- 06 жел. 2020 00:00
- 220
Ұлттық ойындар ұмытылмасын!
Сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыздан түрлі жәдігерлер мен құнды салт-дәстүрлер, түрлі тарихи естеліктер мирас болып, бізге жетуде. Солардың ішіндегі ең елеулі «алтын діңгек» деп ұлттық ойындарды айта аламыз. Халқымыздың ең бір бай асыл мұрасы болып бізге жетіп отырған осы ойындардың бүгінде бізге 200-ден аса түрі ғана таныс. Ал әлі зерттеліп, біз білмейтіндері қаншама екен?!
Қазақ халқының ұлттық ойындарының қай-қайысысын алып қарамасақ та үлкен бір мән-мағынаны түсіну қиын емес. Яғни, біздің ата-бабаларымыз әншейін көңіл көтеру үшін емес, ойын ойынаушылардың ойлау қабілетін дамытып, ширақтық, ептілік пен батылдық сынды тәрбиені де адам бойына қатар дарытуды мақсат тұтқан. Әсіресе балалар мен жастар тәбиесінде ұлттық ойындардың алатын орны зор болған. Айталық, «аударыспақ», «көкпар», «арқантартыс», «қызқуу» ойындары – жастар бойындағы күшті сынап, табандылық, шапшаңдық пен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға ықпал етсе, «Асық ату», «Теңге ілу», «Хан талапай» ойындары адамның қырағылық, мергендік, сақтық пен жүйелі ойлау дағдысын жақсартады. Сондықтан, бүгінгі таңда да біз жастарымыздың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыруымыз қажет.
Қорыта айтар болсақ, шетел спортынан біздің ұлттық ойындарымыз артық болмаса, еш кем түспейді. Сондықтан, қазақ халқының ұлттық ойындарының артықшылықтарын таныта отырып, өскелең жастарымызды осы ойындарға шақыра білгеніміз жөн. Сонда ғана ұлттық ойындарымызды барша әлемге де танытып, халықаралық спорт дәрежесіне көтеруге мүмкіндігіміз болады. Себебі, өз ұлтымыздың құндылықтарын әуелі өзіміз қадірлемесек, өзгелерден де құрмет, қызығушылық күтудің қажеті жоқ...
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдер Университеті журналистика мамандығы
2-курс студенті Қамбар Бейбітхан