Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Тілім барда білмеймін мен қайғыны
«Тілім барда білмеймін мен қайғыны» тақырыбындағы салтанатты шараның жоспары
Мақсаты: Оқушыларға ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыру, елін-жерін сүйетін, егеменді еліміздің ертеңі болар саналы, білімді, ұлтжанды азамат тәрбиелеу.
Күй: «Әке толғауы»

1-жүргізуші: Табысқан соң дүние фәнименен,
Тал бесікте жатқанда сәби денем
Ана тілі бойыма сіңдің шым-шым
Даусыменен анамның әлдилеген.

2-жүргізуші: «Апа» - деппін анама бір күн күліп,
«Әке» - деппін әкемді сілкіндіріп.
Өз тілімде осылай алғаш рет,
Былдыр қаға бастаппын тіл сындырып.

1-жүргізуші Ана тілім бойдағы зор намысым,
Тор құрсаулар жолыңда болғаны шын
Бұзып бәрін бүгінге аман жеткен
Жырым-жырым жаралы жолбарысым.

2-жүргізуші Қалды артта қиямет азапты күн,
Қазақстан – Отаным азат бүгін
Қасиетті тілімнен мың айналам
Сақтап келген қазақтың қазақтығын.

1-жүргізуші Жаяйыншы, Жаратқан, сырымды алға,
Бәрін алсаң өзің біл, тілімді алма.
Тілім барда елім бар еркелеткен
Мен де бармын санатта тілім барда.

2-жүргізуші: Қайырлы күн қадірменді ұстаздар, оқушылар, тіл жанашырлары!
1-жүргізуші: Тіл мәселесі – ежелден қашан да өткір, өзекті мәселе.
2-жүргізуші: Халқымыздың өз ұрпағын өз тілінде сөйлетудің өзі арман болғанын көріп, өз келешегін өзі шындап уайымдай бастады.

1-жүргізуші: Тілді елдік ұранға айналдыра келген ерекше ғасыр сол мәселені қайтадан күн тәртібіне қойып, 22 қыркүйекті – Қазақстан халықтарының Тілдері мерекесі деп жарияланды. Тарих бетіне қалдырды.

2-жүргізуші: Ендігі жерде тілімізді сақтап қалудағы жеңісіміз, еліміз бен елдігімізді, жерімізді сақтап қалудағы жеңісімізбен жалғасты.

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан бастап, осы бір атаулы – Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдері күнін жыл сайын мерекелеу назардан тыс қалған емес.

2-жүргізуші: Күнтізбемізде атаулы, айшықты мерекелер көп.
1-жүргізуші: Алайда Адамзат қоғамынан Тіліміз еншілеген күн-22 қыркүйек.
2-жүргізуші: Бұл – біздің атымызды асқақтатып, айбынымызды көтерген төл мерекеміз.
1-жүргізуші: Осынау 22қыркүйек – Қазақстан халықтарының Тілдері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты лездемені ашық деп жариялаймыз.

*фанфара
2-жүргізуші: Мектеп оқушылары Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранына сап түзе!

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалсын!
*Әнұран
2-жүргізуші: Отанымыздың берекелі шаңырақ, беделді елге айналуы белсенді тіліне де байланысты.

1-жүргізуші: Ендеше, тілі шұрайлы да оралымды ана тіліміздің мерейі үстем болсын!
*фанфара
2-жүргізуші: Мерекелік құттықтау сөз мектеп директоры Алмабек Дүйсенбайұлына беріледі.
1-жүргізуші: Тіл – халықтың игілігі. Халықтың жазуы жоқта – кітабы, мектебі жоқта – ұстазы болған.
2-жүргізуші: Тіл - жүрек, ой, ұят, ар.

1-жүргізуші: Адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, олардың мәнін түсіне бастады.
2-жүргізуші: Иә, бір данышпан:
Сенің әрбір тынысыңмен тілдесем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын
Ана тілім егер сені білмесем.

1-жүргізуші: Олай болса, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі күннің иелері тіл туралы ой толғайды.
5а-сынып оқушылары өздерінің өлеңдерін оқиды.

1-оқушы: Тіл – қасиетті, құдіретті, киелі. Бұл қасиеттер бойға ананың ақ сүтімен дариды. Тіл өшпейді, қандай қиындықта тіл өз ұрпағының қанына, жанына өз ұрығын егіп, өміршең күй кеше береді.
2-оқушы:
Туған тілім - тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы
Өссе тілім мен де бірге өсемін
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
3-оқушы:
Туған тілім - бабам тілі - өз тілім
Туған тілім –анам тілі - өз тілім.
Туған тілім - далам тілі - өз тілім
Туған тілім - адам тілі - өз тілім.
4-оқушы:
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
5-оқушы:
Тілім менің!
Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің.
Тұнығым, рухани жан азығым,
Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім.
6-оқушы:
Ана тілім туған тілім, бал тілім,
Сен арқылы дүние танып талпындым.
Сен арқылы әлемге аян бар ісім,
Сен өмірде таусылмайтын алтыным.

Хормен: Кіршіксіз қардай сақтаңдар,
Қазақ тілін ғаламат.
Ана тіл - арым, иманым,
Аманат, саған, аманат.

1-жүргізуші: Қуан, далам!
Қуанатын күн бүгін.
Сертіп таста
Мұңды жүрек түндігін.
Тіл туралы
Заңым енді күшіне
Паш еткендей
Кескен жаңа кіндігін.

2-жүргізуші: Қуан, бабам!
Қуанатын жөнің бар.
Деген едің -
«Тіл бар жерде өмір бар»
Халық жауы
Атандық - ау сол үшін
Ғұмырыңды құрбан етіп жолыңда ар.

1-жүргізуші: Қуан, анам!
Ұзағынан сүйсініп.
Сәтің де көп
Кейде кеткен түңіліп.
Ақ сүтіңмен
Бойға біткен тілімді
Пір тұтамын
Мен алдыңда бас иіп.

2-жүргізуші: Қадірменді ұстаздар, жас достар!
1-жүргізуші: Елдігіміз бен ерлігіміздің айнасы - Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін жыр еткен салтанатты лездеме өз мәресіне жетті.
2-жүргізуші: Тілі шұрайлы да оралымды қазағымның ана тілінің мерейі үстем болсын.
1-жүргізуші: Қаймағы бұзылмаған қаймана қазағымыздың арда тілі жасасын!
2-жүргізуші: Келесі көріскенше сау болыңыздар!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама