берілді. Жыр жинақтары мен таңдамалы шығармалары жарық көруде. Жауһар жырлары әлем тілдеріне аударылуда. Мәселен 2011 жылы Қайша Тәбәрәкқызының тәржімалауымен «Қаздар қайтып барады» кітабы Қытай тіліне, Біз қазақпыз Акциясы аясында Филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметовтың бастамасымен Американдық ақын Мария Карцева 2015 жылы ақынның 60 өлеңін ағылшын тіліне, Маулит Ямелетдинов ақынның 15 – ке жуық өлеңін Башқұрт тіліне аударды. XXI ғасыр Мұқағалитану дәуірінің басталған ғасыры.

2011 жылдың басы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойына дайындықпен басталды. Сонау 1991 жылдары салынған ғимарат шын мәнінде ескірген еді.Ақынның өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат беретін музейдің сыртқы көркі қандай болса, ішкі безендірілуі де талапқа сай жасалынды. 2020 жылы Алматы облыстық мәдениет , архивтер және құжаттама басқармасының қаржылық қолдауы мен ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.Бүгінгі таңда музей кеңселік жиһаздар мен жаңа технологиялық аудио-видео, дыбыс-жарық, құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Бұрын музей қорында 850 жәдігер болған, қазір 1228 жәдігермен толықты, негізгі қорда 621 жәдігер жиналып, қосымша қорда 607 жәдігер топтасқан. Музей 2 қабатты кіре беріс және негізгі 3 залдан тұрады. Атап айтсақ 1 қазан 2021жылы Ақынның 90 жылдық мерейтойы болып өтті, 90 жылдық мерейтойына арнайы келген ҚР Президентінің 1 хатшысы Қырымбек Көшербаев Абайтанушы, Филолог, профессор Мекемтас Мырзахметов 45 жыл сақтаған Мұқағали ақынның қолының табы тиген Қырғыз халқының музыкалық аспабы «қомызды» салтанатты түрде Мұқағали музейіне табыстады. Үш күнге жалғасқан ақын мерейтойының ашылуы туған жері Қарасазда бастау алды, «Алаш жырының ақиығы » атты конференцияға арнайы келген Қырғыз Республикасының ТҮРКСОЙ-дағы арнаулы өкілі, ақын Қожагелді Күлтегін Мұқағали ақының «Қайтқанда соңғы тырналар» атты қазақ, түрік,қырғыз, әзербайжан, өзбек, түрікмен, башқұрт бес тілде аударылып жинақталған кітабын музей қорына сыйға тапсырды.

Музей қоры осындай құнды жәдігерлермен толысты. Сонымен қатар ақын музейі айтулы және даталы, мереке күндерге арнап әдеби-сазды кештер, тәрбие сағаттарын, дәрістер, поэзиялық кештер, дөңгелек столдар өткізіп отырады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігім тәңірден келген тәтті сый» тақырыбында әдеби-сазды кеш өткізілді. «Туған елін тебірене жырлаған Мұқағали ақынның өміршең өлеңдері жас ұрпақты болашақта да отаншылдыққа, адамгершілікке баули береді деп сенемін» -деп елбасы айрықша анық айтқан. Нағыз ақынның құдірет - күшін өлмес жырын шын жүректен түсіну алдағы жылдарға аманат. Жырларының бағасын ақынның өзінен асырып айта алмаспыз. Тәуелсіздік тартуының бірі- Тәуелсіздік жылдары ашылған ақын музейі болса, ақын музейі тәуелсіз қазақстанмен бірге дамып, өсіп өркендей берері анық.

Тұран университетінің журналистика мамандығының 3-курс студенті Бекмұханбет Бірлік


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама