Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Төлеген Айбергенов «Аруана – бауыр дүние»
ШҚО, Көкпекті ауданы,
Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Карменова Бахытжамал Базылрахмановна

Сабақтың тақырыбы: Төлеген Айбергенов «Аруана – бауыр дүние»
Сабақтың мақсаты: Білімділік: Өмірден ерте кеткен талантты ақын Т. Айбергеновтің «Аруана - бауыр дүние» өлеңін оқыта отырып, өлеңнің айтар ойын ашу, талдау.
Дамытушылық: Өз беттерімен ойланту, ойландыру, өзіндік дәлелді пікір, тұжырымды ой айтуға баулу, үйрету. Оқушылардың сөз байлығын, сөздік қорын байыту.
Тәрбиелік: Оқушылардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: Қ. БІТІБАЕВАНЫҢ «ОЙ ТАСТАУ, ОЙЛАНТУ, ОЙЛАУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫ, Сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Блум таксономиясы.
Көрнекілігі: Ақын өмірі туралы слайд, фотоэтюд, плакат, маркерлер.

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру. (Амандасу. Кезекшімен сұхбат)
- Балалар, бүгін біз сабақта ақын Т. Айбергеновтің шығармашылығымен танысамыз және ақын өлеңдеріндегі ерекшеліктерге тоқталамыз.
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ, бірақ...
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай,- деп жырлап өткен ақберен ақын Т. Айбергенов аз ғана ғұмырында халқына шынайы поэзияның шырынынан дәм татқызып, терең ой мен мөлдір сезімдерді тек өзіне тән табиғи даралықпен жеткізе білген дарынды суреткер. Ол қазақ өлеңіне тұтас бір бетбұрыс ала келген ірі талант иесі.
Топқа бөлу «Жігер»тобы, «Жалын» тобы, «Қайрат» тобы. Әр топтан топтарының атын неліктен осылай аталғанын сұрау.

II. Қызығушылықты ояту
«Ой шақыру» стратегиясы бойынша «Ана» дегенде ойларыңа не келеді? Әр топ плакаттарға «Ана» туралы ойларын түсіреді. Жұмыстары ортаға салынып талданады. «Топтастыру» стратегиясы бойынша «Ана кім?» (Әр топтан бір спикер шығып қорғайды)
Сызбанұсқа:
Ана

қорған
өмір нәрін себуші
жанашыр
ана тілі, қамқор
өмірдің жарығы
мейірім, махаббат

ІІІ. Мағынаны ажырату. Блум таксономиясы
Білім: Т. Айбергеновтің өмірі бойынша дайындалған слайдқа зейін қояды.
«Ой қозғау» әдісі. Т. Айбергеновтің шығармашылығына байланысты сұрақ – тапсырмалар.
Т. Айбергенов кім? Ол қашан, қайда дүниеге келген? Қандай оқу орнын бітірген? Қандай шығармаларын білесіңдер? (Әр топ оқулық, интернеттен әкелген қосымша материалдары бойынша іздену, талдау. Зерттеу жұмыстарымен айналысып, жұмыстарын ортаға салады)
Сызбанұсқа

"Арман сапары" (1963), "Өмірге саяхат" (1965), "Құмдағы мұнаралар" (1968), "Мен саған ғашық едім" (1970), "Аманат" (1975), "Бір тойым бар" (1981), "Ақ ерке, Ақ жайық", "Жаңғырған Маңғыстау", "Қазақстан", "Сені ойладым", "Мені ойла", "Ақ қайыңдар", т. б.

«Жатқа оқу» стратегиясы.
Т. Айбергеновтың «Ана» өлеңін әр топтан бір оқушыдан жатқа оқу.
Мұғалімнің өткен сабақты қорытындылауы.
- Иә, өмірде ана атану, перзент сүю, артына ұрпақ қалдыру қашаннан да адамзат баласына тән ең асыл қасиет, үлкен арман емес пе? Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен – аналар. Ана туралы тақырыпты біз бүгін Т. Айбергеновтың «Аруана бауыр – дүние» өлеңімен жалғастырамыз. Ақын, Төлегентанушы Б.Иманов Т.Айбергенов туралы былай толғайды:
Торғай өлең өлмеді, аман қалды
Әкетті ажал...
Жыр емес, адамды алды.
Бір өмірдің дастаны басталды да,
Шорт үзілді,
Шоп – шолақ тәмамдалды.

Жарық дүниенің отыз - ақ жыл сәулесін көрген ақын бізге отты жыр, өлмес өлең қалдырды. Соның бірі - «Аруана – бауыр дүние» өлеңі.

Түсіну: «Аруана - бауыр дүние» атты өлеңімен таныстыру, мәнерлеп оқу, оқи отыра мазмұнын түсіну. Әр топ өз ойын ортаға салады, пікір алмасады. Сұрақтармен жұмыс: ---- Аңыз дегеніміз не? Ақын аңызды өз өлеңіне қалай арқау еткен? Осыған ұқсас шығармаларды есімізге түсірейік ( Қ. Жұмаділовтың «Қозыкүрең»әңгімесін, Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесін еске түсіру)

Талдау: Өлең құрылысына қарай талдау
Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бармастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
1 шумақ, 4 тармақ, 19 буыннан, 4 жолдан тұратын, қара өлең ұйқасты өлең.

Жинақтау: Оқушылар әркелкі көзқарастарын байланыстыра отырып, осы өлеңді қарасөзге айналдырып жазады. Ортада оқу.

Бағалау: Оқушылар өз ойларын, жұмыстарын бағалайды. Жаңа білімді қорытындылай келе әр топпен жұмыс жүргізу.
I топ осыған ұқсас шығармаларды еске түсіріп, Венн диаграммасы бойынша салыстырады. (Қ. Жұмаділовтың «Қозыкүрең»әңгімесін, Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімелері бойынша)
II топ бес жолды өлең жазады.
III топ «Туған жер - алтын бесігім» атты ой толғау жазады..
Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын талдау.

ІҮ. Ой қорыту. (сабақты қорытындылау)
Сен мұны менен бетер ұқ:
Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен
Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!
Т. Айбергенов туралы, ақын аңсап, көре алмай кеткен туған Қазақстанның еркіндігін, егемендігі туралы ой қорыту.

Бағалау. Әр оқушының белсенділігіне қарай бағалау.
Үйге тапсырма.
Өлеңді оқу. Ерекше әсер еткен жолдарын жаттау.
«Туған жер - алтын бесігім» атты тақырыпқа шығарма жазу.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама